Тарихын табыс көзі еткен Түркия

Әрбір жылдың өзінің берер тартуы, ұсынатын несібесі болады емес пе?! Осы жылдың маған жасаған сыралғысы Түркия еліне сапарлау сәті болды. Бұл сапар Түркі әлемінің тұтастығын, ортақ рухани тамырды сезінуге мүмкіндік берді. Ең бастысы, білім көкжиегім кеңейіп, жаңа бір әлемнің есігін айқара ашқандай болып, көңілге де көп дүниені түйіп қайттым. Адам баласы үшін бұдан асқан тарту жоқ шығар, сірә?!

Сонымен, Қазақстандық журналистер Стамбул – Бурса жобасымен Түркияның біраз көрікті жеріне барып, пандемия тұсындағы туризмнің жағдайына куә болдық. Ал бұған ұйытқы болып, бастап барған Түркітілдес журналистер қорының жетекшісі Нәзия Жоямергенқызы екенін, сапардың негізгі ұйымдастырушысы Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі болып табылатындығын да айта кетейік.

Алғашқы әсер

«Қай елге барғыңыз келеді?» деген ұлымның сауалына үнемі «Түркияға» дейтінмін. Бұған дейін сұлтандар елін түркі сериалдарынан ғана тамашалап келген болсам, енді осы өлкеге арнайы табан тіреудің сәті туды.
Бұл менің шет елге алғаш ұшуым болғандықтан, әрі армандаған түркі еліне сапарлауымның өзін жақсылыққа жорыдым. Бұған дейін Түркияға жолы түскендердің аузын ашып айтар ертегіге бергісіз әңгімелерінен естігенімді енді өз көзіммен көріп, тамашалау бақытының бұйыруы, Түркітілдес журналисттер қоры командасындағы құрамның бір мүшесі болып бару да, тегін сапарлаудың өзі де кез келгенге бұйыра бермейтін бақ емей, не дерсің. Бұдан өзге журналистиканың жілігін шағатын мықты әріптестердің сапына енудің жөні тіптен бөлек-ау…

Осылайша, Алланың қалауымен, Түркітілдес журналистер қорының ұйытқы болуымен жеті журналист наурыз айының 25-і күні Алматы әуежайынан көптен күткен сапарға шықтық. Бағытымыз – Түркияның ең көне шаһарларының бірі, Еуропаның мәдени астанасы – Стамбул болғанымен, бес күнге созылар сапарда Бурса, Изник, Гөлйазы қалалары мен Джумалықызық ауылына және Улудағ (Ұлытау) тау-шаңғы курортын тамашалап, көрікті жерлерге табан тірейтініміз қуантты.

Сапарлас болған әріптестер арасында Шымқаладан келген Гүлжан құрдасым екеуміздің бұл өлкеге табанымыз тиіп көрмепті. Яғни, ол да мен секілді сырлы да, сұлу Стамбулға алғашқы рет сапарлауы екен.
…Мені – Түркияға бару ғана емес, ұшаққа отырып, зеңгір көкте еркін қалықтаудың өзі керемет күйге бөледі. Әсіресе, көк аспанда, ақ бұлттар арасында қалықтаған ұшақта отырған сәттегі көкірегімді ерекше күй кернеп сала бергенін несіне жасырайын. Құдды бір ертегілер әлеміне саяхаттап бара жатқандай күйде отырғанымды айтсам, қияли демеске лажыңыз жоқ. Бірде толқыған, бірде буырқанған ішкі тебіреністі де айтып жеткізе алмаспын-ау. Сананы сан түрлі сезім билеумен бес сағаттық жолдың қалайша жылдам өтіп кеткенін де сезбей қалыппын. Туризм саласындағы жетістіктерімен кеуде кере мақтана алатын Стамбул қаласына қонуға бет алған ұшақ әйнегінен төменге көз салудың өзі бір керемет қой, шіркін!..


Turkish AirLines әуе компаниясының қызметшілері жолаушыларға барынша жағдай жасап, сапарымыздың қолайлы өтуін қамтамасыз ете білді. Сонымен, ұшақ Стамбулдағы халықаралық әуежайға келіп қонды. Топ бастаушы, әріптесіміз Нәзия Бейсенованың айтуынша, бұл қаладан 40 шақырым қашықтыққа орналасқан дүниежүзіндегі ең ірі әуежай болып табылады. Көзбен көргеніміздей, әуежайдың аумағы бір қаланың көлеміндей екен. Ал мұндағы туристік сервисті, әуежай кеңдігі мен әсемдігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын-ау. Мұны тек көзбен көру ғана керек…

Әуежайдан күтіп тұрған ыңғайлы да жайлы автобусқа мініп, ызғыта жөнелдік. Көлік ішінде отырып айналаға көз салдым. Мәрмәр теңізі, шарқ ұрған шағала, ертедегідей желкені болмаса да, кескіні келісіп жарқыраған, ақ бума түтіндері будақтаған аппақ кемелер, сүйірленіп көкке ұсынған күмбезді ғимараттар қиял шіркінге қанат бітіргендей. Ал, қол бұлғап жатқан тұмса табиғаттың сулулығына тамсанбай көр. Іштей: «Стамбул, неткен сырлы да сұлу, ғажап едің!» деп қайталай бердім.

Жалғасы бар...

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ