Сот саласына ұдайы реформалар жасалуда

0
1370

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы  №183 қаулысы негізінде 24 маусым  Судья және Сот қызметкерлері күні болып толықтырылды. Бұған дейін сот саласының айтулы мерекесі болмаған. Тек мемлекеттік қызметкерлер күні аталғанда судьялар да марапатталып,  мерекелеп жататын. Енді  міне,  енші алып, сот жүйесіндегі түрлі реформаларды жүзеге асырып жатқан Алматы және Жетісу облысының судьяларын  төл мерекелерімен  «Алатау» қоғамдық саяси газетінің ұжымы атынан шын жүректен құтықттаймыз! Мереке қарсаңында Әкімшілік істер бойынша сот алқасының төрағасы Жанат Алдабергенұлы Тазабековпен сұхбатты жариялап отырмыз.

АЛАТАУ: –  Жанат Алдабергенұлы,  24 маусым  – судья және сот қызметкерлер күні болып толықтырылды.  Төл мерекелеріңізбен барлық судьяларды құттықтаймыз.  Енді өзіңізбен жеке сұхбатқа көшсек, 2020 жылы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті 2021 ҚР әкімшілік процесі кодексіне қол қойды және бұл заң 2021 жылдың  1 шілдесінен бастап өз күшіне енді. Аталған Заң актілері қалай жүзеге асуда?

Жанат ТАЗАБЕКОВ: – Біріншіден, Судья және Сот қызметкерлері күнімен елеп ескеріп, ұжымыңыздың атынан құттықтап жатқаныңызға мың алғыс, көп рахмет!  Өзіңіз білесіз, 23 маусым  –  Полицей қызметкерлері, 6-шы желтоқсан – Прокуратура органдарының төл мерекесі болып жеке аталып өтіледі. Ал, бүгінгі күнге дейін Судья және сот қызметкерлер күні деген болмаған. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы сот саласының қызметкерлерін елеп-ескеріп, атаулы күн Үкімет қаулысымен бекітілді. Бұл біз үшін үлкен мереке! Прокурорлар мен полицей қызметкерлері  мерекелерін тойлап жатқанда, бізде неге осындай күн болмайды деп ойлайтынбыз. «Ештен кеш жақсы деген» осы шығар. Ал әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске  келсек, Президент  қол  қойған күннен бастап күшіне енді. Жалпы бұл заңнамалық акт мемлекеттік орган, лауазымды азаматтар арасында туындайтын қоғамдық құқық қатынастарды реттеуге бағытталған.

АЛАТАУ:  – Бұл айтып отырған заңнамаңыз тағы қандай дауларды шешеді. Заңда түйіні тарқатылмай қалған мәселелер бар ма?

Жанат ТАЗАБЕКОВ:Жалпы сот саласында ұдайы реформалар жасалып келеді. «Көш жүре түзеледі» дегендей,  заң күшіне енгеннен бастап оның олқы тұстары болуы заңдылық. Ол да біртіндеп қалыпқа келеді. Бұл кодекс азаматтармен кәсіпкерлермен, мемлекеттік органдар арасындағы дауларын шешуге мүмкіндік беруде. ҚР Президентінің 2021 жылғы  26 қаңтардағы жарлығымен Алматы облысының Талдықорған және Қаскелен қалаларында екі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттары құрылды.

АЛАТАУ:  – Өзіңіз күні бүгінге дейін даулардың қаншауын қарап шықтыңыз. Кәсіпкерлер көбінесе мемлекеттік органдармен дауласып жатады. Бұл даулардың басты себебі неде?

Жанат ТАЗАБЕКОВ:  – Статистикаға қарайтын болсақ өткен  жылда, 31 желтоқсан 2021 жылға дейін бізге  – 1148 іс келіп түсті. Соның ішінде қайтарғаны – 620. Шығарылған шешім – 220, қанағаттандырылғаны – 130 шешім, қанағаттандырусыз қалдырылғаны  – 90. Сонымен биылғы жылдың қаңтарынан бастап, бүгінгі күнге дейін 1141 іс қаралуға келіп түсті. Оның 225-і  қайтарылды, 268-не шешім шығарылды. Соның ішінде қанағаттандырылғаны – 176 іс, қанағаттандырусыз қалғаны – 92. Сонда бір жылда 2289 іс түссе, соның ішінде 895-і қайтарылып, 488-не шешім шығарылған. 360 қанағаттандырылып, апеляциялық шағым бойынша қанағаттандырусыз 182-і қалдырылған.  Міне, бұл біздің атқарылған істеріміздің нәтижесі. Иә, кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарымен дауласып жатуы жиі болып тұрады. Олардың басты дау-дамайлары – салық  комитеті, екінші, «Кеден» бекеті, мемлекеттік сатып алу сұрақтары  және жеке сот орындаушылар тарапынан болып жатады.

АЛАТАУ: Ал тұрғын үй мәселесіне байланысты даулар аз ба, әлде көп пе?

Жанат ТАЗАБЕКОВ:Бұл да күрмеуі шырмауықтай шатасқан үлкен мәселе. Жеке азаматтар жетіскеннен сотқа жүгінбейді. Тұрғын үй кезегіне қатысты даулар көп. Олардың көбі сот табалдырығына келгенде «Медиацияға» жүгініп келісімге келіп жатады.Талдықорған қаласы бойынша тұрғын үйге қатысты даулар қаралуда. Осы бағытта қалалық әкімдік  жұмыс істеп, сол дауды сотқа жеткізбей өз араларында шешу керек деп айтып жатырмыз. Бірінші саты соттары төрағаларының ұйымдастыруымен жергілікті атқару органдарының басшылығымен бірнеше рет арнайы дөңгелек үстелдер, семинар, кеңестер өткізіліп жатыр. Бұл  сотқа келіп түсетін істердің алдын алып, бір мәмілеге келу мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар.

АЛАТАУ:  – Сонда бұл баспаналар заңсыз беріліп кеткен бе?

Жанат ТАЗАБЕКОВ:Жоқ, мүмкін заңды берілген шығар, оны заңсыз деп  те айта алмаймыз. Себебі біз оны қарап көрмегеннен кейін білмейміз. Бірақ әкімдік өздері тексеріс өткізіп жатыр. Сот  қарауына  түсетін  әрбір  арыз өзінше  дара, сондықтан  істің мән-жайын жақсылап тексеріп барып, заң талаптарын ұстана отырып  бір тұжырымға  келеміз.  

АЛАТАУ: – Жалпы сот жүйесіндегі реформаларға  көңіліңіз тола ма?

Жанат ТАЗАБЕКОВ:Заман ағымына қарай сот саласына реформа жүріп жатыр. Ол керек нәрсе, оны Президентіміз де айтты және бұл әлі де жалғасады.  Жарты жылдық жиын жоғары сотта өтеді. Сол үшін қазір бәріміз баяндама дайындаудамыз. Мемлекет басшысының сот жүйесін түбегейлі реформалау және оған деген сенімді арттыру туралы тапсырмасын іске асыру бойынша әр облыс кемінде үш, бірақ бестен аспайтын нақты ұсыныс енгіземіз. Әкімшілік істер бойынша сотта мүмкіншілік көп. АППК дейтін заң бар.  Бұрын Мемлекеттік қызметкерлерді сотқа шақырсақ, уақытымыз жоқ деп келмейтін. Жаңа Заң бойынша міндетті түрде келеді. Келмесе оларға айыппұл салынады.  Егер сотқа құрмет көрсетілмейтін болса, жеке қаулы шығарамыз. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырады.

АЛАТАУ: – Сұхбаттасуға уақыт тауып,  көңіл бөлгеніңізге көп  рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Айтақын МҰХАМАДИ

Дереккөз: Alataugazeti.kz

 

 


ПІКІР ЖАЗУ