Жеңіс тұғырынан көрінді

0
1183

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Дарын» ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болды.

Еліміздің барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 300-ден астам оқушы төрт бағыт бойынша 264 жоба ұсынды.  Байқау 1-6 қараша аралығында қашықтан өтті.  Оқушылар «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде», «Экономикалық және әлеуметтік процесстерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – «Казақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен перспективалық туристік бағдарлар» сияқты төрт бағыт бойынша жарысты.

Талдықорған қаласының NIS командасы он екі зерттеу жұмысын ұсынды.

10 сынып оқушылары Мерей Бисенгалиева мен Аружан Баяхмет «Жастардың психоәлеуметтік аспектілерін зерттеу» ғылыми жобасын қорғады. Олар анонимді онлайн сауалнама жүргізу арқылы жастардың өзін-өзі оқшаулауының психоәлеуметтік аспектілерін зерттеді.

Сонымен қатар  10 сынып оқушылары Нұрдәулет Қөпбосынұлы мен Жансерік Бекқадір күрішті ысырапсыз өңдеу жолдарын зерттеп, еліміздің экологиясы мен экономикасын жақсартуды ұсынып отыр.

Жас ғалымдар сөзінше, ауылшаруашылығы  қалдықтарын пайдаға жарату халық шаруашылығының аса маңызды проблемаларының бірі болып табылады. Қазіргі таңда белсенді көмір алу үшін 1 тонна ағаштан 10-15 пайыз  ғана белсенді көмір алынады.  Жас зерттеушілер зерттеу жұмыстарын  жүргізе отырып белсенді көмір алу барысында ағаш пайдаланбай орынына қоқыс алаңына тастайтын күріш қауызын пайдалануға болатынын  дәлелдеді.

Желілік ғылыми жобалар байқауының қорытындысы бойынша бұл жұмыстар ІІІ орынды иеленді.

Ал, 12 сынып оқушылары Дәурен Жанайдар мен Валерия Ким Қазақстан топырағынан актиномицеттердің оқшаулануын анықтады. Зияткер оқушылар топырақ үлгісінен актино-мицеттердің таза дақылдарын бөліп алуды жүзеге асырды, актиномицеттердің бактериялық сынама дақылдарына қарсы антагонистік белсенділігін  зерттеді және микробқа қарсы белсенділігі жоғары микроорганизмдердің ең перспективалы изоляттарын анықтады.

Зерттеу жұмысы «Дарын» ғылыми жобалар байқауында ІІ орынға ие болды.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.

 


ПІКІР ЖАЗУ