Сот отырысын жүргізу мәдениеті
Бүгінгі өркениетті заманда қарапайым халықтың құқықтық санасы арта түсуіне байланысты туындай қалған дау дамайды сотқа жүгіну арқылы шешу үшін соттың табалдырығын аттаушылар саны көбей түскені баршаға аян. Соған байланысты қоғамда жиi кездесетiн осындай әртүрлi даулы мәселелер бойынша қарапайым халықпен жақын жұмыс жасайтын, сот билiгiн жүзеге асыратын судьялар екені де белгілі.
Сол себептi, олардың өмір тәжірибесі бай, сөзге шешен, бұқара халыққа өз қызметiн толық түсiндiре, көрсете бiлуi олардың басты мiндетi ретінде жүктелген. Сондықтан сот отырыстарын жүргізудің жоғары мәдениеті, істің барлық мән — жайларын дұрыс анықтау, заңды шешімді дұрыс қабылдау және оны түсіндіру судья жұмысының негізгі көрсеткіші болып табылады. Судья – сот жүйесіндегі басты тұлға, өйткені сот төрелігін тікелей жүзеге асыратын да сол. Сот ғимараты, рәсімдер, заңдар – барлығы жүйенің құрамдас бөлігі болғанымен, әділдікті өмірге енгізетін – судьяның өзі. Оның адалдығы мен кәсібилігіне халықтың сотқа деген сенімі байланысты. Судьяның қызметі аса жоғары кәсібилікті талап етеді. Ол заңдарды терең меңгерумен қатар, өмірлік тәжірибеге, психологиялық төзімділікке және әділдік сезіміне ие болуы қажет. Себебі әрбір сот ісінің артында – адам тағдыры, отбасының болашағы, кейде тұтас қоғамның мүддесі тұрады. Сондықтан судья қабылдаған әрбір шешім заң талаптарына ғана емес, әділет қағидатына да сай болуы керек.
Жалпы алғанда Судья әдебі кодексін қабылдаудың негізгі мақсаты — қоғамда биліктің сот тармағының өкілдері ретінде судьялар туралы ерекше оң пікір қалыптастыруды көздейді. Сот этикасы сот отырысына қатысушылармен және сот ісін жүргізуге тартылған адамдар тобымен өзара қатынастарды реттейтін заңның іс жүргізу нормаларын сақтаумен байланысты судьяның кәсіби қызметіне ғана негізделеді. Сайып келгенде, судья сот отырысын қалай жүргізсе, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімі сол деңгейде қалыптасады. Сот отырысының мәдениеті тұрғысынан сот отырысының уақтылы басталуынан бастап сот құжаттарын рәсімдеуге дейінгі барлық нәрсе маңызды. Сот процестерінің мәдениетін арттыру үшін соттың сыртқы жағдайының маңызы аз емес. Бұл судьялардың, прокурордың, адвокаттың істі қарауға жақсы, адал дайындығын және олардың істі терең білуін талап етеді.
Сүйсінерлігі сол, кейінгі жылдары соттар қоғамдағы шиеленісті азайту, бітімгершілікке келу, келісім институттарын дамытуға айрықша бет бұрды. Дауды сотқа дейін жеткізбеудің, сотқа дейінгі рәсімдердің алдан ала шешудің мол мүмкіндіктерін мақсатты түрде пайдалана бастады. Оны біз күнделікті процестерді судьялар «Екі тараптың татуласу мүмкіндігі бар ма?, дауды бітімгершілік жолмен шеше аласыздар ма?, «Сол үшін сіздерге уақыт қажет пе?», деген дәстүрлі сұрақтармен бастауларының өзі осыған жарқын дәлел болса керек.
Марлен КІРҚАБАҚОВ, Жетысу облысының мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы
