COVID-19-ға қарсы вакцинациялау басталды

0
1280

Елімізде 1 ақпаннан COVID-19 індетіне қарсы жаппай вакцина салу басталды. Алматы облысы бойынша екі күн ішінде Жетісудың 50 тұрғынына коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салынды. Вакцинацияны бастап берген Алматы облысы әкімінің орынбасарлары Батыржан Байжұманов пен Рустам Али Талдықорған қалалық №1 емханасында коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салдырды.

Сонымен қатар бұл қатарды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы-ның орынбасары Асхат Чарапиев толықтырды.
Бүгінгі таңда барлығы 1450 вакцина облыстың 3 ауданы мен 1 қаласына әкелінген. Атап айтсақ, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Қаратал және Талдықорған қаласы. Екпе алдымен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне, содан кейін ұстаздарға салынады. Өңір бойынша барлығы 29 егу кабинеті жабдықталған.
Талдықорған қаласындағы №1 емханаға вакцинациялаудың екінші күні барған әріптесіміз, облыстық «Огни Алатау» газетінің тілшісі Жанар Мықтыбаева ерікті түрде «Спутник V» екпесін ектірді.
Эпидемиолог-дәрігер Айгүл Смайлованың айтуынша, емханаға барлығы 400 мөлшерлеме (доза) әкелініпті. Тиесілі вакцина коронавирустық инфекциямен күресте бірінші орында тұрғандарға салынады. Өз сөзінде ол үш күндікте вакцина алғандардың қатары 60 пайызды құрағанын айтты.
Эпидемиолог-дәрігер сатып алынған «Спутник V» вакцинасын егудің алдында екпе жасатушының денсаулығы қатаң қадағаланатындығын да тілге тиек етті. Дене қызуы, қан қысымы, қант диабеті, жүрек сырқаты, өкпенің созылмалы кеселі, обыр, бүйрек жеткіліксіздігі, жүктілігінің жоқтығы назарға алынады.
Вакцина салдырғандар жарты сағат бойы арнайы бөлмеде бақылауда, үш күн бойына дәрігерлер қадағалауында болады.

11 мыңнан астам медицина маманы

вакцина алады

Ағымдағы жылы Алматы облысына «Спутник V» вакцинасының 150 мың дозасын, нақты айтсақ, 2021 жылғы ақпанда 6 000 доза, наурызда – 9 000, сәуірден маусымға дейін, ай сайын 45 000 доза жеткізу жоспарланған.
Ақпанның 1-ші жұлдызында сағат түнгі 03-00-де барлық талапты сақтай отырып, «Медсервис Плюс «КФК» ЖШС облыстық қан орталығының сақтау қоймасына Нұр-Сұлтан қаласынан коронавирустық инфекцияға қарсы «Спутник V» 1 компонентінің 1450 дозасы жеткізілді. Бұлу туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Чарапиев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ө.Ниязбеков қысқаша баяндады.
«Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға, инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтары жатады, иммундауға жататын халықтың қалған топтары одан кейін вакцинациямен қамтылады. Бірінші болып жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдемнің, реанимация бөлімшелерінің, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері егіледі. Содан кейін мектептер мен университеттерде мұғалімдерді вакцинациялауға кіріседі», – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев.

Облыстың бас дәрігері Өмірзақ Ниязбековтың сөзінше, өңірдегі 26 медициналық ұйымның 29 егу кабинетінде коронавирустық инфекцияға қарсы екпе жасалады. «Бүгінгі таңда вакцинаны сақтауға арналған мұздатқыштар барлық 26 медициналық ұйымда бар. Вакцинаны тасымалдауға арналған тағы 9 мұздатқыш пен 11 белсенді термоконтейнерлер, яғни АВТО мұздатқыштар жеткізіледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта 35 мұздатқыш және 29 белсенді термоконтейнер бар. Вакцина облыстық қан орталығының мұздатқышында сақталады. Шалғай елді мекендерде вакцинация жүргізу қажет болған жағдайда 12 жылжымалы бригаданы іске қосу жоспарлануда. Жалпы сыйымдылығы 253 литр болатын 11 термоконтейнер дайындалды» – дейді ол.
Брифинг барысында алдағы уақытта 11 192 медицина маманы вакцина алатынын, иммундауға жататын адамдардың толық тізімі 29 егу пунктінде көрсетілгендігі туралы да айтылды.

Екі күнде 29
дәрігер вакциналанды

Иммундаудың екінші және үшінші күндері Талдықорған қаласындағы №1 емханада облыстық аурухана директоры Анарбек Монгол бастап 29 медициналық қызметкер коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналанды.
Бас дәрігер вакцинациядан кейінгі медициналық қызметкерлердің жағдайы қалыпты екенін айтты.
«Ережеге сай кезекші дәрігер алдымен пациенттің тиісті медициналық көрсеткіштерін түгел тексерді. Екпеден кейін болуы мүмкін әсерлер туралы түсіндірді. Вакцинадан кейін ағзада ешқандай өзгеріс сезілмеді» – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері А. Монгол.
Айта кетейік, коронавирусқа қарсы екпе алған әр адам 3 күн бойы учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Яғни, онлайн бейнеқоңыраулар арқылы пациенттің жағдайы тексеріліп тұрады. Екпе алушыларға ұсынылған жадынамада алдағы үш күнде болуы мүмкін жанама әсерлер мен тыйым салынған іс-әрекеттер тізбесі жазылған.
Жалпы Алматы облысы бойынша 11 мыңнан астам медициналық қызметкер коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациядан өтеді.

Журналист Жанар да
екпе еккізді

Коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу қатарынан Алматы облысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де шет қалмады. Алғашқы болып екпе еккізгендердің бірі облыстық «Огни Алатау» газетінің журналисі Жанар Мықтыбаева
Алғы шептен көрінген Жанардың сөзінше, вакцинаның жанама әсе-рі болған жоқ. «Менің басты мақсатым – инфекцияны жұқтырып алу қорқынышынан арылу. Әрі, бұл тәжтажалдың тезірек ел ішінен жоғалып кетіп, баяғыша қалыпты өмірге кешсек екен деймін. Сондықтан да вакцинация салғызуға шешім қабылдадым», – дейді әріптесіміз.
Әзірге журналист дәрігерлер бақылауында. Ал, 21 күннен кейін екпе қайталап салынады.
Әріптесіміздің вакцина салдырғанына екі тәулік болды. Айтуынша, қорқатын ешнәрсе жоқ, мүмкін болса вакциналанған жөн.

P.S. Ел аймағында ресейлік «Спутник V» вакцинасы егілуде. 15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені негізінде шығарылған Gam-COVID-Вaк вакцинасы қосылмақ. Ал, екінші тоқсаннан бастап отандық QazCovid-In препаратын іске қосу көзделген.

С. ӘЙТЕНОВА.


ПІКІР ЖАЗУ