Асыранды

0
35

Осы тақырыпқа өмір бойы ойландым десем болады. Ойланып қана қоймаймын, ізденемін. Бірақ қай категориядан немесе әлеуметтік топтан іздерімді білмеймін. Бір кездері әдебиетті де, баспасөз материалдарын да талмай оқитынбыз. Кейіпкерлердің ішінде ұл да, қыз да болып жатады. Хисса-дастандарда қаншама мысалдар бар, көбі Ұлтан құл боп шығады. Бағып-қаққан ата-ананың күні қараң болып жатады.

Баланың асыранды болу себебі әртүрлі.
• Немересін, жиенін бауырына салу.
• Жақын туысынан бала алу.
• Алыс ағайыннан бала алу.
• Мүлдем бөтеннен бала алу
• Тастанды бала алу.
• Балалар үйінен алу.
• Көп бала асырау.
• Кейде бір қыздың абыройын сақтау үшін қажет болмаса да, соның перзентін өз бауырына салу.
• Шетелдіктердің асырауы.
• Жартылай өгейлік.
Біздің ұрпағымыздың қаны да, діні де, тілі де басқа жат елге кетуі – біздің масқарамыз. Өгей әке немесе өгей баласы болу да оңай емес. Ол да біреуіне жартылай асыранды сияқты. Адал, дұрыс қарайтын өгейлер де жоқ емес, оларды солай атаудың өзіне ұяласың. Онда да бес саусақ бірдей емес, соның өзінде жүйкесі, мінез-құлқы бұзылып кететін балалар аз емес.
Бауырына салған баланы қайтарып беру, немесе берген баласын қайтып алу, баланың қашып кетуі деген мәселелер бар. Бұл да үлкен күйзеліс, психологиялық дағдарыс дер едім. Біреудің баласын алғаннан кейін-ақ ара қатынастары суып, туып берген адам дүниедегі ең жау, зұлым адам боп шығатыны тағы бар.

Өз балаңның баласын бауырыңа салу

Осының ішінде ұлының не қызының тұңғышын бауырына салу, бір қарасаң, ең бір қарапайым, жайлысы сияқты. Оның да жарасы бар. Біріншіден, ұлының баласы болған күнде «мынау-әкең, мынау-шешең, оларды сыйла, анау-нағашыларың» деп үйретпесе, біржақты менмен боп өседі. Ата мен әже мәңгілік емес, туған ата-анасына, бауырларына сіңісе алмай, түсініктері түйіспей жатады. Нағашы деген бір жұртымен байланыс жасай алмайды.
Үлкендерден тәрбие алған бала ерекше болады дейді. Мысалы, Димаш.
Ата-әжесін папа, мама дегенмен, әке-шешеден, іні-қарындастан іргесі бөлінбей, қайта екі ұрпақтың да өнегесін алып, өнерге қанып, сусындаған жігіт. Ресейдің іргесінде тұрған орысшасы көбірек Ақтөбеден қандай жігіт шықты! Әке-шешесін де мойындаған нағыз иманды, қазақтың ғана емес, әлемнің сүйіктісі. Қай тілде сөйлесе, сол тілді таза айтады. Ол мұндай дәстүрді білмейтін бөтен елдегі фанаттарынан еш қысылмайды да жасқанбайды.
Ал енді қазекеңнің рушылдығы, жікшілдігі өшпек түгілі өршіп жатқан заманда қыздың баласын алып баққандарға да оңай емес.
Қыздан сұрайды:.
— Қай елсің?
— Найманмын, – дейді қыз бала.
— Әй, өтірікші, сен – Арғынсың.
Бұл оңай айыптау емес, жүрек сыздайтын нәрсе. «Ағайыным, бауырым» деп жүрген жігіттердің де көкейінде, ісінде арамдық жүруі кәдік. Ол өзінің туған әкесін жездем деп те санауға мәжбүр.

Бала асырап алуға мәжбүрлік түрлері

Бала асырағанның бәрі мәжбүрліктен, мейірбандықтан бауырына баса бермейді. Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек демекші, үлкендердің шешіміне бола, тағдыр тауқыметін еріксіз, мұқтаждықсыз-ақ тартып жүрген адамдар аз емес. Оның қалауымен ешкім санаспаған.
Біреу келе жатқан жалғыздықтан қорқып, өзінің қара басының қамы үшін асырайды. Баланың қайта-қайта бітпейтін шығындары, психологиялық мәселелері, күтімі, тамағы кей күні жүйкесін жұқартады. Балаға міндет қыла береді. «Сен үшін өйттім, бүйттім» деп.
Енді біреудің ұлдары бар, қыз керек, көбінесе ұл керек. Ол үйдің асырандысы шындықты ерте біліп қояды. «Туған баласын көбірек жақсы көреді, мені алалайды» деген жан жарасы өмір бойы өзін төмен санау дертіне ұшыратады.
Жанын беріп бағатын басқа тапшы ерлі-зайыптылар бар ғой. Олар қайта адалдық жасап, өз баласындай тәрбиелеп жатса да қорқыныштан арыла алмайды. «Қашан, кімнен біліп қояды екен?» деген күдіктен арылмайды. Шындықты айту ойына да келмейді. Үнемі үрейлену де – күйзеліс. Енді құдай сақтасын, ажырасулары да мүмкін. Сол кезеңде бала білсе де біледі, білмесе де біледі. Бала бағушылардың бәрі бірдей періште емес. Қанша тексердік дегенмен, ішкіші, жүргіші, дойыры, сараңы кездесетін заман мынау. Онда не боп жатыр? Кейбір асыранды балалар құлдың ар жақ-бер жағында. Бағып-қаққан кісілер дүниеден өтсе, асырандының мұрагер болуына қарсы өре түрегелетіндер қаншама! Жұрттың бәрі өз құқын қорғай бермейді, шамасы да келмеуі мүмкін. Тіпті қауіпке жолығуы да кәдік.
Бір жетімді немесе бірнешеуін жетімдер үйінен алып, дұрыс тәрбиелеп, шындығын айтып өсіріп жатқандар Алланың сауабын алып жатқандар екені айдан анық болады. Олардың жөні бір басқа. Өз тектерін, мұқтаждықтарын біліп, мемлекет бақылауында болғаны дұрыс деп ойлаймын. Қандай жақсы адамдар өсірсе де, асыранды баланың бойында мынадай қасиеттер қалыптасады:
• Дәнекер. Елші. Емші. Алданыш.
• Өтірік айтады. Біле тұра осыдан тудым, туған жерім мынау… «туған шешемді көрдім, бауырыммен сөйлестім» деп айтудан жасқанады. Жеті атасын да айта алмайды.
• Екі жүзді. Жаңа ғана бетінен сүйгізген шешесіне (әкесіне) баққан ата-ананың көзінше жақтырмаған кейіп танытады.
• Ол – дипломат. Әдеттегі отбасындағыдай емес, әкесі мен шешесінің арасына дәнекер болу міндетін өмір бойы арқалайды.
• Ол – борышкер. Ата-ана алдындағы парызы өз алдына, өмір бойы, кигізгенін, ішкізгенін есінен шығара алмай, «қайтсем қайтарып беремін» деп кейбір арман-мақсатынан бас тартып, бір орында табандап тұрады. Алысқа ұзап кете алмайды.

«Асыранды» осы сөздің мәңгі тұтқыны

Қазақта асырандыны жерге кіргізу үшін «бұралқы» десе жетіп жататын сөзі бар. Асыранды — сол сөздің мәңгі тұтқыны. Көптеген себептермен баласын (қызын) асырандыға қосқысы келмейтін ата-аналар көп. Біздің қазақ тыныш қана «пәленшенің ұлы, қызы сөйтті» демей, «пәленшенің асырап алған (тумаған) қызы, ұлы сөйтті» демесе, ішкен асы бойына тарамайды. Кейбір намысты бала үйренген мектебінен, достарынан ажыраудан қорқып әрі намыстанып, өзін құрбандыққа үйретеді, шыдайды, жіпсіз байланады.
Асырағанға да, асырандыға да оңай емес. Құдай сақтасын.
Менің 88-дегі апайым уайымдап жүр. «Өлген адамды өзінің әкесінің атымен шығармаса, жаназа дұрыс болмайды екен — дейді. – Өмір бойы пәленше қызы боп кеп, енді түгенше қызы деп шығара ма?» — деп қамығады. Баққан ата-ана «осыны қалай өзіміз тумағанбыз, мүмкін емес, шүкір»… деген дәрежеге жетсе, немесе асыранды перзент «о баста Алла жаратқанда осыларға арнап жаратқан болар» десе, осы әлеуметтік топтың психологиясы 70-80% жайлы болар деп ойлаймын. 100% болуы мүмкін емес -ау.
Сонда да «бұл апам не айтпақ болды енді?» дерсіз. Асырап алу процесі сонау ықылымнан, пайғамбарымыз(с.ғ.с) отбасынан келе жатқан процесс. Не десек те бұл тағдырдың кейбіреулерге дайындаған сыбағасы болса керек.
Асырасаңыз, әке-шешесінен, бауыр-қарындасынан бөліп алып, обалына қалмай, жетімнің (кейде тірі жетімнің) жыртығын бүтіндеп, жүрегін тыныштандырып бақытты етсеңізші. Оның қаны пәлен, руы түген деп жату керек пе? Еліміздің кетігіне тұра қалатын бір кірпіштің сауабы сансыз емес пе? Мүлдем жасырып, сыбырламай-ақ, сол баланың аллаға да, әке-шешеге де разылығын білдіретіндей етіп сырласып, шындығын бір айтып, әрі қарай кемшілігі мен қателігін де туған балаңдікіндей, жақсылығын да перзентіңдікіндей қабылдауға болмас па? Ойланып көрейікші…

Бағым апа,
зейеткер оқытушы