Бала қалауын орындаймын деп…

0
1478

Қазіргі таңда дүкен сөрелерінде сұранысқа ие техниканың бірі – самокат. Оның пайдасынан зияны көп екенін білсе де, сол самокатты балаларына сатып алып беретін ата-ана көп.

«Кешке жақын жасы 6-7 шамасындағы ұл бала зуылдап алдымнан самокатпен шыға келді. Мен көліктің сигналын басып едім, ол сасқалақтап, орнында тұрып қалды. Баланы қағып кететінімді біліп тежегішті басып көлігімді жолдың шетіне қарай бұрдым. Сөйтіп, мәшинем ағашқа соғылды. Құдай оңдап жа-ақат алмадым. Есесіне шығынға ұшырадым. Бұл жағдай басқалай орын алуы да мүмкін еді ғой. Түсінемін, менде де бала бар. Олар да самокатқа қызығады. Бірақ, көліктер ағыл-тегіл жүретін жерде самокатты тебу қауіпті екенін ата-аналары ескерту керек қой» – дейді ауыл жүргізушісі Нұрлыбек Жарылқасынұлы.
Сатылымдағы көздің жауын алатын самокаттардың бала өміріне қауптілігі туралы көп жағдайда ескере бермейміз. Ал, техниканың дамуы сонша күн санап түрлі үлгісін көретін болдық. Велосипед пен мопедтер, сегвей, гироскутер, электр скутерлер және самокаттар. Алғашқы екеуі қоғам өміріне әуелден енсе, соңғылары қолданысқа кіргеніне көп бола қойған жоқ. Дей тұрғанмен, қазір әр үйдің баласында бір самокаттан бар.
Мамандар пікірінше, балалар-ға арналған самокаттың белдің бүкірлігіне әкелу қаупі бар екен. Яғни, еңкейіп барып, күш түсіріп жүргізетін бұл құрал омыртқаға зиян көрінеді. Қалай дегенмен, баланың қалауын орындаймын деп қапыда қалып жүрмейікші. Бұл туралы сіз не ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?!

А. ӘСКЕРБЕК.


ПІКІР ЖАЗУ