Тәуелсіздік тағылымы

0
1176

Тәуелсіз мемлекеттің іргесі қаланып,  тұғыры  тұрақтағанына 30 жыл болыпты.  «Орда бұзар»  бұл  жасқа келгенше нарық жүйесіндегі үрдісті бастан кешкен Қазақстан шекарасын бекемдеп, экономикалық бағыт-бағдардың жүйелі сатысынан өтті. Әлем елдерімен терезесі теңесті. Саяси әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынасын жүйелей отырып  өркендеді.  «Ескіні  елеп, жаңаша жаңғыруда,  заманауи технологияға ден қойған қазақ елінің өткені мен бүгіні жайлы орамды ойларды айтуға болады. 

Талдықорғанда  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған  ҚР  Парламент  Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев,  Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, ҚР Парламент Сенатанының депутаттары Сұлтан Дүйсембінов, Нұрлан Қылышбаев, Бақытжан Жұмағұловтар қатысты.

Асқақтаған ән ұранменен бастау алған шарада Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Тәуелсіздіктің – 30 жылдығы туралы баяндама жасады. «Тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өткен Егеменді елдің көрген ауыртпалығы мен жеткен-жетістіктерін саралаған облыс әкімі түйінді күрмеулердің түйінін қалай тарқатып, межелеген міндеттерді қалай бағындырғаны туралы баяндады. Алматы облысының экономикалық әрі саяси әлеуметтік бағыттарына тоқталды.

– Мың өліп, мың тірілген халқымыз үшін Тәуелсіздік – қастерлі құндылық. Тарихқа тағзым ету, тұлғаларды тану, елдікті құрметтеу, тәуелсіздікті одан әрі нығайту бәрімізге артылған үлкен міндет, бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Біз үшін «Ұлы Дала» атауы географиялық ұғым ғана емес, ол қазақ топырағының ерте дәуірден бері атақоныс болғанын, мәдениеті бай, тамыры терең, әлем өркениетіндегі рөлі зор екенін айқындайтын киелі ұғым, – деген өңір басшысы бабалар аңсаған азаттықтың бергені мен берерін салмақтады. – 1991 жылы ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы іске асып, еліміз азаттыққа қол жеткізді. Тәуелсіздігін жариялап, Тұңғыш Президентіміздің батыл бастамасымен және өлшеусіз еңбегімен жаңа да жасампаз дәуірге қадам басты. Осы жылдар ішінде ғасырға бергісіз мүмкіндіктерге жол ашылды, ауқымды миссиялар орындалды. Ұлттық мемлекет, азаматтық қоғам құрылды. Жаңа басқару жүйесі қалыптасты. Ата Заң қабылданып, рәміздер белгіленді. Шегарамыз айқындалды. Сыртқы дипломатиялық байланыстарымыз нығайды. Еліміздің халықаралық қауымдастықтағы беделі өсті. Елдің еңсесі көтеріліп, рухы жаңғырды. Жаңа астана бой түзеп, бейбітшілік бесігі ретінде танылды. Халықтың өмір сүру сапасы жақсарып, әлеуметтік саясат басым бағыттың біріне айналды. Жастар үшін білім алудың көкжиегі кеңейді. Қоғамда тұрақтылық пен келісім қамтамасыз етілді. Елбасының салиқалы саясатымен іске асырылған осындай ұлан-ғайыр істерді қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастырып келеді.

Қазақстанның ірі аймағының бірі – Алматы облысы да осы 30 жылда өсіп, өркендеп, ел қуатын арттыруға зор үлес қосты. Жетісу – табиғи ресурстарға бай, географиялық жағынан қолайлы, инвестициялық климаты жайлы аймақтардың бірі. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың арқасында облыс тұрғындарының саны 2 миллионнан асып отыр. Бұл  біз үшін өте үлкен қуаныш. Тәуелсіздік жылдарында өңірде 548 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. 15 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, 198 мектеп, 1 мыңнан астам балабақша 32 спорт нысаны, 153 медициналық мекеме, 7 фармацевтикалық зауыт іске қосылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 66-74 жастан 71-73 жасқа жетті. Бұл бағыттағы істерді жалғастыруда біз Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады» деген қанатты тіркесін басты бағдарға алып, еңбек ететін боламыз, – деген өңір басшысы  облыстағы экономикалық өсімнің озық үлгісіне тоқталды.

Әлемді дүрліктірген пандемияның қол байлау болғанына қарамастан  облыстағы экономикалық ахуал соңғы  жылдағы  өндірістік өнім мөлшері 1-2 триллион теңгеге жеткенін, биыл алғаш рет ауыл шаруашылықтың ішкі өнімі 1 триллион теңгеден асса, өңірде «Кока-Кола», «RG BRANDS», «Хамле», «Филип Моррис», «Джей Ти Ай», «Фуд Мастер», «Danone», «Адал», «Кнауф-Гипс», «Тиккурила», «Эффес» сынды белгілі кәсіпорындардың жұмыс қарқыны  артты. Одан бөлек, еліміздегі 19 трансұлттық компанияның құны 290 миллиард теңге болатын инвестициялық 9 жобасы жүзеге асырылуда.  Оның «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo», «Фид Миллс» секілді төрт компаниясы жұмысқа кіріскен. «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағында 29 кәсіпорын өз жұмысын бастады. Осындай ауқымды жұмыстардың арқасында облыс экономикасына 7 триллион теңге инвестиция әкелініп, шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі артып келеді деді. Сондай-ақ, өңірдегі өндірістік өнеркәсіп, білім, денсаулық,  құқық қорғау,  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  сынды салалар мен таза ауыз су,  газдандыру,  жол,  баламалы қуат көздері секілді бағыттардың бәрі де дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Облыс орталығы Талдықорған қаласы соңғы 20 жылдың ішінде адам танымастай өзгеріп, 7, 8, 9 ықшам аудандар  мен коттедж қалашығы салынды.  Жастар үйі,  студенттер үйі,  «Жастар» спорт комплексі, олимпиадалық жүзу бассейні, театр,  Салтанат сарайы,  көрме кешені сияқты әлеуметтік,  рухани-мәдени нысандар ашылып, тұрғындардың демалуына арналған  «Жастар» саябағы,  Қаратал өзенінің жағалауы жаңартылғанын тілге тиек етті. Салтанатты шарада ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз алып, еліміздің Оңтүстік-шығыс шекарасында жатқан Жетісу жерінің жетістігі мен жоғары көрсеткіштерін баян етті.

– Жетісу  – қазақтың жер жауһары. Бұл құтты мекен ежелден ұлтымызға ордалы қоныс болып келеді. Оған осы өлкедегі сақ пен үйсіннен қалған қорғандар мен көне жәдігерлер және Қазақ хандығы кезіндегі құнды деректер айқын дәлел. Жетісудың ұлт мәдениеті мен руханиятында да орны бөлек, – деген  Мәулен Сағатханұлы дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан еліміздің көздеген мақсаты мен биігін меңзеді. – Осы өлкеде қазақтың талай біртуар тұлғалары дүниеге келді. Жетісу жері тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да кіндік қаны тамған жер. Сол себепті Жетісу жері еліміз үшін жөні бөлек, орны ерекше болып қала береді. Ел тарихының маңызды межесінде Президентіміздің тапсырмасымен осынау құтты мекенге арнайы келіп отырмыз. Осы ретте баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!  Біз үшін тәуелсіздіктен асқан қастерлі ұғым, егемендіктен артық байлық жоқ. Тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз. Бұл бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған асыл арманның ақиқатқа айналған күні. Еңселі егемендік ұлтымызды ұйыстырды, жұртымызды жұмылдырды, абыройымызды асқақтатты. 30 жылдың ішінде еліміз ғасырларға жүк болар жетістіктерге қол жеткізгенін, –  айта келіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Жетісу жерінің өркендеуіне үлес қосқан айтулы тұлғаларға «Парасат»,  «Құрмет»,  ІІІ-ші дәрежелі Еңбек даңқы  ордендері,  Ерен еңбегі үшін  «Шапағат»  медальдары   және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы секілді мемлекеттік наградалар тапсырды.

Салтанатты шара соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен Б.Римова атындағы облыстық драма театрының әртістері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ