Қоғамдық көлік қызметі қашан түзеледі?
Жаңа автобуспен бірге халықтың тынысы кеңігендей болды десек те, қалашілік көліктердің қозғалысына тұрғындардың наразылығы басым болып тұр. Олардың дерлігі күннің суығында, әсіресе, кешкілік уақытта аялдамада автобустарды сағаттап күтуге тура келетінін айтады.
Қазіргі таңда Талдықалада 195-ке тарта автобус бар. Ал, тұрғындар наразылығын тудыратын басты нәрсе – автобустардың интервалдары тым ұзарып кеткен. Салдарынан жолаушылар қоғамдық көлікті ұзақ уақыт күтуге мәжбүр. Интервал стандартқа сай болуы үшін алғашқы аялдамадан соңғы аялдамаға дейінгі уақыт бір сағатты құрауы тиіс. Ал шын мәнінде, бұданда көп уақыт жұмсайтын автобустар да бар. Бұқара халықтың кейбірі осындай мәселе жайлы шағымданса, кейбірі шағын аялдамаларға, одан қала берді оқушылар мен студенттерді көрсе тоқтамай кететінін айтып шағымдануда.
Халық айтса, қалып айтпайды демекші, қоғамдық көліктің аздығынан таңғы, кешкі мезгілде жұрт діттеген жеріне уақытылы жете алмайтыны рас-ақ. Осыдан кейін жолаушылар амал жоқ таксиге отыруға мәжбүр. Дей тұрғанмен такси қызметіне жүгінуге кез келгеннің қалтасы көтермейтінін қосыңыз… Аялдамаға ілінген тақтайшаларда көрсетілгендей, автобустардың аралық жиілігі бар болғаны 5-10 минут және таңертеңгі сағат 06:00-ден кешкі 23:00 уақыт аралығы деп жазылған. Ал, кей автобустарды кемінде жарты сағаттай күтуге тура келеді. Күту былай тұрсын, кешкі 20:00-ден кейін қаладан бірде бір қоғамдық көлікті таппай қалатын сәттер болады. Ал, сенбі мен жексенбіде автобустың жүру жиілігі мүлдем азаяды. Неге???
Естеріңізде болса, қала ішіне қатынайтын тозығы жеткен автобустарды жаңарту мақсатымен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің «Ақнар», «Жан ел», «Сайман», «Таксопарк», «Транстал» автопарктері үшін облыс орталығында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік даму институты акционерлік қоғамы арқылы жалпы құны 2 321 462 000 теңге болатын 55 автобус сатып алу жоспарланған болатын. Сатып алынған автобустар тасымалдаушыларға жылдық 4 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 7 жыл мерзімге лизингке берілді. Осы жаңадан алынған автобустарға Қонаев көшесі 11 мекен жайы бойынша газбен жұмыс істейтін жанармай құюға арналған автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясының құрылысы іске қосылды. Енді қала бойынша әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау мақсатында комиссия (Қала әкімінің 21.02.21ж. №5 өкіміне сәйкес құрылған) тасымалдаушылар ұсынған шығындар есебін қарап, қаланың әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесін де жасады. Осы орайда, жолаушылар тасымалдайтын автопаркке 38 жаңа автобус берілген болатын. Сол 38 автобустың 28-і қала маршрутына шықса, 10 автобустың құжаттары рәсімделіп, пайдалануға беруге дайындық үстінде. Қалған 17 автобус жылдың аяғына дейін әкелінбек.
– Автопарктің 70-ке жуық автобусы бар. Оның ішінде жаңа автобустармен 7 көлік қамтылды. Қоғамдық көліктердің әрқайсысының өз бағыттары бойынша кестелері де әр түрлі уақытта басталады. Әр автобус аралық уақытын 8 минуттан, 10-15 минутқа дейін ұзартты. Ал, демалыс күндерінде автобустардың аз жүру себебі: оқушылар мен студенттердің сабаққа қатынамауына байланысты кесте бойынша солай жасалды. Ал кестенің жасалуына «Жолаушылар тасымалдау орталығы» жауап береді. Қоғамдық көліктердің интервалдары ұзарып кеткенінің өзге де себептері бар. Мәселен, қалада қоғамдық көліктер айналып өтуі керек жолдар мен жөндеу жүргізіліп жатқан жерлер бар. Бұл автобустарға қиындық тудырып, уақытты жоспарлауға кедергі келтіреді. Автобустардың аялдамаларға тоқтамай кетуі мүмкін емес, бізде әр автобуста GPS навигатор бар, сол арқылы қадағалап отырамыз. Арыз-шағым айтып хабарласқан тұрғындар көп. Маған тоқтамай кетті деп айтып жатады. Біз сол сәтте GPS навигаторын ашып, тоқтаған, тоқтамағанын көреміз. Кейбірі аялдама емес жерлерге шығып немесе автобус кетіп бара жатқанда қолдарын көтереді. Кейін көлік тоқтамаса, тоқтамады деп ренжиді. Әрине, қоғамдық көліктерге тек аялдамаларға тоқтау міндеттелген. Жолаушыларды автобус схемасы туралы ақпараттандыру керек деп ойлаймын. Мысалы : электронды табло, аялдамаларға карта ілу арқылы және де web-қосымша infobus арқылы автобустардың қай жерде келе жатқанын көре алады, − дейді «Transtal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Манарбек Жарахметов.
Атқарылуға тиісті шараларға жүйелілік пен жауапкершілік қажет екендігі ешқандай талас туғызбайды. Дей тұрғанмен, қоғамдық көліктер мен жол қатынасын бақылайтын құзырлы органдарға тұрғындардың айтар өтініші, ол – автобустар қызметі дұрыс жолға қойылса, қоғамдық көлік жүргізушілері орнықты тәртіпке келтірілсе, жаңа деген автобустардың барлығы дерлік қолданысқа беріліп, көлік кестесінің жүру жиіліктері арттырылса…
ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ
Көңіл толмай тұр
Анель Толеухан , студент: – Оқып әрі жұмыс істеймін. Таңертеңгілік автобустар шағын аялдамаларға тоқтамай өтеді. Ішінде адам көп болған соң аялдамаларда тұрған бір-екі адамды алмай кетеді. Жарты сағат тұрып, келесі көлікті күтуге тура келеді. Ал, такси бағасы қымбат. Өзім шағын аялдамада тұрған соң, кейде үлкен орталық аялдамаға барып күтемін.
Бақыт апай, қала тұрғыны: – Балам мектептен кешкі алты-жетілер шамасында қайтады. Бұл уақытта автобустар өте аз жүреді. Сол себепті үйге кеш келеді. Қазіргі уақытта ештеңе емес, ал күн суытқанда қалай болады? Шыны сол, балам үйге аман-есен келгенше алаңдап отырамын.
Ал, сенбі, жексенбіде қоғамдық көлік жиі жүрмейтіні тағы белгілі. Апта бойы жұмыстағы адамдар дәл осы күні сауда орындары мен базарға азық-түлік алуға шығатынын бәріміз білеміз. Алайда автобустың жоқтығынан таксимен қайтуға мәжбүрміз. Өз басым, қоғамдық көлікке көңілім толмайды. Соның ішінде күнделікті қатынайтын №8 маршруттың жұмыс кестесі дұрысталса деймін.
Арайлым БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ
Сурет ғаламтордан алынды.