Бала — біздің болашағымыз

0
2099

Айжан РАХЫМБЕКОВА:  «Үлкен ұлым Әлинұр  Талдықорғандағы НЗМ-ге емтихан арқылы өтіп, оқып жүр. Үлгерімі жақсы. Кішкентайынан құрас-тырғыш  конструкторлармен ұзақ ойнайтын, әлі күнге дейін қолы босай қалса, отыра  қалады. Өсе келе  интернетке қарап  түрлі сурет сала бастады.  Ондағы  суреттерді айнытпай салып, қызығушылығы арта түсті. Нағашы атасы ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, суретші болғандықтан, Әлинұрдың да  өнерге жақындығы бекер емес шығар деп Оқушылар  сарайындағы бейнелеу сабағына катыстырдық. Биыл жазда  «Мейірім» оқыту орталығы  ашылып, енді ол сондағы  бейнелеу өнері мен шешендік өнер үйірмесіне барып жүр. Бұл  орталық нағыз өнер сүйер балаларға арналған деп ойлаймын. Сабаққа барғылары келіп тұрады, себебі мұғалімдері  ерекше жандар.  Кіші ұлым  Әліби де ағасынан үлгі алып, білуге, үйренуге, өнерге құштар. Ермексаздан әртүрлі мүсіндер жасайды. «Мейірім»  орталығындағы Клара апайдың   арқасында  қызығушылығы артып, көп нәрсе үйренді. Балалар – біздің болашағымыз, ұлдарымның келешегінен зор үміт күтемін».

Арман — алға жетелейді

Салтанат  ИСАБАЕВА: «Нұрсұлтан 1.5 жастан балабақшаға барды. Мінезі өте сабырлы, салмақты. Кішкентайынан өнерге жақын болды. Әндерді, тақпақты да  тез жаттап алатын. Әкесі  Бахтияр Мұңайтпасов –  актёр, режиссёр мамандығын бітірген, бірнеше киноға да түскен.Ұлдарының өнерге деген қызығушылықтары әкесінен дарыған. Математика, сурет, қазақ тілі пәнін өте жақсы  көреді. Спорттан бокс, футбол, шахмат және вокал үйірмелеріне  қатысып жүр. Бауырмашыл,  інісіне қамқор, білгенін үйретіп жатады. Сара апасына әкесінің жоқтығын білдіртпей, сыйлық жасап,  анашым деп қуантуға тырысады.  Осы үйірмеден  жасаған заттарын да апаларының  туған күніне сыйлық етіп ұсыныпты. Ұлымның арманы  – генерал болу, спорттан әлем чемпионы  атану және Қазақстанға  өз үлесін қоссам дейді. Бір сөзбен айтсам, еліміздің елеулі азаматы атанғысы  келеді.  Әкесінің орындалмаған  арманын інісі Әділ екеуі бірігіп жетеріне сенімім мол. Ал, Әділім өте ерке,  бірақ  мінезі тік. Өз ойын  еш бүкпестен жақсы жеткізеді. Ақкөңіл, көпшіл мінезімен кез келген ортаға сыйлы. Өте белсенді бала. «ДЖИУ-ДЖИТСУ» спорт  түрін таңдап,  қатысып жүр. Белсенді бола тұра, сабырлық пен   шыдамдылықты  талап ететін мүсіндеу өнеріне қызығушылығы өте зор. Оның да өнерге деген қызығушылығы мен бойындағы сабырлылығы әкесіне ұқсаған. Әділдің арманы өте көп. Өскенде ұшқыш, спорттан әлем чемпионы болғысы келеді. Үйлер  салып,  бауыры Нұрсұлтан екеуі қайырымдылықпен айналыссақ дейді. Бұл оның болашаққа деген көзқарасы оң екенін  көрсетеді. Өмірде өз орнын тауып, арман-дарына жетіп, халқына адал қызмет етеді деп сенемін. Отбасымның атынан «Мейірім» үйірмесін басқарып отырған  Гүлмира Қуанышқызына, сондай-ақ, ұстаздар:  Клара Дүйсебекқызы, Алмас Бақытұлы, Сабина Сәбитқызына үлкен алғысымды айтқым келеді.   «Ұстаздық еткен жалықпас,  үйретуден балаға» деп  Абай атамыз  бекер айтпаған  ғой. Балаларымыздың өнерін ұштауда аянбай тер төгіп жүрген орталық  ұжымының еңбегі жемісті болғай.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ