Пошта қызметкері кейуананы неге сарсаңға салады?

0
1293

«Болмаса газет-журнал білу қиын,

Көзімен көре алар ма һәр кім барып.

Жылында төрт-бес теңге төлеп тұрсаң,

Кісіден сұрамай-ақ болдың қанық». Осылай деп Міржақып Дулатұлы газет-журналдың пайдасы туралы өткен ғасырда жазып еді. Бүгін ше? Бүгін халық арасында «Қазір – әлем алақанда. Интернет заманы. Газет-журналдарды кім оқиды?» деген өте қате түсінік қалыптасты. Түкпір-түкпірдегі түрлі оқиғаларды интернет арқылы біліп, суреті мен бейнежазбасы арқылы тамашалайтын оқырмандардың кейбірі мәдени мұраның орнын ешбір әлеуметтік желідегі ақпарат толтыра алмайтынын түсінбейді. Екінші қатары әлем ақпараттық дүниеге әлдеқашан өтіп кетсе де, қолмен ұстап, көзбен көріп, исін сезіп оқу деген мүлде бөлек дүние екенін мойындайды. Дей тұрғанмен, пікірі мен пайымы бөлек халықтың көзқарасы екіге жарылуы заңды.

Шындығында газет халыққа керек емес болса, онда өзі-ақ өмір сүруін тоқтатпай ма? Өзекті оқиғаларды уақытылы оқырманға жеткізе біліп, қараша қауымның күйін күйттейтін басылымға жазылушылар неге толастамайды? Өйткені, біз – «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп өткір тілдің, шешен сөздін қадірін білген қазақтың ұрпақтарымыз.

Заман өзгерді, керуен көшті. Нарық заңы билеген күні бүгін ақпарат құралдарын алалау басым. Оны жасырып-жабудың, жуып-шаюдың да қажеті шамалы іспетті. Мемлекеттік газеттерге жаздырып, жеке басылымдарды тоқалдан туған баладай кейінге ысырып тастайтын әкім-қаралар жергілікті пошта байланысын да уыстарында ұстап отыр. Өздерінің жүрек қалауымен жазылғысы келетін басылымдарға кедергі келтіретіндер туралы сан мәрте естігенбіз. Біз мемлекеттік басылымдар ұқсап жаздырып беріңдер деп жылу сұрап отырғанымыз жоқ. Халықтың еркіне салдық. Құдайға шүкір, көштен қалып жатқан жоқпыз.

Бүгінгінің пайымы: «Піс қазаным, піс» деп отыра беруге болмайды. Оқырмандарын көбейту мақсатында «Алатау» облыстық қоғамдық-саяси газеті акция ұйымдастырып, ұтыс ойнатпақ. Бұл турасында газетімізге жариялап келеміз.

Елдің дауына араласып, қараша қауымның есесін қайтаруға күш салып, әділ төрелік жасап жүрген газетімізге арыз-шағым айтып келушілер аз емес. Жолымызда әдеттегінше көзді жұмып, тілді тістеп қалуға болмайтын түрлі мәселелер кездесті. Бірақ бүгінгі арыз – бұрынғы арыздардан өзгерек.

Ақсу ауданы Арасан ауылы Ақын Сара көшесінің тұрғыны Крыкбаева Фарида есімді зейнеткер редакцияға хабарласып, өкпе-ренішін айтып, хат жолдайтынын жеткізді.

Шағымнан соң «Қарап жатқан жыланның,

Құйрығын неге басасың?

Шағайын деп шақпаса,

Шошынып неге қашасың?» деуден басқа амал қалмады. Олай айтуымызға себеп болғаны төмендегі мәтін:

«Құрметті, «Алатау» газеті!

Мен зейнеткер Крыкбаева Фарида Ақсу ауданына қарасты Арасан ауылының тұрғынымын. Сіздердің газеттеріңіз алғаш жарыққа шыққан 2001 жылдан бері жазылып келемін. Сол дәстүрмен биыл да газетке жазылдым. Бірақ, жарты жылға ғана. Зейнетақымның мөлшері аз, газет қымбаттады.

Жалғызбасты, қарт адаммын. Өзім ештеңе жасай алмағандықтан жұмыстарымды адам жалдап жасатып, ақысын төлеймін. Олардың сұрауы да көп. Не амалым бар? Жалпы бүгінгі күні барлығы қымбаттады ғой. Арзан дүние көрсек қуанатын болдық.

Газетке 25 пайызбен жазылуға болатын акцияны көрген соң екінші жартыжылдыққа жазылуды ұйғардым. Бұл зейнеткерлер үшін айтарлықтай көмек. Сонымен бірге тек жазылып қана қоймай, ұтыс ұтып алуға да болады.

Жасым 80-ге таяп қалса да осы уақытқа дейін ештеңе ұтып көрмеппін. Жаңа жылда тілектер орындалады дейді ғой. Наурыз – жыл басы. Мүмкін, жолым болып қалар…

Сол үшін газетке жазылуға поштаға барып едім, қызметкерлері 25 пайызбен жазылуға кедергі болды. Оларға акциямен газетке жазылуға болатынын, ұтыс ойнатылып жатқанын дәлелдей алмадым. Сосын сіздерге хабарласып, мән-жайды анықтадым.

Сіздер оларға ескерту жасамасаңыздар, адамдарды шатастырып жүр. Әсіресе, ауылдық жерлерде бұл жағдай көп кездеседі».

Бұға берсең, сұға бередінің кебін келтірмеген көзі ашық оқырманымыз іске мойынсұнып, кері бұрылып кетіп қалмай, қайтадан хабарласып, істі біржақты қылғаны қуантты. Ал қызметкерлер ісі ақтауға келе ме?

Пошта қызметкерлеріне сеніммен қарап отырған редакция ұжымы бұл шағымнан соң тыныш қала алмадық. «Сен тимесең, мен тимейін, бадырақ көз» деп осындайда дана халқымыз бекер айтпаса керек-ті. Ақсу аудандық пошталық байланыс бөліміне хабарласып, болған жайдың мәнісін анықтағымыз келді. Хат жіберемін дегеннен-ақ істі аяғына шығаруды көздеп едік, 10 минуттің іші-сыртында пошталық байланыс бөлімі оқырманның қай ауылдан хабарласып, қай пошта бөлімшесінде тұрғанын біліп берді. Алайда берген жауаптары мардымсыз, сол баяғы: «түсінбестік».

«Біз анықтадық. Олар бір-бірін дұрыс түсінбепті. Фарида апа қазір поштада тұр екен, Арасан ауылынан. Сол ауылдың пошта бөлімшесінің қызметкері апаны газетке акциямен жазып, түбіртегін қолына берді» – дейді.

Сонда, сексенге келген кейуананы селкілдетіп, сұранысын өтеп бермеген ауылдық пошта қызметкері сауатсыз ба? Газеттің бетіндегі айғайлап тұрған жарнаманы көрмей ме? Егер өзі білмесе, аудандық байланыс бөлімінен сұрамай ма? Бұл мәселені біз аяқсыз қалдырмай, кейуананың редакцияға жазған шағым хатын «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Мұхит Кәрібаев мырзаға жолдауды жөн көрдік.

Түйін:

Халықтың мұңы мен сырын, айтар ойын жеткізіп, бірге жасасып келе жатқан басылымға жаздырмауға кім кедергі? Себебін екі-ақ түрлі пікірмен жобалаймыз. Пошта қызметкерлері өз міндеттері туралы жете білмейді. Болмаса, жеке басылымдарға жаздырмауға арнайы тапсырма бар.

Осы және басқа да оқиғаларға назар аударсақ, бізде ушықпай тұрып, уақытында шешілетін іс бар ма? Қыл-аяғында көз жасын көлдеткен көпбалалы аналардың мұңы, әлеуметтік жағдайы төмен халықтың шері де шектен шыққан соң Елбасының өзі аралас-ты. Міне, біздің жергілікті биліктің халықпен қалай жұмыс жасайтынын осыдан көруге болады. Соның бір тармағы – пошта қызметінің кейуананың қолына қалам алып, арыз жазуына себепкер болу.

Айта кетейік, біз ешқандай оппозициялық басылым емеспіз. Ұстанып отырғанымыз – Елбасының саясаты. Рас, мемлекеттік басылымдардай көзді жұмып отырған жоқпыз. Ақиқатты ашық айтамыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ештеңе ескерусіз қалмайды…

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ