Иттен келер қауіп көбейді

0
1981

Ит те иттігін жасап жүр.  Ит  – адамзаттың  досы,  серігі дейміз. Бақылаусыз,  қараусыз  қалса,  сол досың да доңайбат көрсетеді.  Қазір  қай  аймаққа  бармаңыз,  қаңғыған иттен аяқ алып жүре алмайсыз. Мыңғырған киіктей  жосып жүрген  иттерден адам баласына төніп тұрған  қауіп-қатердің  алдын  алып жатқан да ешкім жоқ.  Әсіресе қалалы  жерлерде  ылыққан  иттер  күл-қоқыс маңын торуылдап алған. Оларды  бақылап,  қорғап жүрген мекемелер қаңғып жүрген  төрт аяқтыларды ұстамайды. Бір кездері қаңғыбас иттерді атып, қауіпті сейілтетін ит атқыштардың  да қауқары қазір шамалы болып тұр. Себебі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң аясында қорғалған мақұлықтарды себепсіз атсаң, жазаға тартыласың.

Елдің зәре құтын қашырып жүрген қаңғыбас иттер туралы қоғамда екі ұдай пікір қалыптасқан. Бірі ит-құсқа аяушылық танытса, енді бірі адам өміріне қауіп төндіріп  жүрген  қараусыз иттердің көзін жою керек дейді. Тіпті, осы қаңғыбас иттер адамдарға шабуылдап, ол  бұралқылардың  кесірінен  бала өлімі болған-ды. Ашықаннан ба, әлде құтырғаннан ба бала түгілі,  үлкен адамдардан именуді қойған қаңғыбастар жалғыз-жарым жүрген адамдарды тарпа бас салып талап тастайтын болған. Бақылаусыз бейберекет кеткендері сондай жыртқышқа айналған иттер жайында шағым көбейгенін ғаламтор желілерінен көруге болады. Әсіресе, Қарағанды өңірінің  Жезқазған, Балқаш аймақтарында көпшілік жүретін орындар мен балалар ойнайтын алаңдарға дейін торуылдап алған иттер адам өміріне қауіп төндіріп тұрғанын айтады. Мәселен Жезқазған қаласының Сәтпаев шағын ауданында № 5 үйдің балалар ойнайтын алаңын  иттер қаулап алғанын айтып «Бұл жер балаларға емес, төрт аяқтыларға арналып салынған ба» деген тұрғындардың наразылығынан көруге болады. Қарағанды қаласында екі иттің қыз баланы талағаны жайлы елдің жанайқайы да  ақпарат құралдарын шулатты. Құрылыс алаңына күшіктеп алған иттер ары-бері өткен  жүргіншілерге айбат көрсетіп, талап тастаудан тайсалмайды. Үлкендерден де  үркуді қойған үй жануарлары жабайылыққа көшкенін айтуда.  Жалпы,  қаңғыбас иттер жайлы Қазақстанның қай  аймағына зер салсаңыз да көңіл алаңдатады. Ит асыраушылар өздеріне жүктелген жауапкершілікті мүлде сезінбейді. Бақылаусыз қалған иттер бұралқы қаңғыбасқа айналған. Олардың не сау, не ауру  екеніде бақылаусыз қалған. Әлгіндей, адамдарға шабуылдаған  кезде ғана оларды тұзақтап,  не болмаса көзін жойып, ауру екені, не болмаса дерттен аман екені айтылып жатады. «Жығылғанға жұдырық тиіпті» демекші, қаңғыбас иттерден зардап шеккен жасөспірімдердің психологиялық соққы мен жарақат алуы қоғамды алаңдатып тұр. Онда да ата-аналардың жанайқайы. Есесіне, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға былтыр желтоқсанда қол қойылды. Биылғы 2 наурыздан бастап негізгі баптары күшіне енді. Алдағы екі-үш жылда енетін қосымша баптары да бар екен. Оны әзірлеуші  – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Міне, осы заңға сәйкес, жыл басынан бері көшеде қаңғып жүрген итті атпақ  түгілі,  қол көтеруге болмайды. Әйтпесе, заң алдында жауап беріп, айыппұл төлейсіз.  Ал  бұған  жауапты  ветеринария  саласы не дейді? Әрине, Заң тұрғысынан дұрыс дейді. Алайда қаңғыбас иттердің адам өміріне төндіріп жатқан қауіп-қатеріне байланысты арыз-шағым да толастап тұрған жоқ.

Мұндай оқиғадан Алматы облысы да кенде емес. 9 жасар баланы бұралқы ит талап тастады. Жазатайым оқиға 22 сәуір күні кешкі сағат 19:00-де Жамбыл ауданына қарасты  Ақсеңгір ауылы, Атажұрт көшесіндегі үйде болғанын Zakon.kz. хабарлады. Абырой болғанда жедел-жәрдем шақырылып, тоғыз жасар Шәріпжан Халифаның жарақатын таңып, Алматы қаласындағы № 1 балалар ауруханасына жеткізген. Осыдан кейін ғана ауыл тұрғындарының қаңғыбас иттер туралы жазбаша өтініштері бойынша арнайы қызметкерлер иттерді аулау жұмысын жүргізген. Нәтижесінде аудан бойынша 469 ит, оқиға болған Ақсеңгір ауылында 30 қаңғырып жүрген ит ауланыпты. Талдықорған қаласында да  саяжай және Жастар шағын ауданында иттердің үйіріліп жүргенін көруге болады. Бұл маңайда көбіне жеке үй тұрғындары тұрады. Күшіктеген иттерден аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың  иелері де бар болу мүмкін. Бірақ қараусыз жүргендері қаншама.

Бұлардың үш ай сайын күшіктейтінін айтқанмен, қаңғыбас иттердің санының артуын ешкімде бақылап отырған жоқ. 2018 жылдың басынан бері Талдықорғанда 412 тұрғынды ит қапқан.

Көбі қаңғыбас иттерден жапа шеккен. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан өңірде иесіз жүрген иттерді аулап, оларды оқшаулау жұмыстарын  қалалық ветеринария бөлімі қаншалықты қадағалап отыр. Мәселен 2018 жылы  950  арыз-шағым түсіп, екі мыңнан астам ит-мысықтың көзі жойылған. Күл-қоқысты паналап жүрген иесіз жануарлар түрлі аурулардың көбеюіне әкеп соқтыратынын ветеринария мамандары да жоққа шығармайтын шығар. Бұл жерде ит асыраушылар да кінәлі. Үй жануарын байлап ұстамай, бос жіберіп қоятындары бар. Тіпті, Талдықорған қаласының бір  көшесінде  4 жасар бүлдіршінді ит талаған оқиға да болған. Абырой болғанда өтіп бара жатқан адамдар бірден баланы  иттен арашалап, көмек көрсеткен. Бұл оқиға да 2018 жылы болған.  Питбуль тұқымдас екі ит 7 жасар балаға шабуылдап, бүлдіршін алған жарақатынан көз жұмған болатын. Бұл оқиға облыс орталығындағы жекеменшік саяжайдың бірінде болған-ды. Оның иесі 44  жастағы азамат 6-7 итті үйін қарауылдау үшін қойғанын, екі ит ауладан абайсызда шығып кеткенін айтты. Бұл оқиғаны ел әлі ұмыта қойған жоқ. Иті саяжайда, иесі қалада тұратынын,  иттерге ешқандай жағдай жасалмағанын сол кезде анықтаған болатын. Бір емес, бірнеше питбуль тұқымдас итті асыраған қожайын оны арнайы қорғауда ұстау керектігін білмеді емес, білді. Иттің кесірінен бүлдіршіннің өмірі қиылды. Бұл да 2018 жылы болған оқиға. Бұл өткен оқиғаға не үшін қайта оралып отырмыз? Себеп,  қаңғыбас иттер мен мысықтар жайлы жылда әңгіме көтеріледі. Иттер туралы жаңа заң қабылданды. Онда итті ату тұрмақ,  ұруға рұқсат жоқ. Алайда қаңғыбас иттер жосып жүр. Тұрғындар тарапынан арыз шағым толастамай тұр. Мұны Қарағанды және Алматы облысы, Ақсеңгір ауылының тұрғындарының шағымдарынан көруге болады. Заң қабылданып, күшіне ен-генімен міндеттерді орындау механизмдері дайындалу үстінде. Қаржыландыру тетігі жоқ.  Жануарлардың көзін жоюға тыйым салынды.  Сонда Жануарлар туралы қабылданған заң  да шала-шарпы болып тұр ғой. Заңның механизм тетіктері толықтай жүзеге аспаса, арыз-шағымды қарша боратып жатқан бұқара әлі үрейде отыру керек пе деген заңды сауал туындайды. Жапа шеккендер қашанғы полиция мен ветеринария бөлімдеріне шағымдана береді.

Қазіргі уақытта облыстағы қалаларда иттерге арналған вольерлер жұмыс істеп тұр. Балқашта  – 10, Жезқазғанда – 10 вольер бар. Ветеринария мамандары мұнда иттерді уақытша қамап, иесі табылса беріп жібереді. Көбінесе бұл жерлерде асыл тұқымды тазы, төбеттерді ұстайды.

Қазір ветеринарлар тарапынан қаңғыбас итке қарсы дәрмен жоқ. Тек тұрғыннан нақты шағым түссе ғана көзін жоя алады екен. Әйтпесе, кез келген адам ит атушыны прокуратураға сүйрейді. Мәселені шешуге жануарлар жанашырлары да қатысуы тиіс. Себебі, иттерді ұстау, күту бойынша дайын жоба ұсынған бірде бір ұйым, жануарлар жанашыры жоқ. Көбісі сөзден әрі аса алмайды. Егер жануарларды қорғау ұйымдары нақты жоба ұсынса, бюджеттен қаржыландыруға болатынын қарағанды-лық ветеринар мамандары айтуда. Сонда қаңғыбас итті асырау құны қанша тұрады?

Жаңа тәртіп бойынша ветеринарлар иесіз итті аулап, арнайы панажайда ұстауға тиіс. Ал панажай қыруар ақша тұрады. Қарағандылық Қайырбек Тұрсынбеков былтыр 510 итке арналған панажай сметасы дайындалғанын айтады. Ал былтырғы бағамен – 327 млн. теңгеге шыққан. Ал биыл құрылыс материалдарының құны еселенгенін ескерсек, бұл соманың  екі есе өскенін пайымдауға болады.

Міне, жаңа заң бойынша жануарлар  миллиондаған қаржыға тұрғызылатын панажайда күтілуі тиіс. Ұсталған ит алдымен стерилденеді. Яғни, жуындырылып, тазаланып, химиялық өңдеуден өтеді. Бұдан кейін ит панажайда 60 күн тұрады. Егер екі ай ішінде қожайыны табылмаса, чип тағып, қайтадан еркіндікке жіберіледі. Біраз уақыттан кейін бұл итті ұстап әкеліп, тағы қамауыңыз әбден мүмкін.

Панажай құрылысының құнын жоғарыда келтірдік. Итті жуындыруға, залалсыздандыруға жұмсалатын сабын ұнтақтың бағасын айтпағанда, ұрғашысының жатырын арнайы отамен алады. Бір жатырды сылып тастау құны шамамен, 25 мың теңге, бір еркегін қысу – 5-6 мың теңге шамасында. 510 иттің жартысы ұрғашы болса – жатырды алудың өзіне 6,3 млн. теңге қаржы қажет.  Иттің бір күндік тамағы – 700 теңге. Ол 60 күн панажайда қамауда тұрады. Яғни, екі айда 42 мың теңгені итаяққа саласыз. Чип – мың теңгеге бағаланады. 510 итке – 510 мың теңгенің чипін байлау керек.

Оның  ішіп-жемінен бөлек, коммуналдық төлем, жұмыскерлердің еңбекақысы,  дәрі-дәрмек сынды өзге де шығындарды  қоссаңыз, қаншама шығын тек итті асырайтын панажайға кететінін бағамдай беріңіз. Осыдан кейін қаңғыған иттердің көзін жойған абзал ма әлде қыруар шығын шығарып панажайда асыраған дұрыс па? Жоғарыда келтірілген  кейбір ақпараттар Орталық.кз порталынан, Нұрқанат Қанапия мақаласынан алынды. Қарағанды облысында екі баланы ит талап, біреуі қайтыс болған, Ақмола облысында да итке таланған баланың оқиғасы ғаламтор желісінде дабыл қақтырды. Ит – иттігін жасайды деген осыда…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ