826 мың дана «Сиверс» алмасы отырғызылады

0
2063

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырамсына сәйкес, мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд. ағаш отырғызу жөніндегі жұмыстар өңірде қарқынды жүзеге асуда.

Бұл мақсатта Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Алматы облысы әкімдігімен және табиғат қорғау мекемелерімен бірлесе 2021-2025 жылдар аралығындағы Алматы облысының ормандарын молайту және орман өсіру көлемін ұлғайту бойынша кешенді жоспарын әзірледі. Аталған жоспарға сәйкес бес жылда 83 млн. ағаштың 71 млн. данасын тұқым себу 12 млн. данасын көшет отырғызу арқылы жобаланған.
Тарқатып айтсақ, 3 млн. 193 мың дана шренк шыршасы, 308 мың қарағай, 237,3 мың терек, 95 мың қайың, 4 млн. 544 мың қарағаш, 621,4 мың жиде, 234,2 мың тал, 540,83 мың дана өрік пен қызыл кітапқа енген «Сиверс» алмасынан 826 мың сондай-ақ сексеуілдің 71 млн. данасы отырғызылады деп көзделген.
Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрқуат Қонысбаевтың сөзінше, облыс аумағында Мемлекет басшысының орман қоры жерінде 2 млрд. ағаш отырғызу туралы тапсырмасына орай облыс әкімдігіне қарасты 14 орман шаруашылығы КММ, 3 МҰТП, 1 МТР, 1 МДП және 1 Селекциалық-тұқым өсіру орталығы іске асырмақшы. Жоғарыда аталған мекемелерде орманды молықтыру жұмыстарын орындауға қажетті стандартты отырғызу материалдарымен қамтамасыз ететін 30 дана орман тұқымдық бақтары бар.
Бес жылда жобаны қаржыландыруға жобалау-іздестіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд. 78 тыс. теңге бөлу, жергілікті бюджеттен ағаш отырғызу көлемін орындауға және талапқа сай келетін техника мен құралдар алуға – 3 млрд. 330 млн. тенге бөлу қарастырылыпты. Бөлінген қаржы есебінен 31 арнайы авто техника, өндірістік мақсаттағы құрал-жабдықтар алу жоспарланған.
Өңірдегі мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы аумағы 5,4 млн. га құрайды. Бұл облыстың 24,1 пайызын қамтиды. Орманмен көмкерілген жер көлемі 2 млн. га. Облыс аумағының ормандылығы 8,3 пайыз. Орманды жерлердің басым бөлігі Кеген және Балқаш аудандары аумағына тиесілі.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ