Ақылды аялдаманы «ақылсыз» еткен кім?

0
1180

Талдықорғандық шенеуніктердің «Талды-Париж» жасаймыз деген армандары әліге орындалатын түрі жоқ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының сұлбасын шаһарда әзірге сәулетті аялдама орнату арқылы салуға талпынғанымен, нәтиже мардымсыз. Сөйте тұра, БАҚ-ты бақылауында, яғни, «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстау арқылы өз істеріне тегін жарнама жасауды әдетке айналдырғысы келетін шенділер мақтанудан шаршаған емес.

Мәселен, республикалық беделді БАҚ-тың бірінде жария болған мына пікірді оқып көріңіз:

«Өңірдегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жұмыстар аяқталуға жақын. Қазір қала ішіндегі қоғамдық көлік тоқтайтын 10 орынға «ақылды» аялдама қойылды. Талдықорған қаласы «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырыс беруімен Smart аялдама құрылысын «Айбын» ЖШС жүргізіп жатыр. Өткен жылдың қазан айынан бері 10 аялдама толық жасақталып, қолданысқа берілсе, жақын күндері тағы да 10 «ақылды» аялдама есігін ашпақшы».

Облыстағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жұмыстар аяқталуға жақын десе, цифрланып кеткен Қазақстанды көріп тұрған талдықорғандық болса қанекей? Айналасы бес-он аялдама салып, айды аспаннан шығаруға ұмтылу ненің белгісі екендігін түсіне алмадық.

Сол шенеуніктер: «Біздің «Цифр-лы Қазақстан» бағдарламасы аясында істеген ісіміз бір ғана аялдамамен шектелмейді» дер болса, ондай «ауқымды» жобаларын өздері жақсы көретін ауқымды аудиториясы бар баспасөз беттерінде неге ауыз толтырып тұрып жария етпеске? Алайда, олар әзірге өйте алмайды. Себебі, аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жұмыстар, өкінішке орай, «ақылды» аялдамадан аса алмай тұр.

Енді, не де болса қабырғасы қаланып, «ақылды» деген тәп-тәуір атты иеленген аялдаманың артықшылығын да айта кетейік. Сіздің көкейіңізде жатқан «Ол несімен цифрлы, несімен ақылды?» деген сұраққа қысқа ғана жауап іздеп көрелік.

Идея авторларының айтуынша, оның ішінде бейнебақылау камерасы, қыс-жазға арналған кондиционер, Wi-Fi бар және күн батареялары қойылған. Сонымен бірге, осы жылы аялдамада тегін интернет арқылы әрбір тұрғын «Infobus» мобильдік қосымшасы арқылы өзі күткен автобустың бағытын, қаланың қай бөлігінде жүргенін, келу уақытын, сондай-ақ желідегі маршруттар санын бақылай алады. Бұдан өзге тағы бір ақпаратты да осы арада тілге тиек ете кеткен жөн. Дәлірек айтқанда, Талдықорған қаласында салына бастаған «ақылды» аялдаманың бәрі ақылға келіп, отандық өндіріс материалдарынан жасалып отыр.

Енді «ақылды» деген аялдаманы ақылынан айырып, елді елең еткізген бірер түйткілге құлақ түріп көрелік. Талдықорғандық белсенді блогерлердің мәліметінше, жақын күндері жалтырап тұрған сол көлік күту нысанына да мақсатты және мақсатсыз бүлдіруші топтың қолы тиген. Яғни, алғашқысы, әкімдік тарапының қадағалауы, қатысуы астында белгілі шарттар мен талаптар негізінде іске асса, ал келесісі қарапайым халық арасындағы телі мен тентектің бүлдіруіне орай бейнелеп айтқан сөзіміз. Әуелі мақсатсыз істелген басбұзарлыққа тоқталайық. Жуырда ғана Талдықорған әкімдігінің өкілдері қала тұрғындарынан Smart-аялдамалардың бірінде қабырғаға ілінген қуаттағыш құрылғыны ұрлап кеткен жасөспірімдерді табуға көмектесуді сұрады. Сонымен бірге, әкімдік қызметкерлері оқиғаның видеосын Facebook-тегі ресми парақшада жариялаған.

«Құрметті, талдықорған-дықтар! Мына видеоны мұқият қараңыздар, оқушылар «Самалдағы» жаңа Smart-аялдаманың қабырғасына орнатылған 8 гаджетке арналған қуаттағыш құрылғыны жұлып алып кетті. Бала емес, ұрылар! Құрметті ата-аналар, осы видеода балаларыңызды танысаңыздар, хабарласыңыздар, әйтпесе құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр боламыз», – деп жазды әкімдік қызметкерлері.

Демек, олардың айтуынша, кінәлі «бала емес, ұрылар!». Еш қатесі жоқ леп белгілі қатқыл шешім. Өздері оқушылар деп отыр ғой, балалықпен қызығып алды ма дейін десең, әкімдік тарапының жаңағы «бала емес, ұрылар» дегені еске түседі сосын. Әдетте, түймедейді дәл осылай түйедей етеміз, ал түйедейдің түймедей болып  көзіне көрінбей жүретінін не етесіз?! Бұл енді ұзақ та басқа әңгіме болар…

Сонымен, сіз күткен «мақсатты бүлдіруші топ» деген сөзіміздің де мәнісін ашып өтейік. Нақтырақ айтқанда, аялдаманың сүрілгені туралы ақпарат желіде қызу талқыға түсті. Халық наразылығына түрткі болған жайт, қала орталығындағы «Қарағаш» сауда үйінің алдында орналасқан Smart-аялдаманың қайтадан бұзып, құрылыс материалдарын көшіріп әкетуінде еді. Осы мәселенің ақ-қарасын ажыратпақ болып, Талдықорған қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Жанысқа хабарласқан болатынбыз:

– Smart аялдаманың құрылы-сына қанша қаражат жұмсалды?

– 8 миллион қаражат кетті.

– Пайдалануға берілген аялдама-ларға не себепті қайта бұзу жұмысы жүргізілуде?

– Қабанбай батыр көшесінің реконструкциясына байланысты бұ-зылуда.

– Реконструкциялау жұмысы аялдаманы орнатпас бұрын, қалайша алдын-ала жоспарланбады?

– Ол жаңа жылға дейін жоспарланған болатын. Жаңа жылдан кейін реконструкциялауға қаржы бөлінгеніне байланысты аялдамаладың орны өзгеруде. Қазіргі уақытта пайдалануға берілген аялдамалар сол қалпында қалады.

Осылайша, көкейдегі сауалға жауап алғанымызбен, оны ақылға қондыра алмадық. Қайран, ақша желге ұшқандай әсер қалдырды көз алдымызда. Аялдаманы орнатуға 8 миллион қаржы жұмсалса, оны қайта бұзып, орнатуға кеткен қып-қызыл шығынды есептеуге шашыңыз да жетпес, бәлки.

Осы ретте аялдаманың гаджетіне «ұрлық жасалды» деп жарияға жар салынған хабарламаның да нәтижесін сұрауды ұмытпадық. «Телефон қуаттағышын ұрлаған балалар оқиғадан соң 2 сағат өтпей қолға түсті. Олар кәмелеттік жасқа толмаған оқушылар болғандықтан, әкімшілік ескертулер жасалды» деген жауап алдық.

Десе де, аялдаманың қанша қаржыға салынғандығын, тиімділігі мен мүмкіндіктері жөнінде ел арасында түсіндірме жүргізілген болса, қала тұрғындары да «қолда бардың қадірін» білмес пе еді. Яки, сұғанақ қолдардан сақ болар ма еді, кім білсін? Мүмкін, оқушылардың бұл қылығын «балалық қой» деп ақтап алсақ жарасар. Ал, құрастырғыш ойыншығымен «үй тұрғызып» қайта бұзар баланың әрекетіндей болған басшылардың қылығын не деп ақтап аламыз?!

Д.Берекет.


ПІКІР ЖАЗУ