Көркем бояумен көрікті ой айтқан қылқалам шебері Малика СӘДУ

0
583

Өнердің  құдіреті  бөлек.  Өнер  адамының  жан дүниесі  өзгеше. Өнер  атаулыны  таразылап  өлшей  алмайсың.  Оны  тек  түйсініп, көңілмен  ұғыну  керек. Өнердің  түрі  өте  көп. Солардың  ішіндегі  жанға  тыныштық  сыйлап,  қиял  әлеміне  сапар  шегуге  жетелейтіні – сурет  өнері.  Қылқаламмен  ақ  қағаз  бетіне  сурет  салып,  жансыз  бейнені  тілсіз  сөйлеткендей  әсем  бейнелеу  екінің  бірінің  қолынан  келе  бермейді.

Кейіпкеріміз Малика СӘДУ   жастайынан   қылқаламды  жанына  серік  еткен  өнерлі қыздардың бірі.  Көңіл-күйін, сезімін  ақ  қағазға  түсіру  арқылы  жеткізетін  ол   4  жасынан  бастап  сурет  сала  бастады. Бала шағынан   бос  жатқан  қағаздарға  ойындағы  бейнелерді  салып, қиялын  шыңдады.   Қыздарының  бойындағы  ерекше  дарынын  байқаған  ата-анасы  сол  кезден-ақ  оған  қолдау  білдіріп,  түрлі-түсті  қарындаш,  әр түрлі  бояулар  алып беріпті.  Сурет  салудан  бөлек,   түрлі  құрастырғыш  ойындарға  құмар болған  Малика  бір  көрген  бейнені есте сақтап,   оны  дәл  сол  күйінде  қағаз  бетіне  түсіруге  машықтанған.  Өзге  балалар ойын алаңында  жүргенде    үйде  отырып әртүрлі  суреттер  салғанын  көрген  анасы  оның  бұл  салада  кәсіби  түрде  айналысуы  үшін  арнайы  планшет те  алып  берген.  Соның  арқасында  Малика  түрлі  графикалық  суреттерді  де  салып  үйренді.  «Адам   бойындағы   тума   талантты  өшіріп  алмау  үшін  оны  әрдайым  ұштап  отыру  керек»  деген  ұстанымды  ұстанатын  Малика  бүгінгі  таңда  «Мейірім»  балалар  шығармашылық  орталығының  «бейнелеу  өнері»  үйірмесіне  барады.  Өзі  сияқты  сурет  өнерінің  табиғатын  түсінетін  балалармен  танысып,  түрлі  жарыстарға  қатысып  жүрген  өжет  қыздың  арманы  асқақ.

–  Мен  ес  білгеннен бастап  сурет  салуды  жақсы  көремін.  Мектептегі  ұстаздарым,  оқушылар  мені  «суретші  қыз»  деп  танитын.  Сыныптағы   қабырға  газетін де  мен  салып  беретінмін.  Бейнелеу  өнеріне  деген  қызығушылығымды  көрген анам мені  «Мейірім»  шығар-машылық  орталығының  сурет  үйірмесіне  жаздырды.  Осы  орталыққа  келгеннен  бері  суретке  деген  қызығушылығым мен қабілетімді дамыта түстім. Бұл  жерден  көптеген  дос  таптым.  Түрлі  жарыстарда  бақ  сынап  көрдім.  Әр  жарысқа  қатысқан  сайын  сурет  салуға  деген  құштарлығым  арта  түсуде.  Жақында   ғана ұстазым – Елена  Николаевна  Түріксой  халықаралық  ұйымының  30  жылдығына  арналған  «Түркі  әлемі  жас  суретшілердің  көзімен»  атты  байқаудың  болатынын  айтып, қатысқан едім.  Уақыт  тапшылығына  байланысты  берілген  тақырыпта  қандай  сурет   салу керектігіне  көп  ойланбадым.  Түбі  бір  түркі  мемлекеттері  болғандықтан  қыран  құс  ұстап,  жылқы  үстінде  отырған  ердің  бейнесін  салуды  жөн  көрдім. Оны ұстазым да  қолдай  кетті. Бір қарағанда сырт көзге оңайшылықпен көріне бермейтін жанды детальдарын көрсетуге барынша  тырыстым. Мұндай тарихы бай елдің,  туысқан түрік ағайындардың өмірге деген құлшынысын, мың құбылып жатқан әлемді терең қабылдай алатынын жеткізу – менің негізгі мақсатым болды. Осы ел туралы сурет салу   арқылы  өзімнің   мыңдаған   ғасырлық өркениеті бар Түркі әлемінің бір бөлшегі екенімді түсіндім,  – деген Малика   кәсіби  суретшілер  қазылық  еткен Халықаралық  байқауда  Алғыс  хатпен  марапатталды.  Түріксой  халықаралық  ұйымы  өнерлі  бала  тәрбиелеп  отырған ата-анасы мен  ұстаздарына  да  жылы  лебіздерін  білдіре  отырып,   арнайы  Алғыс  хат   жолдапты.

Маликаның нәзік  сезімдерге толы туындыларына қарасаңыз жаныңыз  тыныштық  тауып,  бір  демалып  қалатыныңыз  анық.  «Қағазым  мен  қаламым  үнемі жанымда   жүреді»  деген  табиғаты  ерекше  қыздың   ұстазы  да талантты  оқушысын мақтан  тұтатынын  айтты.

–  Сурет   салуға   қызығатын   оқушылар   көп.  Шығармашылыққа   жаны жақын   шәкірттерім   жетерлік. Солардың  ішінде  Маликаны  ерекше  атап  өткім  келеді.  Онымен  танысқан  сәттен-ақ  көркем  бояумен  көрікті  ой  айта  білетінін  түсіндім.   Бүгінде   Малика  орталығымыздың  бетке  ұстар  оқушыларының  біріне  айналды. Өзіне  берілген  тапсырманы  уақытылы,  тиянақты  орындайды.  Қиялы  жүйрік.  Белгілі  бір  тақырыпты  айтсам  лезде  соған  байланысты  өзінің  қиялынан  туындаған  бейнелерді  салып  береді.  Түріксой Халықаралық ұйымы  ұйымдастырған  байқауға  жіберген  суретті  де  Малика  өзі  ізденіп  салды. Суретті  байқауға  жіберген  күннен  бастап  оқушыларыммен  бірге  менде  қатты  қобалжыдым.  Жауабы  келген  күні  біздің  қуанышымызда  шек  болмады.  Ұстаз  үшін  ең үлкен  құрмет –  оқушыларының  жеткен жетістігі  деп  білемін.  Сондықтан  алдағы  уақытта  әр шәкіртімнің  биік  шыңдардан  көрінуі жолында   көп  жұмыс  жасайтын  боламыз,  – деді  Елена  Николаевна.

«Сурет  сала  бастағанда  сан алуан түстерге, бояу қарындаштарға қарап,  оларды бір-бірімен  араластыру  арқылы   ләззат  аламын»   деген  Малика  әсіресе  сұлу  табиғат  ерекше  шабыттандыратынын   да айтты.

«Әсем табиғатты көргенде қағазымды алып, сурет сала бастаймын. Көбіне  пейзаж,  яғни,  табиғаттың суретін, сондай-ақ портрет саламын. Адамның көзі өмірде қандай нәзік болса, суретте де үлкен маңызға ие. Көз бен қастың формасын сезіммен анық бере алмасаң, бүкіл портрет дұрыс шықпайды», – дейді қылқалам шебері.

Өмірге  тек  оптимистік  көзқараспен  қарап,  жан-жағын  гүлдендіріп  жүретін  Малика  «Атамұра»  ғылыми-әдістемелік  орталығының  ұйымдастыруымен өткен  республикалық «Тайны  красок», «Золотое руно»  байқауында  да  бас  жүлдеге  ие  болып қана қоймай,  «Мейірім»  шығармашылық  орталығы  мен ұстаздарының мерейін өсірді. Суретті сөйлете білген Маликаның  қылқалам өнерінің хас шебері атануына   тілектеспіз.

Шығармашылықтың баспалдағы болған «Мейірім»

Бақыт САТЫМБАЕВА, анасы: – Малика бала кезінен түрлі құрастырғыш ойындарды, пазлдарды жинауды жақсы көретін. Содан бірте-бірте сурет сала бастады. Үйде бос жатқан қағазды көрсе бірден сурет салатын. Алғашында салып жүрген суреттеріне аса мән бермейтінбіз. Бірте-бірте Маликаның салған суреттері шынымен өнер туындысындай көріне бастады. Қызымның шығармашылықпен айналысуы үшін әкесі екеуміз барынша жағдай жасадық. Түрлі қағаздар, қылқалам, түрлі-түсті қарындаштар алып бердік. Сөйтіп жүргенде балаларға арналған «Мейірім» шығармашылық орталығында сурет үйірмесі бар дегенді естіп, Маликаны бірден сол жерге апардық. Үйден бір сағаттық жер болса да қызымыз үйірмеден қалмай барады. Шығармашылық орталықтың арқасында көптеген жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ұнайтын ісімен кәсіби түрде айналыса бастады. Шығармашылық шыңының баспалдағы болған «Мейірім» орталығына, басшысы Гүлмира ханымға, балалардың талантын ашуға сүбелі үлес қосып келетін ұстаздарға айтар алғысым шексіз.

P.S. Күні  кеше ғана «Мейірім» шығармашылық  орталығының  жас  суретшілері Азия  дауысы – Халықаралық фестивалі  аясында «Жас қанат. Балалар» сурет байқауында жүлделі орындарға ие болды.  Құттықтаймыз! Өнерлеріңіз өрге жүзе берсін, қылқалам шеберлері!  

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ