Талпынған жетер мұратқа
Камаш АМАНЖОЛОВА: «Немерем – Айсана Шындаулетова Назарбаев Зияткерлік мектебінің 3 «а» сыныбында оқиды. 2019 жылы осы білім ордасының табалдырығын аттады. Ол өз қолымен, фантазиясымен картон қағазы немесе басқа материалдармен желім арқылы заттардың макеттерін, моделін жасауды ұнатады. Сонымен қатар бос уақытын сурет салуға жұмсайды. Табиғат аясында серуендеп, оны тамашалағанды жақсы қөреді. Немеремнің қолөнерге, оның ішінде бейнелеуге деген құштарлығын кішентай кезінен байқап, әр кезде қолдау танытып келеміз. Бес жасында Талдықорған қаласындағы Басқару негіздер мектебіне (ШОУ) барып, даярлық тобында ерекшелігімен көзге түсті.
Бала бойындағы талантын дамыту үшін оған тиісті жағдайлар жасап, әр кезде қолдау көрсету керек. Сондықтан осы жылы жазғы демалыста «Мейірім» шығармашылық орталығының ашылғанын естіп, немеремді сол орталыққа бейнелеу өнері (сурет салу) үйірмесіне жаздырдық. Ол үйірмедегі ұстаздарының айтқанын, үйреткенін бұлжытпай орындап, сабақтарына қатысып отырды. Әр сабағы қызығушылық пен өнерпаздыққа толы болды.
Айсананың әлі де шығар шыңы мен белестері көп екеніне сенімдімін. Осындай талантты балалардың қызығушылығын арттырып жүрген мектеп қабырғасындағы және «Мейірім» шығармашылық орталығының барлық ұстаздарына үлкен алғысымды айтып, еңбектеріңіз әрқашан жана берсін дегім келеді».
* * *
Айнұр Тұрлыбайқызы: «Ұлым – Боран Хансұлтан Рауанұлы Назарбаев зияткерлік мектебінің 3 сыныбында оқиды. Ол өте ашық, сөйлеп қалған бала. Сондықтан да оны «біздің радиомыз» деп атап кеткенбіз. Кез келген тақырыпта ойын ашық әрі нақты жеткізеді. Айналасындағы адамдармен, құрдастарымен оңай тіл табысады.
Футбол ойнағанды өте жақсы көреді. Қағаздан әр түрлі заттар жасауды хоббиіне айналдырған. Болашақта атына сай елді басқаратын «Хансұлтан патша» деген боламын дейді.
«Мейірім» орталығында шешендік өнер және оригами үйірмесіне қатысады. Ұстаздарының арқасында тіл өнері мен қол өнерін дамыту үстінде. Орталыққа барғанның арқасында оригами сабағының жаңа техникаларын үйренді, шешендік өнер үйірмесінде тәрбиелік мәні бар өте көп әңгімелермен танысып, оны бізге, туыстарға да айтып жүреді.
Ал, қызым – Боран Райана Рауанқызы қаладағы №9 орта мектептің 2 сыныбында оқиды. Ол кішкентайынан сурет салуды ұнатады. Бұл өнері атасынан дарыған. Райана салмақты, жанашыр, істеген ісіне жауапкершілікпен қарайды. Болашақта дизайнер болуды армандайды.
«Мейірім» шығармашылық орта-лығында бейнелеу және шешендік өнеріне қатысады. Үйірмелерде алған білімін мектепте сурет және әдебиеттік оқу сабақтарында қолданамын деп қуанып жүр. Райана барлық туыстың туған күніне міндетті түрде сурет салып сыйлағанды жақсы көреді».
Айнұр Тұрлыбайқызының сөзінше, Боранның үлкен атасы қолөнерші болыпты. Балаларының осындай өнерлі болуы сол кісіден берілген дейді. Аталары өзінің бойынан бұл өнерді төртінші сыныпта байқапты. Сол кезде Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиннің портреттеріне қарап айнытпай салған екен. Үлкен сыныптарда батырлардың суретін сала бастаған. Алайда, бойдағы бар өнерін ары қарай дамытпай қалған. Аталарының жалғастыра алмаған өнерін бүгінде Хансұлтан мен Райана жалғап жатқаны қуантады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ