Тайбурылдың шабысы-ай

0
2879

Жамбыл ауданның орталығы Ұзынағашта тайбурылдардың шабысы өтті. Осымен оныншы мәрте ұйымдастырылып отырған оқушылардың аламан айтысы қалыптасқан дәстүр бойынша жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 174, Абай Құнанбаевтың 175, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналды. Республиканың Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Сотүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, облыстары мен Алматы қаласынан барлығы 30 жас айтыскер қатысты.  Жетісу өлкесін жырға бөлеген жас толқындардың сөз барымтасы сақа ақындардың жыр сайысынан кем болған жоқ.

Айтыстың басты тақырыбы  ХХ ғасырдың Гомері атанған «Жамбыл деген жай атым, Халық менің шын атым!» деп ауыз әдебиетінің абызы атанған, таңды-таңға ұластырып, қиса,  дастан, терме толғаулар, батырлар жырын  жатқа айтқан жырау, хәм ақтабан жүйрік Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай өтті. Алматы облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен жылма-жыл   құлагер ақын Ілияс Жансүгіров, Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, бір ғасыр жасаған Жамбыл Жабаевтың  туған күндеріне орай өткізілетін  бағдарламалар республикалық деңгейде өтіп келеді.

Қош сонымен, жал-құйрықтары түйілген, тайлардың жарысынан  ақпарат таратайық.  Сонау  Мұрын, Сүгір жыраулар елінен, мұнайлы өлке Маңғыстаудың  төрінен келген Жанболат Алиев, Рамазан  Тезекбаев,  сарарқадан Тайжан, Шашубайдай шайырлар шыққан аймақтан Әлихан Ерғалиев,  Абза Мақаш   өлең-жырдың су төкпес жорғасы желдірме ақын Иса Байзақовтың туған топырағынан Бексұлтан Қайдаров, Атыраудан Нұрасыл Иса, сыр сүлейлері Тұрмағанбет, Шоряқтың Омары, Нартуған, Нартайлардың сарқыты Дильназ Ержігіт, қаратау баурайынан Мұхтар Қонарбаев, Ақмоладан Нұрбек Серік, Алматы қаласынан Алтынай Қанапия, Қазыбек Жалғас атты жас  толқындар айтыстың көрігін қыздырды. Бұл аталған аймақтарда айтыс мектебінің қалыптасқанын ардагер ақтангерлер мен үзеңгі қағыстырып, сөз жарыстырған жас айтыскерлер бірін-бірі алыпта шалып та жықты. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкірім қажы айтқандай, айтыстың өту үрдісі де бөлек болды. Себеп, соңғы жылдары айтыс төңірегінде  айтылып жүрген «айтыскерлер бір-бірімен келісіп айтысады, кейбір айтыскерлерге айтыс мәтінін жазып береді, айтысты шоуға айнадарып жіберді»-деген сөздердің жаны бар-ды. Осы мақсатта,   саф алтындай, арда өнердің бұлақ көзін тазартып, арнасын кеңейту мақсатында жас айтыскерлерді,  30 ақынды екі топқа бөліп, қоржыннан асық алу арқылы жұпталды. Айтыс үш кезеңге ұласты.   Айтысқа келген отыз ақынның ішінде дара топ жарып, көрерменнің қошаметінте бөленген де осы аты аталған тайбуырылдар болды. Қоғамның талқылауынан түспей жүрген көгілдір экрандағы «қалаулым» бағдарламасын тіліне тиек еткен алматылық Қанапия Алтынай; «Әр қазақ, Замирадай жандарды емес, Жамбыл мен Абайларды білу керек деп бірінші айналымда қарсыласына төтеп берген  Алтынай, екнші айналымда жеребе бойынша тағыда сол павладарлық Қайдаров Бексұлтанмен айтысуға мәжбүр болды. «Жеребе соқыр» деген осы шығар деп пайымдадық. Алтынайды ардақтап төбеге көтерген Бексұлтанда жатып атардың нақ өзі екен. «Қайта-қайта шығарып бұл арумен, Нені меңзеп тұр екен Құдай маған деген жігіт «Қалаулымнан іздемей серігімді, Қалауым мен беріп тұр Құдай өзі»-деп қызбен жігіт арасындағы әдемі айтысты  көрсетті.  Қыбын тапса, құмырсқаны тағалап жіберетін тапқырылық деп осыны айтуға болатын шығар. Сондай-ақ, қарағандылық  Әлихан Ерғалиев осы айтыстың бас көзіріне айналды. Салмақты сөзі мен, ұтқыр ойларымен, айтыстың қыр-сырын жетік меңгерген Әлихан: «Жер астында көмір іздеп жүрген ұлды, Төбеге бір көтеріп тастадыңдар» деп көрерменді бірден баурап алды. Әзіл айтса, әдісін біліп, мәселе айтса май мен сылғандай тігісін жатқызып жібереді екен. Жамбылды асқақтата жырлап, Абай мен әл-Фарабиді әспеттегенде алдына жан салмады. «Абайды ұлықтаудың мәртебесін, Абайдың мектебінен бастау керек» дегені залда отырған мұғалімдерге нанға май жағып бергендей ұнады. Қарсыласының аты Мұхтар болғандықтан, шетелде қашып жүрген Мұхтар Әблязовпен салыстырып та жіберді. Қарсыласы да осал емес «сен тұр мен атайынның нақ өзі болып шықты. Өшерлене шапқан екі тайда көбеге үзеңгі қағыстырып қатар келді. Екінші айналымға сүрінбей өтті. Осы айтыстың ішінде, көрерменге тікенек тілімен, айтыс мақамы Шорабектің ойбайымен бастаған алматылық Қазбек Жалғас болды. Домырасы мен дауысы үйлеспегенмен сөзі мірдің оғындай, қарсыласын қара саннан қарпыған қасқырдай  азуын батырды. Біраз тәжірибе жинақтаса, Шорабек, Балғынбектей  айтыстағы сатираның сарбазы болайын деп тұр. Қолма-қол сурып салу жағынан мүдірмейді және қайтарған жауабы да  сайдың тасындай ауыр. Әлеуметтік мәселені қозғағанда қоламтаны қоздатқан шебердей. «Жамбылдың бір өлеңнін білмейтіндер, Жамбылдың жасын берсін» деп жүреді дейді. Қарып түсер шоқ па шоқ. «Алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп жіберетін  атыраулық Нұрасыл Иса  да ақпа-төкпенің нақ өзі екен. «Нұрасылды жеңетін де шама жоқта, Нұрларды жеңетіндер ана жақта» деп қызыл көрген қырандай шүйлігеді. «Сұраншы, Саурықтар кешегі өткен, дұшпанға кеудесін бастырмаған. Сүйінбай, Қатағанның аузын аштырмаған деп батырлар мен ақындар  елін жырлай келе, үш тәулік Алматыға жүріп келдім, Жамбылмен түйдей құрдас пойызбенен»-дейді. Мақтаман бауыздау деген осы емес пе? Тәуелсіздік алғанымызға 30-жыл болса да, әлі сол ескі-құсқы пойызбен жол азабын тартып келен жас ақынның сөзі сүйектен өтеді. Оза шауып, олжа салғандардың қатарында маңғыстаулық Жнболат Алиев  пен  Рамазан  Тезекбаевты  айшықтап айтуға болады. Екеуі де өрен жүйрік. Бірінші айналымда қарсыластарын шаң қаптырып кеткен екі ақын екінші айналымда жеребе тарту кезінде бір-біріне тап болды. Мұндай үрдістер спортта да болып жатады. Әйтсе де, бір-бірінің қыбын жақсы білетін екі шайырды сұрыптай келе қазылар құрамы Рамазан Тезекбаевты ақтық айналымға лайық  деп тапты. Аманжол Әлтаевтың әдіс-тәсілін, мақамын, айтысу мәнерін бойына толықтай сіңірген Абзал  Мақаш қарағандылық ақын. Бұған да бұйрық шығар деп топшыладық. Ә дегеннен қызбен жұптасқан Абзал екінші айналымда  тағы қызбен жолықты. Айтысты биязы бастап, қызды көрсе, қызыл түлкі көрегендей көз жайнап кететін Абзал екінші айналымда сәл сүрінді. Ағасы Аманжолдың Сара Тоқтамысоваға айтқан бірер шумағына жиендік жасады. Оның үстіне « Айтақын ағам жылдан-жылға өсіп келесің деген, алдыңғы жылы екінші, былтыр бірінші орын алып ем, биыл бас жүлдені берсеңдер» дегені көңілге қонбады. Сүрінді. Зал шулады, себін айттық. Бірақ, Абзалдың «Сүйінбайдың көшесімен өткенімде, сүйір тілден мөп-мөлдір төгілді өлең»  деген тапқырлығы көптің көкейінде қалып қойды. Абзал мен айтысқан сыр елінен келген Дильназ   Ержігіт те  Абзалды тосырқатты. «Ақырып шығар қыз көрсе, ақыр заманның балалары-ай» дегенде  сүйінбеген жан қалмады. Біз айтысқа қатысқан отыз ақынды да жеке-жеке сұрыптап талдау жасағанды мақсат тұтпадық,  айтыстың  алауын лапылдатқан орақ тілді жас толқындарды дәріптегенді  жөн көрдік. Өзекті өртейтін, өз жерің де, өз елің де,  аламан бәйге жасап, сол бәйгеге қосатын жүйрігің болмағаны намыс екен. Жасыратын несі бар соңғы бес аты жылда Алматы облысының жас айтыскерлері олжа сала алмай-ақ қойды. Намыстан өртеніп танауынан тартып жүріп жүлде әперген кезіміз болды. Бірақ,  «жетектеген тазы түлкі алмайтыны» әлімсақтан айтылған тәлімді  сөз. Жылда үш-төрт оқушы қосқан боламыз, олардың деңгейі өспеген, өлең құрылымдары шамалы, іздену, талпыну, айтысқа деген ынтызарлары жоқ. Биыл мектеп бітіргелі отырған Жамбыл ауданының түлегі  Айым Асылбекова сахнада билеп отырғанымен жаттандылықтан ада емес. Жауаптасып айтысқандай болғанмен,  сөздерінің арасына сына қаққандай ажырап тұрады. Мәселен, өз жерінде дүркірген баялыштай жұлқылғанмен  көрерменге:«Мен сендері жақсы көрем, өзімнің киілмеген көйлегімдей» дейді. Әттең, осы сөзі «мен сендерді жақсы көрем, дүрсілдеген жүрегіммен»  десе әлдеқайда  ұтымды болар еді ғой. Солтүстіктің ақынымен айтысып отырып қарсыласын  павлодардан деп бір екі мәрте қайталады. Ақын адам сөзіне абай болуы керек-ті. Қарсыласы да осал болып шықты. Егер зерек, тапқыр болғанда Айымның осы сөдерінен ұстап алып, қарымта қайтарған болар еді. Бойында  Алла берген талант бар, айтысқа деген құмарлығы басым сәл ізденіс-ізденіс және техника жетіспейді. Осы жағын ұштастырса Айым да осал ақын болмайды. Тек ерінбей жалықпай ізденуі керек, білімді тереңдету  ләзім. Сонымен, айтыстың соңғы айналымына өткен үш жұп ақын арасындағы сөз барымтасы бойынша бас жүлде қарағандылық  Әлихан Ерғалиевке, бірінші бәйге маңғыстаулық Рамазан Тезекбаевқа ,  екі екінші жүлде  алматылық  Атынай Қанапия  мен павлодарлық Бексұлтан  Қайдаровқа,  үшінші бәйге  Алматы қаласынан Жалғас  Қазбек,  Атыраудан  Нұрасыл Иса, Алматы облысынан Айым Асылбекқызына бұйырды. Ал  арнайы жүлде Ақмоладан келген  Серік Нұрбекке, Үметәлі Кәрібаев атындағы жүлде маңғыстаулық Жанболат Алиевке, Есенқұл Жақыбеков  атындағы жүлде сыр елінен Дильназ Ержігітке, Кенен Әзірбаев атындағы жүлде тараздық Мұхтар Қонарбаевқа, Жамбыл ауданы әкімінің арнайы жүлдесі қарғандылық Абзал  Мақашқа бұйырды. Айтысқа қатысқан өзге ақындар да қаржылай және білім басқармасының арнайы мадақтама грамоталарымен марапатталды.

                                                                             Айтақын МҰХАМАДИ

Кілтсөздер:АЙТЫС


ПІКІР ЖАЗУ