АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС КӨП, АУҚЫМДЫ ІСТЕР АЛДА ТҰР

0
3119

Елбасы Н.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасы» бекітілген болатын. Осы бағдарлама аясында Республика бойынша қарқынды жұмыс атқарылуда.

Бұлақ    ауданы  әкімдігінің  ұйым-дастыруымен  баспасөз  туры өтті. Мұндағы мақсат – аудандағы іске асқан жобаларды көрсету. Осы ретте аудан әкімі Махаббат Бигелдиев БАҚ өкілдерімен бірге аудандағы ауылдарды аралап, жұмыс барысымен таныстырды.

Махаббат Сәдуақасұлының айтуынша,  «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында ауданда 59 жоба іске қосылған. Оның ішінде 49 жоба аяқталып, оған 3 млрд. 500 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Сондай-ақ осы жылдың сегіз  айы бойынш

а барлық экономикалық көрсеткіштер толығымен орындалып, алға қойған жоспарлар іске асуда. Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 300-ден аса жұмыс орны ашылу керек болса, аудандық жұмыспен қамту орталығы 150 адамды жұмысқа орналастырған.

Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Бақтыбайұлы бастаған тілшілер тобы алдымен аудандағы  бетке  ұстар   «Қызылшоқы» ЖШС-не табан тіреді. Шаруа  қожалығының жұмысымен аталмыш серіктестіктің орынбасары Алдан Бекиев таныс-тырды.

Айтуынша,  шаруа қожалығы 1997 жылы Сарыбастау ауылдық округінде құрылған. Негізгі бағыты егін және мал шаруашылығы. 11 000 гектар жердің 3000 гектары егістікке, 8000 гектары жайылымға бөлінген. Алқаптан 15 центнер күздік бидай және 10 центнер жаздық бидай өнімі алынған. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 19 млрд. 543 млн. теңгені құрайды. Осы жылы  алқапқа күздік бидай, арпа, бұршақ және жүгері егілген. Алдағы жылы соя мен рапс егуді жоспарлауда екен. Қазіргі таңда  егін науқаны аяқталып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып кетіпті.

Осы жылы аудан әкімінің қолдауымен «Қызылшоқы» шаруашылық орталығына 480 мл

н. теңгеге жаңа техникалар алынған. Одан бөлек 3 – комбайн, 5 – «Белорусь» тракторы, 5 – К-700 тракторы, 3 – КАМАЗ, 5 – тұқым сепкіш техникасы бар. Шаруашылықта 10 адам тұрақты жұмыс істесе, маусымдық уақытта жұмысшылар саны 50-60-қа дейін барады екен. Ал,  орташа жалақысы 42500 теңге мен 150 мың теңге аралығында.   Сонымен қатар шаруашылықта 500 бас ірі қара, 150 бас жылқы және 2000 бас қой, ешкі өсіріледі.

Ал, ауданда 68 мың 988 бас ірі қара өсірілуде, 9 мал бордақылау алаңымен 7 тауарлы сүт фермасы жұмыс жасайды. Бұл мал шаруашылық кешендерінде 240 бас ірі қара бордақыланып, 860 бас сиыр сауылады.

Қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін Сарыбастау ауылына бардық. Ауылда шағын футбол алаңының ашылу салтанатына куә болдық. Аудан әкімі қызыл лентаны қиып, шағын алаңда алғаш болып доп тепті. Ауыл балалары осындай спорт  алаңын ашып берген  аудан  әкіміне  алғыс айтып,  бірден футбол ойнауға көшті. Спорттық ойын алаңы шағын футбол және волейбол ойнауға арналған  алаң құрылысына  7 млн. 530 мың теңге жұмсалған.

Кербұлақ ауданында 141 спорттық кешен бар. Аудан халқының 31,5 пайызы спортпен шұғылданады.

Бұдан  кейін   табан тіреген жер Сарыбастау орта мектебі болды. Келген қонақтарды  жүздері қуанышқа толған оқушылар қарсы алды. Аудан әкімі  күрделі жөндеуден өткен мектептің лентасын қиып, қонақтар жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.  Үш қабатты мектептің іші жарық, интернет орнатылған, информатика, физика, химия барлық пән бойынша кабинеттер жұмыс жасап тұр. Оқушыларға да  жағдай жасалған, санитарлық талаптар сақталған, бір партаға бір оқуша ғана отырады. Оқушыларды мектепке кіргізер алдында дене қызыуын өлшеп, қолдарына антисептик себеді.

– Сарыбастау орта мектебі 1979 жылы салынған, ірге көтергелі бірінші рет күрделі жөндеуден өтіп тұр. 640 оқушыға арналған мектепте қазір 153 оқушы білім алуда. 30 мұғалім жұмыс істейді, контингент саны 190-ды құрайды. Мектеп алды даярлық тобы бар, бір топ шағын орталық бар. Орталықта 30 бала бар. Алдағы уақытта «Сарыбастау орта мектебі» мектепке дейінгі шағын орталығымен болады. Мектебіміз күрделі жөндеу жұмысынан өткеніне қуаныштымыз. Аудан әкіміне алғысымыз шексіз» – деді мектеп директоры Фаризат Жанысбекова.

Айта кетейік, білім ошағының жөндеу жұмысына өңір қазынасынан 467 млн. 395 мың теңге бөлініпті.

Осыдан кейінгі барған жеріміз  Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйі болды. Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ғимараттың жұмысы жайында да  ақпарат  берілді.  Мәдениет үйінің жөндеу жұмысына 302млн. 105 мың теңге бөлініпті.  Алдағы  қарашада  жұмыс толық  аяқталып, Тәуелсіздік күніне орай ашылу салтанаты болады деп күтілуде екен.

Сонымен қатар,  ауданда  газдандыру мәселесі мен ауыз су жүйесі де қолға алыныпты. Бүгінгі таңда көшелерде газ құбырын орнату ісі басталыпты. Аудан басшылығының сөзінше,  құрылыс 8 ай көлемінде аяқталып, ауыл толығымен газдандыруға көшеді деген жоспар бар. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 35 көшеге асфальт төселіп, 48 көшеге түнгі жарық шамдар орнатылыпты.

Аудан орталығында  Шоқан Уәлихановтың 185 жылдық мерей тойына орай саябақ салынуда. Ал,  саябақтың құрылыс жұмысына 150 млн. теңге бөлінген. Жер көлемі 2,7 гектарды құрайды. Саябақта орталық стадион, ұлттық бұрыш (этно ауыл), спорт блогы, жан жағында жүгіру жолағы, Ш.Уәлихановтың мүсіні және ең қызығы ашық аспан астындағы жазғы кинотеатр болады деп жоспарланыпты. Бүгінде  құрылыс жұмысына 48 адам жұмылдырылған.  Құрылыс ісін қолға алған мердігер-компания бұл істі келер жылы аяқтамақшы.

Кезекті табан тіреген жер Кербұлақ ауданында «2015-2019 жылдарға арналған аймақтарды индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясындағы Қазақстан мен Сингапур бірлескен «Alacem» ірі цемент зауыты болды.  Құрылысы аяқталуға шақ қалған зауыт қазір сынақ үшін цемент өндіруді бастап кетіпті. Зауыттың  өндіріс қуаты жылына – 1млн. 200 мың тоннаны құрайды, тәулігіне 500-600 тонна цемент өндіреді. Жалпы жоба құны 47 млрд. теңге, құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған. Биыл  жұмыс толығымен аяқталып,  салтанатты түрде ашылу салтанаты болады деп күтілуде екен.

Зауытта қазір 200 адам жұмыс істейді, алдағы уақытта 150 адамды жұмысқа алу жоспарда бар. Зауыт жұмысына алдыңғы қатарлы технологиялар мен құрылғылар орнатылып, зиянды заттардың ауаға таралуына жол бермейтін сапалы сүзгілер қойылыпты.  Ал ең төменгі жалақы, яғни  жұмысшылар үшін  140-160 мың теңге болса,  инжинерлерге төленетін еңбекақы 200 мыңнан жоғары. Сонымен қатар, «Alacem» ЖШС жылына 2 млрд. салық төлейді. Демек, аудан және облыс экономикасының дамуына үлкен үлес қосады.

Мұнан соң  Шоқан Уәлихановтың құрметіне  орай орнатылған ескерткішке барып, тағзым етілді.  Ескерткіш Сарыөзек ауылынан 22 шақырым жерде орналасқан екен. Биіктігі бес метр, алқызыл граниттен жасалған. Жанында Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Константин Кауфманның өз қаржысына жасатқан құлпытас орнатылған. Бірақ бұл құлпытастың көшірмесі, түпнұсқасы Ш.Уәлиханов музейінде сақталған.

Осы орайда  Шанханай ауылына барып, музейді де көріп қайттық. Мұражай  1985 жылы тарихшы, этнографтың 150 жылдығына орай салынған. Ішінде Шоқан Уалихановтың қолданған тұрмыстық заттары, киімі, жазбалары, аудармалары, салған суреттері және кино зал орналасқан. Кино залда Шоқан жайында түсірілген фильмдер көрсетіледі. «Оның уақыты келеді. Шоқан Уәлиханов» және «Шоқан Уалиханов» атты екі фильм бар.  Ал, мұражай   қасында туристік сапармен келген адамдар үшін  арнайы қонақүй де орналасыпты.

Айта кетейік, Кербұлақ ауданында атқарылып жатқан жұмыстар тек бұл ғана емес, әлі де аяқталуға жақын жобалар көп.

Мадина МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

І. Жансүгіров атындағы ЖУ

4 курс білімгері

КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫ

Кілтсөздер:БАСПАСӨЗ ТУРЫ


ПІКІР ЖАЗУ