«Асқынған ауруды алтын төсек емдемейді»

0
2982

Қылмыс  құрықталмай   қоғам  да, экономика   да   дамымайды.  Мұны  Қазақстанның  отыз  жылдық тарихынан  аңғаруға болады. Басты себебін  іздесеңіз халықтың әл-ауқатынан көрерсіз.  Жегі  құрттай жұлынға кіріп алған жемқорлық  пен  ұйымдасқан қылмыстың  басында шенділер және олардың туған-туыстары тұрды.

Қам-қарекет жасап, кәсіп ашып, мемлекетке салығын төлеп, кәсібін дөңгелеткендердің  бизнестерін тартып алып, жала жауып,  темір торға ұзақ мерзімге тоғытып жіберу,  сыбайластар мен қомағайларға түкке де тұрмайтын. Керісінше өздері байыған үстіне байып, елді үрейде ұстап, қол астына қолшоқпарларын жинады. Мемлекетті отыз жыл  басқарған  ел-жұрты  ұлы тұлғаға балаған экс президенттің өзі отбасылық телі-тентектерін тыюдың орнына оларды қызғыш құстай қорғады. Ал  олар білгенін жасады.  Бүгінгі таңда жауапқа тартылып, алды абақтыға тоғытылып, соңы сот алдында жауап беріп,  кесімді жазасын арқалап жатыр.  Ұйымдасқан қылмыста тамырын тереңге жайып алған ауқаттыларды түп-тамырымен жойып жіберу оңай шаруа емес. Оларды қорғап-қолпаштап тұрғандар бар.  Заңсыз жолмен байып, айналасына әлімжеттік көрсеткендердің де  басына қара бұлт үйіріліп жатыр. Кезінде осы заңсыздықтарға көз жұма қараған құзырлы органдардағы лауазымды тұлғалар құрықталуда. Қазақ мұндайды «Мың асқанға бір тосқан»  деп тәмсілдеген.

Ар, ұят дегенді бүгінде шырақ алып іздейтін жағдайға жеттік. Ұрлық-қарлықпен күреседі деген полицияның өзінде органнан қуылып,  жауапқа тартылып жатқандар бар. Тәртіпті ұйыстырады, тыныштықты қадағалайды деп сенім артқан прокуратураның да,  қауіпсіздік комитетінің де беделіне біраз нұқсан келді. Оны органның ішкі құрылымында қызмет жасап жүргендердің асыра сілтегендерін қалың бұқара көрді. Әлгіндей жоғары шенділердің туған-туыстары жасаған қылмысты  жауып,  бүркемелеп келгендер де осылар. Бәріне бірдей топырақ шаша алмаймыз. Мемлекет үшін  жанын шүберекке түйіп, от пен суға түскен, шыбын жандарын құрбан еткендер, халыққа адал қызмет жасап жүргендері де баршылық.

Енді  экс президенттің туған інісі туралы әңгімеге ойыссақ. «Бәленнің бизнесін тартып алыпты. Осыларға не жетпейді екен» деген қауесет ел ішінде желдей есетін. Қолынан келген қонышынан басады,  қашанғы асқақтайды дейсің. Оның да жауап беретін күні бір келер деген қауесет бүгін шындыққа айналды. Болат Назарбаевтың алған заңсыз жерлері мен бизнес құрылымдары мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Түптің түбінде өзі де бір жауап беретін Болат Назарбаев білмеді емес, білді.  Бірақ  олар экс президенттің туған-туыстарына тиісуге болмайды  деген заңға сүйеніп, ойларына келгенін жасады. Ақпарат құралдарын, әлеуметтік  желілерді  парақтай қалсаң отыз жыл тайраңдаған Болат Назарбаев туралы жағымсыз жаңалықпен танысасың. Оның оң қолы болған ер адам басқарған қылмыстық топтан 133 үй, 11 жер телімі, 35 автокөлік тәркіленді  деген ақпаратты оқып,  апырай ә  қылмыстық топты ұйымдастыратындай бұл кісіге не жетпеді екен деп қынжыласың.  Бірақ  нақты факт істі айғақтап тұр. Тергеу  кезінде ақшалай 9 миллион доллар да тәркіленген. Ұйымдасқан қылмыстық топ 11 адамнан құралған. Оның бесеуі қазір қамауда. Ал жетекшісі Елдос Қоспаев пен бірге алты адамға халықаралық іздеу жарияланған.  Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың серкесі Елдос Қоспаев пен оның сыбайластарынан тәркіленген дүние. Қаңтар оқиғасына дейін ойларына келгенді жасап, елді қорқытып, үркітіп уысында ұстаған қылмыстық топты құзырлы орган өкілдері білмеді дегенге кім сенеді. Білді, көрді, бірақ құрықтауға дәрмендері жетпеді. Олардың қорғаушысы, қолдаушысы президенттің туған інісі болды. Қаржы мониторингі агенттігі  шексіз байлықтың бірсыпырасын көрсетті.  Әлі көрінбеген, ашылмаған қанша қылмыстар бар екені бір Құдайға ғана аян. Түкірігі жерге түспеген  Болат Назарбаевтан қолдау тапқан  Қоспанов  ешқандай ресми құжатсыз Алматы облысының аумағында зәулім сарай тұрғызған. Қала  сыртындағы жекежайда бассейн, фитнес орталық, кинотеатрды айтпағанда, үйінің ауласын нағыз хайуанаттар бағына айналдырыпты. Ол жерде асыл тұқымды жылқылардан бастап, арыстан,  аюға  дейін  жүр  дейді «КТК» телеарнасындағы жаңалықта. Жалпы ұйымдасқан топтың жымысқы әрекеттерінің кесірінен келген шығын көлемі 4 млрд. 600 мың теңге айналасында екен. Қоспановтың қодарлығы ұстап, іріп-шіріген бай болсада оның сыбайластары қол астында жұмыс істеген адамдарға жылдар бойы жалақы бермей, зорлық көрсетіп, ешқайда шығармаған дейді агенттік тергеушілері.

«2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін  Шалин  келді. Қанша жерге қашып кеттім. Ұстап, алып келеді. Үшінші қашқанымда Медеу ауданына барып арыз жазғанмын. Медеу ауданының полицейлері шығып, Елдос Қоспаевқа телефон соғып: «Твоя крыса,  у нас» деп ұстап берді.  Мен солардың үстінен арыз жазған едім.  Мені қинап ұстады. Сөйтіп, бес жыл өмірім психологиялық күйзелісте болды», – дейді Қоспановтың үй қызметшісі. Жәбірленушіні қорғаудың орнына қорлыққа қайта берген полицей кім? Ол  полицей жауапқа тартылып жатыр ма?  Күдікті Елдос Қоспаев пен оның сенімді серіктестеріне қатысты тергеу әлі де жалғасып жатқаны айтылды. Қылмыстық топ Алматының кәсіпкерлерін қорқытып, үркіту арқылы бизнесін тартып алумен айналысқан. Алматы мен Ақтауда  алкоголь өнімдерін көтерме бағада  сатумен  айналысатын ірі компанияларды бопсалап, кірістерінің бірнеше пайызын иемденген дейді қаржы мониторингі агенттігі. Осылайша ұйымдасқан топ заңды белшесінен басып, қыруар табысқа кенеліп отырған. Көз алдарында кәсіпкерлерді үркітіп, құлдыққа адам ұстап отырған қылмыскерлердің қолдарына кісен салмай, керісінше оларға болысқан полиция да қылмыскер. Мұндай полицейлер қашып жүрген жәбірленушіні ұстап бергені үшін сыйақы да алған шығар. Қылмыскерлермен сыбайласқан бұл полицейді сатқын демеске лажың бар ма? Осындай погондылардың кесірі бүкіл ішкі істер органдарына кір келтіреді. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген осы.  «Твоя кырыса у нас» деп өзі де мемлекеттің мүддесін қорғамай, қылмыскермен күреспей,  сатқындық жасап отырған жоқ па? Полицияның атына кір келтіретін мұндай екіжүзділерді республиканың әр аймағынан көруге болады. Жақында  Жетісу облысында алты  полицей қызметінен босатылған.

Полиция департаментінің Тәртіптік комиссиясы өткен жұмада сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылыққа жол берген бірқатар немқұрайлы полиция қызметкерін жұмыстан қуған.  Бұл   полиция қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілініп, қызметтерінен  босатылды  деп хабарлады orda.kz. Қызметтерінен қуылған полицейлер  қатарында Жетісу облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Олжас Отаров, Жетісу облыстық полиция басқармасының кадр жұмысы жөніндегі аға инспекторы Мұратхан Маркс, Талдықорған қалалық ІІБ бастығының орынбасары Марат Түсіпбеков және техникалық  инженер (жетондар мен бейнебақылау камераларын беретін) Дамира  Әмірханова, Талдықорған қалалық ІІБ патрульдік полициясының тағы екі инспекторы Марат Мақұлжанов пен Нұрбол Есімбеков бар. Ішкі қауіпсіздік басқармасының берген мәліметіне сәйкес, талдықорғандық полицейлер,  жол ережесін бұзушыларды бопсалады және жауапкершіліктен жалтарды деген күдікке ілінген. Мұндай жағымсыз әрекеттерді қалай ақтап алуға болады.  Полиция – халықтың қорғаны  дейміз  ал, олардың жасап жүргені мынау. «Оң көзің сол көзіңе қарауыл болсын» дегенді қазақ не себепті айтты дейсіз. Ішкі тәртіпті қадағалаудың арқасында, полиция бастығы қол астындағы  құқық бұзуға жол берген полицияларды жазалап,  ішкі істер құрамынан аластатқан. Өте дұрыс шешім. Өз-өзіне сын көзбен қараған басшы   халықтың, Отанның мүддесін көздейді және ол өзгелерге сабақ болады. Міне,  медальдің екі жағын көріп отырмыз. Бірі экс президенттің туған інісі, қол астына қылмыскерлерді топтастырып, олардың қылмысын бүркемелеп жүрген полицейдің іс  әрекеті. Енді бірі сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылыққа жол берген полицейлер.  Бірлі жарым емес алты полицей.

Айта кетейік, қаңтар оқиғасы салдарынан 238 адам көз жұмған еді.  Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотқа тартылғандардың ішінде басым бөлігі – 26,1% ішкі істер органдарының қызметкерлері болған. Олардың жалпы саны – 61 адам. Ал бір жыл бұрын 34 адамның осындай әрекеті анықталған. Жалпы құқық қорғау органдарына үлкен реформа керек екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та үздіксіз айтып келеді. Айтып қана қойған жоқ реформаларды біртіндеп жүзеге асыруда. Өйткені көзге шыққан сүйелдей  бадырайып көрініп тұрған кесел Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде де бар. Оны да қаңтар оқиғасы дәлелдеп берді. Тіпті, жеме-жемге келгенде  қызмет орындарын тастап кеткен біршама тыңшылар жауапқа тартылып кетті. Құқық қорғау органдарына қара халықтың  өкпесі де қара қазандай. Қаңтар оқиғасының  желісімен қозғалған қылмыстық істерде  қызметтік міндетін шынайы орындамағандар  арасында полицейлер мен қауіпсіздік қызметкерлерінің теріс әркеттері жайлы ақпарат әлі толастар емес. Мәселен, қаңтар оқиғасында ҰҚК-ның 11 қыз-меткері жауапқа тартылып жатқаны жайлы ақпаратты ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев  хабарлады  деді  Halyq Uni тілшісі. Сондай-ақ қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызметтік тергеу жүргізіліп. бұйрық талабына және қызмет атқару тәртібіне, оның ішінде шенеуніктер жауапкершілігіне қатысты елеулі өзгерістер заң жобасына  енгізілгені тілге тиек етілді. «Заң жобасында («Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») патриотизм мен әрбір лауазымды тұлғаның іс-қимыл алгоритміне қатысты түзетулер енгізіліп жатыр» деді төраға орынбасары Марат Қалқабаев. Бар  кінәні прокуратура, полиция мен қауіпсіздік комитетіне артып қойсақ  әбестік болар еді. Осы мәселелердің барлығының түп төркіні  сыбайлас жемқорлықтың асқынуы, қара халықтың әлеуметтік тұрмысының құлдырауы, жұмыссыздықтың белең алуы, жүйесіз көтерілген бағалардың кесірі болды.  Бағаның еріксіз көтерілуіне, алдын ала қам қарекет жасай алмаған әкімшілік жүйелерде кінәлі. Мұнайдың, газдың бағасын көтергенде сол қолында құдіреті бар бай-бағландар еді. Оларға жоғарғы шенділермен жергілікті шенділердің бұларың дұрыс емес деп айтуға дәттері жетпеді. Отыз жыл  ортекедей ойқастағандарды көріп, «сенен кем соққан бізді жер соқсын» деген шенді-шекпенділер де жемқорлықтың шылауында жүрді. Қара халыққа тиесілі жерлерді бай-бағландар май шелпектей үлестірді. Өздері де саудалады. Тұтылғаны тұтылды, тұтылмағаны тамыр-таныс арқылы құтылды. Жоғарғы эшалоннан бастап жергілікті билікке дейін қыл аяғы оқу орындары мен денсаулық саласындағы тамырласқан жемқорлықтың күре тамыры шенді-шекпенділерге барып тіреледі. Оған да нақты мысалдар келтіре кетейік. Өңірлер бойынша қарасақ сыбайлас жемқорлық әрекетінің дені Астана қаласында тіркелген. Елордада 64 шенеунік ұсталған.Одан кейінгі орында Алматы (55 адам, 27,9% көбейген) және Түркістан облысы (37 адам, 2,6% азайған). Бестіктің ішіне Шымкент (29 адам) пен Ақтөбе облысы (27 адам) кірген. Күдікті деп тану туралы үкім шығарылған тұлғалардың көбі пара берді деген күдікке ілінген. Олардың жалпы саны – 155 адам. Тағы 124 адам пара алды, 58 адам сыбайлас жемқорлық,  алаяқтық жасады, 19 адам бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемденді немесе жымқырды, 18 адам қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.Сотқа тартылғандардың қатарында әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің (39 адам), қаржы министрлігінің (7 адам), индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (6 адам) қызметкерлері бар. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің 4 қызметкері бар. Елімізде төрт айда 414 адам сыбайлас жемқорлық бойынша ұсталды. «Finprom» сарапшыларының ақпараты бойынша, бұл бір жыл бұрынғыдан 8%-ға аз. 2022 жылдың осы кезеңінде 450 адам ұсталған. Алматы облысы екіге  бөлінгенге дейін жемқорлық бойынша Республикамызда  бірінші орында тұрған болатын.  Қанша аудан әкімі істі болды.

Мақала басында ел  экономикасының  дамуына кедергі болып отырған жемқорлық және қылмыс әлемімен күресетін құқық қорғау органдарындағы олқылықтар туралы айттық. Саралап, сұрыптап қарасаң жемқорықпен былғанбаған бірде-бір мекеме таппайсың, таяқтың ұшы айналып келіп шенді қызметкерлерге тиеді. Қыл аяғы автокөлікті заңсыз тіркеген және білім ұяларындағы былық-шылықты көріп  бұл қоғам қайда кетіп барады деп санаңның шаңын қағасың. Интернет желісінде автокөлікті заңсыз тіркеумен айналысқан 30 адамға қатысты тергеу аяқталды. Мемлекетке 1,4 млрд.  теңге көлемінде залал келтірілді деген ақпаратты көзіміз шалды. Антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады  деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. Қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелген. Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада қарастырылған  алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеген. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд.  теңге көлемінде залал келтірілген. Барлығы 30 адам қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Олардың қатарында Астана қаласы бойынша №2 арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар. Қазір қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр дейді. Осыдан кейін кімге сенеміз? Бай-манаптар  қорқытып, үркітіп, кәсіпкерлердің кәсібін тартып алады. Құқық қорғау органдары 30 жыл  Болат Назарбаевтың заңсыз әрекетін бүркемелеп келді. Кейібіріне әлі де азулары батпай отыр. Өздері де жемқорлықпен шатылған. Сонда, қоғамдағы тәртіпті кім қатайтады?  Қылмыскерлермен кім күреседі? Жемқорлықтың жолын кім кеседі? Қанау,  тонау, мемлекет мүлкіне көз аларту, бюджет қаржысын жымқыру,  ұйымдасып ұрлау «жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай» қаулап кетті. «Асқынған ауруды алтын төсек емдемейді» деген тәмсіл осындайларға қаратып айтылған тәлімді сөз. Басқасы басқа, өз еңбегімен, маңдай терін төгіп, кәсібін дөңгелетіп отырғандарға көз алартып, бопсалап тартып алу шектен шыққандық емей немене?  Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген өсиетін елеп-ескерсек, әрбір қазақстандық жемқорлықты жоймай, елдің өркендемейтінін білуі керек. Қоғам болып күресіп те жатырмыз. Пара беруші мен пара алушы да жазаланып жатыр. Алайда заң қатайды деп айылын жыйып отырған мекеме басшысын көрмейсің. Соңғы айларда білім саласындағы жемқорлықтың ұясы талқандалып жатыр. Жамбылда үйден оқытатын 225 балаға мүлдем сабақ бермеген 200-ден астам педагог заңсыз жалақы алып келген. Мақалаға арқау болған жемқорлықтың аясында  бай-бағланнан бастап, құқық бұзушылыққа жол берген құзырлы орган мен жергілікті билік өкілдерінің іс-әрекеті жайлы баяндадық. Әсіресе құқық қорғау органдарына қызмет жасап жүргендер арына, антына адал болмаса, жемқорлықпен күресеміз деген құр жалған ұран болып қала береді. Кеңестік кезеңде  Италияның «Спрут» атты фильмінде  комиссар Катанидің  мафияға   қарсы  күресін көріп, полиция болғысы келген талай жастың үмітін  жаққан  еді. Бүгінгі  құқық қорғау органдарында комиссар Катанилер ауадай қажет болып тұр. Себебі кәсібінен нәсіп тауып отырғандарды қорғайтын, оларды балтырын байпақ қысқан жуан шонжарларға  жығып бермейтін, жәбірленушіге жәрдем беретін, жемқорлықтың желкесін қиып, ұясын талқандайтын  полицейлер  азайып барады…

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер  ғаламтордан  алынды.


ПІКІР ЖАЗУ