Отыз жылда отыз қадам аттай алмадық

0
1117

СОНАУ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДЫ БАСҚАРҒАН ГЕНАДИЙ КОЛБИН: «СІЗДЕР ҚАНША ТЫРЫССАҢЫЗДАР ДА, ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖА­САЙ АЛМАЙСЫЗДАР…. ЕНДІ АНА ТІЛІН ЖЕКЕ БАСЫНДА НЕМЕСЕ ОТБАСЫНДА ЖОЙ­ЫП АЛҒАН, ӘР САЛАДА БИЛІК БАСЫНДА ЖҮРГЕН ҚАЗАҚТАРЫҢЫЗДЫҢ ӨЗІ-АҚ, СІЗДЕРГЕ АНА ТІЛІҢІЗДІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖАСАУҒА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ» ДЕП АЙТТЫ, НЕ ДЕГЕН ӘУЛИЕ ЕДІ. ОРЫСТЫҢ ОТАРЫНАН ҚҰТЫЛДЫҚ, ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БОЛДЫҚ. МЕМЛЕКЕТТІК ІРГЕСІН ҚАЛАДЫҚ. ӘНҰРАНЫМЫЗ, ЕЛТАҢБАМЫЗ, ЕЛДІГІМІЗДІ КӨРСЕТЕР КӨК БАЙРАҒЫМЫЗ БАР. ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ 30 ЖЫЛ ТОЛДЫ.

Алайда, мемлекеттік тіліміз төрге шықпады. Колбин айтқандай Ана тілін жеке отбасында жойып алғандар, әрі әр салада билік ба­сында жүрген өзіміздің түрі қазақ тілі орыс шенді-шекпенділер Мемлекеттік тілді тұншықтырып келеді. Құжат жүзінде Конститут­цияда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — Қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылса да, ол іс жүзінде кәдеге аспады. Мемлекеттік бюджетттен қыруар қаржы бөліп, тіл орталықтарын аштық. Мұнда оқыған өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді игеріп кетті. Құдай төбеден ұрғанда өзіміздің қазақтар кері тарт­ты. Мысалы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өз отандарына оралған Неміс, Кәріс, Еврейлер күні бүгінге дейін Қазақстанға деген сағынышын, қазақ тілінде ән жыр­ларымен жеткізіп жатады. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, орыс- танып кеткен өзіміздің қазақтар тіпті ресей мемлекетіне шағымданып, қазақ тілінің аясын тарылтуға ат­салысып, соттасып дау-жанжал шығаруда. Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев та «екі қазақ бір-біріңмен қазақша сөйлеспейсіңдер» деген болатын. Саясат дегеніңде көз бо­яйтын сиқыршының нақ өзі екенін санасы оянған халықта сезіп жүр. Кейінгі жылдары дүркін-дүркін мемлекеттік тіл туралы ереуілдер жиіледі. Зиялы қауым бастаған, өзгелері қостаған миллионға жуық қол жиналып, Президент Қасым- Жомарт Тоқаевқа жолданды. Бірақ та, оңды нәтиже көре алмадық. Қазақстанда мемлекеттік тіл өркен жаю керек дегеннен әрі аспа­ды. Күннен-күнге, жылдан-жылға қазақ тілінің қадірі қашып барады. Жоғарыдан, нақты жарлық түспей, үкімет өзі бастап, іс-құжаттарын мемлекеттік тілге түбелікті көшірмей, ресми тіл орыс тілін өндірістен шеттетпей мемлекеттік тіл өрісін ұлғайта алмайтыны айдан-анық. Оғанда нақты фактілермен жау­ап беріп көрелік, Алматы облысын Шалбай Құлмаханов басқарған кезеңде 2007 жылы іс-қағаздарының бәрі мемлекеттік тілге көшірілген болатын. Осы үрдісті Шалбай Құлмаханов жоғарыдан билік күтпей өзі жүзеге асырған болатын. Одан кейін облысты басқарған Серік Үмбетов пен Аңсар Мұсахановтың тұсында да, іс-қағаздар мен жи­ындар мемлекеттік тілде облыста жүзеге асып жүрді. Ал, одан кейінгі кезеңде идеологиялық ахуал, ру­хани ашаршылыққа ұласты. Об­лыс әкімі Амандық Ғаббасұлы да таза қазақша көсіліп кете алмады. Енді, білім беретін жүйеге қарай ойыссақ. Жалпы, Республика бой­ынша балаларын орыс мектептеріне беріп жатқан қазақтар саны арту­да деп дабыл қағылуда. Жылма- жыл бастауыш мектептердің саны көбеюде деп бөркімізді аспанға атып жүрсек, оның тең жарымы аралас мектептер мен таза орыс сыныпта­ры екенін естігенде, мемлекеттің тілдің болашағы бар ма, жоқ па?» деген күмән санадан кетпей тұрып алады. Өзге ұлт өкілдері балала­рын, аралас мектепке таза орыс тілінде оқытса түсіністікпен қарар едік. Масқара болғанда, ана тілінен жерінген қазақтар отбасында ресми тілмен шүлдірлегендер «баламызға сабақ түсіндіру қиынға соғуда» деп ұлт болашағының тамыры­на балта шабуда. Мұндайға жол берген жоғарғы билік өкілдернің мемлекеттік тілге тас бүйректеніп алғанын көрсетіп тұрған жоқ па? Әгәрәки, мемлекеттік тіл толық айналымға түскенше қазақ баласы қазақ тілінде білім алатын болсын. Мемлекеттік қызметкерлерде жап­пай ана тілінде жиындар өткізіп, іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшірілсін деп жарғы шығарып, заң жүзінде бекіттірсе және ресми тіл заңнан алынып тасталса сол сәттен бастап әлгі шүлдірлеп жүргендер аз күнде қазақша бұлбұлша сайрайтын еді. Алайда, «Өзің дүмшесің, кімге пір болғандайсың» демекші, балық ба­сынан шіріп тұрса, кімге өкпелейсің. Бір ғана Талдықорған қаласында 25 мектеп болса, соның 20-сы аралас, 5-уі ғана таза қазақ мектебі екен. Осы 25 мектептің біреуі кешкі мек­теп, 2-еуі жекеменшік. Жалпы, Ал­маты облысы бойынша білім беретін мектептер саны 760. Оның 307 ара­лас, ресми тілде білім беретіндер саны 10. Бұл ақпаратты біз облыстық білім басқармасынан алып отыр­мыз. Ақпарат берушілер қазақ сы­ныптарында қазақ балалары, орыс сыныптарында қазақ, орыс және өзге ұлт балалары оқиды. Аралас мектептерде балаларға арналып өткізілетін іс шараларға басымдық мемлекеттік тілде өтеді-дейді. Осы арада күмән туындайды. Аралас мектептердегі шараларға қазақ тілінде басымдық беріледі дегендері қисынға келмейді. Өйткені олардың бәрі іс-шара барысында қазақша сайрамай­ды, ресми тілде сөйлейді. «Сен неге қазақ тілінде сөйлемейсің» деп, ұстаз айта алмайды. Ұстаздың үйтіп айтуға құқысы да жоқ. Ал енді, аралас мек­тептерде оқып жүрген қазақ балалар болашақта ұлттың мүддесін қорғай ала ма? Ана тілінің уызына қанбағандар а т а — аналарынан көргенін жасап, мемлекеттік тілдің өркендеуін тұсаулайды. Міне, қыл аяғы білім саласында да, мемлекеттік тілге де­ген керіағар көзқарастарды көресің. Оған басты себеп, балаларын қазақ сыныбынан алып, аралас не бол­маса таза орыс сыныптарына беріп жатқан шала қазақтар мемлекеттік тілді менсінбеуде.

Ұлт тағдыры таразыға түсіп тұрған шақта мемлекеттік тіл тұншығып, мылқау баланың күйін кешіп, Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде отыз қадам аттай алмауы­на жоғары билік те кінәлі. Бізбен бірдей Тәуелсіздігін жариялаған ТМД мемлекеттерінің ешқайсында мемлекеттік тіл туралы мәселе жоқ. Олардың мемлекеттерінде тұратын барлық ұлт өкілдері сол мемлекеттің тілінде оқиды әрі сыйлайды. Біз кең қолтық елміз деп, «Достық үйін салып, Ассамблея құрып, ұйғыр, орыс, кәріс мектептерінде ашып бердік. Оларда бізге дән риза, олар мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылыс жасап та келеді. Балақтан та рт ы п , өздерін де балаларын да орыстандырып жүрген сол баяғы өзіміздің шала қазақтар. Олардың ұлттық на­мысы өліп кеткен. Қанша жерден иммунитетін көтерсек те, ұлттың, тілін, дінін қызғыштай қорғай алмағандар арасында мемлекеттік қызметшілердің де үлесі бар. Жеті, сегіз тілді еркін меңгергендер өз ана тілдерінде жатық сөйлей ал­май жүр. Мемлекеттік тілді ысы­рып қойып, ана бір жылдары орыс­ша, ағылшынша, қытайша тілді оқытайық деген шенділерді көрдік. «Бояушы боя дегенге сақалын бо­япты» дегендей, әуелі мемлекеттік тілді тұғырға қондырып алмай тұрып, ағылшынның, қытайдың тіліне аң- сарымыз ауды. Соның бірі Дариға Назарбаева қытай тілін мектептерде оқытуды бастама ретінде көтерді. Ол аз десеңіз, жоғары шенеунік болған Ахметжан Есімов, Елбасының ал­дында ағылшынша баяндама жа­сады. Дәл, сол жерде өзінің ұлттық тілі ана тілін жоғары қоя алмады. Есесіне, үш тұғырлы тілді білем де­гендей арқаны кеңге салды.

Ахметжан Есімовтің бұл тірлігіне Елбасы Нұрсұлтан риза болған жоқ. Есесіне таза қазақ тілінде ба­яндама жасаса Елбасы сүйсінер еді. Интернет желісін ашып, көрші Президенттеріне зер салсақ, бәрі өз ана тілдерінде жиын өткізеді. Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттері ешуақыт та екі тілде жиын өткізген емес. Қырғызстанда да орыс тілі ресми тіл ретінде заңмен бекітілген. Алайда қай жиындарын қарасаңыздар қырғыз тілінде айтыс-тартыс болып жатады. Ал, бізде, Президенттен бастап, үкімет, жергілікті әкім-қаралар сөздің бисміласін ана тілде бастап ары қарай орыс тілінде оқыранған жылқыдай, жорғалағанда орыс- тардың өзі шаңдарына ілесе алмай қалады. Көріп көңілің құлазып, мемлекеттік тіл-ді көркейтеді дегендер қазақ тіліне келгенде тілдеріне теріскен шыққандай былдырлап, танауларының астынан міңгірлеген қазақты көргенде, тілінен, дінінен жерігендер ел басқарып жүргеніне жүрегің ауырады. Олар осы ерсі қылықтарын ар да, ұят та санамай­ды. Жақында интернет желілерінде орыс тілі сыныптарында қазақ тілі пәні сағаттары қысқарады екен де­ген хабар тарады. Бұл қаншалықты дәлелді екенін дөп басып айту қиын. Желідегі ақпарат жалған деп білім министрлігіде теріске шығармады. Ең сорақысы сол балаларын қазақ мектепке берген шалақазақтар ба­лаларын орыс сыныптарына беріп жатқаны туралы жиі айтыла баста­ды. Парламент Мәжілісінің депутаты Қазбек Иса депутат болғалы жағы бір талмай мемлекеттік тілдің мұңын- мұңдап, жоғын-жоқтап, ПРЕЗИ­ДЕНТ ПЕН ҮКІМЕТКЕ сұрау салып хат жолдаудан шаршамай келеді. Енді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаткер Дос Көшім Білім және ғылым минстрлігінде қазақ мектептерінің жай-күйі жайлы ба­яндама жасады. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Павло­дар облыстарының аудандар мен ірі елді мекендерінде кездесулер өткізіп, қазақ мектептерін аралап шыққанын айтты. Дос Көшім мыр­за орыс тілді азаматтарды, ба­лаларын қазақ мектебіне беруге шақырып, іс-шаралар өткізгенін, орыс балаларының қазақ мектебінде бара жатқан суретін жарнамалап, барлық жерге жапсырып, орыс тілді ата-аналарға әсер ететіндей сөздер жазып ілгенін айтады. Жергілікті халықпен кездесулер өткізіп, қазақ мектептері мен қазақ тіліне қатысты көптеген мәселелерге көз жеткізгенін тілге тиек етті. Әсіресе, солтүстік өңірлерде орыс тілді аудандар мен ірі ауылдарға көшіп барып жатқан қазақтардың өте көп екенін, алай­да осы өзгеріске сай қазақ тілді мектептердің ашылуы өте си­рек екенін айтты. Тіпті болашағы жоқ деп танылған ауылдарға да қазақтардың үздіксіз келіп жатқанына қарамастан, олардың ба­лаларына арнап қазақ мектептерін ашу мүлде қарастырылмаған. Сонда олардың балалары көрші ауылдарға қыстың-көзі қырауда қатынау ата- аналарға оңайға соқпасы айдан анық. Дәл сол көрші ауылдарда таза қазақ мектебі бар ма, аралас болса, оңтүстіктен таза қазақ тілінде білім алған балалардың көңіл-күйі қалай болмақ. Бұл жайында жерглікті биліктің бас қатырып жатпағанын айтқан Дос Көшім мырза, Астана мен Көкшетау қалаларының орта­сында орналасқан үш қабатты ау­рухана ғимаратын қазақ мектебіне айналдырған жергілікті биліктің мемлекеттік тілге деген құрметінің солғын екенін байқаған. Ал онда 330 бала білім алса, дәл сол ауылда типтік үлгіде салынған үш қабатты орыс мектебінде небәрі 130 бала білім алуда-дейді. Мұндай келеңсіздік Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ұлан ауданында жүзу бәсейінін қазақ мектебіне айналдырыпты. Міне, біздің қазақ шенділерінің қазақ тіліне, қазақ білім ордаларына деген сый құрметін осыдан-ақ көруге бо­лады. Бұл дегеніңіз ұлт мүддесіне қарама-қайшы әрекет. Осыдан кейін ата-аналар қалай қазақ мектептеріне балаларын бергісі келеді. Себебі, қазақ мектептерінің техникалық тұрғыдан дұрыс жолға қойылмауы, Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы қазақ мектебіне айналған жүзу бассейнінің сынып бөлмерінде терезе жоқ болса бала­лар қалай толыққанды білім алмақ. Сыныпқа айналған жүзу бассейні болған мектепке не аралас, не таза орыс сыныптарын оқытып көріңізші. Орысы бар, өзіміздің шала қазақтар бар, жоғарыға арызды қарша бо­ратып, Мәскеуден көмек сұрар еді. Жаныңа шаншудай қадалатыны балаларын қазақ мектебінен алып орыс тектебіне беріп жатқан ата- аналармен де сөйлескен «Ұлт тағдыры» қоғалысының төрағасы Дос Көшімнің пікіріне біздің де алып-қосарымыз жоқ. Бұл 2012 жылы жүргізілген рейд болатын. Одан бері де өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Керісінше, жылма-жыл ара­лас сыныптардың саны артып келе жатқаны айтылуда. Бұл да мемлекеттік тілге деген қауіптің басымдығын көрсетеді.

Мақала соңын қайсар жазушы Шерхан Мұртазаның мына ұранды сөзімен түйіндегенді жөн көрдік. «Ұлттығыңды жойып, тіліңді кесіп, ауызыңды буа берсе қорқақ та боласың, бүгежек те, именшек те боласың. Бір адамның рухсыз болуы сор, ал тұтас ұлттың рухынан ай­ырылуы қасірет!».

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ