Алуаның әдемі әлемі

0
2500

Алуа туралы алғаш естігенде қолына қылқаламын ұстап, әдемі  пейзаж салып отырған бүлдіршін қыз көз алдыма келген. Бірақ, кездескенде мүлдем басқаша күйге түстім. Әдемі картиналарды кейіпкерімнің ауызына қарындашын қыстырып, мың бір жапамен салатынын көргенде адам мүмкіндігіне тағы бір сендім.

      Дөңгеленген дүниенің кереметі көп қой. Біз тек оның көз көрген ғажабына тамсанып, жақсысынан үлгі алып, жаманынан ғибрат алады екенбіз ғой. Өнердің ұлт таңдамайтыны сияқты, адам да таңдамайтынына куә боласыз кейде. Егер бір емес, бірнеше дарынды бір басына берсе, мұны Тәңір сыйы емес деп қалай айта аласыз? Алуа да сондай талапты өрен. Салған суреттері айшықты, шынайы. Кірпияз өнерді неге сүйгенін оның бала жүрегінен шыққан табиғат суреттері айғақтап тұр. Картиналарда өмір бар. Өмірдің көрінісі емес, бояуы қалың, шаттығы мол шуақты сәттің өзі дерсіз…                                                                                              

      ДЦП-ның ауыр түрімен ауыратын балауса қыздың  жасы биыл он үште. Өз құрбыларынан қалыспай мектепті де үздік оқуда.  Әсіресе, сабақ беретін апайлары Алуаның есте сақтау қабілетін алқайтын көрінеді. «Екі-үш жыл ілгертін өтілген сабақты қайталап айтып беруге бар», – дейді анасы Ботагөз Ақманова.

      Алуа аталмыш дертпен туа сала алысып келеді. Өзі жөнінен алғанда қазір бұл ешқандай да қорқыныш емес. Тек тағдыр тегершігі басқа арнаға бұрылғаны болмаса. «Пейзажды жүрегі нұрлы, өмірге құштар адамдар жиі салады»  – деп санайды екен суретшілер. Себебі, ой-қиялға мейлінше ерік беретін табиғат көрінісі, шығармашылық шабытты ашып, мол ләззат сыйлайды. Кейіпкеріміз де өз жұмыстарында бір сәттік қайталанбас көріністерді алдымен есіне сақтап алып, сосын асықпай қағаз бетіне түсіреді екен. Анасының айтуынша, Алуа шабыты келгенде бір суретті бір күн ішінде аяқтап тастайды екен. Ал кейде екі-үш күн кетеді. Көбіне денсаулығы әсер ететін көрінеді.  Әсіресе, ауа-райы бұзылса мазасы кетіп қалатынын, бірақ, мұның бәрін қызының бойындағы  қайсарлығы  жеңетіндігін де жасырмады.                                  

      Біз барғаннан қайтқанға дейін Алуаның жүзінен ескен риясыз күлкі, көңілді күйді аңғардық. Қысылмай еркін отырып бізге сурет салып та көрсетті. Алуаның осылай жүзіне күлкі үйіріліп жүруіне қамқорлығын аямай отырған анасының еңбегін айтпай кетуге болмас. Алуаның бүгінгі әр жетістігі жарғақ құлағы жастыққа тимей баласының қас-қабағына қарап отырған Ботагөз ханымға тікелей қатысты. Бұл кісінің жұмысы таң азаннан емес тәулік бойы жалғасады. Түнде Алуаның қалай ұйықтап жатқанын білу үшін бірнеше мәрте қасына келіп, көрпесін қымтап, жабуды да әдетке айналдырған.  Ал әйелдің  тіршілігі бітер ме?  Рауандап күн шыққаннан  дамыл таппай үй шаруасына араласады. Бірақ, қызының әр картинасын көргенде барлық шаршау мен шалдығуды ұмытып кетеді екен.

       «Алуаның жағдайын үнемі бақылауда ұстаймыз. Көптеген адам  ДЦП-мен ауыратын балалардың күні бір сарынды деп ойлайды. Яғни, күндіз кешке дейін аурумен арпалысады деп есептейді. Бұл жаңсақ пікір. Баламның әр күні өзінше  өтеді. Оның үстіне сабағы бар. Арнайы курсқа барады. Бір күн сурет салса, бір күн ән айтады дегендей…Күнделікті теледидарджан, интернеттен сурет салуға арналған бағдарламаларды көріп, Сызба техникасын дамытуға күш салады», –  дейді анасы.

      Біз барғанда Алуа корексонный  (Оңалту, түзету, арнайы) курстан келіп  отырған беті екен. Музыка сабағында ән салып, апайынан мақтау естігендіктен бе көңілі сондай  көтеріңкі болды. Үйде ән айтып әкесі мен анасын қуантып тастайтын сәттері де бар көрінеді.                                                                                                           

      Алуа текті атаның ұрпағы. Атасы Түлкібек Құрақбаев белгілі ақын. Кезінде талай жыр додаларында сайысқан адуынды айтыскер. Әжесі Дәмелі де өнерден алыс емес жан болған. Әйгілі Біржан-Сара айтысын зерттеушілер кезінде  осы кісінің аузынан жазып алған. Қара сөздің қаймағын қалқып ішкен осындай өнерлі әулеттен сөз ұстар бір жанның болмауы мүмкін емес қой. Шабыты келгенде Алуа да қарап қалмай өлең шығарады. Балалығына қарамастан жазған жырлары ойлы, толғамды.

     Мәселен,  «Анама» деген өлеңін оқып отырып, оның әкесі мен анасын қуантқысы келетін бала арманын сезесің.

Қуантайын бір сені,

Анашым мен әкешім.

Жүріп кетсем болғандай,

Шаттанар ең мен үшін!

      Оның «Қысқы орман», «Закат», «Айлы түн» секілді суреттері де арманшыл жастың ұшқыр ойынан хабар береді. Әдетте, мүмкіндігі шектеулі деп айта салатын тілге жеңіл тіркемелі сөзді мына еңбектерден кейін абайлап айту керектігін ұғынасыз. Екінің бірінің қолынан  мұндай өнер келе бермесін мойындайсыз. Мойындайсыз да, осындай қажыр-қайратпен, өмірге деген үлкен құлшыныс танытып отырған балдырғанға еріксіз тәнті боласыз. Анасы Бөтагөздің сөзінше, мектеп басшылығы алдағы уақытта Алуаның және оның достарының суреттері  көрмеге қойылатындығын айтыпты.  Соған орай   жас суретші дайындық үстінде.                                                

    Құстарын сайратып, жер әлемді жайнатып тағы бір көктем келді. Жас суретшіден туған жердің әсем табиғатын паш ететін картиналар күтеміз.

Қозы-лақ асыр сап,

Ойынға бір тоймайды.

Шуақ шашқан, нұр төккен,

Наурыз тойын тойлайды.

     Осыдан сегіз жыл бұрын жазған өлеңінде Алуа көктемді осылай сипаттапты. Биылғы шуақты басталған наурыз Алуаның тағы да ақындық шабытын оятары анық.    Бала тілегі әлемдегі ең әдемі, кіршіксіз тілек шығар?! Алуаның армандарының орындалуына бізде де тілекшіміз. «Жақсы сөз жарым ырыс»   демекші,  мына әлемге болашақ дизайнер, суретшінің көзімен қараған кейіпкерімізге біз тек «Алға» дейміз. Өз әлеміңдегі көркем бейнелерді ақ қағаз бетіне кестелей беретініне сенеміз. Қос өнерді қатар алып жүрген өнерлі өреннің алдағы өмір жолына сәттілік тілейміз.

А.НАЗЫМҰЛЫ.

Кілтсөздер:КЕЙІПКЕР


ПІКІР ЖАЗУ