Жол сапасы жіті бақылауда

0
2557

Соңғы жылдарда еліміз бойынша жол құрылысы қарқынды қолға алынды. Өзіміз көзбен көріп жүргендей жол құрылысы Алматы облысында да жыл сайын тоқтаусыз жүргізілуде.  Күре жолдың  тақтайдай түзулігінен бүгінде Талдықорғаннан – Алматыға дейін 2,5 сағатта жетіп баратын болдық. Десек те, жыл өтпей жатып, заманауи үлгіде салынды деген төрт жолақты жаңа жолдың өзі жамалып жатқанын  жиі көреміз. Әрине, бұл – сапаға келіп тіреледі. Осы орайда жолдың сапасын тексеретін мемлекеттік мекеме — «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Алматы облыстық филиалы деген үлкен мекемеге ат басын бұрдық. Құрылғанына бір жыл болған мекеменің тыныс-тіршілігімен танысуда филиал директорының міндетін атқарушы  Ғалия АСАНОВАМЕН әңгімелесудің де реті туды.

АЛАТАУ: – Ғалия Темірханқызы, өткен жылы республикалық деңгейде «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» құрылыпты. Осы орталықтың дүниеге келудегі мақсатын және негізгі міндеттерін айтып берсеңіз?

Ғалия АСАНОВА: – Осыдан бір жыл бұрын автожолдардың сапасын бақылау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму минстрлігі Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны құрылып, барлық облыста оның филиалдары ашылды. Бұл кәсіпорын құрылған күннен бастап жолдың сапалы болуына аса мән беріп, сапасыздықты жоюға зертханалық тексерістер жүргізу арқылы нақты іске кірістік. Бұрынғы жылдарда жолдың сапасын бақылайтын аймақтағы зертханалар жол құрылысындағы олқылықтармен күресіп келсе, енді жаңа кәсіпорынның арқасында атқарар жұмыс пен міндет бұрынғыдан әлдеқайда ұлғайды. Орталық автомобиль жолдары мен елді мекендердің, қала көшелеріндегі жұмыстары мен материалдардың сапасына да сараптама жасайтын болды. Диагностикадан өткізіп, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін де бақылаймыз.

АЛАТАУ: –  Жаңадан басталған жұмыстың өз қиындықтары болары даусыз. Әсіресе кадр мәселесін шешуде қандай жұмыстар атқарылды?

Ғалия АСАНОВ: – Әрине, әр жұмыстың өз қиындығы бар. Әйтседе республикалық орталықтың тікелей қолдауының арқасында филиал жұмысын алғашқы күннен бастап ширата түсті. Жаңадан қажетті құрал-жабдықтар алынды. Аккредитациядан өту үшін зертханалық құжаттар толығымен жаңартылды. Мамандар атқарар кәсіптеріне қарай қайта оқудан, іс-тәжірибеден өтті.

АЛАТАУ:Филиал орталығының материалдық-техникалық базасы қаншалықты күшті деп ойлайсыз? Шешімін күткен көкейтесті мәселелер бар ма?

Ғалия АСАНОВА: – Филиалда жылжымалы зертхана жұмыс жасайды. Бұл кәдімгі автомашина. Оның іші жолдың сапасын бақылауға, диагностика жасауға арналған заманауи жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ал филиалдағы зертхана туралы айтсам, онда жол құрылысы материалынан алынған сынаманы тексеруден өткізетін зертхана да толық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мүмкіндігінше республикалық орталық қажетті техникалық құралдарды жеткізіп беруде. Айтарлықтай шешімін күткен проблемаларды жоқ десем де болады.

АЛАТАУ:Орталық жергілікті әкімдіктермен қаншалықты тығыз жұмыс істейді. Қажетті қолдауларды көрсете ме?
Ғалия АСАНОВА: –
Әрине. 2019 жылдан бастап облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасымен өте тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аудандық әкімдікке қарасты Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімдерімен жұмыс байланысын орнаттық. Құдай қаласа, аудандық маңызы бар жолдарға сынама жүргізуді бастаймыз.

АЛАТАУ: – Облыстағы жолдардың сапасы қандай? Сондай-ақ, филиал мамандары жолдың сапасын тексергенде қандай маңызды мәселелерге назар аударады?
Ғалия АСАНОВА: –
Жолдың сапасы жылдан жылға жақсарып келеді деп айтуға болады. Филиал мамандары бірінші кезекте жолдың тақтайдай тегістігіне, үстіңгі қабатты жабындыларының сапалылығына, су өткізбейтін беріктігіне және пайдаланылған құрылыс материалдарының талапқа сай келетініне ерекше мән береді.
АЛАТАУ: –   Орталық филиалы үстіміздегі жылы қанша шақырым жолды тексеруден өткізді?
Ғалия АСАНОВА: –  
 2020 жылдың қаңтары мен мамыр аралығында Алматы облысының 4171 шақырым жолы тексеруден өтті. Олардың ішінде 3551-і республикалық болса, 620 шақырымы жергілікті маңыздағы, яғни облыстық жолдар. Филиал мамандары жолға пайдаланған құрылыс материалдарының сапасына мән бере отырып асфальт пен бетонның құрамын, оның төзімділігін де тексеруден өткізеді. Сондай-ақ, жол бойындағы белгілер мен түн мезгілінде жарқырап көрінетін таңба, жолақтардың да сапасын  бақылауда ұстап отырамыз. Талапқа сай болмаса жауапты мекемелерге және мердігерлерге кемшіліктерді көрсетіп хат жолдаймыз.
АЛАТАУ:  – Жол құрылысына жауапты мекемелер кемшіліктерді дер уақытында қалпына келтіріп отыра ма?
Ғалия АСАНОВА:
Тексеріс барысында анықталған барлық олқылыққа арнайы хаттамалар толтырылып, жазбаша түрде «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшыларына жолданады. Кемшіліктерді қалпына келтіру мерзімі де көрсетіледі.
АЛАТАУ: –  Тапсырма орындалмай, сотқа жүгінген жағдайлар кездесті ме?
Ғалия АСАНОВА: – Әзірге сотқа жете қойған жоқпыз. Кемшіліктер бар. Біртіндеп болса да өз шешімін тауып жатады. Бір атап өтерлігі, жол құрылысына тапсырыс алған мердігерлер жолдың сапасына бұрынғыдай емес, ерекше көңіл бөле бастағанын атап өткеніміз жөн.
АЛАТАУ: – Көпшілікке белгілі облысымыздан республикалық деңгейдегі жолдар өтеді. Осы жолдармен күніне мыңдаған ауыр жүкті көліктер өтіп, жолдың сапасына нұқсан келтіріп жататыны да рас. Бұған  қандай шара қолданып отырсыздар?
Ғалия АСАНОВА: –
Дұрыс айтасыз. Негізінен Қазақстан жолдарында 14 тоннадан асатын жүк көліктері жүрмеуі тиіс. Ал бізде өндірістік карьерге арналған Қытайдың 30,60 тонналық камаздары қаптап жүр. Олардың саны еліміз бойынша 80 мыңға жетіп қалды. Оларды бақылайтын арнайы Жол көлік инспекциясы бар. Соған қарамастан ауыр жүк көліктерінің залалы шаш етектен.  Жолдардың 90 пайызын бұзатын осы ауыр жүк көліктері екенін республикадағы орталықтың Бас директоры Замир Сағынов үнемі айтып, дабыл қағуда. Біз де бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз.

АЛАТАУ: – Тексеру барысында қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер.Осы жағына тоқталып өтсеңіз?
Ғалия АСАНОВА:
–  Филиалдың атқарған жұмыстары өте көп. Олардың бәрін қамту мүмкін емес. Мысалы филиалдың күшімен Алматы – Қапшағай автокөлік жолында 2 шақырымдық жол сызба таңбалары талапқа сай болмағандықтан, қайтадан жаңартылды. Сол сияқты Алматы – Қапшағай автожолының 45-77 шақырымындағы жол белгілері жаңыртылды. Жолға төселетін құрылыс материалдарының біразы біздің зертханада тексеріліп, сынамадан өтіп жатыр. Кемшіліктер анықталса, дер кезінде реттеліп жатыр. Жалпы ойлап қарасаңыз, талапқа сай келмейдін материалдар жолға төселіп, сапасыз екені ақыталған соң оны қайта жасағаннан гөрі, бірден зертханалық тексеруден өткізіп, талапқа сай болған соң жол құрылысын жүргізген дұрыс қой. Бізде кейде зауыттан шыққан асфальттардың сапасы дұрыс болмай, олқылықтар орын алған жағдайлар болды. Біз оларды қазір шетінен тексеріп, ретке келтіріп жатырмыз.

АЛАТАУ: –   Әр жұмыстың өз жетістігі маман-кадрлардың біліктілігіне де қатысты. Осы ретте не айтар едіңіз?
Ғалия АСАНОВА:
Көпшілігіңіз білесіздер, бүгінгі таңда автомобиль жолдарының құрылыс саласында білікті маман тапшы. Осыған байланысты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директоры Замир Сағыновтың бастамасымен мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру мақсатында «1000 мектеп» акциясы жүзеге асырылды. Жастарды жол саласына оқуға шақыру бағытында барлық филиал жұмыс жасадық. Әлі де бұл жұмысымызды жалғастырып, жол саласына оқуға түсуге жастарды шақырамын. Сондай-ақ, жол саласында оқып жатқан студенттер жазғы демалыс кезінде біздің мекемеден жалақы алатын тәжірибеден өтуге болатынын да назарға салғым келеді.

АЛАТАУ: – Жастардың жалақы ала жүріп тәжірибеден өтуі керемет жағдай ғой…

Ғалия АСАНОВА: – Иә, жол саласында оқып жатқан студенттер білім мен тәжірибені ұштастыруға, әрі материалдық жағдайының дұрыс болуына да көңіл бөлініп отыр.  Осы орайда, біз өз ұжымымызда орталық басшысы Замир Сағыновтың жауапкершілікке толы жұмысын әрдайым өзімізге үлгі тұтып отырамыз. Әсіресе, жас мамандардың одан әрі білімді, әрі интелектуалды жұмыс жасауына бағыт-бағдар беріп отырғаны бізді жігерлендіреді. Моральдық және материалдық қолдауын да сезініп отырмыз.

АЛАТАУ: – Әңгімеңізге  рақмет! Бір жылдық мерекелеріңіз құтты, еңбектеріңіз табысты болсын!

Айтақын БҰЛҒАҚОВ

 

 

 

 

 

Кілтсөздер:АШЫҚ ӘҢГІМЕ


ПІКІР ЖАЗУ