Ата-баба рухы

Боталы түйе боздаған, қадір білмес,
Қасиеттің қыспағын сезгің келмес.
Қиналғанда қол ұшын беріп жатса,
Қорқынышың бойыңа ерік бермес.
Қасиетті қастерлеп жатырсың ба?
Иек сүйеп, алданып жалғыз ұлға.
Қорқынышың бойыңнан кеткеннен соң,
Соғым сойып, қаларсың жетіп нұрға.
Қол ұстасып жатпенен жараспадың,
Жақсылығын көруге таласпадың.
Сердең құрып, сөз айтып, сандалып сан
Сараң байдан саф тілеп санаспадың.
(Жамбыл ата батасы)

Дүйсенбай Әзімбайұлы Өзенбаев
Тылсым дүниеден келген осы бір өлең жолдарын ешкімге айтпаған, көрсетпеген едім. Бүгін көпшілік назарына ұсынып отырмын. Себебі, күні кеше Мұсабек ауылының тұрғыны Ибраимова Мәриямгүл Оспанқызымен әңгімелесіп, біраз толқып келдім. Тылсымға сенгендігім болар, өзіме түскен өлең жолдарын да, Мәриямгүл ана айтқан әңгімелерді де жариялап, көпшіліктен ой-пікір күтемін.
Оспанқызы Мәриямгүл ананың қариясы Дүйсен Өзенбаев Әзімбай деген палуан әкеден туған көрінеді. Байсалды мінезі мен көп сөйлемейтін сабырлылығы сол алып әкесінен дарыса керек. Дүйсеннің анасы Рахила да осал болмаған сияқты. Палуан қыз деген атағы бар. Талтаңдаған талай еркекті алып ұрып астына басқан қыз күресте Әзімбайдан жеңілгендіктен оған тұрмысқа шыққан көрінеді.
Рахила апамыздың бойында адам нанғысыз қасиет бар екендігін айтып отырғандардың әңгімесі адам сенгісіз, аңыз сияқты. Сол әңгімелер бойынша ол кісі «келіншек кезінде көкке шыққанда таудың басында от жанып, ұстаның көрігі өзінен-өзі соғып тұрады екен. Апамыз сол биікке көтеріліп барып, отты көріп, көрікті ұстаған екен. Содан кейін ол кісіге сынықшы, ісмерлік қасиет қонған көрінеді. Ол кездің қазағында ырғақпен билеу деген ұғым онша көп айтыла бермейтіні белгілі ғой. Соның өзінде ол кісінің жүрісінің өзі сондай жеңіл болса керек, билегенін көрген адам ол ұшып жүргендей әсер алады екен. Той бастайтын қасиеті де болса керек. Рахила апа Әзімбай қарияның әйелі болса, ендігі әңгіме Мәриямгүлдің өз жағы туралы.
Мәриямгүлдің нағашылары да қасиет дарығандар

Мәриямгүл Оспанқызы Ибраимова

Мәриямгүдің қолөнер туындысы
Ел ішінде ерекше қасиеттерімен қалған нағашы әжесі Сырғалым туралы Мариямгүл ана ерекше махаббатпен әңгімелейді. Өзі сол кісінің бауырында өсіп, тәрбиесін көп алған көрінеді. Өзінің бойындағы ерекше қасиеттер сол Сырғалым әжесінен дарығандығын да тілге тиек етті.
«Анамның анасы Сырғалымның үш қыз, бір ұлы болған екен, менің анам ғана тірі қалып, қалғандары тұрмапты. Шешем жалғыз өскен. Әкем Оспан бұрын бірнеше әйел алса да баласы болмапты. Тек ажырасып кеткен бір әйелде ғана ұл кеткен екен. Оны біреулерге тастап, ол әйел өзі күйеуге тиіп кеткен көрінеді. Сол бала қазанда қайнап жатқан сүттің қаймағын аламын дегенде жығылып, басы жарылғанын, ол қараусыз болғандықтан, жарасы құрттап, өлетін болғанын біреулерден естіп, Сырғалым әже менің әкем мен анама: «Осеке, баланы мен бағып алайын, рұқсат бер», — депті. Олар рұқсат беріпті, сөйтіп баланы алып келіп, дұрыстап қарап өсіріпті.
Кейін әлгі баланың шешесін де күйеуімен Бесқайнардан арбамен, үш баласымен алып келіп, қой сойып, ел шақырып, менің анама күйеуінің бұрынғы әйелін әпке, оның күйеуін әкеме бауыр қылып, тату өмір сүруге ықпал етіпті. Сонда олардың кейінгі туған балалары өз бауырларымен бірге өсіпті. Қазірге шейін балалар араласып тұрады. Ана мейірімі деген осындай болса керек. Бұл жерде мен Сырғалым әжем ғана емес , өз анамның да кеңпейілділігіне таңқаламын», – дейді Мәриямгүл. Кейін әжесі Сырғалымның көзі көрмесе де үйге кірген адамды танып отырады екен, сынық салатын болған. Мәриямгүлдің шебер үлкен ұлын да сол Сырғалым әжесі асырап, өсіріпті.

Жақсылық жасау қанмен дарыған қасиет
Мәриямгүл ана өзі – әнші, биші, шебер, палуандығы да бар – осы қасиеттерінің барлығы осы әжеден дарыған болу керек, ал өжеттігі өзінің «жеті атасының қолдауы» дейді. Ашаршылық жылдары елге көп көмек жасаған жан, 1962 жылдары Қытайдан ауылға әкеліп орналастырған қандастарымызға да көмегін аямаған. Сонда Қытайдан қашып келе жатқан үш баласы бар әйелдің күйеуін қуғыншылар өлтіріп, жүгімен суға ағызып жіберіпті. Сол әйелді үйге әкеліп, паналатқан.
Мәриямгүл ананың ертегіге бергісіз әңгімелерінен түсінгеніміз ата-анасы, бірінен кейін бірі туған жеті ұл бала тұрмаған соң, Бозтоғанда тұратын мырза атаның баласы үлкен молда кісіні ертіп, «Пұсырман батыр суы» деген қасиетті жерге барып түнепті. «Я, Алла кемтар болса да, қыз болса да бір перзент бер» деп тілеген екен. Түнде әкесі түс көріпті – алақанына бес бүркіт келіп қонған екен, үлкен бүркіттің қолында асатаяқ пен домбыра болыпты, біреуі әлжуаз болыпты. Таңертең анасы «мен түс көрмедім» деп ренжіпті, сонда әкесі «мен көрдім, үндеме» деген екен. Сондағы түнеп жүріп, сұрап алған бес баланың үлкені өзі екенін айтқым келеді. Әлжуаз балапан – бір баланың көп өмір сүрмейтінінің белгісі болса керек. Қазір Мәриямгүл ананың өзінен кейін үш сіңілісі бар. Араларында тағы бір ұл өмірге келген екен, ерекше бала. Қасы, шашы қап-қара, өзі аппақ, желкеден құйрығына дейін жал болыпты. Сол балаға ауыраяқ жүргенде анасының саусағының басы өз-өзінен айналып түсіп қалыпты. Негізі, мұндай ерекше туған баланы ешкімге көрсетпеу керек екен, ал қазақтар баланы әкеле сала бесік той жасайды емес пе, тойға келгендер баланы көріп, «Бір сұмдық екен» деп шошыпты. Больницада баланы зерттеуге алмақшы болыпты, бермеген екен. Содан бала үш күн ғана өмір сүріпті…
Мәриямгүл ананың тағы бір ерекшелігі – бір отар қойдың алдына тұрып алып, таяқпен түртіп қана бөлетіндігі. Ал, жолаушылаған үлкен адамдар үйге кіріп Мәриямгүлді шақыртып алып, ортаңғы саусағынан сүйеді екен. «Ол не?» десе, анасы: «Сенің бақ-дәулетің осы саусағыңда тұр», — дейді екен.
Бір тойдың үстінде қазан-ошақ жақта жүрген Мәриямгүл анаға баласы жүгіріп келіпті: «Апа, біреу өліп қалды, сен тірілтіп аласың, жүрші», — деп. Соны естіген әйелдер сүйрей жөнеліпті. Барса, палатканың ішінде Сақымбетов Орынбай деген кісі қол-аяғын созып, өліп жатыр екен, елдер қаумалап тұрған көрінеді. Бәріне: «Кетіңдер!» деп айқай салыпты, бірақ «не жасағанымды білмеймін» дейді. Бір замат өліп жатқан адам көзін ашыпты. «Мәриямгүл ана: «Ата, мені танисыз ба?» депті, ол біраз қарап жатып, атын атапты. Сонымен ол адамды больницаға алып кетіпті.
Той-томалақтарда той иесіне көмекті Мәриямгүлден артық ешкім жасамас десек артық айтпаспыз. Қазанға ие болып, керемет дәмді ас әзірлеуге келгенде алдына жан салмас ерекшеліктерінің бірі ол басқан күріштің дәмі ерекше. Сондай бір тойда елу килолық күрішті екі қазанға салып басқанда ел таңқалғаны соншалық, көз тигеннен қолы сынған екен. Содан бері күріш баспайтын болыпты…
Мәриямгүл ананың шашында да қасиет болған екен: өмірі қиылмаған шашынан кекіл кесемін деп, беті құлағына қарай қисайып қалған көрінеді. Соны көріп есінен танып құлапты, инфекция больницада бір орыс әйел оқып жазыпты. «Үстіңе жарқылдақ нәрсе киіп жүр» деген екен.
Мәриямгүл ана кимешек киіп жүреді, өзі ерекше моншақтап тіккен қасабалары бар. Отбасының ерекшелігін, елге жасаған жақсылығы тағы бір тақырыптың аясына сиярлық. Ол туралы кейінірек әңгімелеймін.
Құралай Мұсанова
«Алатау»






