«Қазақ тілі» қоғамы қайта құрылды

0
2373

Мың жерден мемлекеттік тіл деп  тістеніп, ышқынсақта, қазақ тілінің абыройы бір көтерілмей-ақ қойды.  Тіл басқармалары құрылып, Тіл оқыту орталықтарының  есіктерін айқара ашып тастадық.  Онда өзге ұлт өкілдері мен өзіміздің шала қазақтар мемлекеттік тілде дәріс алып жүр.

Отыз жылда отыз қадам жылжымаған  мемлекеттік тіл туралы  Парламент мәжілісіндегі «Ақжол» демократиялық партиясының депутаты, ақын  Қазбек Иса бозторғайдай шырылдап жүр. Өзге халық қалаулылары  тіл туралы айтпайды емес айтады.  Бірақ,  дәл Қазбек Исадай министрлер мен олардың орынбасарлары Мәжіліс депутаттарының алдына есеп беруге келгенде ана тілінен жерініп,  ресми тілде  су төкпеген жорғадай бүлкілдегенде,  намыстан жарылып кете жаздайтын Қазбек Иса бүйректен қадалған шаншудай әлгі шенділерді түйрейді-ай келіп. Үкімет басшысы Асқар Маминге дейін «үшбу хат» жазып,  мемлекеттік тіл туралы талап та қойып жатады.  Алайда,  төбелерінен жаңбыр нөсерлеп тұрсада  үсті-бастары су болмай шығатын тілге шорқақ шенділер, енді мемлекеттік тілдің жыртысын жыртқан болып, баяғы «Қазақ тілі» қоғамын қайта жандандыратын болыпты. Бұл енді бүйректен сирақ шығармен бірдей емес пе дейді қалың бұқара. Тіпті, Түркістанда қазақ тілі қоғамының қайта жандануына байланысты құрылтай да өтті.  Енді, Республиканың барлық облысында «Қазақ тілі» қоғамы жанданып оның аудан, қалаларында филиалдары жұмыс істейтін болады. Мұнда мемлекеттік комиссияда құрылып, оның құрамына халық қалаулылары Қазбек Иса,  Жанарбек Әшімжан, Нұртөре Жүсіп және тағы басқада айтулы тұлғалар тартылыпты.  Республикалық  «Қазақ тілі»  қоғамының төрағасы болып, Парламент мәжілісінің депутаты  жиындарда ұлттық мүддені ұдайы көтеріп жүретін Берік Әбдіғали сайланды. Қош делік. Сонда отыз жылдың ішінде бір құрылып,  бір тарап,  қайта құрылған тіл басқармалары, тым құрыса іс қағаздарын толықтай мемлекеттік тілге көшіре алмаған істі  «Қазақ тілі»  қоғамы жандандыра ала ма?!  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылып жатыр деген қоғамның жұмысы қаншалықты жанданады? Сауал көп. Берік Әбдіғалидің маңайына топтасқан азаматтар қазақ тілінің қадірін-қасиетін қандай дәрежеге көтере алатынын уақыт көрсетер.  Бұл да бір «жылаған балаға бөтелкемен жасанды сүт беріп қойған өгей ананың» әрекеті болып жүрмесе болғаны. Егер билік шынымен тілге жаны ашыса, мемлекеттік тіл туралы министрлік құрып, тіл комитетінің аясын кеңейту керек еді.  «Бір кем дүние»!…

                                                         Айтақын МҰХАМАДИ

Сурет  ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ