Вакцина – Covid-19-дан қорғаудың бірден бір жолы

0
1158

Осы жылдың 1 қаңтарынан бері Талдықорған қаласындағы  облыстық ауруханада  коронавирустық инфекциясына   шалдыққан  3363  науқас   емделіп шықты.   Қазіргі таңда  ауруханада   210 науқас  коронаға қарсы  ем қабылдауда . Оның  20-дан астамы жансақтау бөлімінде  жатыр.  Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық аурухананың  бас дәрігері Анарбек МОНГОЛ мәлім етті.

Бас дәрігердің  сөзінше,  үшінші толқында  індетті жұқтырушылар  саны саябырлады. Бұған  басты себеп  халық арасында вакцинациялаудың   қарқынды түрде жүргізілуі  де септігін тигізуде.

«Коронавирустық инфекция және оның алдын алу» атты тақырыпты арқау еткен брифингте  А. Монголхан  коронавирус жұқтырып түскен науқас вакцина алған болса, оның ауруы екпе алмаған  вирус  жұқтырушыға қарағанда анағұрлым жеңіл өтетіндігін айтты.

«Екінші толқын басталғанда  вакцинациялау әлі қарқын алмаған кезең болатын. Дәл сол шақта ауруханаға  түскен   науқастар саны  толассыз еді. Дәрігерлерге  де дертпен күресу оңай болмады. Ал, екпе  қарқын алғаннан бері  вируспен күресу   медицина мамандарының жұмысын  біраз жеңілдетті деуге болады. Үшінші толқында анық байқалғандай,  вирус жұқтырғандардың  60-70 пайызы вакцина алмағандар болып отыр. Негізінде, вакцина алғандарға қарағанда  екпе алмағандардың ауруды өте ауыр түрде өткізетінін басып айтқым  келеді. Жалпы, вируспен ауырған адамдардың басым бөлігі емделіп шыққан соң  есту қабілетінің нашарлағанын, көздің көруіне де кері әсерін беріп жатқанын айтып, дәрігердің алдына қайта барып жатқандар  қатары көп. Сондықтан,  вирусты оңай жеңу үшін, қосымша аурудың алдын алу жолында  міндетті түрде вакцина алған жөн.

Үшінші толқын  бәрімізге де үлкен сабақ болды. Халықтың да көзі ашыла бастады.  Дей тұрғанмен бұл дерттің шыныменде  қатерлі екенін тұрғындарға жеткізе алмай келеміз. Әрбір азамат тәжді тажалдың қауіпті екенін сезіне алмай келетініне іштей  қынжыласың. Бұл дертті жеңудің жалғыз  жолы бар болса, ол – вакцина. Сол себепті дертпен күресіп  келетін қатардағы дәрігер  ретінде  халықты жаппай вакцина алуға, одан қорқып қашудың қажеті жоқ екенін құлақдар еткім келеді. Вакцина – бұл өзіңізді, балаларыңызды, отбасыңызды және қоғамды COVID-19-дан қорғаудың бірден бір жолы болып табылады» – деді облыстық аурухананың бас дәрігері Анарбек МОНГОЛ.

Бас дәрігердің  сөзінен кейін брифингке жиналған журналистер қауымы қауіпті дертке қатысты  көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

C. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ