Үштөбе көркі – саябақ!

Жуырда қаламызда іргесі сонау 1936 жылы 6 гектар жер көлемінде қаланған теміржолшылар саябағы қайта жаңартудан өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Ашылу салтанатында болмасам да ертеңіне арнайы барып, атқарылған істерді көзіммен көріп, көңілім марқайып, қаз ілген қаршығадай тояттанып қайттым.
Өткенге шегініс
Менің замандастарым үшін бұл бақ айырықша қымбат,
себебі разъездердегі теміржолшылардың балалары осы мәдениет ошағының маңайынан орын тепкен интернатта тұрып, № 16 мектепте оқыды. 1960 жылдары сабақтан тыс уақытта саябаққа баратынбыз. Ол дәуірде «городки» деп аталатын спорт ойыны халық арасында кең тарап еді. Ұзын таяқ (битамен) кішкентай допты белгілі бір қашықтықтан ұрып, орнынан шығаруға негізделген ойынды көпшілік сүйсіне тамашалайтын, солардың бел ортасында біздер де жүрдік. Сол шақтағы үздік ойыншылардың есімдерін бүгінде ұмытыппын.
Сонымен қатар, ересектер арасында волейболдан өтетін аудан чемпионатының кездесулерін көретінбіз. Сонда Таңатар Панаев сынды жауар күндей күркіреп, жаңбырдай тері сіркіреп жүретін қыран жігіт бастаған теміржолшылардың «Локомотив» командасы басқа құрамаларға дес бермей, барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, баудай түсіретін.
Сол волейбол алаңының іргесінде, тура жолдың бойында жеңіл атлеттердің 60 және 100 метрлік спринтерлік қашықтыққа бақ сынайтын жүгіру жолдары болды. Ал көктем мен күз айларында өткізілетін ұзақ қашықтықтарға (кроссқа) шығатын желаяқ спортшылар «жүйрік ат өрге шапса өршеленер» деп саябақтың соқпақтарымен желдей есіп жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайтын. Есімі елге танымал былғары қолғап шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Айдарбек Жапсарбаев та шәкірттерімен жаттығуларын жаз айларында бақ ішінде өткізетін. Кешке күн бата жазғы кинотеатрда сол заманның небір жауһар фильмдері көрсетілетін.
2-ші дүниежүзілік соғыс тақырыбын қузайтын «Летят журавли», «Тишина», «Судьба человека», «Два бойца», сондай-ақ «Тихий Дон», «Свадьба в Малиновке» т.б. туындыларды көріп, патриоттық сезіммен уланатынбыз. Орталық би алаңындағы кештерге де ара-тұра барып тұратынбыз, өйткені ол кезде шаһарымызда сотқарлық дерті өршіп тұрды. Қалада орныққан төрт бұзақы топ өзара теке-тіреске түсіп, соңы төбелеске ұласатын. Милиция жасақтары кейде оған ие бола алмай қалатын.
1980 жылдардың ортасында демалыс орны Үштөбе қалалық атқару комитеті мен аудандық мәдениет бөліміне қарасты «Қалалық саябақ дирекциясы» болып қайта құрылып, өзін-өзі қаржыландыру жүйесіне көшірілді, бірақ бастама кейінгі жылдардағы экономикалық қиыншылықтарға шыдас бере алмай, қараусыз қалды. Саябақты аралап жүріп, сол күндер есіме түсті.
Гүлденіп, түрленген саябақ
Жаңарған, қаланың әрін, сәнін, көркін кіргізген
келсек өте ауқымды жұмыс көлемі атқарылыпты. Демалыс орны заман талабына сай жаңартылып, эстетикалық үдерістен шыға білген. Босағадан аттағаннан-ақ тоғыз жолдың торабында тұрғандай күй кештім. Сан-тарапқа шашыраған күн сәулесіндей жан-жаққа тартылған жаяу соқпақтардың (тротуарлардың) қайсысына қадам басарымды білмей абдырап қалдым. Төсеніш кафельдері тақтайдай тегіс, әрі кең екен. «Тегіс жерден сырғытып, ойпаң жерден орғытып» өтетін Тайбурыл аттай соқпақтар аяқты балпаң-балпаң басып, алшаңдап жүруге төселгендей әсер қалдырды.
Көгалдандыру жұмыстары
Ағаш көшеттерін отырғызу мен гүл тұқымдарын себу, оларға су тарту, тамшылатып суару жүйесін ендіру ойдағыдай жүргізіліпті. Ағын су арығының екі қапталы мен табаны плиткалармен қапталып, екі жағалауына кафель тақташалары төселіпті.
Саябақ бойына қылқанды қарағай, көк шырша, арудай
бұралған ақ қайың, өте берік емен, жапырақтары әдемі үйеңкі, ақ пен көк теректер және алма ағаштары саяжолдар (аллеялар) мен шағын бақтарға (скверлерге) айналыпты. Мұнда отбасы, бала-шаға, дос-жаранмен серуендеп бой сергітіп, таза ауамен тыныстап, табиғатпен сырласуға бар жағдай жасалған. Сонымен қатар, өсімдік және бұта біткеннің түр-түрі егілген. Жайқалған жасыл желектер мен гүлзарлар көздің жауын алады.
Енді демалушылар өз қолдарымен оюлап, өрнектеп құс үйшіктерін жасап ағаштарға орнатса, сонда бұлбұлдар үні, көңіл хошын арттыра түсер еді. Сондай-ақ, бұлақтың суындай, қайнардың көзіндей неше алуан су бұрқақтары да көптеп орнатылыпты. Олар шілденің шіліңгір ыстығында суды аспанға атқылап, ауаны салқындатып, үлкенге де, кішіге де жан рахатын сыйлайтын болады. Жаздың аптап ыстығында күн көзінен қорғайтын сүттей аппақ күнқағар шатырлар да тігіліпті.
Көрермен жайғасып отыратын жайлы орындықтары мен сахнасы бар ашық концерт алаңы да түрлі мәдени іс-шаралар мен тақырыптық кештер, концерттер өткізуге дайын екен.
Спорт алаңқайлары да өздеріне тиесілі орындарын тапқан. Кіші футбол (футзал) және кіші баскетбол (стритбол) алаңдары, үш бірдей үстел теннисі, спорттық тренажерлар орталығы спорт әуесқойларын «мен мұндалап» өзіне тартады.
Жас өскін кеңістігіне бейімделген ойын алаңдары да талғаммен жасалған. Балалар қалашығы, аттракциондар легі және түрлі мүсіндер алыстан көзге шалынады. Арқаны кеңге салып, ұзын-сонар әңгіме-дүкен құратын әсем жаппалар да (беседкалар) назардан тыс қалмаған.
Табиғат аясында тамақтану да ойластырылған. Дастархан жайып, дәм тататын, қаймақталған шай ішіп, сусын сіміретін орын да қарастырылыпты.
Жарықтандыру мәселесі де оң шешілген, бағаналар орнатылып, самаладай жарқырар шамдар ілінген. Темекінің тұқылын, сіріңкенің шиін, жалпы қоқыс тастайтын жәшіктер де әр-жерге қойылған. Ал дәретхананың бар-жоғын білмедім, жоқ болса орнатылар.
Бақ төріне топырақ үйіндісінен қаламыздың атауын айғақтайтын бейнелік (символикалық) үш төбе тұрғызылып, етегіне киізүйдің керегесі керіліпті. Ал алдында халқымыздың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін, ит жүгіртіп, құс салған аңшы әрі құсбегінің мылтық асынып, қыран бүркіт ұстағаны, тазы ерткені және сүйікті жарының болмысы табиғат көрінісімен айшықталып беріліпті.
Киелі төбеге барар жолдың сол қапталына Ескелді, Балпық, Жолбарыс би-батыр мен Қабылиса жырау және Тасбұлақ бидің өсиет сөздері, ал оң қапталына «Жеті қазынаға» кіретін ел тірегі — ер жігіт, отбасының ұйытқысы, шаңырақтың өзегі – сұлу әйел, адамға дұрыс жол сілтейтін – ақыл-білім, ер қанаты – ат, ер-азаматтың сенімді серігіі – құмай тазы, ұлттық дәстүрдің бір бөлігі — қыран бүркіт, аңшылық дәстүрді әйгілейтін — берен мылтықтың мән-мағынасы әшекейлеп жазылыпты.
Әттеген-айы, Тасбұлақ бидің (1823 – 1917 ж.ж.) «Жер даулаған — ел азады, ел даулаған — ер азады. Жер — атадан қалған мұра емес, жер — кейінгіге аманат» деген тәмсілі екі ұдай пікір қалдырады. Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ қазақ жерін найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен қорғап, ұрпағына аманат етіп қалдырды деп мақтанышпен айтамыз. Сөйтеміз де көзқарас қайшылығына жол береміз. Бұл жерде бір ағаттық бар. Иә, халқымызда ру аралық деңгейде жер даулары болғаны рас, бірақ бүгінде біз қашанда ел, ұлт, мемлекет мүддесі тұрғысынан шешім қабылдауымыз қажет. Сөз мәтінін тақтаға жазбастан бұрын, «өзім білемдікке салынбай» оны тарихтан, әдебиеттен хабары бар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың талқысына салу керек еді.
Тағы бір кемшін тұс, бір жақ қапталға «Жеті қазына» қағидаттары жазылғаннан кейін, екінші жақтағы тақталарға да жеті бидің өсиеттерін жазу керек. Симметрия заңы (7 х 7) соны талап етеді. Оның сыртында Ескелді, Балпық, Жолбарыс би-батыр әулиелердің нақылдарын бөлмей-жармай қатар қойған жөн болар еді. Бұл қағидат та сақталмаған. Осы түйіткілдер көңілге кірбің келтірді.
Жағымды тұстарға қайта оралсақ саябақ өте тартымды, әдемі күйге енген. Көктем, жаз, күз айларында тіптен масатыдай құлпырып, көк шалғындай жайқалып кетері анық. Барлық бұрыштары мен тетіктері ретке келтірілген. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бейне бақылау құрылғылары алдағы уақытта орнатыла жатар.
Аудан тұрғындары енді үйде отыра алмай «сұлулықтың белгісі – көргендер аңсап шөлдеген» деп, сұлулықтың, әдеміліктің көріктіліктің бейнесіне (символына) айналған саябаққа тау суындай төгіле, ағын судай жайыла барып іс-шараларға белсене қатысады деп сенемін.
Жер көлемі көтергенде үйрек ұшып, қаз қонар жасанды көл мен миллиондардың ойыны футболдан кейінгі № 2 спорт түрі саналатын, бүгінде жер бетінде бұқаралық сипат алған волейбол алаңы да салынар ма еді, кім білсін? Көлді қыста мұз айдынына айналдырып, сырғанақ тебуге мүмкіншілік тудыруға болар еді, себебі іргемізде кермаралдай керіліп созылып жатқан Қаратал өзені бар, оны ел игілігіне пайдалану міндет.
Сөз соңында қосарым, саябақты абаттандырып, көріктендіруде әлі де талай кешенді іс-шаралар атқарылар. Жұмыс шаш-етектен екендігі анық байқалады. Саябақты осы деңгейде ұстап тұру үшін істі ұйымдастыра білетін білікті мамандар мен өз ісін шексіз сүйетін еңбекқор жұмысшылар керек-ақ. Бастысы, біздер, тұрғындар барды бағалай біліп, оны пайдалануда жоғары мәдениеттілік таныта білуіміз қажет. Ал материалдық-техникалық жарақтандыру мен қаржыландыру мәселелерін билік иелері ойластырып қойған болар.
Жексенбек Сұлтанбеков
Үштөбе қаласының тұрғыны








