Жол жауапсыздықты көтермейді

0
1056

Қай елдің болмасын автожолдары ел экономикасының әлеуметтік жағдайының айнасы іспеттес. Халықтың өміріне, тұрмысына тікелей әсер ететін  де  жол. Арнайы дерек көздеріне сүйенсек, Қазақстанның жол сапасы әлемдік рейтинг бойынша жүздіктің ішіне кіре алмаған.

Еліміздің көлік жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар күре жолдар 25 мың шақырым. Соның ішінде 5 мың шақырымға жуық тас жолына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолы  қайта салынуда.

2019 жылдың желтоқсан айында инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында алты жылда 12 мың шақырым көлік жолын салу және республикалық желінің 11 мың шақырым жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Дей тұрғанмен, әлі күнге жол азабын тартып келеміз. Яғни,  қазіргі қолданысқа берілген айналма жолдары әрбір жүргізушінің қорқынышты түсіне айналды. Дәлірек айтқанда Балқаш, Алакөл көлдеріне баратын Алматы-Өскемен айналма жолдарының ахуалы тіптен нашар. Жол бойында дөңгелегі жарылған жүргізушілерді әр шақырымда кездестіруге болады. Осы орайда Балқаш көліне баратын жолға қатысты Жетісу облысы әкімшілігінің мәлімдеуінше, қазір Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай тас жолдарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытта 110 шақырымның 35 шақырымына жөндеу жасалған. Жоспар бойынша жол екі жолақты болып, жиектеріне демалыс алаңдары, көлік жөндеу эстакадалары және дәретханалар орнатылмақ. Бұл жаңа жол ақшалай қаражаттың бөлінуіне қарай жоспар бойынша  келесі жылы пайдалануға берілмек. Бірақ жоспар орындалып болғанша көлге барып демалып қайтамыз деп аптап ыстықта балаларымен жол бойына тұрып қалғандарды көріп, айналма жол тұрмақ, күре жолдың сапасына күмән туады. Күні кеше жөндеуден өткен Талдықорған-Үшарал жолын жаңбырдан аққан су дәл ортасынан қаққа бөліп  кеткен болатын. Бұл былай тұрғанда Кеген ауданында республикалық маңызы бар 11 шақырым автожолын да жаңбырдың суы шайып кетті. Қаншама қаражат, уақыт, адамдардың еңбегі зая кеткеніне ішің ашиды.

Мемлекет тарапынан инфрақұрылымды дамыту мақсатында жол тораптарын жаңарту үшін қаржы бөлініп жатыр, жаңа жолдар салынып жатыр, бірақ зардабын бәрібір халық көріп отыр. Неге?

А. БЕКМОЛДИНА.

Дереккөз: Alataugazeti.kz


ПІКІР ЖАЗУ