Талдықорған қаласы «қызыл» аймаққа енді

0
1504

Алматы облысы бойынша Талдықорған қаласында наурыз айынан бастап коронавирус жұқтырғандар саны 500-ге жуықтады. Жыл басынан 12 666 адам кесел жұқтырған. Оның ішінде 5658 тұрғыннан коронавирустың симптомдары анықталған. 10 758 науқас емделіп шыққса, 870 ем алушы әлі күнге дәрігердің бақылауында.

Облыста 52 жүкті әйел мен 882 оқушы кесел жұқтырған. Аурудың белең алуына байлынысты тәулігіне 2,5 мың шақырту келіп түсіп отыр.
«Аймақта карантиндік режимнің сақталуын қатаң бақылау мақсатында 268 мониторингтік топ құрылған. Мереке күндері қоғамдық орындарда көпшілікпен іс-шаралардың болмауын қадағалау үшін тексеріс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, қаладағы «Ханшайым», «Алтын ғасыр», «Гаухартас» мейрамханаларында той-думанның өткізілгенін анықтадық. Жыл басынан арнайы топтың көмегімен 7 мың рейд жұмыстары атқарылды. Олар карантин шаралары сақталмаған 600 жағдайды анықтаған болатын. Бүгінде санитарлық талаптарды бұзып, заңды белден басқандарға тиісінше айыппұл салынды. Оның жалпы берешегі 38 млн. теңгені құрайды», – деп Алматы облысының әкімінің орынбасары Батыржан Құлаймергенұлы тәртіпке бағынбай жүргендерге қатаң жаза қолданылып жатқанын айтты.
Облыстың бас дәрігері Өмірбек Ниязбековтың айтуынша, инфекциялық стационарлар жүктемесінің ұлғаюына байланысты төсек қорының саны 1370-тен 1855 төсекке дейін, реанимациялық төсек саны 124-тен 145-ке дейін ұлғайтылған. Қажет болған жағдайда 5280 төсек-орын орналастырылатын болады.
Қазіргі таңда облысқа вакцинаның 14 850 дозасы жеткізілді. Ай сайын вакцинаның 66 000 дозасы әкелінеді. Жалпы биылғы жылы облысқа вакцинаның 150 мың дозасын жеткізу жоспарланған.
Індеттің жұғу қарқының бәсеңдемеуіне байланысты мектептер онлайн оқу режимге ауыстырылуда. Сәуірдің бірінен он бесі аралығына дейін карантиндік режим күшейтіледі. Жұмысшы саны 20 адамнан асқан жерлер 70 пайызға онлайн форматқа ауыстырылады.
Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша, Талдықорған қаласы, Көксу, Қаратал, Ескелді, Панфилов, Ақсу, Ұйғыр аудандарында коронавирус жұқтыру қаупі өршіп тұр. Демалыс күндері мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандардың аумағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану орындары, кино театрлар жұмысын тоқтатыны ескертіледі.

Ардагүл ӘСКЕРБЕК


ПІКІР ЖАЗУ