Өткен жылда 160 авткөлік ұрланды

0
1586

Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде қоғамда алуан түрлі қылмыстар белең алды. Бір кездері тек кинолардан ғана көретін банктерді тонау, қарақшылық жасау, киллер жалдап адам өлтіру, әлімжеттік көрсетіп, кәсіпкердің бизнесін тартып алу сияқты ірі қылмыстар қамысқа тиген өрттей қаулаған кездері де болған. Мұның сыртында діннің атын жамылып, экстремизм жолымен қолдарын қанға бояған қаншама қылмыскер жауапқа тыртылды. Олар тек өздерінің қарақан бастарын ғана қылмысқа итеріп қоймай, жан-жағын азғырып, әйел, бала-шағасын Сирия асырып кеткендері қаншама? Жалпы қылмыстың ірі-ұсағы болмайды. Бүгінгі қоғамның, мемлекеттік экономиканың дамуына кереғар іс жасайтын, жемқорлықпен шатылған шенділердің қылмыстары тоқтамай тұр.

Бұдан бөлек «Аңқау елге арамза молда жолығады» демекші, түрлі пирамидалар құрып, салымшыларды қатарына тартқан алаяқтардың да айы оңынан туып тұр. Ерте ме, кеш пе қылмыстары әшкереленеді. Қақпан қапқандары темір торға тоғытылғанымен, алданып-арбалып қалған салымшылар миллиондаған ақшасын қайтарып ала алмай, сот пен прокуратураның табалдырығын тоздыруда. Біздің мақаламызға тұздық болып тұрған тағы бір қылмыс бұл – ұрлық.Бөтеннің дүние-мүлкіне көз аларт-қандар «аурдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп», оңай олжаға кенелгісі келеді. Өрістегі малды табындап, үйірлеп, қордағыны қолтықтарына қыса кететін ұрыларды, пәтер мен жеке тұрғын үйлерді тонайтындарды құрықтау оңайға соқпайтынын полиция қызметкерлерінің өздері айтуда. «Ауыр қылмыстар тез ашылады. Ал, ұрлық мәселесі ұзақ жылдарға созылады. Тіпті, қылмыстық істердің қысқарып қалатын кездері болады», – дейді. Әлгі қулығына құрық бойламайтын әккі ұрылар «құйрығымен ізін жасырған түлкідей» ұстатпай да кетеді екен. Мұндайды қазақ, «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» деп тәмсілдейді. Осы ұрлықтардың бірі де, бірегейі көлік ұрлау қылмыстары бұрынғы ТМД елдерінде кеңінен белең алған. Жақында Ішкі Істер Министрі Ерлан Тұрғымбаев Парламент мәжілісінде көлік саласындағы алаяқтық қылмыстар туралы депутаттар сауалына жа-уап берді. Министрдің айтуынша, Қазақстанда 15 жылда 40 303 автокөлік ұрланған. Аз ба, көп пе, оқырман қауым, өздеріңіз пайымдар беріңіз. Осы көліктердің тек 66-сы елге қайтарылыпты. Қалған ұрланған көліктер ізім-қайым жоқ. Ұрланған көліктердің алдына 15 жыл болса, демек олардың табылуы да екіталай. Мақаланың басында ұрлықтың ашылуы ұзақ жылдарға созылады деген полиция өкілінің сөзі шындыққа ұласқандай. Мәжілісте талқыланған көлік алаяқтарының схемасын жою мәселесі жөніндегі жалпы жиында депутат Гүлнәр Бижанова ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан көліктің VIN-кодын заңсыз алып басқа көлікке қойып сататын алаяқтармен қалай күресіп жатқандарын сұрады. Депутат сауалына жауап берген министр «Көлік саласындағы алаяқтар арасында алты шанақ сериялық нөмері бойынша көліктің «егізі» деген схема кең таралған. Қылымыстық жолмен жаңа көліктің VIN-коды алынып, тура сондай түстегі, маркасы бірдей ұрланған көліктерге қойылып, сатылады», – деді. Тіпті мұндай көліктер Еуразиялық нарықта да сатылатынын айтты. Сұғанақ қолды ұрылар, көздеген көліктерінің түр-түсіне дейін талғап, олардың кодтарын көліктің дәлме-дәл түсіне дейін екшеуі ұйымдасқан қылмыс екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, схема бойынша қылмысқа баратындар әрбір қылмысын жоспарлы түрде іске асырады. Менің бір жақын араласатын әрі туысым әрі бизнесмен бауырым бар. Осыдан 10 шақты жыл бұрын «джип» автокөлігімен Алматыға тойға барып, түнде кері қайтуға ерініп, қаланың шыға берісіндегі қонақ үйлердің біріне қонады. Автокөліктің дабыл қаққышы іске қосылып тұрған соң, портфеліндегі қомақты ақшасын да машинада қалдырып кеткен ғой. Ереңгісін ерте тұрып жол жүрмек болғанда көліктің ұрланғанын біледі. Әлгі ұрылар сол бойы ұсталмады, көліктегі қомақты қаражат та ұшты-күйлі жоқ болды. Адал маңдай терімен тапқан дүниесі мен қаражаты ұрылардың уысында кетті. Тіпті, шетелдік көліктердің кіліті мен VIN-кодын қылмыстық жолмен айырбастап жүрген қылмыскерлердің қаншасы Қазақстанда ұсталғанын министр мырза айтпайды. Ал, Еуразиялық нарыққа дейін шығарып жүрген ұрылардың ұзын саны қанша екенін бір Құдай ғана біледі. Мәселен, Алматы облысында 2019 жылы 249 көлік ұрланып, оның 179-ы иелеріне қайтарылса, 2020 жылы 160 көлік ұрланып, 119-ы табылыпты. Автокөліктерге қырғидай тиіп жүрген ұрылар тек қана көліктерді айдап кетіп жүрген жоқ, олар қымбат көліктердің айналарын, дөңгелектерін, аккумуляторларын шешіп әкетіп, базарларға саудалап жүрген жерлерінен ұсталғандар да бар. Мұны құны қымбат ірі көліктерді айдап әкетіп сатып жүрген ұрылардың қасында ұсақ ұрлық деп еспептеуге болады. 2018 жылы мәнерлеп сырғанаудың хас шебері, қазақстандық спрортшы Денис Теннің автокөлігінің айнасын ұрлап жатқан ұрылардың үстінен түскен спортшыны өлтіріп кеткенін әлем жұрты естіді. Бір ғана Алматы облысындағы авткөліктердің екі жылда ұрланған көрсеткішіне көз сүзсек жылына 160, 200-ден астам көліктердің ұрланғанына қарап Қазақстанда жылына қанша көлік сұғанақтардың қолымен шетел асып, саудаланып кететінін есептеуге экономистің қажеті жоқ. Бұл арада полиция қылмыспен күреспей жатыр деген пікір тумауы керек. Әккі ұрылардың топтасып жасаған схемасын бұзу да оңай емес. Ол тек қана Қазақстанның территориясында болып тұрған жоқ. Кешегі Кеңестік одақтың айналасында болып тұр. Шекарамыз іргелес болғандықтан әрі кедендік одақта болғанымыз көлік ұрыларының пайдасына шешіліп тұр. Себеп, ұрланған көліктердің түр-түсіне дейін таңдалып, олардың VIN-кодын заңсыз алмастырып жүргендер ұрлаған олжаларын шетел асыруда. Міне, осы қылмыстардың жолын кесу бағытында Қазақстан қандай шараларды жүзеге асырып жатқанын, және мемлекетаралық механизімдерге қатысты депутат сауалына жауап берген Ерлан Тұрғымбаев: «Мұндай жолмен көлік сату кең таралған. Бізде бұл мәселеге қатысты 1993 жылы қабылданған «Минск конвенциясы» бар. Сондай-ақ, әлеуметтендірілген қылмыспен күресу үшін бірқатар келісім жасалған. Ол жерде құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасу керек деп нақты көрсетілген. VIN-кодқа келсек, басқа елде тура сондай көлік: түсі, маркасы, қозғалтқышы бірдей қылып таңдап алып, VIN-коды енгізіледі. Мұндай алаяқтық схемасы ТМД елдерінде кеңінен таралған. Бізде Мемлекеттік органдар арасында интеграцияланған деректер базасы бар. Бірде-бір көлік Қазақстан территориясына кіргеннен кейін құқық қорғау органдарынның назарына түспей қалуы мүмкін емес. Себебі кеден органы тіркегеннен кейін біз оны көреміз, егер VIN-код деректер базасында көлік тіркелген болса, көзімізден таса қылмаймыз. Яғни, ол әлі елге кіру үшін кеден рәсімдерінен өтпей жатып, оған арест қойылады. Содан кейін бұл көліктің Қазақстан территориясына қалай кіргенін анықтаймыз, – деді.
Көліктерді жымқыруға қатысты мәжіліс төрғасы Нұрлан Нығматуллин: «Ұрланған 40 000-нан астам көліктердің жеке ақпаратын кім сатып жіберді, алдымен соны анықтаңыз. Бұл құйтырқы әрекеттің артында пагон таққанқардың да қатысы болуы мүмкін. Азаматтар көлігім ұрланды деп көз жасын көл қылып полицияға шағымданады. Ал, ұрланған көліктерді сыртқа шығарып жіберуге мүмкіндік жасайтын не деген жыртық-тесік жүйе біздегі? – деп күйінді. «2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлікті ұрлауға қатысты күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау тауралы» Қазастан Республикасы Заңының жобасын талқылау кезінде ұры-қарылардың автокөліктерге де бүйедей тиіп жатқаны әшкереленді. Қылмыстық істің артында Мәжіліс Төрағасы айтқандай ықпалды күшердің тұрғаны айдан анық. Мүмкін мұнда шекаралық кеден қызметкерлерінің қатысы болуы бек мүмкін. Әйтпесе, мың жерден әккі ұры, болса да тамыр-таныссыз көліктерді шетел асырып жібере алмайтыны айдан анық. Ұрылар да қоғамдағы сұранысқа қарай әрекет етуде. Енді бірі көліктерді ұрлап құрал-саймандарын бөлшектеп саудаласа, шырмауықтай бір-бірімен шырмағандары бөтеннің дүне-мүлкін емін-еркін ұрлап шетел асырып жүр. «Ұрының құйрығы бір-ақ тұтам» деген мақал қазір жүзеге аспай қалды. Керісінше, ұрының құйрығы ұзын арқан, кең тұсау болып тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ
Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ