«Шабам дегенге ат береміз, жанам дегенге от береміз»

0
1808

Баланың  бос уақытын  қызықты, пайдалы әрі мазмұнды өткізуде   іс-шаралар өткізумен қатар,  түрлі  ұйымдар да  ашылуда. Солардың  бірі – жақында ашылған «МЕЙІРІМ» балалар шығармашылық орталығы. Баланың тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетін орталықтың бүгінгі  тынысы  туралы білу мақсатында орталықтың директоры Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫМЕН  жолығып, әңгімелескен едік.

АЛАТАУ: – «Мейірім» балалар шығармашылық орталығы немен айналысады?

Гүлмира  ҚУАНЫШҚЫЗЫ:  – Аты айтып тұрғандай, біздің орталық балалардың шығармашылық қабілетін жетілдірумен айналысады. Негізі әр баланың бойында бірнеше түрлі қабілет болады. Мысалы үшін айтсақ: бір баланың бойында жеті түрлі қабілет болуы мүмкін. Аздап спортқа бейім келеді, ән айтады, домбыра тартады, сурет салады немесе әдебиетке құмар, қолөнерге әуес дегендей. Біз, ересектер, осынау қабілеттерді көп жағдайда көре алмай қалатынымыз өкінішті. Баланың жаны өнерді қалап тұрса да оны апарып физика-математика бағытындағы мектепке береміз немесе «заман талабына сай болып өссін» деп түрлі курстарға сүйрелейміз. Жоғарғы оқу орнына түскенде де баланың бойындағы әлгі жеті қабілеттің біреуіне де мән бермей, мүлдем басқа саланың маманы қылып шығарамыз. Содан адам өміріндегі алғашқы адасу басталады. Бала бойындағы барлық қабілеттің оты өшеді, ол өзіне ұнамайтын, өзінің икемі жоқ саланың маманы болып шығады. Зордың күшімен оқуын бітіреді, қызметке тұрғанда да кәсібін сүймейді. Сүйретіліп жұмысына барады, күйзеліп үйіне қайтады. Тек жалақы үшін жұмыс істейді. Күндердің күні қызметін тастап, мүлдем басқа салаға кетеді. Басын тауға да, тасқа да ұрады. Кейбірі жұмыссыздардың қатарына қосылады, тұрмысы шатқаяқтайды. Өзіне, одан қалды өміріне көңілі толмайды. Ал өміріне көңілі толмаған адам – бақытсыз адам. Осылайша бала күнде ата-ана тарапынан жіберілген кішкене қателік адамның өзімен бірге өсе келе үлкен мәселеге айналады. Егер біз бала бойындағы жеті-сегіз қабілеттің кемінде біреуін байқап, соның шыңдалуына жағдай жасасақ, балаларымыз сөзсіз өз саласының «чемпионы» болып шығар еді. Ал чемпиондар – лидерлер, олар әркезде топ жарады, қоғамды алға сүйрейді. Өйткені олар кәсібін сүйеді, жан-тәнімен беріле жұмыс істейді, жұмысынан ләззат алады. Неге? Өйткені ол кәсіп оның бала күндегі сүйікті ісінің жалғасы, бала күнде қай салаға қабілетті болды, соны дамыта білді. Хоббиін кәсіпке, мамандыққа айналдырды.

АЛАТАУ: – Яғни, дарынды бала тәрбиелеуде ата-ананың рөлі зор дейсіз ғой?

 Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Дарын дегеніміз не? Дарын дегеніміз – сол қабілеттің ең биік сатысы. Біз бала бойындағы қабілеттерді ерте бастан танып, соны ұштай білсек,  ол бала дарынды адам, білікті маман болып шығады. Қазақтың «сегіз қырлы бір сырлы», «жігітке жеті өнер де аз» деген сөздерінің мәні сонда. Адамға құдай бірнеше қабілетті тумысынан береді. Соны жетілдіріп, жарқыратып жіберетіндер аз да, өзін-өзі танымаған күйі өмірден өтіп кететіндер көп. Біздің орталық балаларға өз бойындағы қарым-қабілетті танып, оны ары қарай дамытуға көмектеседі. Жылт еткен шоқ әр балада бар, соны сөндіріп алмау керек. Төлеген Айбергеновше айтқанда «шабам дегенге ат береміз, жанам дегенге от береміз».

АЛАТАУ: – Қазір орталықта қанша бала тәлім алып жатыр? Әрі қандай өнер түрлері бойынша оқиды?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Бізде төрт пен он сегіз жас аралығындағы 200-ден астам бала оқып жатыр. Жалпы біздің орталық, дәл қазір, төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, сурет өнері, қол өнері, сөз өнері және теле өнер. Бұған қарап бізде төрт-ақ үйірме бар екен деген ой тумауы тиіс. Бұлар іштей тармақталып кете береді. Мысалы сурет өнері бойынша кескіндеме бір бөлек, графика бір бөлек оқытылады. Өйткені ол екеуінің діңгегі бір болғанмен, бағыттары басқа. Қолөнер бойынша да оригами, кестелеу, мүсіндеу, батик секілді үйірмелер бар. Ал сөз өнері саласында шешендік өнер, мәнерлеп оқу, поэзия, проза деп кете береді. Сонымен қатар, бейнетүсірілім және бейнемонтаж сабағы бар.

АЛАТАУ: – Бұл өнер түрлеріне сұраныс қалай екен? Балалар келіп жатыр ма?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Шынымды айтсам, балалар кезекте тұр.Сурет, қолөнер түрлері бойынша күмәнім болмады, ал әдеби бағыттағы үйірмелерді ашар кезде аздап қорқақтағаным рас. «Қалалық балалар сөз өнеріне ықыласты бола қояр ма екен?» деп күдіктендім. Бірақ, мен қателескен екенмін. Шешендік өнер үйірмесі әуелгі аптаның өзінде толып қалды. Басында таңғалдым, сонан кейін барып мәселенің мәнісін ұққандай болдым. Сөйтсем қазір балалар арасында қазақша таза сөйлеу, шешен сөйлеу, ойын анық жеткізу, дыбыстарды дұрыс айту дегеніміз үлкен проблемаға айналып келеді екен. Себебі олар бүгінде смартфон арқылы сөйлеседі, түрлі мессенджерлер арқылы тілдеседі. Бұл баланың тұйықталуына алып келетінін ғалымдар айтып, дабыл қаққалы қашан?… Сонымен бірге біздің балаларымыз бүгінде ақпаратты үш тілде қабылдайды. Мектеп үш тілді, теледидар да солай. Сәйкесінше тілі де солай ала-құла болып қалыптасып келеді. «Мама, мен алма хочу»  деп тұрған кішкене бала қай сөз қазақша, қай сөз орысша екенін біле бермес. Оған оны кінәлау да орынсыз. Оған ақпарат қалай жетті, солай қабылдап, жадына түйді. Бітті. Оны қашан, қалай емдеп, жазамыз, ол бір күрделі сұрақ. Менің бір қуанғаным балаларының тілін осындай түрлі ықпалдардан қорғағысы келетін ата-ана көп екен. Біздің үйірмеге ең бірінші болып тіркелгендер солар десем болады. Олардың мұнысы өте құптарлық іс. Өйткені бала деген талшыбықтай нәзік құбылыс, қай жағына қисайтсаң, солай қарай жантайып өсе береді. Қазірден балаларымызды шешен, таза сөйлеуге дағдыландырмасақ, ертең өкінетін боламыз.  Ол бала әдебиетші, ақын, жазушы бола ма, болмай ма, уақыт көрсетеді. Біздің мақсат – қазақша жатық сөйлей білетін, топ алдында қысылмай ойын айта алатын, өжет азаматтарды тәрбиелеу.

АЛАТАУ: – Әлгінде телеопера-торлық өнерге де үйретеміз деп қалдыңыз. Естуімше, өзіңіз де телеарнада қызмет еткен екенсіз. Журналистикадан білім беру саласына ауысу қиын болмады ма?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Иә, он жылдай республикалық телеарналарда жұмыс істедім. Жолдасымның қыз-мет ауыстыруына байланысты Талды-қорғанға көшіп келіп, сүйікті кәсібімнен қол үздім.  Әрі бала күтімімен үйде отыруға тура келді. Балалардың ой-өресін дамыту туралы ойланбайтын ана жоқ шығар. Мен де қолым бос кезде осы тақырыптар бойынша ізденгенім бар, түрлі тележобалардың да сценарийін хатқа түсіріп қойғанмын. Өзімнің әуелгі мамандығым мұғалім, педагогикадан хабарым бар. Бірақ әзірге өзім сабақ бермеймін, менікі барлық шаруаны ұйымдастыру. Сондықтан аса қиналған жоқпын.

АЛАТАУ: – Ұзағынан сүйіндірсін. Әңгімеңізде батик, оригами деген үйірмелер туралы айтып қалдыңыз. Жалпы оның не екенін білгенмен, бізде кең тарала қоймаған өнер ғой…

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Батик дегеніміз – бірнеше өнердің қосындысы. Қарапайым тілмен түсіндіргенде матаға сурет салу, матаны бояу, ол матадан бірдеңе тігу. Бұрын әжелерімізден ақ матаны, киіз бен ағашты қынамен, шөппен, жосамен бояғанбыз дегенді еститінбіз. Батик дегеніміз сол екен, дегенмен біз оны сырттан келген өнер деп танып, солай қабылдадық. Осыны қолға алып зерттейтін адам болса,  бұл өнердің алғашқы жұрнақтарын біздің ұлы даламыздан табарына күмәнім жоқ. Қазір дайын бояудың түрі көп. Ескі техниканың көбі ұмытылған. Тіпті ЮНЕСКО 2009 жылы батик өнерін адамзаттың рухани мұрасы ретінде тізімге енгізіпті. Бұл сондай ғажап өнер. Егер балаңыз әрі суретші, әрі тігінші, әрі дизайнер болсын десеңіз, батикке беріңіз.

Ал оригами  –  ол қағаз өнері.  Оның отаны – Қытай. Бала күнімізде қағаздан ұшақ  жасап ұшырушы едік қой. Бұл оның бірі ғана, бұдан бөлек, қағаздан қалаған фигураңызды жасауға болады екен. Баланың ой-өрісін дамытуға, ұшқыр ойлаға баулитын өнер.

АЛАТАУ: – Аз таралмаған өнерді үйрететін ұстаз да тапшы шығар? Кімдер сабақ береді? Маман табуда қиналған жоқсыз ба?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Менің білуімше, батик пен оригами үйірмелері республика бойынша екі жерде ғана бар екен. Соның бірі – бізде. Әрине, кез-келген істің ілгерілеуі маманға байланысты. Бұл ретте мен жаңылысқан жоқпын деген ойдамын. Қазір аттарын атасам менің кішкентай орталығыма мұндай үлкен дәрежелі мамандардың қалай «сыйып» жүргеніне өзіңіз таңғаласыз (ред: күлді). Қолөнер түрлері бойынша өте тәжірибелі ұстаздар сабақ береді.  Клара Дүйсебекқызының осы саладағы еңбек өтілі 27 жыл, өте тәжірибелі ұстаз. Нұргүл Ершатқызы – танымал қолөнер шебері. Ал сурет үйірмелеріне Алмас ағай мен Сабина апайымыз жетекшілік етеді. Алмас үшін суретшілік атакәсіп десек те болады. Өйткені оның әжесі өте ісмер адам болған екен,  әкесі – Қазақстан Суретшілер одағы, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері  Бақыт Ахметов. Сабина сурет өнерінде болашағынан үміт күттіретін жастардың бірі. Ал шешендік өнер, мәнерлеп оқу сабақтарынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, әдебиеттанушы, «Отқарақ», «Бірдеңе» поэзиялық жинақтарының авторы, тележүргізуші, «Жетісу» радиосының бас редакторы қызметін атқаратын Айнұр Төлеу мен І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушысы, әдебиеттанушы, Ресей, Ұлыбритания, Түркия, Испания университеттерінде тәжірибе жинап қайтқан, бірнеше тілді білетін Дәулеткерей Мүлік ағамыз сабақ береді. Мирас деген бесаспап жігітіміз бар, өзі телеарна қызметкері, видеоны түсіру мен монтаждауды балаларға үйретеді.

АЛАТАУ: – Сіздің де шетелде оқығаныңызды білеміз. Алған біліміңіздің қазіргі істе пайдасы тиіп жатыр ма?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Қытай Халық республикасының астанасы Бейжіңде үш жыл магистратурада ағылшын, қытай тілдерін оқыдым. Балаларым сол жақта спорт және қолөнер үйірмелеріне барды. Әрине, Бейжіңдей алып мегаполиспен Талдықорған секілді шағын қаланы салыстыру қиын. Дегенмен ондағы адамдар мен мұндағылардың балаға деген көзқарасында ұқсастық та,  ерекшелік те көп. Ерекшелік: классикалық қазақ отбасында бала саны көп, қытай отбасында аз болып келеді. Өйткені ол елде бала туу саясатына байланысты шыққан «бір бала сапалы бала, үш бала сапасыз бала» деген ұран іспетті қанатты сөз бар. Олар «бір отбасы бір баланы сапалы тәрбиелей алады, ал бала көп болса, шұбырынды болып оның тәрбиесіне, біліміне тиісті деңгейде көңіл бөлінбей қалады» деп санайды. Осы идея санасына сіңіп қалғаны соншалық әлі де арыла алмай келеді. Өзімізге дәріс берген ұстазымыз біздің үш баламыз барын естіген сәтте жолдасыма «осымен тоқтаңдар»  деп кеңес беріпті. Ұқсастығы: қытай да қазақ секілді балажан ұлт. Олар баланы жабыла тәрбиелейді. Өзіңіз қараңыз, бір отбасында бір бала дейік. Ол баланың өз әке-шешесі бар, атасы мен әжесі бар, сонан кейін нағашы атасы мен нағашы әжесі бар. Сонда бір баланың тәрбесімен алты адам айналысады деген сөз. Бізде де соңғы кезде баласына инвестиция салуға құмар отбасылар көбейіп келеді. Мен осыған қуанамын. Өйткені қай жерге барсаң баласын жетелеп жүрген, үйірмелерге тасып жүрген ата-аналарды көресің, баласының жетістігін әлеуметтік желіге салып мақтанып-марқайып отырған азаматтарды көресің. Сол балалар өзіне салынған қаржы-қаражатты, қажыр-қайратты әйтеуір бір ақтайды.

АЛАТАУ: – Болашақта «Мейірім» орталығы тіл үйрету курстарын ашуы мүмкін бе?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Мүмкін. Егер ісіміз ілгерілеп жатса, ондай бағытта да жұмыс істегім келеді. Ағылшын, қытай тілдерін өз методикаммен үйретсем деймін. Дегенмен, оған дейін біраз шаруаның басын қайыру керек. Жақын арада сахна өнері, телевизия өнері, ән өнері бойынша үйірмелер ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда дәріс беретін мұғалімдермен келісімге келіп, құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Мұнда да мықты мамандарды таптым деген ойдамын. Сахна тілі, актерлық өнер бойынша Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі,  Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы драма театрдың негізін қалаушылардың бірі, бүгінде «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, белгілі ақын, актер Жұматай Оспанұлы ағамызды дәріскер ретінде тартып отырмын. Ал ән өнері үйірмесіне өткенде ғана Славян базары фестивалінің бас жүлдесін иеленіп, қазақтың атын шығарған Рухия Байдүкенованың алғашқы ұстазы Жанар Ыстыбаева  сабақ бермек.

АЛАТАУ: – Сонан кейін бір естігеніміз, сіздердің үйірме тегін екен? Бұл қалай?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Иә, бәрі тегін. Негізі мемлекеттік бағдарлама бойынша оқытудамыз. Үйірмелердің тегін болғаны балаларға үлкен мүмкіндік болса, ата-аналарға кәдімгідей қолдау екені рас. Өзім де көп балалы анамын. Әр балаға ақы төлеп,  үйірмеге қатыстыруға әркімнің шамасы жете бермейді. Сондықтан мемлекеттің бұл ісі – өте құптарлық бастама. Бірақ осы жерде айта кетейін, бұл бағдарлама осы жылдың мамыр, маусым айларында басталды. Әзірге қаржыландыру тетіктері толық реттеле қойған  жоқ, сондықтан өз күшімізбен жұмыс істеудеміз. Мұғалімдердің жалақысы, ғимаратты жалға алу, оқу-құралдары секілді дүниелердің барлығына қажетті қаражатты өз қалтамыздан шығарып отырмыз. Дегенмен бәрі сәтімен шешілсе, бұл шығындарымызды мемлекет өтеп береді деген ойдамын.

АЛАТАУ: – Өзіңіз көпбалалы ана екенсіз, отбасының жұмысы, отағасының күтімі, бала тәрбиесі деген бар. Осының бәріне қалай уақыт тауып жүрсіз?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Бір іске кіріссем, бар ынта-жігер, ықылас-ниетіммен істейтін әдетім. Ерте тұрып, кеш жатып дегендей, үлгеруге тырысып жатырмын. Оңай демеймін. Орталық мен үшін екінші үйім секілді. Үйге қандай күтім керек болса, ол жақта да тура солай. Ұжымыма да үлкен алғыс айтқым келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой, сол кісілердің біліктілігінің, күнделікті сабаққа тыңғылықты дайындықтарының арқасында жұмысымыз ілгерілеп келеді.

АЛАТАУ: – «Мейірім» шығарма-шылық орталығына келгісі келген балалар не істеу керек?

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ: – Біз-бен хабарласу керек. «Мейірім» шығармашылық орталығы Талдықорған қаласындағы Жаңа Ғарышкер ықшам ауданында 5/5-үйде орналасқан. Инстаграмда да парақшамыз бар, (@meyirimdi_bala) жұмысымызды сол жерден көре алады.  Сол арқылы бізбен байланысуға болады.

АЛАТАУ: – Әңгімеңізге  рахмет. Ісіңізге   сәттілік тілейміз.

 

«МЕЙІРІМНІҢ» ордасы

Гүлмира СӘБЕТҚЫЗЫ (Еркежан Тыныбектің анасы): – Қызым Еркежан кескіндеме және көркемсөз оқу үйірмесіне қатысады. Үйірмеге қатысатын күнін асыға күтеді. Орталықтың ар-қасында қызым керемет нәтиже көрсетіп жүр. Бос уақыттында ұстазы үйреткен тәсілдерді үйде қолданып, тиімді уақыт өткізеді. Болашағынан зор үміт күтемін. «Мейірім» орта-лығында қызмет ат-қарып жүрген  әрбір ұстазға алғыс айтамын. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!

Клара ДҮЙСЕБЕКҚЫЗЫ оқушыларымен

Клара ДҮЙСЕБЕКҚЫЗЫ, Батик және мүсіндеу үйірмелерінің жетекшісі: – «Мен «Мейірім»  шығармашылық орталығындағы «Мүсіндеу» және «Батик» үйірмесін жүргіземін. Үйірмеге 4 жастан  асқан балалар аптасына 2 рет    келеді. «Мейірім»  шығармашылық орталығы жарық, кең, өте жақсы жерде орналасқан. Маған бұл ұжым өте қатты ұнайды, ұстаздары да зор құрметке тұрарлық жақсы жандар.Менің мақсатым жеткіншектерімнің шығармашылығын дамыта отырып, үлкен жетістіктерге жетуге өз  үлесімді  қосу».

Айнел ҚАЙРАТҚЫЗЫ, оқушы

Әсел ҚАЛТАЙҚЫЗЫ, (Қайрат Айнелдің анасы): – Алғашында интернет желісінен хабарландыруды көре сала қызыма айтып, «үйірмеге қатыс-қысың келеді ме?»  деп сұрадым. Үйірме орталығы «Мейірім» деп аталатынын, онда әртүрлі үйірме  барын айттым. Таңдауды өзі жасады, мен тек қолдап қалай, қайда болатынын хабарладым. Маусым айының 12 жұлдызында арнайы сайтына тір-келіп, орталыққа хабарласып, қажет ақпаратымызды алдық. Қызығушылығы сонша, бастаған бұйымдарды, жұмыстарын тез аяқтауға асығады. Ұстаздарының арқасында, әрбір жасалған жұмысы ұқыпты. Қызым жазғы демалыс уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуде. Ең маңыздысы, өзінің өмірінде қажетті іспен айналысып жүр. «Мейірім» шығармашылық орталығына қуана барады. Осындай орталық ашылғаны бізді қуантады. Балаларға деген мейірімдеріңіз ұлғая түсіп, бастаған істеріңіз биікке өрлей берсін дегім келеді!

Айлин ТЫНЫСБЕКҚЫЗЫ, оқушы

Жұлдыз ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ (Тынысбек Айлиннің анасы): – Сөздің басын ең алдымен «Мейірімді бала» орталығының құрметті меңгерушісі Гүлмира Қуанышқызы және орталықтың ұжымына алғыс айтудан бастағым келіп отыр. Мен осы орталықтың қатысушысы Айлиннің анасымын. Ата-ана ретінде шынайы ризашылық пен ақжарма алғысымды білдіргім келіп отыр!

Осы орталыққа қызым аптасына төрт күн 2 сағаттан қатысып жүр. Қызым кестелеу мен оригами үйірмесіне қатысады. Орталықта атына сай жылулық пен мейірімділікке толы ұжым жұмыс істейді.

«Мейірімді бала» орталығының үйірме жетекшісі Нұргүл апай қызымның қолөнерге деген қабілетінің дамуына үлкен әсер етті. Ол кісі – өз маманының шебері. Аз уақыт аралығында ине ұстай білмейтін қызым кесте тіге бастады. Айлиннің қолөнерге деген қызығушылығы күннен-күнге артып жатыр. Қызым үйірмеге барғанша асығады. Үйірме жетекшілері өз жұмыстарына беріліп, оны жүрекпен жасайды, оның қорытындысын баламның күнделікті нәтижесінен көріп отырмын. Ары қарай жұмыстарыңыз жемісті болсын! Әрдайым сәттілік сіздерге  серік болсын! Әр сәттеріңіз жақсылық пен бақыт, қуаныш пен күлкіге толы болсын.  Қабілетті балаларыңыз көп болсын! Қол жеткізген жетістіктеріңіз мол болсын!

 

Ислам БАХЫТҚАНОВ, оқушы

Бір үйдің үш қызы: Аида, Айша, Раяна.

 

Нұргүл ЕРШАТҚЫЗЫ, Кестелеу және оригами үйірмелерінің жетекшісі: – «Мейірім» балалар шығармашылық орталығы –  балалардың бос уақытын пайдалы және тиімді өткізуіне септігін тигізіп жатқан керемет өнер ордасы. Ашылғанынан бері аз уақыт өтсе де, оқушылар қолөнер, бейнелеу өнері бойынша бірнеше техникада жұмыс істеуді үйренді. Балаларының жетістіктеріне қуанып алғыстарын білдіріп жатқан ата-ана да өте көп. Оқушылардың аса үлкен қызығушылықпен қатысуының, ата-аналардың риза болуының себебі – орталықтағы жасалып отырған жағдайға байланысты.Орталық  директоры Гүлмира Қуанышқызы өз ісіне тиянақты, жауапты, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары  басшы деп айтуға әбден болады. Келген  әр адамды құшақ жая қарсы алып, кішіпейілділік танытуының  арқасында орталық  жұмысы да  өрге басуда. Атына заты сай, бұл жер нағыз «мейірімнің» ордасы деп айтсам болады.

Әзірлеген: Ардагүл ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ