Ақын жырлары қырғыз тіліне аударылып, айтыс өтті

0
1465

Алатаудың арғы-бергі бетін ен жайлаған,  төскейде  малы, төсекте басы бір қосылған, айыр қалпақты қырғыз елінде ұлан асыр той болды. Қырғыз Мемлекеттің «Егеменді ел болғанына 30 жыл  және Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына» арналған ғылыми конференция өтті. 

Қазақстаннан, Алматы мен Жамбыл облысынан барған арнайы делегация өкілдерімен Манас және Ш. Айтматов атындағы ұлттық академияда өткен  басқосуда Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының президенті Топчубек Тургуналиев, Қырғыз Республикасының Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Легендарлуу парламетінің төрағасы, мемлекеттің жаңа коомдук ишмер Медеткан Шеримкулов, Қазақстан Республикасының Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиев, Қырғыз Республикасының ұлттық Жазушылар одағының төрағасы Нураланбек Калыбаев, Қазақстан Жазушылар  одағының төрағасы Ұлықбек  Есдаулет, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Мамытжанов, Қырғыз Республикасының ел ақыны Акбар Рыскулов, Жамбыл облысының мәслихат хатшысы Махаетқали Сарыбеков, Алматы облысының әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаев, Қырғыз Республикасының ел әртісі Түгелбай Қазаков, Жамбыл  Жабаевтың немересі, Жамбыл  атындағы әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Салтанат Жамбылова, Шабдан батырдың шөбересі Жайнагүл Тайгүрөңова, Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының бөлім басшысы Алымбаев Абдрахман, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қатысты.

Алғыс сөзді Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының президенті Топчубек Турганалиев алып, қазақ пен қырғыздың туыстығы, достығы жайлы кеңінен толғай келіп, бұған дейін Абай Құнанбаевтың шығармалары қырғыз тілінде аударылса, енді Жамбыл Жабаевтың жырлары аударылғанын бұдан бөлек екі ел арасындағы рухани шығармашылық   жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып, Жамбыл мен Тоқтағұлдың достығына кеңінен тоқталды. Жүрегі мен жыры бір, бауырлас елдің бүгінде қырғыз ақындарының жырларын қазақтар, қазақ ақындарының шығармаларын қырғыз тіліне аударылып жатқаны кеңінен әңгіме болды. Бұл байланыстардың ұйытқы болуына Қазақстаннан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі үстіміздегі жылдың қаңтар айында жоспарланған бұл шара, қырғыз елінің Егемендігінің 30-жылдығына тұспа-тұс келгенін айтып, бұл үрдістің арты халықаралық ақындар айтысына ұласатынын тілге тиек етті. Қазақ пен қырғызға ортақ тұлға Жамбылдың. «Сүйегім-қазақ, етім-қырғыз» деп айтқаны тегіннен-тегін болмапты. Мәселен. Қырғыздың төкпе ақыны Тоқтағұл, итжекенге айдалып, сібірдегі түрмеден қашқанда, Қазақстанның арқа төсіне жасырынып, әлжиған соң «мені Жамбылға жеткізуге жәрдем етсеңдер» деген бұйымтайын айтыпты. Астына ат беріп, Ұзынағаштағы Жамбылға жеткен Тоқтағұл Жамбылмен қауышып, сырлас-мұңдас екі ақын шерлерін тарқатқан. Тоқтағұлды Қырғызға жеткізген Жамбылдың достыққа деген сеніміне селкеу түсірмеген Тоқтағұл, ел басына нәубетті жылдар келіп ашаршылық жайлағанда, Түймен келіп Жамбылдың отбасын қырғызға көшіп әкеткенін айтқан қазақ елі айтыс саңлақтарының шығармаларына ғылыми талдау жасады. ХХ ғасырдың Гомері атанған жырау жайлы Конференция барысында академия басшысы Топчубек Турганалиев, Жамбылдың қырғыз тіліне аударылған таңдамалы шығармаларын көпшілік назарына ұсынды. Құнды еңбекті қырғыз тіліне аударған әдебиетшілер Керимбек Кадыракунов пен Түгөлбай Казаков Жамбыл жырларындағы елдік пен батырлық жайлы ойларымен бөлісті. Конференцияда бұдан бөлек, қырғыздың көрнекті мелекет қайраткері Каныбек Иманалиевтің «Тагай бий (Мухаммед Кыргыз)» атты тарихи повесінің тұсаукесері өтті. ХVI ғасырда жасап, қырғыз елінің басын біріктіріп, ел болуға негізін қалаған Тағай бидің өміріне арналған кітап пен Жамбылдың қырғыз тіліне аударылған кітаптарының тұсау кесер рәсімі өтті. Өлмес өнеге, өшпес мұра қалдырған  жыр алыбы жайлы конференцияда Сүйінбай мен Қатағанының Тоқтағұл мен Жамбылдың есімдері қатар аталды.

Топчубек Тургуналиев: Қазақты дүние жүзіне танытқан Жамбыл атамыздың қырғызды, қазақты тең жырлаған шайырлығына тамсанам. Дүние жүзіне үш ақын болса, соның бірі Жамбыл атамыз деп білемін.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІХалықаралық Түркі академиясының президенті: «Құрметті туғандар, бірінші Қырғыз елінің егемендігіне 30 жыл. Осы бір қасиетті де, қастерлі төл  мерекемен  ағайындарды құттықтаймын. Осында егемендікті жариялаған, егемендік декларациясына қол қойған, атақты парламенттік скипері қазақ пен қырғызға ортақ тұлға, Шеримкулов Медеткан ағамыз арнайы келіп отыр екен. Аға біріншіден сізді құттықтағым келеді. Егемендіктеріңіз мәңгілік болсын! Осы игіліктің бәрі егемендік арқылы келіп отыр. Жамбыл жылын екінші рет ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған Манас және Шығыс Айтматов академиясының басшысы Топчубек Тургуналиевке алғысмызды айтамыз. Өйткені,  бұл әңгіме, қаңтар айының басында, Жамбыл жылының ашылуы осы залда басталған болатын. Сонда қазақ пен қырғыздың айтыс ақындарын жинап үлкен аламан айтыс өткізейік. Жамбыл бабамыздың мерейін жоғары деңгейде ұйымдастырайық, шығармаларын аударайық деп келісімге келгенбіз. Сол кезде Медетхан ағамыз бастаған топты өзгелер  қоштаған. Арада өткен сегіз айда  Жамбылдың шығармалары қырғыз тіліне аударылып, берген уәделері орындалып, бабамыздың 175 жылдығы мен қырғыз елінің егемендігіне 30 жылдығына арналған салтанатты шара басталады. Осы кітаптың тұсау кесерінен кейін біз қазақ, қырғыз айтыскерлерінің қатысуымен аламан айтысты көретін боламыз. Бұл айтыста қырғыз елінің айтыс қоғамының құрылғанына жиырма  жыл, егемендігіне   30 жыл  және қырғыз елінің нар тұлғасы Жеңіжоқ ақының 160 жылдығымен Жамбылдың 175 жылдығы айтыскерлер жырлайды. Кешегі Сүйінбай мен Қатаған айтысындай екі ел ақындары елдің бірлігін, ынтымағын жырлап, сөз жарыстырады. Бұл айтыстың басты тақырыбы «Жамбыл болсын»  деп ұйымдастырушылар ұран тастаған болатын».

Медетхан Шерикулов-легендарлуу парламенттің төрағасы: «Құрметті, Дархан мырза осымен екінші рет бас қосып отырмыз. Кеше Таласта «Мекенім Манас» атты тақырыпта салтанатты шара өтті. Бұл да қырғыз мемлекетінің 30-жылдығына байланысты шара. Айтыс мәселесі, қырғызбенен қазақты жақындатып, біріктіріп, әдебиет пен мәдениет бойынша бізді біріктіреді. Себебі, мұның басында  Жамбыл Жабаев тұр. Қазақ туғандар, қазақ пен қырғыз бір туған дейміз. Кейінгі уақытта қарым-қатынасымызда, бір солғындық бар. Мүмкін оның себебі пандемия шығар. Екі елдің ортасындағы алтын көпірді, бірінші экономикалық, саяси, мәдениет жақтары баяулады. Мұны мұнда қазақ мәдениетінің қаймақтары отырғанда айтпасақ қайда айтамыз. Қырғызда өтіп жатқан Жамбыл тойы, ұзағынан болсын!»

Мұнан кейін қазақ-қырғыз ғалымдары Жамбыл шығармашылығындағы зерттеу жұмыстарына тоқталып, айтулы кітаптың тұсау кесу рәсімін жасады.   Кешкі сағ 16.00-де Тоқтағұл атындағы филармонияда Аламан айтыс додасы жалғасын тапты. Оған 16 ақын қатысты. Қазақстаннан Мұқтар Ниязов, Айбек Қалиев, Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбдиев, Алтынбек Ибрагимов, Нұрлан Есенқұлов, Бөрібай Оразымбет, Аспанбек Шұғатаев қырғыз елінен  Асылбек Маратов, Кубат Тукешов, Жылдызбек Төрөканов, Мундузбек Боранчуеев, Баян Акматов, Турат Жумаев арасындағы айтысты бірінші айналымда қырғыз ақындары қазақтардан басым түсті. Қазақстаннан барған Бөрібай Оразымбет, Ержеңіс Әбдиев, Нұрмат Мансуровтар айшықты айтыс көрсете алмады. Тек Аспанбек Шұғатев  пен Мунузбек Борончуев арасындағы жекпе-жекте екі ақын да жан беріп,  жан алысты. Екінші күнгі айналымға төрт ақын финалға өтті. Үш айналымдық айтыс та қос бәйге тігіліп  бас бәйгені Айбек Қалиев, қырғыздық Асылбек Маратов, бірінші бәйгені Аспанбек Шұғатаев пен Ақмат Султануулу, екінші орынды Нурмат Мансуов пен Турат Жумаев, үшінші орынды  Бөрібай Оразымбетов пен Кубат Тукешов өзара бөлісті. Сонымен екі күнге созылған қырғыз ағайындардың мерейлі мерекесі мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған шара  өз мәресіне жетті. Енді қазан айында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерекесіне орай  Алматы облысына қазақ, қырғыз ақындарының айтысы өтетін болады.

                                                                         Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ