Жаңа оқу жылындағы компьтер жыры

0
2431

Бүкіләлемдік пандемияға байланысты елімізде былтырғы оқу жылы жаппай қашықтан оқыту негізінде жүргізілген болатын. Биыл да оқыту үдерісі карантиндік талаптарға сай дәстүрлі және онлайн  форматында өтпек. Алайда бұрынғыдай базар аралап, қағаз-қалам алу емес, ең керекті саналатын интернет желісі мен техникалық құралдарының сақадай сай болуы үйде отырып білім алам дейтін балалар  мен ата-ананың бас қайғысына айналған.

Қашықтан оқыту жүйесіндегі ең күрделі мәселенің бірі – шалғайда орналасқан ауылдардағы интернет желісінің болмауы. Өткен оқу жылында маңызды мәселе ретінде көтеріліп, көптің талқысына түскен интернет дауы әлі де толығымен шешімін таба қоймады.  Цифрлық даму министрлігі бес жылдан бері тұрғындар саны 250-ден асатын елді мекендерге интернет жеткізу жобасы бойынша жұмыстар атқарып келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Қазақстанда 6 341 ауылды мекен болса, оның 4 500-інде әртүрлі интернет бар, ал 2 мыңында оптикалық интернет жоқ екен. Бірақ үстіміздегі жылдың соңына дейін осындай ауыл-аймақтарға оптика тартылмақ. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Ал біздің айпағымыз  – жаңа оқу жылы басталмас бұрын бағасы қарыштап кеткен техникалық құралдар жайында болмақ.

Жаңа оқу маусымының басталуына орай онлайн режимде өткен брифингте белгілі болғанындай, биыл еліміздің оқушыларына  уақытша пайдалану үшін 435 мың компьютер таратылыпты. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың сөзінше, әлі де сатылып алынып жатқан компьютерлер бар. 15 қыркүйекке дейін қосымша 250 мың компьютер берілмек. Яғни, онлайн оқуға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып, көмек көрсетілуде. Алайда, көпбалалы отбасыларға беріліп жатқан  жалғыз компьютер бірнеше баланың ортасында таласқа түсіп жатқан  жайттар да  орын алуда. Қалтасы көтергені, баласының білім алуы үшін керекті компьютерін сатып алып берсе, жағдайы төмендері амалдың жоқтығынан барын беріп, одан қалса қазіргі қоғамның ең басты дертіне айналған несиеге  ұрынуда. Сондай жандардың бірі – Рахат есімді азамат. Ол мектепте оқитын інісі үшін ноутбукты қаладан таппаған соң, интернет арқылы тапсырыспен алғызған.

– Інім үшін қазір компьютер ауадай қажет. Сол себепті сатып алуға мәжбүрміз. Бірақ қаладағы техника сататын дүкендерден ноутбук табу өте қиын. Тапқан күннің өзінде бағасы тым жоғары. Сол себепті, арзан деген компьютерді интернет сайты арқылы 270 мың теңгеге 12 айға бөліп төлеуге алдық, – дейді ол.

Түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда  Талдықорған қаласындағы техника сататын   дүкендерді аралап көрдік. Біз табан тіреген  «Fora» дүкендер желісінің Талдықорғандағы бөлімшесінде бірде-бір ноутбук сатылымда жоқ болып шықты.  Сатаушылар сөзінше, жұрт бәрін талап әкеткен. Сөрелер қаңырап бос тұр. Сайт арқылы тапсырыс берген соң, қажетті тауар  тек 10 күннен соң қолға  тиеді екен.  Ал, «Тechnodom» мен «Sulpak» дүкендерінде санаулы ғана ноутбук қалған, оның өзінің бағасы 500 мың теңге мен 1 миллионның арасында шарықтап тұр. Сатып алушылардың  басым бөлігі  ноутбук бағаларының 1-2 ай бұрынғыдан тым аспандап кеткенін  айтып реніштерін  де  білдіріп жатты. Қалай дегенмен,  қажетті дүние болған соң  алулары  керек. Сондықтан иін тірескен халық іздегенін таппаған соң, планшет пен ұялы телефон таңдауға кіріскен.  Кезекте тұрғандарды сөзге тартып, ойларын біліп көрдік.   Солардың бірі   Айгерім есімді жас маман.

–  Жұмысқа биыл ғана  кірдім. Телефоным бар, онымен балаларға сабақ өткізіп, тапсырма бере аламын. Алайда, оқушыларға сабақ жоспары мен басқа да материалдарды дайындауым үшін компьютер міндетті түрде болуы тиіс. Онсыз болмайды. Бірақ, мында бар техникалық құралдардың бағасын қалтам көтере қоймасы анық,– дейді   физика пәнінің мұғалімі.

Осы орайда  дүкеннен таппаған компьютерлердің бағасын сайттан бағамдап көруді  жөн көрдік . Ноутбуктердің ең арзаны 179 мың теңгеден басталып, одан әрі қарай қуаттылығы, сыйымдылығы мен жаңаша технологияларға байланысты ерекшеліктеріне қарай 1 млн. 900 мың теңгеге дейін бағасы да арта береді. Ал бұрын қолданылған ескі құрылғылардың өзі 80-90 мың теңгеден кем емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектің алғашқы күні өткізген Қазақстан халқына жолдауында да қашықтан оқу мәселесінің маңызды екенін атап көрсетті. «Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды» деген ол толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет екенін тапсырды. Осы мәселелерге байланысты телеграм әлеуметтік желісінде @ehelpru және @ehelpkz арналары тәуелсіз әлеуметтік зерттеу жүргізген. Оған барлығы 7 023 адам қатысып, өз пікірін білдіріпті. Қазақстандық ата-аналардың пікірінше, қашықтықтан оқудың ең басты кедергілер қатарына мыналар жатады: мұғалімдер мен ата-аналардың компьютер тілін жетік білмеуі; қашықтан оқытудың бірыңғай әдісінің болмауы; компьютерлер мен смартфондардың жеткіліксіздігі; қашықтан оқытуға арналған арнайы оқу бағдарламасының жоқтығы; интернеттің қолжетімсіздігі. Сонымен бірге, ата-аналардың басым бөлігі (65,2%) балаларының жаңа оқу жылын мектепте қарсы алғанын қалайтыны анықталған.  Қашықтан оқыту алғаш басталғаннан  жаңа оқу форматының қиындықтары мен кемшіліктері қызу талқыға түсіп, үш айлық каникулда оқушы мен ата-ана да ес жиғандай болып еді. Енді жаңа оқу жылында ең қажетті деген құралдың бағасы шарықтап, одан қалса  тапшы болуы   елді тағы  әбігерге салып қойды.

Күні кеше қоғамда дәрі-дәрмек  мәселесі үлкен дауға  айналып еді. Енді міне, компьютер тапшылығы бас ауыртып тұр. Осы орайда «Nur Otan» партиясы жақтастарының zoom-конференциясында ой қаузаған  белгілі журналист Рахат Жақсыбай: «Ертең жаңа оқу жылында компьютер жетіспеушілігі  проблема тудыруы мүмкін. Парацетамол іздегеніміз секілді ата-аналар да ноутбук іздеп сандалып кетпесе деп отырмыз» деген еді.   Айтқандай-ақ, бірінші тоқсанды қашықтан оқитын ел оқушылардың бас-басында компьютер мен ноутбук жоқ. Қалай дегенмен, қоғамда  сең соққан балықтай сенделіп жүрген де,  шарасыздықтан басы несиеге кірген де – қарапайым халық болып  отыр.  Ал,  бұл  жайында сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ