Электронды темекі – жастарды улап барады

0
403

Алуан   түрлі   зиянды   дүниенің  ішінде  кәмелетке  толған  жастардан бөлек,  мектеп  қабырғасындағы  жасөспірімдердің  әлден  әуестеніп  шегіп жүргені  –  электронды  темекі. Көше  бойында  жаяу  жүре  қалсаң  қолдарына  бір-бір  электронды  темекі  ұстап,  түтінін  бұрқыратып  тұратын  жастарды  міндетті  түрде  көресің.  Себебі елімізде  темекінің  бұл  түрін  шектеу  туралы  ешқандай  заң  қарастырылмаған. 

Нақты  деректерге  сүйенсек  осы  электронды  темекінің  кесірінен  елімізде  жылына  18 мың  адам  көз  жұмады  екен.  Жан  шошытарлық  бұл статистиканың  ішінде  жасы  да  жасамысы  да  бар.  Жастарға  дұрыс  жол  сілтейтін  аға  буынның  өзі электронды  темекінің  зияны  аз  деген  түсінік  қалыптастырып  алған. Олар  темекінің  осы түрін  тұтыну  арқылы  шылым  шегуден  арыламыз  деп  өздерінің  денсаулықтарына  екі  есе  зиян  келтіруде. Бұл  жайлы  ҚР Денсаулық  сақтау  вице-министрі  Ажар  Ғиният  журналистерге  берген  сұхбатында: «Бүгінгі  күннің  басты  проблемаларының  біріне айналған электронды темекі  халықтың  санасын  улап  алған.  Жастарды былай   қойып ес  тоқтатқан  естілердің  өзі  осы  темекіге  тәуелді  болып  барады. Мен  бұның  зиянын  бұрында  айтқанмын,  әлі  де  айта  беремін.  Себебі  бұл  ұрпақты  улап  жатқан  үлкен  дерт. Электронды  темекінің  құрамында  глицерин,  пропилингликоль,  никотин  мен  түрлі  иіс  беруші  химиялық  қоспалар  бар.  Бұл  заттар  адамның  тыныс  алу  жүйесін  зақымдап,  өкпенің  қатерлі  ісігі,  қан  айналым   жүйесінің  аурулары  мен  жүректің  ишемиялық  ауруларын  тудырады»  деген еді. Балалар  арасында  электронды  темекіге  әуестіктің  қанша  пайызды  құрайтынын  білу  үшін  Денсаулық  сақтау  министрлігі  «ТикТок» әлеуметтік  желісінде  анонимді  сауалнама  жүргізіп  көрген.  Сауалнамаға  12-16  жас  аралығындағы  жеткіншектерден  100  бала  қатысқан. Нәтижесінде 48  бала – электронды  темекіні  бір  рет  тартып  тәуелді  болдым   десе,  22 бала – темекінің  бұл  түрін  тек  бір  рет  қолданып  көрдік  деген.  Ал  30-ы  мүлде  тартып  көрмепті.  Яғни  100  баланың  тең  жартысы  бұл  құрылғыға  әуестеніп  үлгерген.  Дәл  осы  көтеріп  отырған  мәселенің  адамзат  үшін  қаншалықты  қауіпті  екенін  ерте  түсінген  әлемнің  32  мемлекеті  электронды  темекіні  саудалауға  заңмен  тосқауыл  қойған. Бізде  қоғам болып келешек ұрпағымыздың ағзасын  улап жатқан электронды темекіге қарсы әрекет етіп, үнсіз қалмауымыз керек. 

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ