КҮРЕ ЖОЛ ауыл көшелеріндегі қисса-дастан

0
2226

«Жол мұраты жету» деген тәмсіл бар. Ол аз десеңіз, «Бір жол бар, алыс та болса жақын, тағы бір жол бар жақында болса алыс» — дейді. Тура осы мақал бүгінгі қоғамға қаратып айтылғандай. Алыс жол түгілі ауыл ішіндегі жолдар, жауын-шашын болса лай батпаққа айналып, одан қалса, соғыста жарылған бомбалардай ойлы шұңқыр болып, ойылып қалған күре жолдар жүргіншілердің ішек-қарындарын солқылдатып, бүйректерін түсіре жаздайды.

Облыс аумағындағы шалғай ауылдарда ауыз су, мектеп, электр жарығы, күре жол мәселесі әлі күнге күн тәрбінен түспей келеді. Тіпті күрделі жөндеу жасалды деген ауылдардың ішіндегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Сиқыршыдай көзбояп, тендірді ұтып алғандар мен әкімдіктер жауырды жаба тоқып үйренген. Сапасыз жасалған жолдардың мерзіміне жетпей күл-талқан болуын, ауа-райының құбылуымен байланыстыра салатын болды. Бұл Ескелді ауданына қарасты Матай Байысов, Талғар ауданындағы Тұздыбастау, Қайнар окургіндегі Көктал, Көксу ауданы, Екпінді ауылындағы Қаблиса жырау көшесі, Еңбекшіқазақ ауданындағы Ават ауылының жолдарын айтуға болады. Оған сәл кештеу ораламыз. Әлқиса, әңгімені республикалық маңызы бар Сарыөзек арқылы, Панфилов ауданына апаратын күре тамырдан, үлкен жолдан бастасақ.
Келмеске кеткен кеңес үкіметі тұсында салынған қара жол күні бүгінге дейін қажетке жарап тұр. Ескіде болса, жамап-жасқап, халықтың қажетін өтеп тұрған күре жол, шынын айту керек, қазіргі салынып жатқан жолдардан он есе артық. Әттең, сол жолды Кербұлақ ауданындағы «Алацем» (Аlacem) ЖШС кәсіпорны құртты деп ұлардай шулаған халықтың өкпесі орынды. Себебі, «Алтынемелден» руда таситын 40 тонналық ауыр жүк көліктері қара жолдың ішек-қарнын ақтарып тастаған. Бұл жолмен тек «Алацемге» тиесілі ауыр жүк көліктері ғана емес, басқада тонна-тонна жүк тиеген ауыр көліктер жүруде. Ұлардай шулаған халық не дейді дейсіз ғой. «Ескіде болса, етегімізді жауып отырған күре жол еді. «Алацем» зауыты тас-талқанын шығарды. Ары-бері қатынап жүрген жолаушылар жолдың азабын тартудамыз. Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы қайда қарап отыр? Неге тиісті шара қолданбайды?» –дейді. Осы мәселеге орай, біз «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ерімбаев Өмірзақпен қоса Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бастығының орынбасары Сапарбек Әнуарұлы және Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев мырзаларға қоңырау шалып, Сарыөзек-Көктал бағытындағы күре жолдың қашан ретке келетінін сұрап білдік.
– Күре жол – республикалық маңызды жол, ол ауданның не облыстың баланысына қарамайды. Тікелей республикаға бағынышты. Сонда да болса аудан халқының өтініш-тілегін ескере отырып, жоғарыдағы айтулы тұлғалармен арнайы жиын өткізіп бір мәмілеге келгендей болдық. «Алацем» кәсіпорын 47 миллиардтан астам инвестиция тартып отыр. Онда аудан тұрғындары жұмыспен қамтылған. Алайда, ауыр техникалармен күрежолдың сапасын бұзуда, бұл жолдар кеңестік кезеңнен бері пайдалануда. Мәселен, Сарөзектегі 7 шақырымдық айналма жолды, сондай-ақ, Алтынемел асуындағы жолдың бүлінген жерлерін қалыпқа келтіретін болды. Ал, «ҚазАвтожол» мекемесі 46-68 шақырымға дейінгі 22км жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ, «Алацем» ЖШС-гі өздерінің ауыр жүк көліктері жүретін арнайы жол салатындарын айтты. «Мұның бәрі бір айда реттеле қалатын шаруа емес. Қазір ауа райы жауын-шашынды болып тұр. Олар іске кірісті. Жолдың бұзылған жерлеріне арнайы белгілер қоюда. Қалай күннің көзі күрт жылиды, жолдардың бүлінген жерлетін тегістеп, ретке келтіреді» – деді аудан әкімі Ғалисақар Сарыбаев мырза. Бұл пікірді «ҚазАвтожол» ұлттық команиясы, акционерлік қоғамының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ерімбаев Өмірзақта растады. Арнайы бас қосылған жайында (протокол) арнайы хаттама толтырып, «Алацем» ЖШС-гі аудан әкімдігі «ҚазАвтожол» команиясы арасында міндеттемелер барын айтты. Сондай-ақ, Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бастығының орынбасары Сапарбек Әнуарұлы «Алацем» кәсіпорнына айыппұлдар салынғанын, арнайы рейд жүргізгендерін күре жолда өзгеде ауыр жүк көліктерінің жүретінін мәлімдеді. Демек, аудан тұрғындары мен ары-бері жүрген жолаушылардың өкпе-реніштері заңдылық екенін айтуға болады. Бұл арада, аудан әкімі Ғалиасқар Төлендіұлына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Себебі, күре жол мақала басында айтылғандай, не ауданның, не облыстың балансына кірмейді. Солай бола тұра, аудан халқының талап-тілегіне құлақ түріп, жолға жауапты тұлғалардың басын біріктіріп, дөңгелек стол басында бір мәмлеге келіп, өзекті мәлеленің түйінін тарқатуға себепкер болған. Хош, бұл күре жолдың мәселесі. Ал, аймақтағы ауылдардың ахуалы қандай?
«Ауыл — алтын бесік» — деп айдарлап ат қойған ауылдыңда тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ер-тұрманы әлі бүтінделмей келеді. Ауызды құрғақ шөппен сүртуден аулақпыз әрине. «Ақбұлақ бағдарламасымен» ауыз су тартылып, «100 мектеп, 100 арухана» аясында тоты құстай түлеген ауылдар баршылық. Бірақ… баспана салмай тұрып, коммуникациялық жұмыстарды жүргізбей, жер телімін беріп жіберген жергілікті әкімшіліктер қазір қоныстанған мекендердегі халықтың сұранысын өтей алмай, шақшадай бастары шарадай болуда. Не жарыққа, не ауыз суға, не көгілдір отынға, не көше жолдарына қолы жетпеген халық күзде, көктемде белуардан батпақ кешсе, жеңіл көліктер бірін-бірі арқан тартып сүйрелеп жүр. Тіпті, советтік кезеңде іргесін қалап, атағы дүркіреген ауылдардың хал-ақуалы аянышты. Басқасын қойып, Алматы облысының іргесінде тұрған Ескелді, Көксу аудандарындағы ауылдардың тұрғындары жол азабын тартып, ақпарат құралдарына мұңдарын шағуда. Мәселен, Ескелді ауданындағы Матай Байысов атындағы ауылға 7 ай бұрын ғана күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген көшелер, көктем шығып қар еріп, жаңбыр жауғанда сыр беріпті. Күләш Байсейітова атындағы көше пайдалануға берілгенде, бөріктерін аспанға атып қуанған ауыл тұрғындарының қуанышы қазір су сепкендей басылған. Ауыл тұрғындарының айтуынша салынып жатқанда күмән туғызған. «Мектеп пен мешіттің арасындағы жаңа асфальт үгітіліп жатыр. 49 миллионға жөнделген көшенің көркін көрсеңіз ішіңіз удай ашиды» — дейді ауыл тұрғындары. Ойыма осыдан 40 жыл бұрынғы Талдықорған облыс болып тұрғанда өткен ақындар айтысы түседі. Сол айтыста Панфилов ауданы мен Кербұлақ ауданының ақындары Әбікен Сарыбаев пен Әсет Керімбаев айтысты. Ол дәуірде партияның туы желбіреп, түкірігі жерге түспей, кемшілік атаулы газетке жарияланса, райкомның бұйросына салып, хатшыны да, колхоз-совхоз директорын, партаомын орынынан жұлып тастайтын. Жаркенттік ақын Әсет Керімбаев қарсыласы Әбікен Сарыбаевқа Сарөзекті меңзеп:

Көшеңіз түзелмеген айдақ-сайдақ,
Жүресін жасырынбақ күндіз ойнап.
Күн жауса, белуардан батпақ кешіп,
Тартасың машинаңды арқан байлап

— дегені бар еді. Сол Әсет ақынның жыры ХХI ғасырдада жаңғырып тұр. Оны Алматы облысының іргесіндегі және шалғай елді-мекендерінен көруге болады. Миллиондап, қаржы бөлініп жасалған жолдардың жылға жетпей, ойдым-ойдым боп жатқанын көріп, құмға сіңген судай болған қайран мемлекеттік қаржылар-ай дейсің. Осы күре жолдардан жемқорлыққа шатылып жатқан шенділерде бар. Енді, Ескелді ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы “Мінбер” сайтының тілшісіне толықтай ресми ақпарат зер салсақ.
“Тапсырыс беруші  “Ескелді ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” ММ. «Мердігер» «Жетісу Жол Құрылыс»  ЖШС.  Екі мекеме арасында   “2015 жылғы 4желтоқсандағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24.04.2020 жыл   №4212193-КПС-2 мемлекеттік сатып алудың  қорытындылары негізінде Алматы облысы, Ескелді ауданы, М. Байысов ауылындағы Байсеитова  көшесін орташа жөндеу жұмыстары осы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты (бұдан әрі Шарт) 42 179 470, 59  теңгеге жасалды. Шарт бойынша тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді  көрсету мерзімі 10.07.2020 жылы” жүзеге асыпты.
«Жетісу Жол Құрылыс»  ЖШС 42 миллион теңге аз деп есептеген болуы керек, 6 мамырда қосымша келісім шарт жасап, тағы да 7 миллионнан астам теңгенің шартына қол қояды.  “Шарт бойынша тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді  көрсету мерзімі 28.08. 2020 жыл. Объектіні  пайдалануға қабылдау актісі 28 тамызда жасалған»  – дейді Алматы облысы, Ескелді ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нусипова Алима. Аудан әкімдігінің, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Есиркегеновтің айтуынша:
«Мердігерлік компания «Жетісу Жол Құрылыспен»  алғашқы келісім шарт 2020 жылдың мамыр айының басында жасалған. Жалпы бөлінген қаражат 47075302 теңге. 2020 жылдың тамыз айында зертханалық сынамадан өтіп, 28 күні қолданысқа берілген. 2 жылға арналған кепілдігі бар. Дәл қазір «Жетісу Жол Құрылыс» компаниясына әкімдік тараптан қызметтік хат жолданыпты. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты әлі жөндеу жұмыстары басталған жоқ, бірақ сәуір айының 10-на  дейін өңдеу жұмыстары жасалып бітеді деп жоспарлап отырмыз.» — депті. 49 миллион теңге толығымен өтелген, алайда жасалған жолдан 49 миллионның жұмысын көре алмайсың. Мердігер компания күн жылыса қайтадан жамап-жасқауға мүдделі. Ал, ол қаншаға шыдас береді. Ала жаздай ілдәлап, күз келіп, қыс бітіп көктемде қайтадан ауыл көшесі ми батпақ болып жатса, не болмақ? Осындай у-шудың бірі, Көксу ауданы, Екпінді ауылындағы Қаблиса жырау көшесіндегі жөндеу жұмыстарының сапасыздығы жайлы көгілдір экран көрсетті. 2020 жылы 34 миллионға төселген асфальт көктемде қар ерігенде сыр берген. Не көшесінде мектеп жоқ, ауылдардың бірі Талғар ауданындағы Қайнар окруіндегі Көктал ауылынында ел-жұрты ауылдың мәселесін айтып дүрлікті. Көрші ауылға автобуспен қатынап оқитын оқушылар мен ата-аналар көктемде, күзде аяқтарынан ботый түспейтінін айтып налыйды. Ауданның жаңа тағайындалған әкімі Рыскелді Сәтбаевтың айтуынша, «ағымдағы жылы Жаңалық, Жалғамыс, және Көктал ауылдарындағы Мыңбаев, Саурық, Сыпатай батыр, Жүргенов көшелері жөнделеді. Аталған объектілерді жөндеуге 24,2 миллион теңге бөлінді»-деді. Алматы іргесіндегі ірі ауданының бірі осы Талғардан жиі шу шығып тұрады. Аудандағы жемқорлықпен шатылған аудан қала, ауыл әкімдерінің халыққа бүйрегі бұрып тұратыны некен-саяқ. Біресе, жарық, біресе баспана, жол, мектеп, ауыз су мәселесі бұл ауданда басты түйткілдердің бірі. Соның бір парасы Көктал ауылындағы халықтың мұң-зары. Аудан әкімнің айтуынша, Қайнар ауылдық округінің Көктал ауылында «Айғаным» және «Ай-Абылай» ықшам аудандарында жалпы ұзындығы 22 км болатын 47 көше бар екен. Осы жылдың екінші жартысында облыстық жол әкімшілігіне жеті көшені күтіп-ұстауға бюджеттік өтінім беріліп, «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы аясында биылғы жылы Қайнар ауылдық округінде жалпы сомасы 13 миллион 700 мың теңгеге 4 көшенің жөнделуі қарастырылғанын айтты. Осы ауданның Тұздыбастау ауылының тұрғындарыда әкімдіктің табалдырығын тоздырғандарын айтып зарлайды. Бұл ауыл тұрғындарыда лай-батпақтан шаршағандарын айтып, шаршаған халық былтыр өздері тұратын көшеге тас-шағыл төктіріпті. Ол жеткіліксіз, арыз, жазудан бізде жалықпадық. Тұзды бастау әкімінің орынбасары: «арыз жаза бермеңдерші, бюджетте ақша жоқ»-деп налыпты. Жалпы, елді-мекендердегі күре жолдар мен көшелерге байланысты халық наразылығы дүркін-дүркін интернет желілерімен көгілдір экранда жиі көрініс беруде. Еңбекшіқазақ ауданы, Ават ауылының тұрғындарыда апатты көшелерді айтып шағымданған болатын. «Бақсам бақа екен» демекші «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында орталықтандырылған су жүйесі жүргізіліпті. Алайда, көшелерге тартылған су құбырлары дұрыс көмілмей, ауыл көшелері апатты жағдайда екенін «хабар» арнасының тілшілері көрсеткен болатын. Құбыр тартамыз деп, қырық шоқпыт болған көшеден ауылдың жеңіл көліктері жиі бұзылатынын айтқан. Алымжан Айсаров, Ават ауылының тұрғыны: — «Көлікті жасау үшін 30 мың теңгеге қосалқы бөлшектерін сатып алдым. Қазір ауыстырамын. Осы жолмен күнде жүреміз. Жол сапасыздығынан көлік те жиі бұзылады» десе, Садуақасов көшесінің тұрғындары үшін жол жылда асфальт төселінеді деп күтудеміз. «Жауын жауса болды, көшедегі батпақтан аяқ алып жүре алмайсыз. Мектепке баратын балаларға обал, күн жылынса, аяқ киімдері, шалбарлары топырақ болып қайтып келеді. Биыл ауылға орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүргізіліп, құбырлар тартылды. Бірақ құрылысты бастаған медігер мекеменің жұмысы тиянақсыз. Шұңқырлар мен арықтар дұрыс көмілмеді» -дейді. Ал, жергілікті әкімдік өкілдері болса, «жұмыс толық аяқталып біткен жоқ» деп ақталуда. Бақберген Тойғанбеков, Ават ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:  – Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар толық аяқталып біткен жоқ. Қосымша бес көше жөнделді. Десе де, биыл асфальт ауылдағы бір ғана Абай көшесіне төселгенін, ол асфальттыңда жұқа салынғанын көгілдір экранда ауыл тұрғындары айтқан болатын. Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы  – 2020» бағдарламасы» аясында жергілікті маңызы бар 46 жолдың 27 жөнделіп біткен. Ал, ауыл ішіндегі 24 көше ағымдағы жөндеуді талап етсе, күре жолдарды қалпына келтіру жұмыстарына 1,6 млрд теңге қаражат қарастырылыпты. Ауданға жаңа тағайындалған Әлібек Жақанбаев мырза, Алакөлді басқарып тұрғанда ауылдарды көріктендіруден оза шапқан әкімдердің бірі еді. Мүмкін, Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл тұрғындарының көшелерге қатысты дау-дамайы енді ретке келетін шығар.

ТҮЙІН ОРНЫНА: Қара ормандай ауылдағы ағайындардың басты талабы, көше жолдары, ауыз су, жарық, үйлерге газ тарту үлкен мәселеге айналған. Күні кеше ғана Панфилов ауданындағы Пенжім, Ақжазық, Алмалы, Лесновка ауылдарында 2016 жылы Ұлттық қордан қаржы бөлініп «несие» жүйесімен су тартылғанын ауыл тұрғындары енді біліп «Орт» каналында шу шағарды. «Ақжазық ауылындағы тартылған судың сапасы нашар кермек дәм татиды. Енді осы суға 2022 жылдан бастап кредиттік жүйемен судың бір кубына мысалы 1000 теңгеден төлесек қайтіп жанбағамыз?» – деген халық наразылығы айтылды. «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге асқанда кейбір ауылдар қуанса, кейбірі бұрынғы ескі құбырымыз жақсы еді, «мүйіз сұрап құлақтан айырылған тоқал ешкінің кебін кидік» — деп жүр. Соның бірі Ақжазық ауылы. Ал, айдақ-сайдақ, ойдым-ойдым күре жолдар мен ауыл көшелеріндегі күрделі жөнделген сапасыз жолдардың жыры қисса-дастанға айналып барады. Тендірді ұтып, теңселіп жүрген компаниялар, жолдарды қабылдап алған жергілікті биліктегілер ауа райына қарап бал ашатын болыпты. «Жыртықты жамасаң әй-әй болады» деуші еді, ал жамаған жолдар неге кәкәй болуда?!…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ