Апта аралығындағы ақпараттар

0
36

Жетісу облысында өткен жалпы жиын барысында федерацияның жаңа басшысы таныстырылып, өңірде күрес түрлерін одан әрі дамытуға қатысты негізгі бағытт талқыланды

Бауыржан Қиялбеков – іскер азамат, кәсіпкерлік және басқару саласында тәжірибесі бар маман, «Қолдау-Жетісу» ЖШС-нің директоры қызметін атқарады.
Жаңа төрағаның алдында балалар мен жасөспірімдер күресін дамыту, жаттықтырушылар мен спортшыларға қолдау көрсету, оқу-жаттығу үдерісінің сапасын арттыру, спорт мектептерімен байланысты күшейту және ұлттық құрама резервін толықтыратын бәсекеге қабілетті балуандар даярлауға жағдай жасау міндеттері тұр.

Жетісу облысы — еліміздегі күрес дәстүрі қалыптасқан өңірлердің бірі. Жаңа басшылықтың тәжірибесі мен ұйымдастырушылық мүмкіндігі облыстағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінің дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Қазақстан күрес федерациясы Бауыржан Рысбайұлын жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жауапты жұмысына табыс тілейді!

* * *
Ағымдағы жылдың 23–30 тамыз аралығында Шымкент қаласында теннистен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының Кубогы жолындағы жарыс өтті. Еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларынан келген ең үздік спортшылар бас қосқан бәсекеде Жетісу облысының құрама командасы шеберлік пен табандылық танытып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.Осы байрақты бәсекеде біздің қыздарымыз Адема Альсейпулова мен Айым Қанағатова жеңімпаз атанса, Нурлслам Русланұлы күміс жүлдегер атанды. Кубок жолындағы жарысқа қыздар командасын капитан ретінде Евгений Хамнюков, ал, ұлдар ұжымын Әсет Рамазанов баптап әрі бастап барды.
Осы айтулы жетістікке орай Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы Есдаулетов ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын арнайы қабылдады.
Кездесу барысында өңір басшылығы спортшылар мен бапкерлер қауымын жеңістерімен құттықтап, алдағы халықаралық әрі республикалық жарыстарда жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сондай-ақ шара соңында жоғарыдағы емімдері аталған спортшылар мен жаттықтырушыларға қолдау ретінде қаржылай сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.
* * *
Дзюдодан Қазақстан кадеттер құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен әлем чемпионатында аралас-командалық жарыста топ жарып, тарихта алғаш рет әлем чемпионы атанды!
Финалда отандық жас дзюдошылар Бразилия құрамасын 4:3 есебімен ұтып, тарихи жеңіске қол жеткізді. Осы дүбірлі додада ел намысын 48 келі салмақ дәрежесінде абыроймен қорғаған Жетісу облысының жас спортшысы Талғатқызы Зере де жалпы жеңіске өз үлесін қосты.
Тарихи жетістікке орай Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы Есдаулетов әлем чемпионатының жеңімпазы Талғатқызы Зерені қабылдап, лайықты құрмет көрсетті. Салтанатты кездесуде Зере Талғатқызына 1 000 000 теңге, ал оның жаттықтырушыларына 300 000 теңге ақшалай сыйақы сертификаттары табысталды.
Өңір басшылығы спортшы мен оның бапкерлерін айтулы жеңісімен құттықтап, алдағы халықаралық жарыстарда жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

Алуа БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Жетісу облысының дене шынықтыру

және спорт басқармасының баспасөз-хатшысы