Марал өсірген Ақсулық кәсіпкер

0
1250

Маралдың мүйізінен алынатын қан адам ағзасына күш береді. Иммунитетті көтереді. Ал сүйегін қайнатып, сорпасын емге пайдаланады. Марал қанында адам ағзасына қажетті 25 түрлі микроэлемент бар. Жүрек, қанайналым, қан қысымы, буын, сүйек, иммундық жүйені жақсартуда марал мүйізінен алынатын қанның пайдасы өте зор. Мүйізді қайнатып, сорпасына түссе, денедегі суықты алып шығады. Сорпа буын сырқырағанға мың да бір ем. 

Өткен жылы ауданға Шығыс Қазақстаннан жиырма үш  марал әкелініп еді. Бүгінде оның төртеуі төлдеді. Марал таулы жерде мекен етеді. Оларды жылы жерде ұстауға болмайды. Себебі, мүйізінде қан шамадан тыс көп болғандықтан шыбын-шіркей әуес келеді.  Сондықтан, жануар  жылы жерде  арықтап,  жүдеп кетеді.  Шаруашылық тау арасында орналасқан. Жайылымдық жері тауда.  Оны қоршамаса жануарды ит-құс жеп немесе жабайы жануарларға ілесіп кетуі мүмкін. Сондықтан, жайылымның 5 гектары қоршалды. Әлі де жайылымды кеңейту керек. Бүгінде болашақ демалыс орнының  үйлері жаңалануда. «Аршалы тур»  шаруашылығының басшысы Берік Алдабергеновтің айтуынша, шаруашылыққа ветеринар-мамандар іздестірілуде. Олар маралдың қанын тексеріп, зертханадан өткізіп,  сапасын, тазалығын қадағалап тұрады. Суықсай ауылының тау бөктерінде ашылған демалыс орнында  қонақ үй, саяжай, емдеу орны салынуда. Бүгінде жертөлесі бар тағы бір ғимараттың іргетасы қалануда.  Онда үлкен пеш болады.  Ваннада сүйек қайнатылып, емдік сорпа дайындалады. Берік Кенжебайұлы, шаруашылықты жандандыруға қоршау жасаудың қиындық тудырып тұрғанын айтады. Қаржылық  қажеттіліктен  басқа, қоршауды жасаудың қиындығы өз алдына дейді. Туризмді дамытса  келушілер қатары өсетін еді. Демалушылар аудан бюджетіне қаржы ала келетіндері анық. Ендеше, марал шаруашылығының жандануына мемлекет тарапынан жанды көмек керек.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

                           АҚСУ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ