Жүлдегерлер марапатталды

0
1112

Журналистер арасында жыл сайынғы өткізілетін облыс әкімінің «Самғау» байқауының биылғы жүлдегерлері марапатталды.

Бесінші  жыл  өткізіліп отырған  биылғы байқауда тележурналистика қайраткері Бейсен Құранбек атындағы номинациясы енгізілгендігі де көңіл қуантты. Ал мұндай  құрметке облыстық «Жетісу» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің бас редакторы Гүлжанат Мақұлжанова ие болды.

Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдің дамуына үлес қосып жүрген журналистер қауымын құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі:

– Сіздер, журналистер, қоғамдық өмірдегі маңызы ерекше әрі жауапкершілігі мол кәсіптің иесісіздер. Уақытпен санасуды білмейтін, өзекті мәселелердің, төтенше оқиғалардың бел ортасында жүретін тілшілердің еңбегі әрдайым бағалауға лайық. Тәуелсіз Қазақстанның, соның ішінде Алматы облысының да мерейлі шаралары, өсу кезеңдері бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз жарық көріп келеді. Объективті байланыс арнасы бола отырып, сіздер халықты ғана емес, облыс басшылығын да ақпараттармен хабардар етіп отырсыздар, сөйтіп бізге тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге көмек етіп келесіздер. Сондықтан біз үшін журналистер Жетісу аймағын дамыту жолында әрдайым сенімді әріптес деп санаймын. «Самғау» байқауы – жақсы дәстүр. Дегенмен келесі жылы конкурсты ұйымдастыруда жаңашылдық енгізіп, сыйлық көлемін ұлғайтуға уәде беремін. Ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығындағы сіздер үшін бұл марапаттың орны ерекше болады деп ойлаймын, – деді Қанат Бозымбаев.

Биылғы    байқауға 120-дан астам өтініш келіп түссе, олардың арасында БАҚ-тың  33 өкілі қара үзіп шықты. Жүлдегерлер қатарынан «Кербұлақ жұлдызы» газетінен Азамат Ақылбеков, «Заман жаршысы» басылымының тілшісі Бұрым Орынбасар, «Жетісу» телеарнасының қызметкерлері – редактор Жадыра Маратова, оператор Ризат Қыдыралин, продюссер Әділбек Абилов, ардагер фотограф Нұрманбет Қизатұлы, «Егемен Қазақстан» интернет сайтының редакторы Динар Керім, «Karasayinfo.kz» желілік басылымының редакторы Атлана Исаева, «Жетісу» газетінің дизайнері Сақып Төкеева, блогер, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат көрінді. Жүлдегерлердің бәріне арнайы статуэткалар, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді. Осы орайда «Облыс журналистикасы саласына қосқан үлесі үшін» номинациясын «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов иеленіп, журналистер атынан ақ жарма тілегін  білдірді.

Сонымен қатар  Бейсен Құранбек атындағы жүлденің иегері,  журналистикада 30 жылға жуық еңбек өтілі бар журналист Гүлжанат Мақұлжанова өзінің толқынысты әсерімен бөлісті.

– Бейсен Құранбекпен көзі тірісінде әріптес, сыйлас, замандас болдық. Бейсеннің атындағы номинацияның тұңғыш иегері болу –  мен үшін бір жағынан қуаныш, екіншіден, үлкен жауапкершілік. Ол бізге әрі басшы әрі тәлімгер болды. Салмақты жобаларды, түрлі фильмдер мен хабарларды бірге жасадық. Оның сенім артқаны мені үнемі алға жетелейтін. «Самғау» байқауына Бейсен Құранбек атындағы номинацияның қосылғаны – бәріміз үшін де зор мәртебе,  –  деді Г.Мақұлжанова.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ