Адуынды келін, әлжуаз еркек…

0
1541

Ата-ананың қадірін жетімдер үйінде өскендерден сұрау керек шығар. Ананың аялы алақанына зарығып, әкенің қамқорлығына тарығып, сәби кезінен «жетім қозы-тасбауырдың» күйін кешіп, терезеге телміріп, тәрбиешілердің  қабағына жәутеңдеп өскен жетімектер бұл қоғамда жетіп артылады. Біреулер мойнына моншақ салып, бір шикі өкпеге зарығып,  әулиелердің мазарын жағалап,  Аллаға жалбарынып бала сұрап жүр.  Енді біреулері қағанағын жарып, омыртқа белін сындырып тапқан балапандарынан жеріп, күл-қоқыс,  әжетханаға лақтырып, жетімдер үйіне өткізіп әлек. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей,  қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бағып-қаққан балалары ай мен күннің аманында әке-шешесінен жерініп, қарттар үйіне өткізу үрдіске айналды.

«Әкең жынды болса байлап бақ» деген тәмсілді ата-бабаларымыз кімге айтты. Қазақтың  жесірді қаңғытпай, жетімді жылатпай басынан сипап, ағайын туыстың қамқорлығына алған салиқалы салты қайда кетті?? Үлкеннің алдынан кесіп өтпеген, «Әкені асқар тау, ананы бауырындағы бұлақ, баланы жағасындағы құраққа» теңеп, тегеурінді тәлім-тәрбие берген бабалар  дәстүрінің сабағы, сабақ емес-ау. Оның күре тамыры неге қиылды?

«Бүгін «әкемді қарттар үйіне өткізіп беріңізші, мен неге қарауым керек?» деп төрт адам хабарласты. Қазыналы қарттар жалғыз емес. Бірінші, екінші, кейбіреуінің үшінші әйелінен туған перзенттері бар. Өкінішке орай,  ұлдары да, қыздары да қартайған әкесінен жиіркенеді. Оған себеп,  кейбірінің  кіші дәреті ұстамайды, ал кейбірінің тамақ жейтін әлі жоқ, одан қалса үйден қаңғып кетеді.

 Мені таң қалдырғаны төрт қарияның тағдыры ұқсас. 60 жастан асқан. Балалары көп. Кәріліктің емі жоқ. Бойында күш-қуаты сарқылған шақта  бұрынғы әйелдеріне де керек емес. Керек емес, құлаққа түрпідей тиеді… Дегенмен қарияларға көмектесу керек. Бәріміз пендеміз ғой. Өз баласы өзектен тепсе де,  үкімет қамқорлығына алады. Тек маған ұнамайтыны сол, әкесінен безген балалардың  бас тартқаны жайлы қолхат жинау және дау-дамайды сот арқылы шешу керек.

Енді ойлаңызшы, онсызда жүре алмайтын, алжыған қарттарды сотқа қалай сүйреп жүреміз? Гәп осында. Мүмкін, осы қарттар үйіне орналастыруға арналған қызметті жеңілдеткен абзал шығыр», – деген Дау-дамай бағдарламасының тележүргізушісі Жазира Бегалының фейсбуктағы осы жазбасын оқып, жүрегім аузыма тығылды. Бір емес, төрт бірдей адамның хабарласуын немен түсіндіруге болады? Неге мұншалықты тасжүрек, безбүйрек болып кеттік. Ағаттық кімнен кетті. Қартайғанда қауқары қашып, ас-ауқат іше алмай, күтімді қажет еткен қадірсіз қариялардың қателігі ме? Әлде қотыр болған қоғамның әрі батыстың, орыстардың ата-аналарынан безіну үрдісі, көрші мемлекеттердің қартайған әке-шешелерін арқалап таудың басына апарып тастайтын салтының салқыны бізге сіңісіп кетті ме? «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген тағылымды тәрбие неге әдіра қалды?  Неге қыздары шешесінің шашын жұлып, ұлдары әкелерінің сақалынан тартып сүйрелеп жүр? Осы қалыппен кете берсе,  қазақ қайда барады? Аға буын мен кіші буынның арасында жарасымды үндестік жоқ. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөзді біз жиі айтамыз да,  іс-жүзінде керісінше әрекетке барып, қазына деген қарттарды қазымырға теңеп одан құтылғанша асығамыз. Қараусыз қалған қарттарды  неге мемлекет асырау керек? Асыраушысы, бала-шағасы жоқ, соқа басы сопайып жалғыз қалса бір сәрі. Бала-шағалары бола тұра, мемлекет қамқорлығына алады. Ал әке-шешеден жерінген жетесіздердің кейбіреулері ұялмай-қызармай, қарттар үйіне барып, солардың зейнетақысын, тіпті, қайтыс болып кеткен жағдайда ақша сұрап, дау шығаратындар да бар екен. Сонда әке-шеше керек емес, бірақ олардың зейнетақысы керек. Қарияның бейнетпен тапқан зейнетін де өзіне бұйыртпай, орта жолдан олжалап кететін бала емес, бәлелер неге көбейіп кетті? Өлместің суын ішкен пенде жоқ және қартаймастың дәрісін тапқан ғалым да жоқ. Адамзаттан бастап, жер бетіндегі тіршілік иелерінің, жан-жануар, құрт-құмырсқаға дейін бір Алланың құзырында. Бәріне санаулы өлшеп берген ғұмыры бар…

Әйтеке би:

Сарқылмайтын суат жоқ,

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

Құйрығы суда тұрса да,

Уақытысы жеткенде,

Қурамайтын құрақ жоқ.

Дүние деген пәни бұл,

Баласы жоқта мият жоқ,

Бәрінен қиын сол екен,

Артында жанған шырақ жоқ… Сондықтан шүкір етіңіз деп термелеп,  толғап  айтқан осы өсиеті – санасы бар есті жанның жан-дүниесін дір еткізбей қояды ма?! КТК телеарнасындағы «Астарлы ақиқат» хабарын көзім шалып қалды. Туған қызы шешесінен безініп отыр. «Мен үшін бұл адам баяғыда өлген, көргім келмейді» дейді. Себеп, анасы үш жасында әкесі мен қызын тастап, басқа күйеуге тиіп кетіпті. Бір емес, бірнеше күйеуге тиген дейді. Бетінің әрі кетіп, самайын  ақ қырау  шалып, кәрілік алқымынан алғанда қарт анасы қызымен қайта табысқысы келеді. Трагедиялық бұл көріністе қызы қаһарланып алғаны сондай, анасына ащы зәрін төгуде. «Сен,  мені және төсек тартып жатып қалған әкемді тастап, бойыңды сылап, күйеуден-күйеу таңдап жүрдің. Менің көрмеген азабым қалмады. Есімді жимай жатып теперіш көрдім. Әкемнің асты-үстін тазаладым. Мандытып білім де алмадым. Енді маған қай бетіңмен келіп тұрсың» деп зіркілдейді. Басқа күйеулерінен балалары бар жоғын біле алмадым. Экрандағы көріністі көрудің өзі жиіркенішті. Оқиғаны талқылап отырған сарапшы мен психолог қызға: «Кешірімді бол, қанша айтқанмен саған жарық дүние сыйлаған анаң ғой», – деп басу айтып отыр. «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» дегендей, Құдай қосқан қосағы сыраттанып төсек тартып жатқанда аузына су тамызып, жазылып кетуіне себепші болудың орнына, бауыр еті баласын қоса тастап кеткен кейуананың тағдыры да аянышты. Бір емес, бірнеше күйеуге тигені рас болса, қалған бала-шағалары үлкен кісіні жалпақ әлемге жария етіп, көгілдір экранға шығарып несі бар еді. Әлде олар да бұл кісіден теріс айналды ма екен. Хабарды толықтай тыңдап, көруге жүрегім дауаламады. Қажыр-қайраты қайтқанда қызына «мені кешір» деп, тілшілерден көмек сұрап келген кейуананың жан-дүниесін мүмкін біз түсінбейтін шығармыз. Бетінің қызылы барда жіберген ағаттығы қартайғанда мазалап,  Алла алдында сұралғанда не деймін, кешірім сұрап қалайын, «ішімнен шыққан шұбар жылан ғой» деді ме екен. Қызы босағасына жолатпай қойған соң ақпарат құралдарына жүгінгені де сондықтан шығар. Анам ұлық болып кешірім сұрап келіпті, мен кішілігімді, кісілігімді, көрсетейін деп тұрған қыз жоқ. Кеудесін кернеген кектен «Неге менің мазамды ала бересің, аулақ кет» деп екі бетін жыртады. Маған айғайлама деп мүсәпір кемпір кейіп тұр. Міне, бүгінгі қоғамдағы үлкеннің де, кішінің де кейінгіге көрсетіп жатқан тәлім-тәрбиесі, тағылымы. Мұндай оқиғаларды саусақпен санап, тауыса алмайсың.

Жаңағы айтқан «Әкең жынды болса, байлап бақ» деген тәмсілді бабаларымыз өскелең ұрпаққа айтпады ма?!  Ол  аз болса,  дана  Абай:

Жақсыдан жаман туады,

Бір аяқ асқа алғысыз.

Жаманнан жақсы туады,

Адам айтса нанғысыз, – дейді.

Мұнда қызынан қарияның тағдыры ауыр, әрине. Жақсы бала есіктегі әкенің басын төрге сүйрейді, жаман бала төрдегі әкенің басын көрге сүйрейді деген осы ғой. Әке-шешесін қарттар үйіне өткізетіндер олардың мехнатын, атан түйеге артылған жүктей көреді. Оларды қарттар үйіне өткізуге арланбайды. Керісінше құтылғанша асығады. «Өгізге туған күн бұзауға да туатынын»  бала-шағалары білмейді емес, біледі. Ондай жандардың көбі өзінің бұл әрекетін жұмысының көптігімен, ата-анасын қарауға уақытының жоқтығымен түсіндіреді. Болмаса, жатып қалған қарт кісілердің асты-үстін тазалаудан жиіркенеді, ас-ауқатын әзірлеуге, күтім жасауға арланады.

Ата-ана – бала тәрбиесінің айнасы. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Кез келген қарттар үйіне барыңызшы, өзге ұлттан гөрі, өзіміздің қаракөз қарияларымыздың саны басым. Кейбіреулері тым құрыса немерелерімді әкеліп, маңдайынан иіскетпейді деп кейіп, жылайды. Ол жерде кім жоқ дейсіз… Кезінде лауазымды қызметтің тұтқасын ұстағандар да бар, келін мен баласына сыймаған, қартайғанда соқа басы сопайып қалған сан түрлі тағдырларды көресің.

Бір ғана Алматы облысы Текелі қаласындағы «Шапағат» қарттар үйінде 290  кісі  бар екен. Бұл интернатқа жылына 50 адам келеді дейді қарттар үйінің директоры Алма Мұқанғалиқызы. Жас шамалары 70-90-ды алқымдағандар. Осы 290 қарттың  59-ы  мүгедек жандар. Кейбір психологтар интернатта қарттар санының көбейуін, қазақ отбасындағы бала санының шектелуімен түсіндіреді. Бұрын бір отбасында бес-алты баладан болды. Олар бірін-бірі жетелеп өсті, ата-анаға деген қамқорлығы артты дейді. Бұл меніңше теріс ұғым. Бөліп-жарып тұрғаным емес, ата-анаға, қарияларға деген құрмет қаламен,  даламен шектелмейді. Бар гәп, тәлім мен тәрбиеде. Өмір бойы қиындық көрмей өскен бала үшін өзін асырап баққан ата-ананың ауырғанын, төсек тартып жатқанын көру үлкен бейнет, ал аяушылықты, мүсіркеуді сезінбей өскендер құтылғанша асығады. Өз бастарын әрең алып жүргендер үшін мұндайда жалғыз шешім қарттар үйі болып саналады. Мұндайды қазақ: «А, Құдайым бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деген. Қарттар үйіндегі жандардың бәрін балалары тастап кеткен деген пайым жоқ. Мұнда түрлі тағдырлар бар. Алдымызда не күтіп тұрғанын біз білмейміз. Қазір жергілікті газеттерді, жұмыс ұсынатын сайттарды аша қалсаңыз ата-анасына күтуші іздеген жарнамалардан да көз сүрінеді. Оларға төленетін қызмет ақысы да әр түрлі. Ата-аналарына күтуші іздегендердің талабы да көңіл аудартады. Күтушінің медициналық білімінің болуы,  мейірімді,  ұқыпты, өз ісіне жауаптылығы талап етілген. Еңбек ақылары 100-150 мың аралығында. Тіпті,  20 мың айлық ұсынғандар да бар. Қарттар үйіне барып ата-аналарының зейнетақыларын әкетіп жүргендер сол ақшаға күтуші жалдаса болар еді. Сонда мұңайып, немерелерін бір иіскеуге зарығып жүрген қаншама қарт бала-шағасының ортасында алаңсыз өмір сүрер еді деген ойға қаласың. Текелі қаласындағы қарттар үйінің директоры Алма Мұқанғалиқызының айтуынша, мекемеге жылына елуге жуық адам келіп түседі екен. Алматы облысы бойынша Қапшағай қаласында да қарттар үйі бар. Мұнда 137 кісі бар. Мекеме басшысы Нұрғали Бекетұлының айтуынша олардың арасында 40 жастан 95 жасқа дейінгі қарттар  мүгедектер бар. Оларды көбіне балалары емес, туған туыстары іздеп келеді дейді. Қарттар үйінің заңды ережесі бойынша, туыстары барларға бір айға дейін демалыс беріледі. Алайда алып кеткен туыстары 4-5 күннен кейін қайтадан әкеліп тастайды екен. Себеп, олармен сыйыспай қалатын көрінеді. Қазыналы деген қарттардың да мекеменің тәртібіне бағына бермейтіндері бар. Ішіп алып күтушілерді балағаттап, ішкі тәртіпті бұзатындары да табылады дейді. Ондайларды интернаттан шығаруға дейін шара  қолданамыз. Тәртіпті бұзып интернаттан шыққандар бір жылға дейін қайтып орала алмайды десе, бала-шаға туыстары қарттар үйіне тапсырғаннан кейін «Мен мұнда тұра алмаймын» деп, арыз жазып кетіп қалатындардың барын айтты. Қарттар үйіне қажеттіліктің көбейуіне байланысты, бір Алматының өзінде «Қарттарға және денсаулығы жоқ адамдарға көмек көрсететін» бірнеше арнайы мекеме тіркелген. Олар ұсынысқа сай, қызметкерлерді күтушілікке жібереді. Мұндай орталықтың бір жақсы жері өз базаларынан бір мезетте бірнеше күтушіні ұсына алады. Яғни, сізде таңдау еркіндігі болады. Жақыныңыздың қауіпсіздігі үшін де алаңдамайсыз. Өйткені қызметкерлерді тіркеген мекеме олар жайында барлық ақпаратты жинайды. Күтушілерден қандай да бір қателік кетсе, мекеме жауапкершілікті өз мойнына алады.  Бұдан бөлек, қарт адамдарды қарап, күтім жасайтын нысандар да бар. Бұл орталықтар шипажай секілді, онда күндік баға белгіленген. Қарттардың демалуына, жаттығулар жасап, ем-шара алуына, ең бастысы өзі секілді тағдырлас жандармен әңгіме дүкен құрып сырласуына толық мүмкіндік жасалған. Көгілдір экрандағы жүрек ауыртар бейнетаспаны көргеннен кейін, Текелідегі қарттар үйіна арнайы барып, бес алты қартты әңгімеге тарттық. Кейбірінің аты-жөні өздерінің өтініштері бойынша өзгертілді.

Жарқын Жанай: «Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылының тумасымын. Сол жақта туып өстім. Бұрын техника саласында механик болып қызмет еткем. Қазір зейнеткермін. Шаңырақ көтеріп, отбасылы болғаннан кейін Қапшағай қаласына көшіп бардық. 1996-1998 жылдар аралығында аласапыран уақытта шаңырағымыз шайқалып,  ажырасып кеттік. Мен ауылға қайттым, жанұям Қапшағайда қалды. Ауылдағы анам мен бауырым, қарындастарымды паналап,  сол жақта зейнетке шықтым. Кейін жасым келгесін қарттар үйіне келдім. Өзімнің екі ұлым, немерелерім бар.

Індет басталғанға дейін Қапшағайға жиі барып тұратынмын. Былтыр көктемде балаларым келіп, әке, сізді қолымызға алайық деп алып кеткен болатын. Үлкен ұлым үй салып жатқан соң қол ұшымды созып, үш айдам астам демалысымды алып оның үйін күзеттім. Отбасымнан кеткеніме де  жиырма жылдай уақыт болды. Балаларымның маған көзқарасы дұрыс, бірақ келінге сыймадым. Сол үшін олардың арасына түспейін деп қайтадан қарттар үйіне оралдым. Бес немерем бар, хабарласып сөйлесіп тұрамын. Немерелер мені іздеп келмейді, әрине әке-шешесіне бағынады ғой. Құдай қосқан қосағыммен жиырма бес жыл тұрдық. Ал қарттар үйіне келгеніме сегіз жыл болды. Балалардың үйіне барып, немерелерімді иіскеп, мауқымды басқым келеді. Бірақ бірге тұра алмаймын. Келіннің сөзі кетпендей демекші, мынадай жаста үлкен адамға ауыр сөз есту азап, үлкен мұң ғой… Өзімнің отбасымда 7 ағайындымыз, оның екеуі қайтыс болды. Талдықорғанда бір қарындасым бар. Сол жиі  келіп тұрады, жағдайымды біліп, керек жарағымды әкеліп береді. Бір бауырым Жансүгіров ауылында тұрады, онымен жиындарда кездесіп қаламын.. Зейнетақымды балаларым сұраған емес. Кейде немерелеріме хабарласқанда ұялы телефоныңа бірлік салып  берейін  десем, «жоқ  ата керісінше мен сізге бірлік салып жіберейін» дейді. Өз  кіндігімнен тараған  кіші балам менің тағдырымды қайталады. Ол да отбасынан ажырасып кетті. Оған барғанмен ол мені күте ме, әлде мен оны күтемін ба… Жасым сексенге таяп қалды, қартайдым».

Шұға Қуанышбаева:  Түп төркінім Павлодар облысы. Арғынның қызымын. 1971 жылы Қаратал ауданына көшіп келдік. Қырық сегіз жыл қызметте болдым. Жолдасым 1999 жылы қайтыс болды. Бір ұл, бір қызым бар. Келінім бар.  Биыл желтоқсанның 19-ы осы орталыққа келіп орналастым. Менің құдағиым түрік ұлтынан, ал олардың салты бойынша бала-шағаларының барлығын бір жерге шоғырландырып, өз маңайларынан ұзатпай,  уысында ұстау керек.  Құдағиымның өзі он бір құрсақ көтерген, қазір тоғыз баласы бар. Сол балаларының барлығы жанында. Қартайғанда келінге отырсам опақ, тұрсам сопақ болып көріндім. Ақыры  сыйыспадым.  Кезінде «Ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс» болды. Балам менің сөзімді сөйлеп, ажырасамын деді. Мен үшін ажыраспаңдар, сендерді мен қосқан жоқпын, ертеңгі күні жағдайларың дұрыс болмай қалса, мені кінәлайсыңдар дедім де тыныш қана қарттар үйіне келдім. Бір сөзбен айтқанда келін екеуміздің мінезіміз үйлеспеді. Келініме де, балама да қандай жағдай болмасын бірге болыңдар, сендерге салмақ салмайын деп  кеттім. Бес немерем, бес шөберем бар. Қызым Үштөбе қаласына тұрмысқа шықты. Өзі мұғалімдік қызметте. Оныңда қолында екі жыл тұрдым. Күйеу балам метис, шешесі орыс, әкесі қазақ. Олар орысша тәрбие алған ғой, сондықтан ол жер де жайлы болмады. Балалардың да сөзін көтере алмадым. Жанымды жаралады, бұлай ауыр сөз естігенше жеке кеткенді қаладым. Балалар келіп тұрады, анда-санда өзімде барып тұрамын. Барғанда «апа, кетпеңізші деп ұл да, қыз да» айтады. Бірақ «қалған көңіл, шыққан жанмен бірдей» демекші,  қала алмадым. Ендігі тағдырым қалай болады, бір Құдай біледі. Оданда өзіммен-өзім болайын, мұнда жеке бөлмем бар, барлық жағдай жасалған. Әрине үйдің жөні бөлек қой, сағынасың. Немерелер мен шөберелердің ортасында шүйіркелесіп, солардың қызығы мен шыжығына бөленіп отырғанға не жетсін?! Алайда ондай бақ менің тағдырыма бұйырмапты. Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасады дейді ғой. Ойға шомып кететін кездерім жиі болады. Олар менен ақша сұрамайды, менде зейнетақымды бермеймін. Кезінде Семейде техникумды бітіріп сол жерде мұғалім болып істедім. Райком комсомолда қызмет атқардым. Жұмыс бабымен осы жаққа ауысып, жоғары дәрежелі қызмет атқардым. Бәрі көрген түстей өте шықты. Жолдасымның көзі тірісінде ешкім жолымды кеспеді. Олда сан-салалы қызметтер атқарған. Қартайғанда қадірім қашып, келінге сыймай сыртқа кеттім. Солар аман болсын! Тағдырдың басыңа салғанына көнесің, көнбегенде қайда барасың?

Нұрғали ата: Мен Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы,  Жалғызтөбе ауылынанмын. Балам жоқ, үйленбегенмін. Әке-шешем қайтыс болып кеткен. Отбасында үш ағайындымыз. Маған олардың балалары келіп тұрады. Мұнда келгеніме 8 жыл болды. Қазір жасым 69-да. Талдықорғанда жалғыз апайымның қолында тұрғанмын, ол қайтыс болған соң ағаларым осында әкеліп өткізді.

Людмила апай: Осы жерге келгеніме он үш жыл уақыт болды. Балаларым Ресейде тұрады, олардың қолына барып тұрғанмын. Бірақ ауа-райы жақпады, маған жылы аймақ керек болды. Бір ұл, бір қызым, төрт немерем, екі шөберем бар. Оларға анда-санда барып тұратынмын, кейін пандемияға байланысты бара алмай қалдым. Қызым келіп тұрады, ал ұлым келмейді. Мұнда қоғамдық жұмыстарға араласамын, ән айтамын. Бізде барлық жағдай жасалған. Ешқандай мәселе жоқ. Мұнда өз қосағын тауып, үйленіп жатқандар да бар.

Валентина әже: Бұрын Кербұлақ ауданы, Қарашоқы ауылында тұрған-мын. Үш балам бар. Баламның біреуі Ресейде Новосибирскте, біреуі Омбыда. Тағы біреуі Қапшағайда тұрады.  Қапшағайдағы балам ауырып жатыр, хәлі нашар екен. Соны естіп жүрегім ауырып қалды. Жасым тоқсанға таяп қалды, сексен жеті жастамын. Қарттар үйінде тұрып жатқаныма жиырма жыл болды. Кеше Талдықорғанға құмалақшыға барып құмалақ  аштырдым. Олар тоқсан жас жасайсың деп айтты. Тағдырдың жазуынан артық еш нәрсе болмайды балам. Ешкімді кінәламаймын. Кезінде  шалым барда екі жақтап жұмыс жасадық. Озат жұмысшы болдық. Біз бармаған Кеңес одағының жерлері қалмады, бәрінде болдым. Кәріліктің аяғы осылай болады деп үш ұйықтасам да ойыма келмеді. Басқа салса бәріне көнесің…

Мемлекет қамқорлығындағы қарттардың әңгімелерінен түйгеніміз мынау. Келінмен сыйыспаған ата-ене баласына бір, келінге бір қарап жәутеңдеп, ақыры жандарына сая таппаған соң қарттар үйін паналауға мәжбүр. Қариялардың асты-үстіне түсіп, қамқорлық танытудың орнына олардан құтылғанша асығып, сыздауықтай сыздаған келінге күйеулері тыйым сала алмағаны көзге шыққан сүйелдей айқын көрініп тұр. Осыдан-ақ отбасындағы еркектің іс-әрекеті етекке түсіп кеткенін көруге болады. Ата-енелерін, әке-шешелерін қарттар үйіне кетуге мәжбүрлегендер ертең өздері қартайып, балалары келін әкелгенде сол күйді өздерінің кешпесіне кім кепіл?! Өйткені «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген тәмсіл бар ғой…

Балаларының тасбүйрек болғандары сондай, әке-шешелерінің, туыс-туғандарының ақшасын көзі тірісінде алып, өлсе өзіміз жерлейміз деп, қайтыс болғанда келмей қоятындары да бар екен.

Біз әңгімеге тартқан қариялардың қабағында бір мұң бар. Жан дүниелері әлем-тапырақ. «Осындай күйге түскендеріңізге өздеріңізді кінәлі санайсыздар ма? Бала тәрбиесінде неге ағаттық жібердім деп мазаларыңыз қашқан сәттер жиі болды ма?» деген сауалымызға   қариялар күмілжіп қалды. Адуынды келін, әлжуаз еркектің заманы болды. Ата-анасын сыйдырмай қарттар үйіне жіберіпті деген сөздің өзі сүйектен өтеді. Амал қанша…

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ