Жаркенттік диқандар жүгері бағасына налып жүр

0
1356

Елімізде азық-түлік бағдарламасын орындауда жүгерінің адамға да, малға да азықтық қасиеті орынды бағаланып отыр. Сондай-ақ өнеркәсіпте бағалы шикізат есебінде әр түрлі мақсаттарға пайдаланылуы біздің республикамызда жүгеріні кең көлемде өсіру қажеттігі мен мүмкіншіліктерін айқындады. Республикамызда тың және тыңайған жерлердің игерілуі қуатты егіншілігі мен мал шаруашылығы дамыған ірі шаруашылықтар құруға негіз болды.

Қазіргі уақытта жыл сайын республиканың барлық аймақтарында егіс үшін 2,8 миллион гектар, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс облыстарында дәндік жүгері есебінде 140 мың гектарға өсіріліп келеді.

Оңтүстікте дәндік, сүрлемдік жүгеріден тұрақты мол өнім алынып жүр. Ал, Солтүстік аудандарда жылы кезең қысқа болатындықтан,  жүгерінің бапталуы,  өсу мерзімі  95-100  күннен  аспайды.  Сондықтан,  мұнда жүгерінің  ерте  пісетін  бұдан  және  сортты тұқымдары  сүрлем үшін егіледі.

Диқан қауымы  қоңыр күз келсе алажаздай  төккен  маңдай  терлерінің өтеуі қайтама,  қайтпайма   деп алаңдайтын болды. Оның басты себебі,  ерте көктемде жер жыртып,  тұқым себер уақытта  «күнге қарап құбылған күнбағыстай жанармай бағасы көтеріліп шыға келеді.  Қарызданып-қауғаланып,  күзгі жиын-терін  кезінде  есептесеміз деп жүргенде,  жанармай бағасы тағы құбылып, шаруаларды ала шапқынға салады.  Ірі шаруалар болмаса ұсақ шаруалардың тұқым себу,  оны күтіп-баптау,  суғару  және күзгі жиын кезінде жалдайтын техниканы есептесеңіз, зар жылап жүрген шаруаларды көресіз. Техникаға қажетті  дизель  отынының құны жылдап емес,  көктем мен күз кезінде қымбаттауы диқан қауымды  «танауын тасқа соққан балықтай»  сансыратып жіберді. Оның үстіне  «кісідегенің кілті аспанда»,  – дегендей, өндірген өнімдерін өткізетін уақытта,  сатып алушыларда өнімнің бағасын бұлдап,  бұлталаққа салады дейді шаруалар.  Жалпы,  Жетісу өңірінде астық  және қызылша  мен жүгері өнімдері диқан қауымының басты табыс көзі.  Қызылша мен жүгеріге субсидия бөлініп келеді.  Алайда,  жылдан-жылға қымбатшылыққа ұрынған шаруалар несиеге алған техникаларының өтеуін төлеп бітпей жатып, шығынға батып жатқандарын айтып, бозторғайдай шырылдап жүр. Тіпті, 2020 жылдан басталған «пандемия мен Ковид-19» індеті ауыл шаруашылығымен өнім өндіретін кәсіпорындардың экономикалық ахуалын тежеп келеді. «Жығылғанға жұдырық тиіпті», – дегендей, былтырдан бері бастау алған қуаңшылықта, әрі жазғы маусымдағы су тапшылығы,  жауын-шашынның сирек болуы өнімнің бітік шығуына кедергі болды.

Мал азығын дайындау үлкен мәселеге айналды.  Қазақстанның Батыс және Оңтүстік Қызылорда, Солтүстік өңірлерде ірі қара мен жылқы,  ұсақ малдар қырылып қалды.  «Күні бүгінде мал азығының бағасы да аспандап тұр. Кейбір шаруалар қыстық азықтарының жетіспеушілігінен қара күзде мал бағасын түсіріп сатып жатқандарын айтуда. Қалай болғанда да  шаруа  қауымы енді өндірген өнімдерін тиімді бағаға  өткізгісі  келеді.  Мәселен, дала аруы атанған жаркенттегі диқан қауымы үшін қазір қарбалас науқан басталып кетті. 26586 гектарға егілген жүгерінің бүгінгі таңда 23000 гектары орылып бітті. Енді 3000 гектардай қалды, – дейді Панфилов ауданы әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары Шухрат Курбанов. Диқан  қауымды  екі ұдай күйге салып қойған жанармай бағасы  292-ден,  325 теңгеге шарықтаған. Шаруалар үшін жасалған жеңілдік  қыркүйек, қазан айында 198 теңгеден айналыпты. Бұл бағаның өзі де диқан қауымына  ауыр тиіп тұр. Мәселен өткен жылы дизель отынының бағасы 187 теңге  болған-ды. Қазір жаркенттік дихандардың өндірген өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын екі зауыт жұмыс жасауда. Шикізатты сатып алушылар жүгерінің бір килограмын 90 теңгеден алуда.  Ал, үкіметтен берілген субсидияны қосқанда 96 тенгеден айналуда. Бұл бағаға келіспеушілерде бар. Осы бағытта жүгері бағасы туралы аудан әкімінің орынбасары Ш.Курбанов, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ж.Наймантаев, «Жаркент Крахмал-сірне» зауытының директоры В.Халиков  Пенжім ауылдық округінің 2 қырманында жиналыстар өткізіп, түсініктеме жұмыстарын жүргізгендерін айтты.

–  «Қазіргі таңда бізде  жүгеріні қайта өңдеумен айналысатын Панфилов өңірінде 2 зауыт жұмыс жасап тұр. Атап айтқанда  1-ші: «Жаркент Крахмал-сірне зауыты». 2-ші: Пенжім округінде құрғақ порт аймағында салынған «Феникс Фит Мэллс» комбикорм зауыты және оның сыртында «Шамалған крахмал-сірне» зауыты жүгеріні қабылдайды. Бүгінгі «Жаркент крахмал-сірне» зауытының қойған бағасы құрғақтығы 14 пайызға дейінгі жүгеріні  90 теңге, ал ылғалдығы  20 пайызға дейін 80 теңге болуда.  Бұл негізі бастапқы баға. Оның сыртында осы қайта өңдеу орындарына өткізілген жүгерінің  килограмына 6 теңгеден мемлекет тарапынан субсидия төленеді. Сонда жүгерінің бағасы 14 пайызға дейінгі ылғалдылықпен 96 теңге 20 пайызға дейінгі ылғалдылықпен субсидияны қосқанда 86 теңгені құрайды.

Ауыл шаруашылық мамандарымен және тауар өндірушілермен бірігіп жасаған 1 гектар шығынын есептеген кезде гектарына барлық технологияны қолданған жағдайда шығын  300 мың теңгені құрайды. 1 гектар жерден орташа есептеп 5 тонна жүгері жиналатын болса оны 5х91 көбейтсеңіз 455 мыңға теңге одан шығымын 300 мың теңгені шығарса 1 гектар жерден 155 мың теңге таза пайда қалады. Бұл жерде жалпы орташа өнім есептелді.

Ал 5-8 тонна аралығында  алған жағдайда  бұл көрсеткіш жоғары көтеріледі. 1 гектарға кеткен 300 мың теңге шығынын есептегенде жанармайдың және техникамен істелетін қызметтер гербецид, тұқым минералды тыңайтқыштарды пайданылған судың және сушының барлығын қымбаттаған бағалары ескеріліп есептелінген»,  – дейді.  Алайда, жүгерінің бір килограммы 150 теңгеден болсын деген диқан қауымының басты талабы қазір орындалмай тұр. 90 теңгемен  мемлекеттен бөлінген субсидия бағасымен 96 теңгеге қанағаттанбаған кейбір шаруалар жүгерілерін қоймаларына сақтап, көктемде саудалағанды қалайды. Бірақ, оның ылғалдылығы мен сақтау процесіндегі таза өнім болса жақсы. Ал, көгертіп алса, оны өткізу қиямет-қайымға айналады. Тіпті, мұрты бұзылмай сақталды дегеннің өзінде, жүгері бағасы бидай бағасымен пара-пар болуда. Бидай бағасы қымбаттаса,  жүгері де қымбаттайды екен.  Шаруалардың ұтылып жатқандағы бір себебі егістік басынан комбайнмен орылған жүгеріні бірден тасымалдап әкететіндер 86 теңгеге бағалауда.  Себебі, оның ылғалдығы басым дейді. Ал, қырмандарға жайып,  сұрыптап, кептіріп өткізгенде салмақ жоғалтатынын айтуда. Шикізатты қайта өндірушілердің де өз есебі бар. Саудаласа келе шаруаларды өз талаптарына көндіруде. Аудан әкімдігініңде басты міндеті жинаған өнімді дер мезгілінде өткізіңдер деп шаруаларды үндеп бағуда.

«Былай тартсаң арба, былай тартсаң өгіз өледінің» –  керін көрген шаруалар үшін алажаздай тартқан мехнатының жемісін жегісі-ақ  келеді. Алайда,  ылғалдығы басым болса,  86 теңгеден өткізген жүгеріден зиян шекпесе,  пайда көрмесі айдан анық.  Мал азығы мен түрлі крахмалдық өнімдер өндіретін жүгерінің пайдасы ұшан-теңіз. Тіпті, құс фермалары осы жүгері өніміне мол тапсырыс беріп жатады. Тек қана Панфилов ауданы ғана емес, көрші Ұйғыр ауданыда ежелден осы жүгері өнімімен айналысып келген. Соңғы жылдары мал азығы үшін  Жетісу өңіріндегі барлық шаруалар осы жүгері өніміне жаппай көшкен. Талғар,  Іле,  Көксу  тағы да бірқатар аудандар жүгері егіп,  мал сүрлемін дайындауда. Кешегі кеңестік кезеңде жалпы республика бойынша ғана емес, 15 одақтас республикаға атағы жайылған Панфилов ауданы дала аруын өсіруден рекордтық көрсеткіштерге жеткен-ді. Тіпті, миллионер колхоз, совхоздар қала типтес ғимараттар салып, одақтың барлық көлемінен Жаркентке тәжірибе алмасуға келіп жататын. Екі мәрте «Еңбек Ері» атанған Николай Голавацкий құмды өңір «Құндыздыға» жоңышқа егіп жаңалық ашқан-ды.

Б.Біләлов,   Ы.Қожахметов, Н.Сауранбаев  сынды саңлақтар  шыққан өңірден бүгінде олардың ізбасарларын таба алмайсыз. Себеп,  заман басқа, заң басқа, ұжымдық шаруашылық деген аты болғанымен қам-қарекеті  жекенің мүддесі. Нарықтық жүйеге көшіп, жекешелендіру басталғанда «балапан басымен тұрымтай тұсымен» кеткен дәуір келіп, рекордтық көрсеткіш түгілі өндірген өнімдерін дұрыс бағаға саудалай  алмаған диқаншылар, біресе үкіметке, біресе сан құбылған жанармай бағасына жаутаңдап қалды. Бейнеттен көз ашпаған шаруалар  көктемгі қарбаластан бастап жер жырту, тұқым себуден бөлек, жүгері басы қылтиып шыққанда, су үшін қызыл кеңірдек болып жатады. Судың басы мен аяғын-да отырғандардың арасындағы қарама-қайшылықтар мен су бағасы да біраз жылдан бері шу болып келеді. Енді, міне, шикі өнімді  саудалауда зауыт өкілдерімен келісімге келсе,  бірі келісе алмай, қара күздегі тайталас басталды.  Шерхан Мұртазаның тілімен айтсақ : «бір кем дүние».

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ