Жол азабын жүрген білер

0
2720

   Жаз шыға кезекті еңбек демалысын алуға асық ағайынның қалтасы қалыңы шетел асса, одан қалғаны өзіміздегі айтулы мекендерге атбасын бұрады. Ел ішінде емдік қасиетімен танылып, суы шипа саналатын Алакөлдің жағалауы суға шомылу маусымында адамға лықа толады. Алайда бұл жаз әркім үшін ерекше болмақ. Себебі, бүкіл әлемде коронавирус дертінің қаупі бәсеңдегенімен, ел көкейіндегі үрей әлі де сейіле қоймаған.
Биыл айдынды Алакөл жаға-лауы 13 маусымнан бастап демалушыларды қабылдай бастайды. Шипалы көлге баратын туристердің коронавирусқа тест тапсыруының қажеті жоқ. Облыстың бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхановтың мәлімдеуінше арнайы комиссияның шешімімен көл жағалауында демаламын деушілерден Covid-19 анықтамасы сұралмайды. Алайда санитарлық талаптар қатаң тәртіппен қадағаланып, демалыс орындарының қызметкерлері қызмет көрсетудің жаңа форматына сай дайындалмақшы.Сонымен бірге, мұнда әр өңірден келген туристер бір бөлмеге жатқызылмайды. Адам көп шоғырланатын орындарда ме-дициналық бетперде тағу мін-деттелген. Дейтұрғанмен, кей жұртшылықтың көңілінде күдік те жоқ емес. Себебі, денсаулығының қамын ойлаған жандар биылша демалуды доғара тұруды да жөн көріпті.
Ал жаз болса көл жағасында арқаны кеңге сала демалуды әдетке айналдырғандарды толғандыратын – жол мәселесі. Дегенмен, биыл жағалауға келушілер үшін әуе рейстері мен темір жол қатынасы жұмыс істейді. Ұшақ билетінің құны ересектерге 8 мың, балаларға 4 мың теңге. Пойыз билетінің бағасы да қалта көтерерлік. Мәселен, плацкарт орны – 2686 теңге, купе 4500 теңгені құрайды. Ал жеңіл көлік немесе газельмен келемін деушілер жол машақатын біраз тартары айдан анық. Өйткені, газель жүргізушілерінің өзі жол ақысы төмендігін (2600 теңге), жол сапасы нашарлығынан Талдықорғаннан Үшарал қаласына 9 жарым сағат-та әрең жететіндігін айтады. Жеңіл көлік жүргізушілері болса тура көлге дейін толық салонға 25-30 мың теңге шамасында ақша сұрайды. Оған көлге барағаннан кейінгі қажет қаражатты қосып, әрі қарай бағамдай беріңіз.
Көл жағасындағы түрлі деңгейдегі демалыс орындары да қонақ күтуге сақадай-сай. Деректерге сүйенсек, мұнда ірілі-ұсақты 250-ге тарта демалу нысаны бар. Өткен жылы көл аумағында сомасы 2,6 млрд. теңгеге 35 туризм нысаны пайдалануға беріліп, 187 жаңа жұмыс орны қызмет көрсеткен. 35 нысанда 1291 орын ашылып, аудан экономикасына 2,6 млрд. теңге инвестиция тартылыпты.
Экономикалық кірісі ең жоғары саналатын саланың бірі – туризм. Аталған саланың экономикалық жағдайды арттырып, халықтың әлеуметтік тұрмысын жоғарылату мен жұмыссыздықтың санын азайтуда қосар үлесі орасан зор. Ал табиғатымен көз тартар Қазақстанның туризм саласын дамытудағы жағдайы қалыпты. Тек барымызды бағамдап, көрінісі көз сүріндіретін көркем жерлерімізге туристерді көптеп тарта білу қажет. Алайда «жол азабын жүрген білер» деп, айдынды Алакөлге баруда жыл сайынғы жұрттың айтар базынасы азаймауда. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ