Эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді

0
1373

Алматы облысында соңғы 10 күнде коронавирус инфекциясы анықталған жағдайлардың саны 222-ден 96-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар үш күн ішінде ауруханаға жатқызылған адам саны да азайды. Бұл туралы өңірдің бас дәрігері Өмірзақ Ниязбеков мәлімдеді.

Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына әсер еткен факторлардың бірі халықты «COVID-19-ға» қарсы вакцинациялаудың қарқынды жүргізілуі себеп болып отыр.
Облыста коронавирустық инфекцияларға қарсы вакцинация жүргізу үшін 244 егу пункті, 67 мобильді бригада, 17 жылжымалы медициналық кешен тартылған. Вакцинаны сақтау үшін 153 мұздатқыш камера, 272 белсенді термоконтейнер бар, вакцинаны тасымалдау үшін тағы 80 белсенді термоконтейнер жеткізу күтілуде.
Басқарма басшысы Өмірзақ Әбілсейітұлының сөзінше, облысқа I компонентті вакцинасының 225 350 дозасы және II компоненттің 184 710 дозасы жеткізілді. Бүгінгі таңда 211 624 адам I компонентпен егілсе, 119 081 адам вакцинацияның екінші бөлігін қабылдаған. Сондай-ақ, медициналық ұйымдарда I компоненттің 14 920 дозасы және II компоненттің 65 610 дозасы бар екенін де атап өтті.
Жалпы өңірде 753 пациент ем қабылдауда. Оның ішінде 465 адам үйде оқшаулау жағдайында, 288 адам аурухананың инфекциялық бөлімшелерінде емделуде.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ