Жастар арасында кадрлық резерв жасақталуды

0
1166

Ұлы-Жібек жолының  бойында орналасқан,  Қытай мемлекетімен иық тіресіп тұрған Панфилов ауданының жер көлемі 10,6 мың шақырым болса, аудан тұрғындарының саны 129 204 бұл (2019) жылғы көрсеткіш. 1928 жылы іргесін қалаған аудан эконономикасы нарықтық жүйеде қарқынды дамып келеді. Советтік дәуірде жүгері баптаудан одаққа аты тараған аймақта шаруалар үшін негізгі күн көріс көзі  мал мен жүгері. Сәні мен салтанаты жарасқан өңірге атбасын бұрып, аудан әкімі Марат Рақымбердіұлы  Сағымбаев мырзамен жолығып, сұхбаттасудың сәті түсті.

–  Құрметті Марат Рахымбердіұлы,  Панфилов ауданына әкім болып тағайындалғаныңызға 100 күн толды. Яғни, үш ай мерзім. Осы өңірдің төл перзенті  ретінде  сіз  бесінші әкім екенсіз. Сізге дейін ауданды басқарған  кеңестік жүйеден бастап  есептесек, бірінші хатшы қызметін Ғалым Тұрғамбаев, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Әділшайық Ыбыраймолдаев, Ермек Келімсейітов, Бердаулет Абдуллаев абыройлы еңбек етті. Бұған дейін сан-салалы қызметтер атқардыңыз. Жұмысыңызды неден бастадыңыз? Осы уақыт аралығында не көрдіңіз, не түйдіңіз?

– Рахмет, Айтеке!  28 маусым –  Байланыс және ақпарат құралдарының кәсіби мерекесімен шын жүректен  құттықтаймын. Ел мен биліктің арасында алтын көпір болып, бізге жетпей жатқан кейбір мәселелерді шешуге атсалысып жатасыздар. Төртінші билік өкілі ретінде Президентіміз биылғы Жолдауында «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін  айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс» деп атап өткен  болатын. Әрқашан осы үрдістен таймай,  ел игілігі үшін еңбек ете берулеріңізді тілеймін. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Өзің де осы өңірдің түлегісің. Ауданның өсіп-өркендеуін көзіңмен көріп, қаламыңа арқау етіп келе жатқан кәнігі мамансың. Мәселе, ауданға кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанында емес. Келген басшы не істеді, артында қандай із қалдырды деген сұрақтар аудан халқының көкейінде жүрген сауал. Әрине, әр өңірді өз азаматтары басқарғанға не жетсін. Себебі олар ауданның ішкі жағдайын  жетік  біледі.  Ғалым Тұрғамбаев, Әділшайық  Ыбыраймолдаев бірі кеңестік дәуірде, бірі тоқырау замандарында ел басқарды. Бөліп-жарып айтатын болсақ, Әділшайық аға жоқтан бар жасады. Нарықтық жүйеге көшкенде, ауданды шашау шығармай, дүние талан-таражға түсіп жатқанда, ауданға қызылша өндіртіп,  оны Қытайға өткізіп,  ел-жұртқа нарықтық жүйенің не екенін ұғындырды. Мен өзім де  осы Әділшайық ағаның тәрбиелеген кадрымын. Ермек Келімсейітов те, Бердаулет Абдуллаев та аудан экономикасына сүбелі үлес қосты. Енді, біздің міндет, жергілікті кадрларға жіті мән беру. Әкім болып тағайындалғалы үш ай уақыт өте шығыпты.  Ауданның жағдайымен бұрыннан таныспын. Аудан тізгінін қолға алғанға дейін де осында  жұмыс істедім. Ел басқару – өте үлкен жауапкершілік. Халықтың қолдауы мен ықыласының арқасында бұл қызметке білек сыбана кірістім. Ең бірінші өңірдегі мектептерді араладым. Күн сайын таңертең ерте жалғыз өзім мектептерге барып, оқушылармен сөйлесіп, білім ошақтарының  жай-күйіне қанық болдым.

Сонымен қатар әкім болып тағайындалар  алдында Мемлекет басшысы әкімдердің халықпен кездесу тәртібін реттейтін жарлық шығарды. Сол негізде бірден ауылдық округтерді аралап, халықпен кездестім. Бір айдың ішінде қала және 13 ауылдық округ оған қарасты елді мекендерді түгелдей араладым. Бұл әкім болып енді тағайындалған мен үшін үлкен септігі тиді. Ауыл тұрғындарының өтініш, пікірлері мен ұсыныстарын тыңдадым. Көтерген мәселелерін тізіп, ауданның проблемалық карталарын жасап, алда атқаратын жұмыстарды жоспарладық. Көрген түйгенімнен атқаратын шаруа көп екенін түсіндім. Мәселен, біздің ауданда мектептердің жағдайы өте нашар. Көбісі күрделі жөндеуді немесе жаңасын салуды қажет етеді. Сонымен қатар білім сапасы да кенже қалған. Басты мәселе осы саланы жандандыру керек. Балалар жаңа, қолайлы мектепте сапалы білім алуы тиіс. Біз қазірдің өзінде осы бағытта жобалар әзірлеп, жұмыстар бастадық. Орайы келгенде айта кетейін Басқұншы ауылында 300 орынды мектеп, Шежін ауылында 60 орынды, Бөрібай би ауылында 110 орынды  мектеп салынуда. Сарыбел ауылында Көбіков атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде.  Бұйырса Головацкий атындағы  және  Білал-Назым атындағы орта мектептерге және Кішішыған ауылындағы  орта мектептерге күрделі жөндеу жүргіземіз. Оған қажетті құжаттар дайын. Ал, Жаркент қаласындағы Крупская, Хамраев және Жамбыл атындағы орта мектептерге биыл газ кіргізуді жоспарлап отырмыз. Жылыту маусымы басталғанда мектептер газбен жылытылатын болады.  Жалпы, жұмыстың әр күні халықпен тілдесіп, сол кісілердің пікіріне құлақ асудан басталады. Сол негізде ары қарайғы жұмысымыз жоспарланады.

– Ауданның экономикасының дамуы қай деңгейде? Білім саласындағы олқылықтарды айттыңыз. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының көтерген басты  мәселелері баспана, ауыз су, көше жолдарын жаңғырту ма,  жоқ, басқа да мәселелер бар ма?

– Өте орынды сауал және ауыл тұрғындарының қойған талабының дәл үстінен түстіңіз. Экономика өрлеген жерде, халықтың тұрмыс ахуалы да оңалады.  Өзің білесің, Панфилов ауданы  Талдықорған облысы болып тұрғанда  Республика тұрмақ, одаққа аты шыққан аудан болатын. Ол дәуірдің тарихы бір бөлек. Қазірде қатардан қалып тұрған жоқ. Заман ағымына қарай ілгерілеп келеді. Соңғы екі жылдағы пандемия өңірлерде дамудың барлық сатысын кейіндетті. Ауданның биылғы жыл басынан бергі даму көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғарылады. Мысалы, тұрғын үйлерді іске қосу бойынша 18,3 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1 мың шаршы метрге артық. Жақында Жаркент қаласында 120 пәтердің құрылысы басталмақ. Қазір құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұйырса келер жылы көктемде халық игілігіне беретін боламыз.

Бұған қосымша Жаркентке тағы да 120 пәтер салу үшін 1 млрд. 232,8  млн. теңгенің қаржысын бөлгізуге қол жеткіздік. Қазіргі сәтте мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үй демекші,  Нұркентте салынып жатқан үйлердің кілтін алдағы уақытта кезегі келген тұрғындарға табыстайтын боламыз. Өңірде баспанаға кезекте тұрғандар саны 4500 дей адамға жуықтады. Біз аудан тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Жаркент қаласында жоғарыдағыдан бөлек қосымша 120 пәтерлі тұрғын үйге және  Нұркентте сегіз 60 пәтерлі тұрғын үйді жобалауға қаржы бөлгіздік. Бұл да алдағы уақытта тұрғындар үшін игілікті іс болмақ. Сондай-ақ, жақында Жаркент қаласындағы 12 көп қабатты тұрғын үйге блокты-модульды жылыту қазандығын іске қосамыз. Бұл да ұзақ уақыттан бері келе жатқан тұрғындардың өтініші болатын. Сонымен қатар өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі осы жылдың 5 айлық қортындысы бойынша 11,3 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Бұндай цифрлардың көбін келтіруге болады. Жалпы өзгеріс біртіндеп болатын нәрсе ғой.

Президент биылғы Жолдауында Жаңа Қазақстанды құруда бізге ешкім сырттан келіп ештеңе жасап бермейді, барлығына халықтың қолдауымен жетеміз деген болатын. Бәріміз туған жерімізге бір кісідей атсалысып еңбек етсек, әрқайсымыз өз жұмысымызға адал әрі жауапкершілікпен қарайтын болсақ, барлығын өзгертеміз. Жоғарыдағы сұрағыңыз бойынша тұрғындар көтерген мәселені шешу үшін ең бірінші қаражатқа келіп тіреледі. Жақында облысымыз екіге бөлінді. Жетісу облысы әлі толықтай жасақталған жоқ. Осы орайда кейбір жағдайларда қаржының кешеуілдеп бөлінуі мүмкін. Бірақ біз оған қарамастан инвесторлар мен кәсіпкер азаматтардың көмегімен жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. 1 мамыр Бірлік күні қарсаңында баспанаға мұқтаж екі отбасыға кәсіпкерлердің қолдауымен баспана алып бердік. Оқу жылының аяқталуы қарсаңында 115 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға планшет басқа да материалдық тұрғыда көмек көрсетілді. Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерде инвесторлық жобамен алып, пайдаланылмай жатқан жерлерді біртіндеп аудандық жер қорына қайтарудамыз. Бүгінде 12 мың гектарға жуық жер толықтай қайтарылды. Тағы өзге де пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізілуде. Конституцияны өзгерту бойынша жалпыхалықтық референдум осының айғағы. Өйткені ҚР Конституциясының бұрынғы 6-бабы 3-тармағында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» делінсе,  жаңа түзетулер бойынша «Жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені, норма нақты және келісімді түрде бекітілген. Меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады» – деп өзгертілді. Бұдан бөлек ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келген Жаркент-Шолақай жолы жасалуда. Бұйырса қыркүйек айына дейін толық бітеді. Ал Көктал-Жаркент-Қорғас жолын жасауға тапсырысты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы береді. Алла бұйырса, олар жаз айында бастаймыз деп отыр. Сонымен қатар Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Сарытөбе ауылына кіре беріс жолы жасалынды. Бөрібай би ауылының кірме жолы енді басталса, Ынталы ауылына апаратын жолдың қажетті құжаттары жасалынды. Алдағы уақытта ол да жасалынатын болады. Жаркент қаласында 3,1 шақырым Қонаев көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұндай жөндеу жұмыстары өзге ауылдарда да жүргізілуде.

Жалпы келер жылға тұрғындардың пікірін ескере отырып өзектілігіне қарай 22 елді мекеннің көшелері жасалынады. Бұлардың барлығы ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер болатын. Аудан үшін тағы бір өзекті мәселе ауыз су бойынша өңірдегі  42 елді мекеннің ауыз су жағдайымен толықтай таныстым. Шолақай, Керімағаш ауылдарының ауыз сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және салу бойынша қаржысы толықтай шешілді. Алдағы уақытта Надек, Еңбекші, Қырыққұдық, Ынталы, Көктал ауылдарының ауыз су мәселесін шешу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалынуда. Бұйырса бұл мәселе де ретімен шешілетін болады.

– Экономика өз алдына бір сала. Ол өркендесе аудан бюджетінің қоржыны да қомпаяды. Мұның бір бұрышы кәсіпкерлікке барып тіреледі. Бұл бөлек әңгіме. Қазір қоғамда ақсап тұрған саланың бірі идеологиялық ахуал,  дем жетпей талықсып тұр.  Осы бағытта  не айтасыз?

– Бұл сауалды жалпы республика бойынша алып қарасақ өте орынды болар еді. Нарықтық жүйеге көшкенде, «әуелі экономика, содан соң саясат» деген ұран болды. Сол бағытта жұмыстар атқарылды. Идеология екінші қатарға сырылды. Енді, міне соның нәтижесін көріп отырмыз. Сталиннің кезінде «іс тетігін кадр шешеді» деген тәлім қалған. Сол кадр тапшылығы идеологияда анық байқалуда. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін әкім болып тағайындалған сәттен бастап қолға алынды. Ауданда ауқымды іс-шараларды көптеп өткізудеміз. Бұның идеологиялық мәні зор.  Пандемиядан кейін араға екі жыл салып  орталық алаңда Наурыз мерекесін тойладық. Халықтың ыстық ықыласын, мерекені сағынғанын көрдік. Көппен болатын іс-шара ең әуелі көп ұлтты Жазиралы Жаркент жұртының бірлігін нығайтып, береке, ырысын арттырды. Біз сол үшін әр мерекені елмен бірге ауқыды түрде өткізіп келеміз.  Демалыс күндері орталық алаңда тұрғындардың көңілді демалысы үшін аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері  концерттер өткізді. Бұдан тысқары бұқаралық спортты дамытуға ден қойдық. Республикалық, облыстық,  түрлі жарыстар өткізілуде. Жақында бұрын соңды болмаған қазақтың ірілігін, білектілігін көрсететін «Толағай» сайысы республикалық деңгейде өтті. Бұйырса алдағы уақытта Қазақстан Жазушылар және  Журналистер одақтарының мүшесі,   «ҚР  Білім беру ісінің үздігі»,  «Панфилов ауданының  Құрметті азаматы»,  ақын,  сазгер, ұстаз  Тоқбай  Исабековтың   туғанына 90 жылдық, ал қазақ көгінде құйрықты жұлдыздай ағып өткен, ғұмырлы айтыскер ақын Жандарбек Бегімбетовтың 60 жылдық мерейтойлары атап өтілмек. Қазірдің өзінде бұған дайындық жұмыстары басталды. Тағы бір айта кететін ерекше мәселе өңірлердегі мектеп пен елді мекен, көше атауларын өзгерту жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, Крылов атындағы орта мектепті – Рахымжан Қошқарбаев, Төменгі Пенжім орта мектебін   Қазыбек би, Пенжім орта мектебін  Мұхамеджан Тынышбаев, Шежін орта мектебін Шәкен Айманов, Крупская атындағы орта мектепті  Сабыр Рақымов, Еңбекші орта мектебін  Әл-Фараби, № 6 орта мектепті  Тұрар Рысқұлов, Нағарашы орта мектебін  Ахмет Байтұрсынов, Садыр орта мектебін  Салқам Жәңгір, Ават орта мектебін Төле би, Алтыүй ауылындағы спорт кешеніне Ыбырайымжан Қожахметовтің есімдерін беру үшін тиісті құжаттар облыстық ономастика комиссиясына жолданды. Сондай-ақ Лесновка ауылының атауын  «Талды», Пенжім ауылының атауын «Атамекен» деп өзгерту жөніндегі ұсыныстар мен Жаркент қаласындағы бірнеше көшеге Нұрбек бидің, ауыл шаруашылығы өндірісінің озық ұйымдастырушылары Ыбырайымжан Қожахметов пен Нүсіпбек Сауранбаевтың, жауынгер-интернационалистер Шыңғыс Сәтқалиев пен Евгений Куликовтың  есімдерін беру туралы ұсыныс жіберілді.

– Мұны идеологиялық үрдістің бір тармағы делік. Тәлім-тәрбие, тағылымдық мәні бар. Оның ішінде халықтар достығы ерекше орын алады. Ауданда 35 ұлттың өкілі тұрады. Ұлт пен ұлыстың тату-тәттілігін ұйыстыратын да идеология. Оған білікті кадр қажет. «Жаңа сыпырғыш  жаңаша сыпырады» деген тәмсіл бар. Кадрлық ауыс-түйіс жасап жатырсыз ба, үш айдың ішінде ауыл әкімінен бастап аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің іскерлігі сұрыпталған шығар?

– Жоғарыдағы істердің барлығы осы азаматтардың қолдауы мен біліктілігінің арқасында жасалынып жатқан іс. Қазақта «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз адам қорған болмас» деген мақал бар. Иә, үш ай айналаңды толық танып алуға аз да, көпте мерзім емес. Алайда сөз басында айтқандай білім саласындағы олқылықтарды сізге ашық  айттым. Кадр мәселесі өте түйткілді мәселе. Мен кадр саласына қатысты ауданда жастар арасынан кадрлық резерв жасақтауды тапсырдым. Жақында білім саласының жас ұстаз, мамандарымен кездесіп осы кадрлық резерв бойынша жиын өткіздім. Білім саласын жандандырып, мектеп директоры болуға басқа салада жетекші болуға мүмкіндік барын жеткіздім. Біздің арамызда заманауи ойлайтын, тәжірибелі мамандар көп. Олар кез келген саланың жілігін шағып, майын іше алатын білімді жастар. Біз соларды сұрыптап,  ел үшін еңбек етуге баулуымыз қажет. Алдағы айда Жаркент қаласы мен Көктал, Үлкенағаш, Сарыбел және Айдарлы ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Сайлау үдерісін жаңғырту туралы баса айтты.

«Сондай-ақ  аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады» деді. Осы негізде жоғарыдағы қала және үш ауылдық округінің әкіміне ел ісін білетін, беделі бар, халықтың мүддесін бәрінен биік қоя алатын азаматтарды сайлауға тұрғындардың толықтай құқығы бар. Жалпы кадрлық мәселе осындай халықтың таңдауымен шешілгенін өз басым құптаймын. Ал, ауданның идеология саласына Қанат Досмайылов деген азамат тағайындалды. Бұған дейін «Аманат» партиясы филиалының хатшысы болған. Мемлекеттік қызметте қалыптасқан пісіп-жетілген, сан салалы қызметтер атқарған, сенім үдесінен шығады деп  үміт артып отырмын. Идеология ол қылдан да нәзік дүние. Үлкен аудан, тоғыз жолдың торабына орналасқан, жібек жолдың бойында. Келімді-кетімді жолаушы көп. Іргеде тиіп тұрған Қытай мемлекеті бар. Кеден бекетіне келушілер көп. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, солардың бәріне қырағылық көзбен қарау біздің міндетіміз. «Бүйректен сирақ шығарғысы» келетін телі-тентектер өз ішімізден де табылады. Солардың алдын алып, береке мен ынтымақты уағыздап, елді ұйыстыратын басты құрал ол идеология. Осы бағытта жаңаша жұмыстар жасалатын болады. Ол үшін білім, спорт, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрге сүйеніп тәлім мен тәрбиені ұштастыру қажет. Бүгінгі қоғамға  осы ауадай қажет.

– Төле би бабамыз: «Әкім бол халыққа жақын бол» деп өсиет айтып кетті. Осы қағиданы сізде жадыңыздан өшіріп алмасаңыз деген тілегіміз бар. Халықтан алшақтаған басшы абырой таппайтынын көріп-біліп жүрсіз. Преидент Қасым-Жомарт Тоқаев та әкімдерге халықпен жиі жүздесуді тапсырды. Аудан экономикасын қарыштатсам, болашақта мынандай істерді жүзеге асырсам деген жоспарларыңыз бар шығар?

– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген мақал бар. Әрине көңілге түйіп жүрген біраз дүниелерім бар. Оны  «Асатпай жатып құлдық» деп қазірге жария қылғым келмейді. Рет-ретімен уақытында бола жатар. Сенім артып осы қызметке тағайындалғаннан кейін менде өз қарым-қабілетімді көрсетуім керек қой. Қыруар жұмыстар бар. Инвестиция тарту басты талап. Ауданда қордаланып қалған біраз шаруа бар, солардың күрмеуін шешіп алсақ, бұл басты жоспар. Не жасасақ та халықтың мүддесі үшін жасалады. Халық бар жерде – мәселе де, сұраныс та болады. Азаматтар бір-бірін қолдап, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ», алынбайтын қамал жоқ. Дала аруы атанған жүгері, мал шаруашылығы, әлеуметтік сала, денсаулық, білім, спорт, ұшын тартсаң тарқатыла беретін жіптей таусылмайтын, атқарылатын істер көп. Алла бұйырса, қол жеткізген жетістіктерімізге ақпарат құралының өкілі ретінде өзіңізді де шақырып, жақсылығымызды жария етуге атсалысады деп ойлаймыз?

– Сұхбаттасуға көңіл бөлгеніңізге көп  рахмет! Еңбегіңіз  жемісті болсын!

  Айтақын МҰХАМАДИ

Дереккөз: Alataugazeti.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ