Бала жанының бағбаны

0
1900

Тұран дала тарихындағы сан түрлі салт пен санаға, әдет пен ғұрыпқа  таңдай қағып тамсанған поляк А. Янушкевичтің «Қазақтың кішкентай ғана 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар үлкен адам секілді шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп естелік айтқаны бар. Сырт көз сыншы екені ақиқат. Таным таразысына салып көрсек, революционердің осы пікірі тегін айтылмапты.  Қазақ халқының болмыс-бітімі мен менталитетіне  үңіле білгендігінен тұжырымдаған. Ал осы өскін ұрпақтың  шебер әрі шешен сөйлеуінің сыры кәдімгі бесік жырында.  Осыдан кейін жаңа заман ұрпағымен тағы да  салыстырамыз келіп. Шыр етіп дүние есігін ашқан  сәбидің тілі шығып, қаз-қаз басқанға дейінгі  тәрбиелеуші құралы не? Қандай құндылықты бойына сіңіріп өседі?

Қазақтың  «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» деген әдемі сөзі бар. Сүтпен бірге жаман қылық па, жақсы әдет пе, әйтеуір, бір болжаусыз қасиет балаға даритыны анық. Ананың ақ сүті – қорек қана емес, баланың тәрбиелік иммунитеті. «Титімдей сәби не түсініп, нені аңғара қояр дейсіз?» деген жаңсақ пікірді көптеген жас аналардың аузынан естиміз. Һәкім Абайды дәретсіз емізбеген Ұлжан анамыздың даналығын аңсайсыз осындайда.

Бесік жырының құдіретті сөз күші мен әсем де баяу әуезін бойына сіңірген бала психологиясы байсалды әрі  тұрақты болатындығын ғылым дәлелдеген. Айта берсек, қазақта сүт пен сүйекті байланыстыратын мәйекті сөз көп-ақ. Мәселен, «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» деген мақалды білеміз. Өмірге келген сәбиге қандай сипатта сөз айтсаңыз, ол сүйегімен – бүтін түйсігімен, санасымен соны сіңіріп өседі деген тұжырым жасауға болады. Баланы өмірге әкеліп, оны тәрбиелемес бұрын жас келін алдымен өзінің жан тазалығын ретке келтіріп алса керек-ті. Бағбаншының бабы бақшаның «бағын» ашады емес пе? Ал, бала жанының бағбаны – ананың нәресте өміріндегі рөлін айтпаса да түсінікті.

Заманақырды төндіріп, қоғамды керітартпалыққа жетелеуден аулақпыз. Десе де, смартфон деген сымсыз желіге байланған буынның ұрпағы қандай болмақ? Соны ойлағанда бойыңызды еріксіз үрей билейді. «Жас шыбықты қисықтықтан араша етіп, зәулім көкке ұмтылған шынар ететін бағбанның күтімі емес пе?!» деген сұрақ көкейде кептеліп тұрады.

Бесіктен белі шықпаған бөбегін өз қолымен өзге бір идеологияның тәрбиесіне табыс-тап беретіндердің қатарында сіз де бар шығарсыз, бәлкім? Мазасыздана бастаған баланың бір сәттік тыныштығына бүтін бір ғұмырын айырбастап жіберетініміз жасырын емес. «Сен тыныш болшы…»  деп телефонды ұстата саламыз келіп. Баланың қызығушылықтарын зерттеп, шығармашылық қырын ашуға, сана-сезіміне кері ықпалын тигізетін ақпараттан алшақ ұстауға шамамыз жетпейді емес, жетеді. Соны біле тұра, психологиясы мен таным-түсінігі қалыптаса қоймаған бүлдіршінді ашық майданға салып кеп жібереміз. Бұғанасы қатып, белін бекем буатын жасқа жеткен шақта тәрбиесіздік танытып қойса, «Менен басқасының бәрі кінәлі»  деп, басымызды тауға да, тасқа да ұрамыз. Өкінішті, әрине.

Қалай десек те, бесік жыры тегімізге сіңген асыл мұра. Бөбегіңіз балпаңдай басып, жастықты алдыңызға тас-тай салып, «әлдилеші»  деп келіп тұрғанын талай көрген шығарсыз? Мұндайда әсте, балаңыз ұйықтатуын өтініп тұрмаса керек. Қанына сіңген «Әлдиді»  аңсап, жанына тыныштық пен рахат сыйлайтын әуенге сусап келіп тұрғаны болар…

Ата-бабамыз «Бесік жыры» арқылы  бір дәуірдің  боямасыз тарихи картинасын сақтап қалды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген өшпес өсиетнама қалдырды.

Байқап қарасаңыз, біздің бесік жырларымыздың өзге  ұлттардың бесік жырларынан ерекшелігі сол – рух жыры басым. Азамат болып ат жалын тартса, ел шетіне шығып жер қорғаса, қазақтай ұлы елдің атын мәшһүр етсе деген арман-мұрат менмұндалайды.

Бәлки, ұлы Абайдың: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген өлең жолдарының астарында адам ғұмырының сөзден тәрбиеленіп, сөзден мәуелейтіні тұспалданған ба еді, кім біліпті?

Тарихта өшпес қолтаңбасын қалдырып кеткен ғалым да, хакім де, ақын да бесіксіз өспепті.

Бесік баланы жын-періден, тылсым күштерден қорғайды деген наным бар. Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан атты бидің әкесі белгілі Мизам баба, қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысқан дейді. Жылдар өткен соң Айдархан би үйленіп, тұңғышы өмірге келеді. Туыла салып сәби жылауын доғармайды. Оған ел ішіндегі дуалы емшілер де көмектесе алмайды. Бір күні сәби жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып, жүгіре үйіне жетсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Артынша би оның орнында қалған ағаш бұтағымен қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды.

Д. БЕРЕКЕТ.


ПІКІР ЖАЗУ