«Атамның арқасында ел ішінде еркелеп жүрмін»

0
1592

Осыдан бір жыл бұрын  «Жетісу» телеарнасының басшылығымен Бауыржан Момышұлының келіні,  қазақы салт-дәстүрлерді  насихаттаушы, идеологияның  жанашыры,  «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты»,  «Күретамыр»,  «Теңбіл тіршілік» кітаптарының авторы,  жазушы Зейнеп Ахметованың «Зейнеп апаның әңгімелері» атты жобасы  телеарнадан бір жыл бойы үзбей көрсетіліп келген болатын.  Бұл бағдарламада  «Күретамыр» деген кітаптың бейненұсқасын жасап шыққан. Осы хабарды қорытындыламақ ниетте  Зейнеп Ахметова талдықорғандықтармен кездесу  кешін өткізді.

«Зейнеп апаның әңгімелері»  – көптеген телеарналардың ішіндегі басы-аяғы бар бүтін,  жыл бойы жүргізілген бірден бір хабар, бірден бір жоба. Ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде әңгімелеген автордың өзі болатын.  Бұндағы сөз болып отырған «Күретамырға»  сипаттама ретінде жазушы:

«Күретамыр деп, қанды жүректен дене мүшелеріне тасымалдайтын ең ірі, ең маңызды қан тамырды айтады. Күретамырдың бітеліп қалмай, қызметінің жақсы атқарылуы адамның қалыпты өмір сүруінің кепілі. Сол секілді әрбір халықтың жеке атауды иемденетін ең басты белгісі, яғни жүрегі – тілі болса, сол тілі арқылы таралатын барша рухани құндылықтары ұлтты ұлт ретінде танытатын да, сақтайтын да  – күретамыры», – дейді.

Ұлттық дәстүрімізге қайшы әдеттерді қатаң сынап,  жастар тәрбиесіне ерекше көңіл аударатын Зейнеп апа,  бұл кездесуде де   ұлттық тәрбие,  рухани құндылық, жас отбасы, ене мен келін арасындағы сыйластық,  қыз тәрбиесі туралы өзінің өмірден түйген тәжірибесінен кеңінен әңгімеледі. Ол ғана емес,  қаламы мен қанжарын қатар ұстаған Бауыржан Момышұлы жайлы естеліктер де бұл жиыннан кенде қалмады. Кездесуге жиналған жұрт екі сағат бойы сырласу сағатын өткізді. Ойға орамды, салмақты сөз сөйлейтін ел анасының ұлағатқа толы ғибратты әңгімелерін тыңдауға келген жастарда көп.

Бұл игі бастаманың түпкі мақсаты – қазіргі жастар тәрбиесі,  оларды Отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғырту мәселелеріне арналады. Өзекті тақырыптар талқыланып, кез келген көрерменнің қызығушылығын оятқан тағылымы мол кездесудің жастар үшін тәрбиелік маңызы зор.

Зейнеп апаны ел-жұрт әуел бастан халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні ретінде танығаны белгілі. «Атамның арқасында бүгінгі дәрежеге жетіп, ел ішінде еркелеп жүрмін» деген ол, барлық мақтау-мадақтау өзіне емес, батыр атамызға айтылды деп қабылдайтынын жеткізді.

– «Мені біраз мақтап жібердіңіздер. Мақтау дегенге адам сеніп қалуы мүмкін. Ол  бірінші кезекте адамды ұялтады, екінші рет сәл ғана ұялтады, ал үшінші рет адамға ұнайды. Төртінші рет айта түссе екен дейсің, ал бесінші рет жаныңа тіпті жағып кетеді. Содан кейін оған  адам үйреніп алады.  Ал,  одан кейін біреу мақтау сөз айтпай қойса, қалай болатыны белгілі. Сондықтан мақтауға үйренбеу керек. Ал, мен қанша мақтаса да қорықпаймын. Неге дейсіздер ғой?! Өйткені оның бәрі атаға арналған. Егер атаның келіні болмағанда осынша мақтауды естімес едім. Сондықтан мақтап жатқанда мен ол сөздердің барлығын атаға өткізіп жіберемін».

Дәл кездесу өткен күні  Зейнеп Ахметоваға «Алаш» сыйлығы  табысталуы керек екен.  Алайда, жазушы «Жетісу» телеарнасындағы жобамды қорытындылауым керек деп, Талдықорғанға жол тартқан.  Міне, бұған қарап апамыздың көрегендігін байқауымызға болады.  Адамға ең бірінші қандай да бір сын-пікір, ақыл-кеңес айтпас бұрын оның өзі де соған сай болуы керек. Зейнеп апаның өмірден көрген тәжірибелерін жүрген жерінде көпке үлгі етіп жүруі,  атасының тастап кеткен аманаты болашақ жас ұрпаққа үлкен мұра болмақ.

Жиын соңында қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметоваға осындай келелі сұхбаты үшін «Жетісу» телеарнасы ұжымы Алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етіп,  құрмет көрсетті.  Жиналған көпшіліктің ішінен де жылы лебіздерін білдіргендердің қарасы көп болды. Тіпті, біразы апаның кітаптарын әкеліп жазушыдан автограф алып жатты.  Кездесу соңында тағы да шер тарқасып, естелікке суретке түсті.

Арайлым НҰРЖАПАР

 Зейнеп апаның айтқанынан

«Аллаға  шүкір, мен өсіп-өнген отбасында тәрбиелендім. Әкем – дәрігер болатын. Ал, анам – өзі өмірден өткенше салт-дәстүрдің үкісін қисайтпай ұстаған адам болды. Менде солай тәрбиеленгенмін. Төрт ұлдың ортасында жалғыз қыз болып өстім. Анам жалғыз болсаң, өзіңе жалғызсың деп мені тастай қылып ұстады.  Алты-жеті жасымда кестені де тігетінмін, тоқыманы да тоқитынмын. Шешем жанымды шығарып тұрып үйретті. Сегіз-тоғыз жасымда нанды дөп-дөңгелек қылып жаятын болдым. Анам бір жақтан еркелетіп, алақанымен аялап тұрып,  лезде дем арасында ана алақан жұдырыққа айналып шыға келетін. Енді бір қарасаң, жыланды інінен  шығаратын жылы сөзбен алдап жіберетін.

Бірақ,  сол  анамның бойыма сіңірген тәрбиесі кейінгі менің өміріме  талай жерде қиындықтан алып шықты. Ата секілді халыққа сыймайтын, табиғаты ерекше жаратылған адамның алдында жүріп  қызмет ету, ол кісінің шәйін қайнатып, қолына су құю ол оңай шаруа емес. Атаның екі жағы бірдей қайралған қанжар секілді болды. Былай тайсаң кесіп түседі, былай тайсаң осып түседі.  Ал, бел ортада тең жүруге ол кезде мен жас болдым. Атаның қолына келген кезімізде  бар-жоғы жиырма бесте едім.  Ал, қазір  қарап тұрсам жиырма бестегілер ойын-сауық құрып жүр. Жоғарғы білімім бар, өздерің секілді телестудияда істегем, билеткада кигем, шляпада киген адаммын ғой..  Ал, атамның алдында ешқашан балтырым ашық, басым жалаңбас болған емеспін. Етекжеңі ұзын киім киіп, басымнан орамалымды тастамай жүретінмін. Бұның бәрі атамды сыйлағанымның арқасы. Сол себепті де шығар, атам да мені мақтап қоятын. Ал, ол кісіден жылы сөз есту – маған өкіметтің жарлықпен беретін атақ, медальдарынан артық еді. Ананың берген ұлттық  тәрбиесі түп тамырыңнан ұстап тұрады екен. Ата секілді құбылмалы мінезі бар қатал адамға көнуіме анамның сіңірген тәрбиесінің еңбегі зор».

 * * *

«Атамның өмірінің өзі қайшылықтардан тұрды. Ол кісі әділетсіздікті көп көрді. Бірақ, атаны халық қадірледі, төбесіне көтерді. Өкімет бермеген атақты халық өзі берді. Атам әрқашанда бізге айтатын «Қатарыңнан ассаң да, халықтан аспайсың. Халықтың алдында басыңды иіп жүр дейді. Жақсы адамның жақсылығын айтып, мақтасаң да бірақ  – жағымпазданба!   Ал,  жаман адамның жамандығын айтып, бетіне бассаң да , жала жаппа дейді.  Қарашы, бір қарасаң қарапайым сөз, ал артында қаншама салмақ жатыр. Барлығы ойлайды, мына мені батырдың келіні болғандықтан бір жерде Заке болып, бір жерде Зейнеп апа болып жүргенге барлығы бастан-аяқ оп-оңай құйылып қалды деп. Олай емес, атаның қайшылықты өмірін менде бірге көрдім».

 * * *

«Кез келген қыз ерте ме, кеш пе, әйтеуір өзінің сүйген адамына қосылып, бақытты өмір сүргісі келеді. Тұрмысқа шықпай тұрған кезде менде ойладым ғой, тұрмысқа шықсам керемет өмір алдымнан жарқ етіп шыға келеді екен деп.  Оны қайдан білдік, бәленің бәрі тойдан кейін басталатынын.

Ата-ананың бойға берген мықты тәрбиесі болады. Бала соны соншалық керемет өтіп өзіне сіңіріп алуы керек. Өйткені ол жәй тәрбие емес – ұлттық тәрбие. Сабырлылық ету, барға да жоққа да, қанағат ету,  Алладан артын сұрау,  мына қараңғы түннен кейін ағарып таң атады ғой. Таңнан кейін жарқырап күн шығады. Ешнәрсе бірқалыпта тұрмайды,  Құдайдың  жаратқан заңдылығы  барлығы өзгеріп отырады.  Бірақ соған төзімділік, шыдамдылық керек.  Міне, сол қасиеттерді биік ұстасаңдар адамгершіліктің жүгін көтергенмен бірдейсіңдер!

Мен келіндік міндетті атқарып, солай өмірімді жалғасытыра берер едім. Мені де ешкім білмес еді, ешкімнің жұмысы болмас еді. Алайда, бүкіл иісі қазаққа ортақ, Алты Алаштың ардақтысы болған адамның келіні болғандықтан, сол Атаға деген құрметімнің жоғары болуынан,  Атам айтқан қаисетті сөздерді есімде сақтап, салған сара жолды, атамның тастап кеткен аманатын арқалап жүрмін».

 


ПІКІР ЖАЗУ