Көмірдегі кептеліс
Қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Қараша басталып қара суыққа ұрынған халық отын іздеп сабылуда. Бұл бір ғана Алматы облысына тән құбылыс емес-ті. Республиканың Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан өңірлерінде көмір үшін қызыл кеңірдек болып, қырылысып жатқан халықты көресің. Көмір қоймаларындағы ұзақ сонар кезекте тұрғандар вагондардан түскен көмірді пышақ үстінен талап әкетіп жатыр. Екі-үш күн кезекте тұрып жете алмадық, оның үстіне көмір бағасы көтерілді деп ұлардай шулаған халыққа аяушылық танытқаннан басқа қолдан келер дәрмен жоқ.
Алыпсатарлар мен ортада жүрген делдалдардың айы оңынан туып тұр. Қыл аяғы көмір тиейтін қалақшасы бар тракториске де қолына тиын-тебен ұстатпасаң, дұрыс көмір ала алмайсың, – дейді тұтынушылар. Мәселен, Алматы облысындағы Панфилов ауданында көмірдің бағасы 21 мың теңгеге жеткен. Ал, оны сонау Сарыбел ауылына жеткізу үшін 10 мың теңге төлейсің. Сол ауылдың Болат есімді тұрғын : «4 тонна көмірді 21 мыңнан 84000 мың теңгеге алдым, жалдаған көлігіме 10 мың теңге төледім, сонда барлығы 94 мың теңгеге шықты. Бұл көмір көктемге дейін жетпейді, таулы аймақта тұрған соң тағыда қосымша көмір аламыз. Тапқан нәпақамыз көмірге ғана жетті. Оны алмасақ қыс бойы дірдек қағамыз ғой», – дейді. Бұл бір ғана Болаттың басындағы жағдай емес, ауыл халқының барлығының басындағы мәселе осы. Ал енді осы аудандағы қытаймен шекаралас «Құндызды», «Алтынкөл» көмір базасындағы көмір бағасы 17-18 мың теңгеден айналады. Ондада, алдын-ала хабарласып көмірдің бар жоғын біліп барып бармасаң, босқа сандаласың. Көмір де «қасқалдақтың қанындай» қат тауарға айналды деген ауыл тұрғындарының мұң-зары көңіл толқытады. Панфиловпен іргелес жатқан Нарынқол ауылындағы «Ойқарағай» көмірінің тоннасы сол аймақтардағы тұрғындар үшін 16 мың теңге, оны Кегенге жеткізу үшін тағыда көлік ақысын есептей беріңіз – дейді, біз хабарласқан Сабыржан есімді азамат. Қыркүйек айында Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Бағлан Абылханұлы. Көмір бағасы 14-14500 теңге аралығында болады деген-ді. Алайда, «үйдегі есепті, базардағы нарық бұзады», – демекші, күн сайын құбылған баға, бағасы аспандаған жанармай, қыл аяғы күнделікті тұтынатын азық-түлік, коммуналдық шығындар икемге көнбей, көл бетіндегі көбіктей көпіріп шыға келді. Президент үкіметке жергілікті жерде бағаның шектен шығуын бақылауда ұстауды әкімдерге тапсырған-ды. Бірақ, нарықтық жүйенің, әрі тасмалдаушылар мен тауар өндірушілердіңде билікке қоятын өзіндік талаптары бар. Оларда жанармай және электр энергияларының қымбаттауы, өнім өндірушілерді тығырыққа тірегенін, бағаны көтеруге мәжбүр екендерін айтуда. Ақыры еркіндікке кеткен баға қатты отынға да келіп жетті. Көмір бағасы 14-14500 теңгеден ары аспайды, бұған тасымалдау құны қосылмайды деген облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы жергілікті жерде көмір бағасының көтерілгенін білмейді емес, біліп отыр. Бар гәп көмірдің қымбаттығына да қарамастан тапшылығы ауыл тұрғындарын әуре-сарсаңға салуда.
Интернет желісін ашып қалсаңыз, Алматы облысында көмірдің тоннасы 20 мың теңгеге жетті. Бұл бағаға тасымалдау құны кірмейді. Ал күн суытқалы көмірге таласқан жұрттың тіптен трактордың тиегіш тұсына да шығып алған бейнежазбасын көресіз. Бұл оқиға Кербұлақ ауданында болған. Ауданға тәулігіне небәрі екі вагон ғана көмір келуде. 50 мыңдай тұрғыны бар аудан қыс мезгілінде 74 мың тонна көмір жағады деген ақпаратта трактордың көмір салған қалақшасына шығып алған әйелдің бұл іске еріккеннен бармағанын көруге болады. Осы көмір тапшылығына байланыс-ты, Кербұлақ ауданының әкімдігі түсініктеме берді. – «Халықтан дүрлікпеуін сұраймыз. Әйелдің жүк тиегіш көліктің көтергішіне мініп алған бейнесі тарады. Мұның бәрі – арандатушылық. Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданының тұрғында-рына көмір сатумен «Санчез» (Шұбаркөл) және «СаудаКөмір» ЖШС (Қаражыра) айналысады. Қазан айында Сарыөзек бекетіне 42 вагон жеткізілді. Бүгінде Сарыөзек станциясында 10 вагон бар. Барлығы кезекті сақтау арқылы жүзеге асырылуда», – деді Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев. Аудан тұрғындары қыста 74 мың тонна көмір жақса, 53 мың тоннадай көмір сатылған. Облысқа тәулігіне орташа есеппен 90 вагон көмір келеді. Күн суытқалы өңірде 926 мың тонна қара отын сатылған. Әкімдіктің ақпаратынша, көмірдің тоннасы 14 мың теңгеден келгенімен, ол халыққа 20 мың теңгеден сатылады. Бұл бағаға жеткізу құны кірмейді. Тоннасы 14-14 500 теңгеден болады деген көмірдің бағасы тұрғындарға неге 20 мың теңгеден сатылуда? Бұл бағаға көмірді алушылардың жетер жеріне жеткізетін құны кірмейтіндігін аудан әкімі де айтып тұр. Облыстық әкімдіктің өңір халқына түсіндіру жұмыстарын нақты жүргізбегендігін осыдан білуге болады. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы облыс тұрғындарына әу баста көмір бағасы зауыттан 14-14 500 теңгеден сатып алынды, ол жергілікті жерге жеткенде баға тағы өзгереді деп ашып айтулары керек еді. «Домбырам менің не дейді, қобызың сенің не дейді», – дегендей, көмір бағасы қыбаттамайды дегенге сеніп, халық та жайбасарлыққа салынып, күн суыта бастағанда қам-қарекетке көшті. Тым құрыса бір тонна көмір түсіріп алайық деген тұтынушы-лар енді көмір қоймаларының есігін күндіз-түні күзетіп жүр. Ал, Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратына зер салсақ, «сұранысты қанағаттан-дыруға мүмкіндік жеткіліксіз болды. Көмір тапшылығын болдырмау мақсатында жоспар жасалды», – дейді. – «Қоймаларда жазғы кезеңнен қалған қалдық 13,3 мың тоннаны құрайды. Өңірде 77 көмір қоймасы бар, оның ішінде 50-і тұйыққа жиналады, 27-і қоймаға. Райымбек ауданында «Ойқарағай» көмір разьезі бар. Облыс бойынша көмірдің орташа бағасы 14-14 500 теңгені құрайды. Теміржол қатынасы жоқ өңірлерде жеткізу қызметін есепке алмағанда баға 19-20 мың теңгеге дейін барады. Аудандар мен қалалардың әкімдіктері жаз мезгілінде тұрақты негізде қатты отынды алдын-ала сатып алу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осылайша ауа-райының құбылуымен облыстың көмір қоймалары мен тұйықтарына сатып алушылардың ағыны басталды. Сұранысты қана-ғаттандыруға мүмкіндік жеткіліксіз болды, бұл көмірдің жасанды тапшылығына алып келді», – дейді. Құдай жамандықтың бетін әрі қылсын, қатты отын үшін көмір тиегіштің қалағына шығып алған әйел жазатайым болса не болмақ. Ал, әйелді трактормен көтеріп, түсіріп жүрген тракторшы жігітке ақыры айыппұл салынған. Қауіпсіздікті қаперге алмаған бейнежазбаның интернетке тарап хитке айналған әйелде «Санчез» ЖШС-ның жұмысын реттеу үшін осы әрекетке барғанын айтуда. Жалпы, Кербұлақ ауданындағы 15 ауылдық округке 64 ауыл кіреді. Барлығы көмір жағады. Ауыл адамдарының айтуынша, кентке күн сайын көмір келмейді. Ауданға екі, кейде төрт вагон көмір күнара жеткізіледі екен.
– «Белсенділер көмір алдымен тек Сарыөзек кентінің тұрғындарына таратылсын деп отыр. Түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазір станцияда 10 вагон көмір тұр. Бүгін жартысын, қалғанын басқа күні төгеміз. Қоймаға келетін көмірдің бір вагоны кент тұрғындарына, қалған төртеуі ауыл тұрғындарына жіберіледі. Қазір қанша адамның көмір алған, алмағанын анықтадық», – деді аудан әкімі. Бұл бір ғана Кербұлақ ауданынына тән құбылыс емес. Басында айтылғандай, республиканың барлық аймағында болып жат-қан оқиға. Көмір тапшылығын болдырмау мақсатында әрі көмірді жеткізу жоспары жаздың бел ортасынан-ақ басталады. Жер қара, күн жылыда ауыл және қала тұрғындары көмірді ертерек алуды көздейді. Күн ыстықта алынған көмір үгітіліп, жағуға жарамсыз болып қалады. Сондықтан күз мезгілінде алған жөн дейді. Қазір Алматы облысы күн сайын «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» АҚ-мен бірлесіп, БП Алматы бөлімшесі көмір разьедерінен көмірді тиеуге және олардың болуына мониторинг жүргізуде. Бұдан бөлек, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, теміржол қатынасы жоқ аудандарға автокөліктермен көмір жеткізу ұйымдастырылуда. Көмір бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді дейді. Алайда, баға көтеріліп жатқанын ауыл тұрғындары айтуда. Алматы облысында тәулігіне орташа есеппен 90 вагон көмір түседі. Бүгінгі таңда 926,3 мың тонна, яғни, 68 пайыз қатты отын сатылса, қоймаларда жазғы кезеңнен қалған қалдық 13,3 мың тоннаны құрайды.
Айтақын МҰХАМАДИ