Елдің қамын — ер ойлар

0
32

Өз үйінің қақпасының алдында қолында газеті бар Талдықорған қаласының тұрғыны, әрі зейнеткер ақсақал Ысқақов Сейіт Ысқақұлымен кездесіп қалғанда ол бірден Президент Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы туралы пікірімен бөлісті.

— Маған ұнағаны – деді ақсақал, Президент Жолдауын жалаулатып, әдемі жылтыр сөздермен емес, нақты істелінетін шаруаларды тізбектеп көрсетуімен, әсіресе 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынғаны. Бұл — елдегі құрылыс саласын жандандырып қана қоймай, елдің жағдайын, көлік және инженерлік нысандарды жаңартуға ықпал етеді. Аталған мақсаттарға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн. теңге, оның ішінде биыл 1,5 трлн. теңге бөлу көзделіп отыр екен. Осылайша, мемлекет мүмкіндігі халыққа қажетті нысандарды салу мен қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуға бағытталатыны керемет екен. Мысалы, байқап жүрмін, Талдықорған қаласында тұрғын үй құрылыстары дамылсыз жүруде. Сонымен қатар медициналық орталықтар, балаларға арналған ойын алаңдары, спорт кешендерін салу тоқтаусыз жүріп жатыр. Қаланың ішіндегі және сырт айналым жолдары күрделі жөнделуде. Қарттарға арналған сауықтыру орталықтары белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл дегеніміз халықтың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына қамқорлық жасау. Яғни Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтің Қазақстан хал-қына Жолдауының талаптарына сай жұмыс жүріп жатыр деп айта аламын. Қала маңындағы ауылдардың бәріне газ тартылып, көшелері асфальтталуда. Әлеуметтік жағдай жасап, арнайы азық-түлік тауарлары жеңілдетілген бағамен сатылып тұрады. Жолдауда айтылғандай, ең төменгі жалақы деңгейі, жекелеген салалардағы жалақының сатылап өсіп көтерілетіндігі, әрине, елді қуантады. Бүгінгі күні еліміздің ішкі-сыртқы саясатын тең ұстап, елдің тыныштығын ойлап жүрген еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаевтің Қазақстан халқына жолдауын толық қолдаймын!

Жазып алған Сембек Абдрахманов
«Алатау»