Алпыс дегенің алты-ақ күндік жол екен

0
1886

Есімі алты Алашқа мәлім, Қалиев Серік  Мақұлбекұлын білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Өткен ғасырдың 1984  жылдары көмескіленіп қалған айтыс өнері телевизиялық экранға шыққанда,  жасындай жарқылдаған бозбала ақындық өнерімен елді тәнті етіп,  Республикаға таныла бастайды. Айтыс пен поэзияның тізгінін тең ұстаған абзал азамат та алпыс дейтін асқаралы шыңға ту қадап тұр.

1961 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы,  Жамбыл ауданы,  Амангелді ауылында дүниеге келген. Амангелді орта мектебін 1978 жылы бітіріп,  Жамбыл Гидро-Мелиорация Құрылыс Институтының «Ауыл құрылысы» факультетіне түсіп,  1983 жылы жоғары білім алып, еңбек жолын құрылысшы  болудан  бастаған. Ұлттық өнеріміз айтыстың жандануына сүбелі үлес қосып,  іргетасын қаласқан Серік  Қалиев тек  қана  айтыскер емес, сан-салалы мамандықты меңгерген, шәкірт тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол баулыған айтыскерлер Айтмұхамбет Исақов (Мұхамеджан Тазабектің ұстазы),  Айнұр Тұрсынбаева, Ахметжан Өзбеков және т.б. шәкірттер аламан айтыстарда топ жарып жүр. Өнер мен шығармашылық жолына біржола ден қойған ақын мәдениет, БАҚ салаларында,  көркем және деректі фильмдер шығарумен үзбей айналысып келеді. «Хабар» арнасында  «Мың бір мақал,  жүз бір жұмбақ»  және  «Қазақстан» Ұлттық телеарналарында  «Шынның жүзі» атты бағдарламалардың авторы. Оның қаламынан туындаған «Жұлдыз-сезім»  (1992 жыл),  «Ақмоншақ» (1997 жыл),  «Егіздің сыңары»  (2000 жыл),  «Ғашық хат» (2001 жыл),  «Иманым менің – жиғаным» (2007 жыл),  «Алла діні  – аманат» (2008 жыл),  «Болашаққа хат» (2014 жыл), «Ынтымаққа ынтығу» (2014 жыл),  «Жүздесу» (2016 жыл), «Ұлтыңды сүйсең…» (2016 жыл), «Көңіл терезесі» (2017 жыл),  «Ақын жолы», «Атадан жақсы ұл туса», «Жерұйық» (2017 жыл),  «Жақсы адамдар» (2019 жыл), «Біз әлі кездесеміз» (2021 жыл), үш томдық  «Таңдамалы» жыр жинақтары және мақал, ғибратты әңгімелері жарық көрген.

«Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек,  жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деген тәмсіл сөзді жадына түйіп өскен  жандар достықтың, азаматтықтың қадірін  ісімен дәлелдегендер арқылы қадір тұтады.  Айтыс сахнасындағы әріптесім, замандасым Серік Қалиев өнерге бізден бұрын келді.  Сонау 1984 жылдары бастау алған  ақпа-төкпелік жыр сайысы  көгілдір экранға шығып,  Жүрсін Ерманның  Республиканың әр өңірінен айтысқа бейімі барларды шырақ алып іздеп кеткен кезі болатын. Ол дәуірде  айтыс ақындары Манап Көкенов,  Көкен Шәкеев,  Қалихан Алтынбаев, Көпбай Омаров,  Әсемхан Қосбасаров,  Әбікен Сарыбаев сынды аға буын саңлақтардың өзі алпыс-жетпісті алқымдап қалған ақтангерлер еді.. Жасыратыны жоқ, айтыстың алғашқы көшінде облысаралық айтыстарда ақсақалдар шоғыры басым болды.  Құм астынан алтын іздегендей жастардың жалт ете қалуы, әлімсақтан келе жатқан ұлттық өнермен бұқара халықтың қауышуы,  шөліркеген елдің қайнар бастауға лап қойған кезеңі осы – 1984 жылдары басталды. Оңтүстіктен – Әселхан Қалыбекова, Қостанайдан – Әсия Беркенова, Торғайдан – Қонысбай Әбілов, Көшетаудан – Баянғали Әлімжановтардың арасында  қияқ мұрты тебінген,  қыран тұмсықты Серік Қалиевтің Республикалық айтыста,  ҚазҰҰ-дың студенті Оралдық  Әлима  Сабыровамен  айтысы көптің көңілен шықты.

«Армысың Әлима қыз Казгудегі,

Еседі жанарыңнан жаздың лебі.

Есіме ертерек шақтар түседі ылғи,

Қыздардың естілгенде назды үндері.

Байқаймын сенде өнерге құштар жансың,

Қуана талабыңды құптар халқың,

Казгу-де зачет алып жүргеніңдей,

Айтысқа жарамайды шпаргалкың.

 Үніңді құлақта естір,  жүректе естір,

Гүлімді қалайша мен жыр етпеспін

    Алғашқы айтыстағы емтиханды,

   Тек беске тапсыруға тілектеспін» , – деп  табанда суырып салып айтудың жастар арасында  үлгісін көрсеткен де, осы  Серік Қалиев еді.

Ардагер айтыскерлер арасында көшке ерген тайлақтай өзіндік үнімен, сөз саптау мәнерімен жұрт назарына ілікті.  Әсия,  Әселхан,  Қонысбайлардан әлдеқайда жасы кіші болсада буырқанған бурадай отты жырлары,  қыз-жігіт айтысында  Әлиманы әудем жерге апарып тастаған-ды. «Ел іші, өнер кеніші» дегендей, шам түбіндегі жылтылдаған білтедей жана-жана жалындай бастаған айтысқа елдің аңсары ерекше  ауды.  Алматыдағы Республика сарайы  аузы-мұрнынан шығып,  халық сыймай жататын. 1987 жылы комсомол комитетінің ұйымдастырумен жастар арасында Қазақ радиосы «Ұшқын» бағдарламасы ұйымдастырған республикалық айтыс өтті. Осы айтыста мен Талдықорған облысының атынан тікелей эфир арқылы, әйгілі сазгер,  ақын,  Казгу-дың  студенті  Табыл Досымовпен айтыстым.  Ол Алматы қаласының намысын қорғады. Кейіннен айтыстың соңғы қорытындысы бойынша үшінші орын алып,  жүлдені алу үшін Қазақ радиосына барғанымда Серік Қалиев, Шорабек Айдаровпен таныстым. Сол жылдың күзінде комсомолдың 70 жылдығына орай Қызылорда облысында тағы жүздестік. Біздің достық  қарым-қатынасымыз осылай басталған-ды. Одан кейінгі сан айтыстарда Серіктің ұшқыр ойлы таланты, тас жарар ақындығына сан мәрте куә болғам.  Серік тек қана айтыскер емес, лирик ақын. Ел арасында «Серік пен Шорабек», «Есенқұл» айтыпты дейтін қағытпаларды бүгінгі той басқарып жүрген  асабалардың бәрі айтып жүр.

Тоқсаныншы жылдардың бас жағында Тараз қаласында Есенқұл мен Шорабектің жекпе-жек айтысы дүркіреп өтті.  Екі ақынның айтысына елдің құмары тарқамай,  жалғасын Жамбыл ауданы көрсін деген ниетпен жігіттер ауданда айтыс ұйымдастырады.  Ол кезде қазіргідей құжынаған көлік жоқ, жамбылдық ақындардың арасындағы жалғыз көлік  Серік Қалиевте болған ғой. Оның өзі, екі аяқты мотоцикл. Соған ең құрметті қонақ Есенқұл міңгесетін болыпты да,  қалған ақындар автобуспен жол тартыпты.  Рөлде – Серік, артына міңгескен Есенқұл, Серіктен сұрап алған рюкзагына домбырасын салып алып, екеуі құстай ұшыпты.  Көңілденген Есенқұл:

«Ұшады Серік мінген мото құстай,

Мотоға Серік мінсе хас арыстай.

Жабысып артында оның мен отырмын,

Балыққа бара жатқан мас орыстай», – деп өлеңдетіп келе жатқанда мотоцикл өшіп қалыпты. Бырқылдаған көлігінің ауруын жақсы білетін Секең свечасын тазалап,  қайта оталдырып ызғытып бара жатса,  көл маңайында балық аулаған орыстарды көрген Серік:

«Бұл мото талай жерге ұрып барды,

Ауылдың шетіне кеп тұрып қалды.

Артымдағы көк көзді сені көріп,

Іштері орыстардың жылып қалды», – десе,  іліп алған Есенқұл:

«Илейді мотоцикл тасты құмдай,

Зулайды мотоцикл жастығымдай.

Ілініп оған әрең мен отырмын,

Бүгінгі орыс-қазақ достығындай», – деген екен.  Міне,  ағамен інінің жарастығы. Өнерге, өлеңге, достыққа деген адалдықтары сүт бетінде қалғыған қаймақтай қалың болды. Серіктің айтыстарының өзі бір шоғыр. Бос сөз айтпайтын,  қалжыңы қазы-қарта жегізгендей езу тартқызатын. Бірде  республикалық наурыз айтыста, көкшетаулық құлагер ақын Құдайберлі Мырзабековпен саз қағыстырады. Қалың орыстың ортасынан келген Құдайберліге:

Атыңды ауылыңда Коля дейді.

Бізде оны Құдайберлі бала дейді.

Коля боп біздің үйге кіріп барсаң,

Жеңешең бетін шымшып оля дейді, – деп, тіл мәселесін сонау тоқсаныншы жылдары ақындардың алды болып қозғаған-ды. Сол мемлекеттік тіл мәселесі Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, тұғырға қона алмай,  жиындарда күн тәртібінен, айтыстарда ақындардың ауызынан түспей келе жатқан жоқ па? Қарсыласқа қалжыңдап отырып-ақ,  әлеуметтік мәселені майдалап жеткізетін. Өзінің жерлесі сазгер, ақын Үміт Битенова егіз баланы өмірге алып келіп, аяқ-қолын бауырына алып, шираған соң айтысқа түсіп,  қарсыласы Серік болып шығыпты. Сондағы Секеңнің айтқаны:

Үмітжан не білесің, не білесің,

Жеңемін деп Серікті желігесің.

Жинап-жинап баланы бірақ туып,

Қайта-қайта тууға ерінесің, – деген ғой. Қыз бен жігіт арасындағы  әдемі қалжың, сыйласымдылық осындай-ақ болатын шығар. Айтыстың көркемдігіне, сөзінің салмақты болуына аса мән беретін. Қайсібір айтыскерлердей қарсыласты келсін-келмесін қағытып,  көңілін жасыту, жүлде үшін өңешін жыртып, тамыр-таныс іздеп шабылу Серікте болған емес. Әттең айтыстан ерте кетіп қалды. Ертерек кеткенінің себебі де бар шығар. Саф алтындай таза өнердің лайланып,  жаттандылыққа ойысып бара жатқанын,  дүние үшін дүрбелеңге түсіп жүрген кейінгі толқындардың, отыз-қырықты алқымдаған ағаларын шалсың, – деп, жастардың арасында неғып жүрсің  деген сыңаржақ   пікірлерін естігісі келмегендіктен кетті ғой деп пайымдаймын. Есесіне артынан қаншама шәкірттер баулып шығарды. Оларды  балапан кезінен  қанатын қатайтып, тұғырға қонған қыранға айналдырды.

Айтыстың аққуына айналған Айнұр Тұрсынбаеваның айтыстағы жеткен жетістіктерінің  бәрінде ұстазы Серік Қалиевтың зор үлесі бар.  Айтмұхамет Ысқақов, Ахметжан Өзбеков те осы Серіктің төл шәкірттері. Ол тек қана айтыскерлер дайындап, қосып қана қойған жоқ. Одан тәлім алған шәкірттерінің бәрі «екі тізін бір шылбырды тең ұстаған» айтыскер әрі поэзияда өнімді өлеңдер жазып жүрген хас жүйріктер. Серіктің айтыстары туралы таңды-таңға ұрып айтуға да, құлаш-құлаш мақала жазуға да болар еді. Мен осының  бір екі мысалын ғана нысанаға алып отырмын. Серіктің тағандарының өзі бір том болған шығар. Оның «Жалған», «Үй сатам» деген  төрт шумағына зер салыңызшы.

Дос емес жұрттың бәрі бірге жүрген,

Жарасып бірге ойнап-күлгеніңмен.

Асығың алшысынан түсіп тұрса,

Жаныңа үймелейді кім көрінген, – немесе

 

Ғұмырды сүрсеңде сен мен сүрмеген,

Күйіме түр көрсетпе менсінбеген.

Үйім арзан болғанмен, көршім қымбат,

Үйімді бірге сатам көршімменен, – дейді «Үй сатам» деген өлеңінде. Оқырманын бейжай қалдырмайтын, не жазса да өндіріп жазатын Серік, айтыстан кеткен соң поэзияға біржола ден қойды. Сан-салалы шығармашылық жұмыстармен айналысты. Айтыстағы жіберген есесін поэзиядан алды. Оның жазған тағылымды-тәлімді  жырларын білім ұясында сабақ беретін ұстаздар аңғарып жүр ме, жоқ па, ол жағы маған беймәлім. Тек ұстаздар ғана емес, интернет желілерінде біріне-бірі зәрін шашып жүрген жас та,  жасамыс та,  «Қарға мен бұлбұлды»  бір оқыса ойға шомбай қаламасы хақ!

Жаман боп шықса досы кімде-кімнің,

Күнәға бата берер күнбе-күн мың.

Әркім өз лайығын жағалайды,

Қонады қарға қиға, гүлге бұлбұл, – дейді.

«Аянышты» деген тәмсілді жырына  назар аударып көріңіз.

«Тауық құс емес, жалқау кісі емес» – деп айдарлап алып толғайды.

Болсада руы мен ұлты қандай,

Құрметті болмас адам құлқыны оңбай.

Жалқау мен жасық қана өмір бойы,

Өтеді арманына ұмтыла алмай.

 

Әркімінің жетегінде жүрер жаман,

Өз басын алып жүрер ырқы болмай.

Ойға алған мақсатыңа қадам жаса,

Шошымай көп ішінде кірпі бардай –деп құлқын үшін құл болғандарға, әркімнің жетегінде жүрген жасықтарды мінейді,  қамшылайды. Жалпы, оның жырларына баға берер мен сыншы емеспін. Тек қана тәлімді-тәмсілді жырларына ғана тоқталып отырмын. Асқаралы алапыстың шыңына ту қадаған Серік жайлы өмірімде теріс пікір естіп көргем жоқ.  Жұмыр басты пенде болған соң сүрінесің,  жаңыласың,  қай салада жұмыс жасаса да өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүр. Алматыға барғанда, не болмаса телефон арқылы амандық-саулық сұраса қалсаң: «ойға алған біраз шаруалар бар еді, соның тігісін жатқыза алмай жүрмін», – деп үнемі бір ізденіс үстінде жүргенін көресің,  болмаса естисің.  Алматыға біржола қоныс аударған соң, Қарасай аудандық тарихи өлкетану музейінде  мінсіз қызмет атқарып келеді.  4-5 жылдан бері музей жұмысын жандандырып,  2018 жылы Алматы облысының «Ең үздік музейі» деген дәрежеге жеткізсе, биыл Республика бойынша «Ең үздік аудандық музей» номинациясын жеңіп алды.  Қаскелең қаласында екі рет халықаралық ақындар айтысын ұйымдастырып,  жыл сайын оқушылар арасында аудандық,  облыстық мақалшылар сайысын өткізіп тұрушы еді, соңғы кездегі індет жағдайына байланысты бұл жұмыстар тоқтаңқырап тұр. Алдағы уақытта індеттің тамыры үзілсе қайта жалғау ойымда бар дейді.

Музейдің қам-қарекет тірлігімен жағаласа жүріп, шығармашылық жұмыстарын тоқтатып қойған емес, қысқа метражды фильмдер шығарумен де айналысты. «Қарттар үйі»,  «Дүниеге махаббат», «Өтелмеген борыш», «Қисық бұтақ», «Дүние жалған» тағы басқада ресми тілдерде түсірген  фильмдері көрермендердің көзайымына айналды.

Баяғыда біреу: «Шаштараз емес ем, шарасыздық шаштараз етті», – деген екен. – «Бір кездері киногер де болып көрдім. Менің қып-қысқа фильмдерім де жұртымыздың бір жыртығына жамау болады деп ойладым. Қазір үлкен фильм тұрмақ, кішкене фильм түсіруге де қаржы табу қиын. Сондықтан, ол жұмысты тоқтаттым», деген Серік ақын өз бойындағы артықшылықтары мен  кемшілігінде жасырмай ақтарып салды.

– «Артықшылығым ол ұмытшақ-тығым.  Оның жақсы жері  – ешкімге кек сақтай алмаймын,  ұмытып қалам.  Жаман жері – ылғи ұятқа қалып жүремін. Кейде класстастарымды, кейде курстастарымды танымай масқара боламын және бұл қасиет менің бала күнімнен бар. Өлең жазғаныма 40 жыл болыпты. Ұлттық өнерді насихаттадым. Фильмдер шығардым, жүректерді жұмсарту үшін. Шетел режиссерларынан ұлтымды қорғау үшін өлеңдер жаздым, елге ой салу үшін, өзімді дәлелдеу үшін емес.

Республикалық телеарналарда ірі-ірі үш бағдарлама жасадым: «Хабарда» «1001 мақал, 101 жұмбақ» Ондағы мақсатым – мақал-мәтелдер арқылы жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу үшін. Жұмбақ арқылы жастарды өз бетінше ойлануды,  пікір қорытуды үйреткім келді. «Қазақстандағы» «Шынның жүзі» өз кезінде ең өткір бағдарлама болды. Онда келіп қатысқан кейіпкерлер қатты қысылатын.  Мақсат – адамдар әр нәрсе үшін түбі сұралатынын біліп, жауапкершілікті сезінулері үшін.  Ештеңе де ертең сұраусыз қалмайтынын білсін дедім. «Күмбез» – рухани құндылық, жан байлығын арттырып, иман ләззатын сезіндіру үшін», – деген Серік Қалиевтің ақжарма ойы,  ашық пікірі кейінгі толқынға өнеге, үлкен мектеп.

«Тәлім тв» және «Хабар» арнасында жүргізген «Дарын тіл бағдарламасы» өз алдына бір шоғыр. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда денсаулықтың барында елге өнеге болатын тағылымды тарту-таралғымызды қалдырып кетейік», – деп қаламы қолынан түспеген Серік Қалиев алпыс жылдығына орай бес томдық кітабын жарыққа шағаруды жоспарлаған болатын. Оның төрт  томы баспадан шығып та қойды. Бесінші томы жыл аяғына дейін шығады деп оқырмандарын бір қуантты. Өзі де мойнынан бір ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалғанын айтты. Серік Қалиевтің шығармаларын оқып отырсаңыз өз-өзіне көңілі толмайтын сәттерімен де қауышасыз.

«Сыбырлап айтам» деген және басқа да кейбір өлеңдерінде Серік өзін-өзі кінәлау арқылы өзгеге ой салды..

Өзімді ғана емес, замандастарымды да кінәлап отырам. Өздерін менімен салыстырсын, сосын өздерінің не бітіргендерін ойға алсын. Бас салып оларды кінәласам жақтыра ма?  Өзіме жау тауып аламын ғой. Сондықтан  өзімді нысанаға алып, өзгелерге ой тастағым келді.  Олар өздері жайлы да ойланып, қателерін түзер ме екен деген мақсатта бәрімізге ортақ кемшіліктерді айтам ғой. Зейін салып оқыған адам,  өлеңдерімнен өз бейнесін көреді. Ұлықбек Есдаулеттің  «Қазақ деген бір ел бар», – деген өлеңінде :

Қазақ деген бір ел бар жатып ішер,

Біреу атқа мінді деп тақымы ісер.

Басқа халық бар ма екен дүниеде,

Батыры қан жұтатын ақыны шер.

Қазақ деген бір ел бар теріс туған,

Өнер қуып болған соң керіс қуған.

Қызғаныштан жем болып қызыл итке,

Дайын тұрар болуға тегіс құрбан.

Қазақ деген қай ел деп сұрамалық,

Қылжақтайтын әдеті жылап алып,

Сол қазақтың ішінде менде бармын,

 Ал түсе бер соңыма шырақ алып демей ме,

Сол көп қазатың бірі менмін.

Ақын айналасында болып жатқан құбылыстарға бейжай қарай алмайды. Жақсысына сүйінеді, жамандығына күйінеді. Қазақтың тепсе темір үзетін жігіттерінің нәзік жанды болып бара жатқанына қатты қапаланады. Бұл бір Серік ақынның ғана өзегін өртеген бітеу жара емес-ті.  .

– Біз өмірдің күрес екенін білсек те, күресуден қашамыз. Ауру адамды қашан жеңеді, иммунитеті әлсірегенде,  яғни, адам өзімен жұмыс жасамағанда.  Ал, өлім – ауруыңды елемегенде, жасырғанда келеді. Қазір біздің рухани әлемімізге жамандықтың вирусы қаптап кіріп жатыр, ал біз сонымен күресудің орнына бір-бірімізді жамандаумен ғана айналысып жатырмыз. Жақындарымызды, айналамыздағыларды жақсылық-қа шақыруға, жамандықтан қайтаруға бұйырылған едік, бірақ, біз жұртқа жаманатты жексұрын бола бергіміз келмейді. Сондықтан  айту керек кезде үндемегенді тәуір көреміз. Нәтижесінде әлгіндей жамандықтар біздің жақындарымызға, отбасымызға кіріп келді. Біз өзіміздің отба-сымызда, әулетімізде үздіксіз насихат жұмыстарын жүргізе берсек ешқандай жау ала алмас еді. Мен білетін шымкенттік бір имам бар еді. Сол ауылының жетпіс пайызына құран оқуды үйреткен еді. Жүз пайызға жеткіземін деп жүргенде жұмыстан шығарылды. Міне қазақтың күншілдігі. Мақтағанды кім жек көрсін. Пендешілік әр адамның басында бар, мақтауды жек көремін деген адамның өзі мені мақтаса екен деп тұрады. Шынайы еңбегіңді бағалап, салмақтап, төккен теріңді таразылап мақтаса құба-құп. Жалпы мақтаудың үш түрі бар. Бұдан құтылу өте қиын. Адам бойында жиі кездесетін үш түрлі нәпсі бар. Бірі тамақсаулық. Тәтті тамақтан адам өзін тоқтата алмай қалады. Екінші, әйелқұмарлық. Одан да тоқтау оңай емес. Үшінші, мақтау сүйгіштік. Бұл тіптен қиын. Алғашқы екеуінен адам тоқтауы мүмкін, ал, үшіншісінен өле-өлгенше құтыла алмайды. Сондықтан мен әлеуметтік желіге жарияланған өлеңдеріме жазылған пікірлерді оқымауға тырысамын», – деген Серіктің мақтау туралы шынайы пікірі  біздің шенді-шекпенділерге сабақ болса игі. Әңгіме айтса, әлімсақтан бастап бүгінгі дәуірдегі  өмірді саралай білетін Серік, адам бойында кездесетін жақсылы-жаманды  қасиеттердің көбі тектіліктен жалғасатынын айтады.  Алайда,  әр адам ұрпағының қамын ойласа, текті жермен құда болуы шарт. Бүгінгі қоғамда байларды,  лауазымды адамдарды – тектілер деп ойлағандар қатты қателеседі. Не қоғамға, не мемлекетке пайдасы жоқ, ештеңеге, ешкімге жаны ашымайтын, қара басын ғана күйттейтіндерге  қызығып қарамай,  оларды керісінше аяу керек. Олар жайлы аталарымыз аз айтпаған. Мысалы:

«Көрінер әркім жомарт тасқан жерде,

Тиеді ер пайдасы сасқан жерде.

Жаманға жазатайым күнің түссе,

Қабысып қалады екен аспан жерге», немесе:

«Қарғадан қарға туар қарқылдаған,

Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған.

Дегендер «Мен жақсымын!» толып жатыр,

Басынан жақсылығы артылмаған», – деген терме толғауларда айтылады. Бұдан артық не айтуға болады?

Бір ғалым кісі құмырсқалардың өмірін зерттейді. Сөйтіп оңашалап бір құмырсқаның алдына жем тастайды. Ол тырбаңдап сүйрегенмен әкете алмайды. Сөйтіп кетіп қалып,  5-6 досын ертіп әкеледі. Оған дейін адам жемді алып қояды. Бәрі шыр айналып жем таппай қайтып кетеді. 1-ші құмырсқа сол төңіректе қалады. Адам жемді қайта қояды. Құмырсқа  қайтып достарын ертіп келеді. Олар келгенше адам жемді тағы алып қояды. Осы жағдай бес рет қайталанғанда, бәрі жабылып әуелгі құмырсқаны бөлшектеп өлтіріп тастайды. Оларда өтірікшінің жазасы өлім екен. Сондықтан:

Суайттар судырата берсінші елге,

Бетінен қан шықпайды он тілсең де!

Тектілік қасиеттің бір белгісі –

Өтірік айта алмайды өлтірсең де!, – деп өлең шығардым  деген ақын, азаматтық парызын абыроймен атқарып келеді. Аяңдап жүріп алпысқа толған досым 14 қараша күні Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында шығармашылық кешін өткізбек.  Оған айтулы айтыскерлер мен поэзия өкілдері және өнер тарландары ат салысатын болады.

–  Секе, 60 жасты қалай қарсы алып жатсың десем?

– Өмірді футбол ойыны деп қарайық. Ойында шабуылшы, қорғаушы, қақпашы дегендер болады. Қақпашы қақпаны тастап қорғаушының орнына жүгірсе,  қорғаушы гол саламын деп шабуылға шығып кетсе, қақпаны кім қорғайды? Сол сияқты, әркім өз позициясын таңдап, сол салада жұмыс атқарсын. Өмір деген өтпелі, оған ешкімде өкпелей алмайды. Алланың берген ғұмыры түгесілгенше жүреміз. Жүзім қартаң болғанмен жүрегім баяғыдай. «Өзің қартаймайсың кейінгілерді көріп қартаясың» деген аталы сөз бар. Бабалар салған сара жолда бізде келеміз, алпысыңыз алты-ақ күндік жол екен ғой», – дейді. Зымырандай зулап жатқан уақыт-ай десеңші. Өнегелі өмірің,  қарымды қаламың ұштала берсін Жан досым! Сенің халыққа бергеніңнен, әлі берерің көп!  Алла берсе, Жамбыл атаң сияқты ұзақ жаса. Бала-шағаңның қызығын көр, ақын Серік!

 Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ