Алты жаңа мектеп ашылды

0
1199

Бір жарым жыл  бойы мектеп көрмей, үйде оқу оңай болған жоқ. Бұл күндер ұстаздарды да, оқушыларды да, ата-аналарды да әбден сансыратты  десек  болады.  Енді, міне,  биылғы жаңа оқу жылында білім ошақтарының   іші   балалардың сыңғырлаған күлкісіне толып, қайта жаңғырды.   Еліміздің барлық білім ошағы  дәстүрлі форматта білім беруге көшті.

Биыл мектептерде оқу жүйесі  санитарлық шектеулерді сақтай отырып,  штаттық режимде жүргізіледі. Оқыту мерзімі жазғы мектеп есебінен төрт  аптаға ұзартылған. Ал, сабақтың ұзақтығы — 45 минут.

Сондай-ақ, «Бір сынып — бір кабинет» жүйесі қолданылады. Бар-лық  білім  беру  ұйымында білім беру процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық шаралар қабылданды. Атап айтқанда,  күнделікті термометрия, желдету, дезинфекция, «Ashyq» жүйесін қолдану, мұғалімдер мен қызметкерлерді 100% вакцинациялау. Бүгінде   жалпы педагогтердің 91 пайызы, техникалық қызметкерлердің 93 пайызы  вакцинация алды.

БИЫЛҒЫ  жаңа  оқу жылының жаңалығы  1 сыныпта «Әліппе», «Ана тілі», «Цифрлық сауаттылық» пәндері енгізілді.  Сондай-ақ, жаңа оқу жылында білім алушыларға мектеп формасы бойынша талаптар сақталып,   классикалық стилдегі ыңғайлы киіммен баруға рұқсат етілді.

* * *

ЖАҢА оқу жылында Талдықорған қаласындағы 48 жылдық тарихы бар Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы  күрделі жөндеуден өтіп, есігін айқара ашты.

Талдықорғандағы бетке ұстар мектеп оқу жылын 1700 оқушымен бастап отыр. Ал біріші сыныпқа 174 бала қабылданды.   Солардың қатарында  Айзере Арманқызы да бар. Алғаш меткеп табалдырығын аттаған бүлдіршін 1 «А» сынып оқушысы атанды.

«Мен мектепке оқуға келдім. Маған оқу-жазу ұнайды. Өскенде дәрігер болғым келеді. Сол үшін сабағымды тек беске оқимын»,  – дейді Айзере.

Күрделі жөндеуден өтіп, кем-кетігі ретке келген оқу ордасының материалдық-техникалық базасы да жаңартылған. Оқушылардың жан-жақты білім алуына бар мүмкіндік қарастырылған. Ендігіде, балалар физика, химия, биология пәндерінен зертханалық жұмыстарын емін-еркін жасай алатын болады. Компьютерлік құрал-жабдықтарменде толықтай қамтамасыз етілген.

АЙТА кетейік,  облыс бойынша   білім күні  Іле ауданында, Қарой ауылында 900 орындық, Боралдай кентінде 300 бала және Қосөзек ауылында 600 орындық жаңа мектептер  салтанатты түрде есіктерін  айқара ашты.

Сондай-ақ, Панфилов ауданы Аққұдық ауылының оқушылары үшін 120 орындық білім ордасында алқашқы  қоңырау соғылды. Қарасай ауданының Батан ауылындағы 450 орындық жаңа оқу орыны пайдалануға берілді. 1-қыркүйекте қоңырау үні естілген мектептер қатарын Ескелді ауданының Абай ауылындағы 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталығы бар 180 орындық білім ошағы толықтырды. Ұзын-саны облыс маңындағы аудандарда  алты мектеп қолданысқа берілді.

С. БАЗАРҚҰЛОВА. 

 


ПІКІР ЖАЗУ