БАҒЫНБАҒАН БАҒА, ТАРЫҚҚАН ХАЛЫҚ

0
1548

Нарықтың заңы, бәсекелестік, бақталастық, балтырын байпақ қысқан байманаптардың дәуірі жүріп тұрған заман. Ал, кедей-кепшіктер қара нанын әрең тауып, көз жасына шылап жеп жүр. Басқа тартқан көрпесі аяғына, аяғына тартса, басына жетпейді.

Ең сорақысы, Қазақстан алтын сандықтың үстінде отырып қара халқын не мұнаймен, не көмірмен, не газбен, не азық-түлікпен толықтай қамти алмауда. Менделеев кестесіндегі бар байлықты ат төбеліндей топтар ғана бөліп алып, «сараңның берген садақасындай» елдің езуіне су тамызғандай болады. Оның өзінің де бағасы удай. Тіпті, жылдан-жылға бағынбаған баға, тарыққан халықтың қабырғасын қайыстырып жіберді. Үкімет те «жау кеткен соң қылышыңды қиға шап» дегендей, базардағы азық-түліктің бағасының 2,6%-ға қымбаттап кеткенінде атқа қонып, жергілікті әкім-қараларды қайда қарап отырсыңдар деп сілкілеп жатыр. Олардың да қалталарынан суырып бере салатын қырық сылтауы бар. Біздің жекеменшік иелеріне құзыретіміз жүрмейді дейді. Алайда, жоғарыдан бұйрық түссе, тауар өндірушілермен және тасмалдаушылармен келісімшартқа отырғандарын айтып, бағаны бақылауға алдық деп жар салып жататын әдеттері бар. Үкімет те, жергілікті билік органдары да болары болып, бояуы сіңгенде ғана неге атқа қонғанын «атам да, апам да аң-таң». Осыдан соң, «өзім өлейін деп жатсам, өлген әкем түсіме кіріпті» дегендей, Ковид пен пандемиядан есеңгіреп жүрген бұқараның әлеуметін қорғай алмаған билікке халық ашынбағанда қайтеді. Басқаға тоқтау салса да кеңірдекке тоқтам жоқ. Азық-түліктің базардағы бағасынан ат үркетін болды.
Жетісу өңірі аграрлық сала бола тұра, халқын көкөніспен де қамтамасыз ете алмауда. Сенбі күні жәрмеңке ұйымдастырған болады. Ондағы саудагерлер де күнделікті базарда отырған тіс қаққандар. «Қосылғыштар өзгергенмен, қосынды мәні өзгермейді» дегендей, бес он теңге түсіріп сатқанмен, таразыдан тартып жеп, есесін жібермейтіндерін айтып жүргенін талай естігенбіз.
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «Азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берген шенеуніктер, онда да әкім орынбасарлары жазалансын» деп ұсыныс жасады. Қалың бұқараның зар-мұңы құлақтарына кештеу жеткен Үкімет басшысы Асқар Мамин де «азық-түлік бағасының шарықтауына жол берген әкімдердің орынбасары емес енді тікелей әкімдердің өздері жауап беретін болады» — деді.
«Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей, тауар өндірушілермен арадағы делдалдар бірлесіп көтеріп жіберген бағаны енді қайтып төмендетеміз дегенге қараша сенбейді. Бұл шаралар бұған дейін де айтып, сан мәрте талқыға түскен-ді. Себеп, жанар-жағармай, көгілдір отын мен энергия желісі қымбаттағанда оның бір ұшқыны базар нарығына келіп тиеді. Өйткені тауар өндірушілер мен базарға , сауда нүктелеріне жеткізгенге кеткен жанармай шығынын азық-түлік тасымалдаушылар өндіріп алады. Мұның сыртында ортада жүрген делдалдардың да көретін пайдасы бар. Күндері болар болмас зейнетақымен мардымсыз жалақыға қарап отырған отбасылар үшін бұл «жығылғанға жұдырық болып тиді. Қыл аяғы көкөніске дейін сырттан тасымалданады. Жергілікті жерде өндірілген өнімдер облыс халқының мұқтажын өтеуге толықтай жетпейді. Мәселен, Талдықорған қаласында сұйық майдың 5 литрі 3000-нан 3300-ге дейін барса, 1 литрі 680 теңгеден басталады. 25 килограмм бірінші сортты ұнның бағасы 4500 теңге болса, 50 келі ұнның бағасы 8500 теңге, 25 килограмм жоғарғы сортты ұнның бағасы 4800 теңге, 50 келінің бағасы 9500 теңгеге дейін шарықтаған. Күнделікті тұтынатын бұл тағамның бағасының аспандауы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен зейнетақыға ғана қарап отырған отбасылар онсызда үнемдеп жүрген табыстарын қайда жеткізерлерін білмей дал. Бір нанның (булка) бағасы 100-110 теңге. Ал, оны өндіріп сатушылардың қойған бағасы мен сауда нүктелеріндегі сатушылардың бағалары екі бөлек. Бір жанұяда 3-тен, 4-тен бала бар деп есептесең, күніне екі-үш бөлке 330-теңгеден есептесеңіз бір айға 9900 теңге тек қана нанға кетеді екен. Ал, тамақтың макарон, күріш, вермишельдердің бағалары әртүрлі. Мәселен, «Сұлтан» деп аталатын макаронның жартысы 230 теңгеден. Бағалар әр дүкенде әртүрлі бағада. 25 килограмм мөшектегі құмшекердің бағасы 7000 теңге болса, қанттың жалпы 1 киллосы 330-дан жоғары. Күріште осы шамалас атауларына байланысты 300-бен 330-дан бастау алады. Басқа-басқа, жылдан жылға егістік көлемін ұлғайтып жатырмыз деген әкімдіктер жетісулықтарды не қантпен, не күрішпен, не ұнмен, не көкөніспен қамтамасыз ете алмай отыр. Бір емес екі бірдей қант зауытымыз бар деп бөрікті аспанға атамыз.
Қазекем «ет дегенде бет бар ма?» деуші еді. Енді, малдың еті түгіл құстың етіне қол жеткізу мұңға айналды. «Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін» жылқы мен сиырдың етінің бір киллосы 2500теңге, қазы-қарта 3000теңге, қой еті 1800-ден сатылуда. «Ет-етке, сорпа-бетке, қойдың еті қорғасын» деп таңдап жейтін қазақтың бай-бағландары болмаса, жарлы-жақыбайлары енді тісін шұқымайтын болды.
Өзімізде өндірген тауардың бағалары сырттан тасымалданатын бағалардан қымбат. Балқаш пен Қаратал аудандары күрштің отаны саналады. Алайда, өнім өндірушілер нарықтық бағаны сұрайды. Мұндайда Абайдың: «Бас-басына би болған өңкей қиқым» деген тәмсілі еріксіз ойға оралады. Басыңды шайқатып таңдайыңды қақтыратыны, нарықтық жүйеде еркіндік болуы керек дейді де, халыққа бағаны бақылап отырмыз деп Алдар көсенің рөлін айнытпай сомдап жүрген Үкімет пен жергілікті билікке таң қаласың. Нарықтық дәуірде өмір сүріп жатқан бұқараның әлеуетін көтеріп, зейнет ақыларын және еңбек еткен жандардың ақыларында нарықтық дәрежедегі жалақыға көтеруге биліктің құлқы жоқ. «Өз-күніңді өзің көр» деген қағиданы берік ұстанған. Алайда, жұмыс берушілер де, жұмыскерлердің еңбек ақыларын уақтылы бермей әуре-сарсаңға салып, шуылдатып жүргендерін ақпарат құралдары арқылы жар салуда. Батыс өңіріндегі мұнай салсындағы вахталық режімде жұмыс істейтін жұмысшылар қытай фирмасы басқарып отырған кәсіпорындарға жалақымызды көтерсін, күн көрісіміз қиындап кетті деп ереуілге шыққан-ды. Бұдан бөлек құрылыс саласында жүрген құрылысшылар, Ақтөбе облысы мен Нұрсұлтан қаласында айлап жалақыларын ала алмай, «банктегі несиелерімізді төлей алмай қарызға белшеден баттық, бала-шағамыз тамақ ішпей ме, киім кимей ме, үйге баратын бетіміз жоқ» деп ереуілдеп даурыққан-ды. Күн көріс, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылар түгілі, аяқ-қолдары балғадай, аязды күнге қарамай құрылыс, басында жүрген жұмыскерлер маңдай терімен тапқан, еңбек ақыларын ала алмай жүргенде, азық-түліктің қымбаттауы «жылағанға өкірген жолыққандай» болды. Бірді айтып, бірге сырғығандай болмайық. Азық-түліктен бөлек, базардағы көкөністердің де бағасы көкке көтерілген. Біз Талдықорған қаласы мен көрші Көксу ауданындағы азық-түлікпен көкөністердің бағасын салыстырып көрдік.
Талдықорғанда картоптың 1кг 200 теңге, сәбіздің 1кг 190 теңге, алманың 1 кг 450 теңге, мандарин 1кг 460 теңге, қиярдың 1кг 750 теңге, қызанақтың 1кг 800 теңге, жұмыртқанын бір данасы көтерме сауда үйінде 46 теңге. Ал, көрші Көксу ауданындағы сауда нүктелерінде 1 литр сұйық майдың бағасы 450 теңгеден 750-ге дейін өскен. Демек, 5 литрі 3300-теңгеден айналады. Ұнның 25 кг бірінші сорты 4800 теңге, бұрынғы баға: 3500 теңге. 50 килограммы 8500 теңге, бұрынғы баға:7200 теңге. Жоғарғы сортты ұн 25кг – 5000 теңге бұрынғы баға:4200 теңге. 50 кг – 9500 теңге бұрынғы баға: 8500 теңге. Қант 25 кг – 7500теңге бұрынғы баға: 5200 теңге. 50 кг – 14800 теңге, бұрынғы баға:12500 теңге Жалпы баға күнделікті тұтынантын азық-түлікке екі жарым есе қосылған. Көкөністердің бағасы көктемге қарай жылма-жыл құбылып тұрады. Көтерілмесе төмендеген емес. Картоп – 1кг 250теңгеден басталады бұрынғы баға:150 теңге. Сәбіздің 1 кг 170 теңге бұрын ғы баға:110 теңге, Алманың бағасы 1 кг 480теңге, бұрынғы баға:280 теңге. Ал, мандарин 1 кг – 450 теңге, бұрынғы баға 380 теңге.
Өнім өндірушілердің пайда табудың жолына түскенін Үкімет отырысында Асқар Маминнің өзі айтқан-ды. Алайда, олардың бір көтерген бағасы қайтып төмендемейтіні хақ! Басқа-басқа, Жетісуда көкөніс пен құстың етімен жұмыртқасына зәрулік туындағаны әрі бағасының балқантаудай дәрежеге жеткені көңілге кірбің ұялатып тұр. Облыс бойынша 10-ға жуық құс фабрикасы бар екен. Құс өнімдерінің көтеріліп кетуінің себебі Республика бойынша 33 құс фабрикасының қожайындары бір-бірімен сөз байласып, шарт жасасып, бағаны көтеріп жібергендерін билік органдары анықтап білген. Мәселен, Қостанайда құс фабрикалары құс өнімдерін 33 пайызға бірақ көтеріпті. Қылышын кеш сермеген Үкімет енді азық-түлік өнімдеріне де жол картасын әзірлеп, әлеуметтік бағаны тұрақтандыру үшін мониторинг орталығын құрып, сауда және интиграция құруды қолға алмақ. «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей дейтін заман көзден бұл-бұл ұшты. Майлы ас түгілі шөп-шалам мен көкөніске зарығып қалмасақ болғаны да. Жұлынға жұғын болмайды деген жұмыртқа мен құс етіне қол жетпеген соң, не шара?!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ