Еңбекпен есейген Жанат

0
310

«ӨЗІҢДІ  көркейтетін де – өзің, еңкейтетін де – өзің» демекші, біз тілге тиек еткелі отырған  Жанат  ҚАЙРАТҰЛЫ  да өз еңбегімен көркейіп келетін жандардың қатарынан.

– Тәтті түбір біздің өлкеге тек тәтті өмір ғана емес, сонымен қатар ерен еңбектің үлгісін  ала келді,  – деп бастады әңгімесін ол. – Әкемнің мені  жайқалып тұрған егіс  алқабына апаратыны, сол  жерде арлы-бері жүгіріп,  небір ғажайып шөптердің балғын хош иісімен тыныстауым,  тракторға мінген күндерім де   жадымда  анық сақталып қалған. Мен үшін бұл мереке еді. Әкемнің  осы  ісі    шаруа  еңбегіне деген  қызығушылығымды   арттырып қана емес, мені  ауыл шаруашылығы жұмысын құрметтеуге баулығаны екенін  енді түсіндім. Өз өмірін үлгі ете отырып ол маған үлкен өмірдің жолын ашып берді.  Бірақ нағыз әкелердей таңдау құқығын өзіме берді.  Жоғары оқу орнына түсіп,  экономист мамандығы бойынша диплом алдым. Алайда мамандығыммен аудан әкімдігінің қаржы бөлімінде бір күн ғана жұмыс істедім.  Шынымды айтсам, кабинетте қысылып қалдым, тіпті мойнымдағы галстук тыныс алуыма кедергі болғандай болды. Мұның бәрі  менікі емес екенін  бірден түсініп,  кетіп қалдым. Бұл ісіме еш өкінбеймін де.  Жер, оның күтімі, міне, осы – менің ісім. Ес білгеннен бастап, мектептегі және студенттік өмірдегі жазғы каникулым таза ауа,  табиғат аясында, егістік алқабында  өтті ғой.

ЖИЫРМА АЛТЫ жастағы  Жанат Қанатовты  өз тағдырының нағыз иесі деуге болады. Ол – Ескелді ауданына қарасты Алдабергенов ауылының тумасы.  Оның  жылы жүзіне қарап  жаның жайланып сала береді. Жан дүниесі де  жайқалған егіс алқабындай кең-ақ. Әкесі Қайрат Мұхамеджанов та  осы жерде туып, өсті. Колхоз ыдырағанша мал  дәрігері  болып еңбек етті.  2004 жылдан бастап «Мұхамеджанов» атындағы  шаруа қожалығын құрды.Өзінің ұйымдастырушылық қыры мен қарым-қабілетінің, біліктілігінің арқасында аудандағы ең табыстылардың қатарына кірікті. Өзге ауылдастары  секілді бастапқыда бұршақ дақылымен айналысуды шешті. Ол кезде соя егуді  енді ғана бастағанымен, аудан ішінде оны егуді  қолға алушылардың алғашқысы болды. Қандай істе де ұлдары Қанат пен Жанат үнемі қасында болды.

«Қаз-қатар тізілген  қант қызылшасының қатарына қарап жаным жадырайды. Бұл менің сүйікті ісім,  алқабым. Мұнда таңнан келемін. Осы  жердің әрбір бөлігін біліп қана қоймай, таңданып та тамсанамын. Социалистік  Еңбек ері Зылиха (Т) апам айтқандай: «жапырлай өскен қызылша алыстан қарағанда көк шалғын боп көрінеді, көкшіл теңіз болып елестейді…»,  – деп ағынан жарылды  Жанат Қайратұлы.

Шынында да мына қылтиып көрінген әлжуаз сабақтар ертең-ақ күш алып, қаулап өсіп, тәтті түбір береді.

Алғашқыда бірнеше ескі трактор, бір комбайн, 60 гектардан басталған шаруашылық  бүгінде оның негізін қалаушының тынымсыз еңбегі  арқасында  тұрақты дамып келеді. Қайрат Мұхамеджанов бірте-бірте басшылықтан алыстап, отбасылық кәсіпті ұлы Жанатқа сеніп тапсырған.

– Тынымсыз еңбектің арқасында біз ауылшаруашылық машиналарының паркін кеңейте алдық, жаңа тракторлар, комбайндар, сепкіштер, жер жұмыстарына арналған басқа да агрегаттар сатып алдық.  Мемлекет қолдауымен  «Вектор» астық, «Кляйн» қызылша комбайндары сатып алынды.  Олардың әрқайсысында заманауи басқару жүйелері, GPS, кондиционерлер бар.  Менде осы комбайндардың біреуі бар. Штурвалда отырғанда өзімді жерімнің нағыз иесі, астық өсірушісі ретінде сезінемін. Бұл керемет сезім! Оны ешнәрсемен салыстыруға болмайды, – дейді  кейіпкеріміз.

Шаруа қожалығы қант қызылшасын өсіруге  бірден дендемеді. Ұзақ ойланып,  бақылап барып, шешім шығарды. Жаңа істі бастау нағыз шаруаның көзқарасын талап етті.  Жанат Қайратовқа жергілікті фермер  Айдын Дүйсембінов көп көмектесті. Ол Жанаттың  бойынан жұмысына деген сүйіспеншілік пен қызығушылықты байқап, оған қол ұшын беруге асықты. Әлі күнге дейін  ақылын айтудан жалыққан емес. «Дүйсенбінов» шаруа қожалығының тәжірибесі қант қызылшасының алғашқы гектарын себуге түрткі болды.  Алғашқы өнім де жаман болмады. Нәтижесінде алқапты ұлғайтуға бел буып, арнайы көп функциялы  «Кляйн  әйгілі неміс комбайнын  сатып алды. Бұл шынында да  қант қызылшасын өсірушілердің негізгі көмекшісі болған жүздеген жұмысшыны алмастыра алды. Сонымен қатар  дақылдарды  күтуге қажетті басқа да техникалар сатып алынды.

«МҰХАМЕДЖАНОВ»  атындағы шаруа қожалығы  алтыншы жыл қатарынан қант қызылшасын өсіруде. Жиырма гектардан бастап, алқапты алпыс гектарға, одан кейін жүз гектарға дейін жеткізді.

Алғашқы жылы тәтті түбірден жоғары өнім алынды. Барлық күмән сейілді, Көксу зауыты жұмыс істеп, шикізатты еш қиындықсыз қабылдап, тұқымға қажетті барлық субсидиялар дер кезінде алынды. Қажетті гербицидтер, арзандатылған жанар-жағармай көлік шығындары өтелді әлі де  өтелуде.

Мемлекеттің қант қызылшасын өсірушілерге шынымен де қолдау танытып, көмектесіп жатқанына  көз жеткізген, ауылдағы шаруа қожалықтарының жыл сайын  жинаған өнімін көріп шабыттанған Жанат: «Өзгелер жеткен шыңға неге  ұмтылып көрмеске. Менің де қолымнан келеді», – деген ойға келді. «Мұхамеджанов» атындағы шаруа қожалығында тәтті түбір алқаптарын одан әрі кеңейтуде осы факторлар шешуші болған еді.

Бір ғана қорқатыны – шикізатты зауытқа жеткізген кездегі кезек. Бірақ бұл Ақсу қант зауыты іске қосылғаннан кейін шешімін табатын мәселеге айналып, Балпық бидегі кәсіпорын мәселені шешу үшін барлығын жасады. Ал биыл сатып алу бағасы тоннасына отыз мыңға дейін көтерілді. Бұл тәтті түбірдің ауданын ұлғайтуда  да маңызды рөл атқарды. Бірақ алдағы уақытта мемлекет елдегі қант тапшылығы мәселесін жойғысы келсе, бұл көмекті де арттыру керек. Шаруаның еңбегi ерекше қолдауды қажет етедi, республиканың азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң ең маңызды мәселесi Жанат Қанатов сынды ауыл еңбеккерлерiнiң, басқа да жүздеген азаматтың  мойнында екенiн бәрiмiз жақсы бiлемiз.

– Қант қызылшасы – нағыз еңбекті қажет ететін дақыл. Топырақ өңдеуден бас-тап дақылды жинауға дейін үнемі назар аударуды талап етеді,  – деп жалғады әңгімесін  Жанат Қайратұлы.  – Төртінші-бесінші жылдарда сексен гектардан қажетті өнім ала алмағандықтан, қант қызылшасын одан әрі өсіруді ұйғардық. Жаңбыр жаумағандықтан көшеттер  өте сирек болды. Еріксіз егістік жерді жыртып, тағы да егін септік. Міне, осылайша әр шаруа  қаншалықты тәуекелге барады.  Біз топырақты дайындауға қыруар қаражат жұмсадық, барлық қажетті агро-техникалық шараларды жүргіздік, техникаға қаражат салдық, гербицидтер, тұқымдар сатып алдық, бірақ, әп-сәтте ауа райы барлық күш-жігерімізді жаншып салды. Осындай кезеңдер де болады. Сол үшін әр кезде тәуекелге баруға тура келеді.

Биыл ылғалдылық жеткілікті, ауа-райы әзірге қолайлы болып тұр. Сондықтан  жақсы өнім болады деп сенеміз.  Күзде сексен гектар жерді тәтті түбірге дайындадық, оларға дерлігі қант қызылшасы себілді.  Шаруа қожалығының жалпы егістік көлемі биыл 250 гектарды құрайды. 

КЕЙІПКЕРІМІЗДІҢ сөзінше  бұрыннан қалыптасқан және жақсы жолға қойылған суару жүйесі тәжірибелі суарушылардың сенімді қолында. Олар – Бақытбек Алдаберген мен Сәкен Шұқырбаев. Басқалардай емес, тәтті тамыр  суды көп ішеді. Жоғары өнім алу үшін оны бес-алты рет суару керек.

Жанат Қайратұлы отбасының барлық ісін  өзі басқарса да, басты кеңесшісі болып әкесі тұратынын жасырмайды. Қандай қиындық болмасын әке  ұлына қолдау танытып, қажет кезде сынап, сыбап  та алады.  Баласы  үшін  әркезде иығын төсеуге әзір,  бұл  Жанатқа айрықша сенім ұялатады.

Ол  қатарлас  құрдастары  секілді  бос отырыстар мен  әңгімелерге уақыт жоғалтуды білмейді. Ол үшін алқапта   жұмыс істеу маңызды шаруа. Мұны өміріндегі ең жоғарғы марапат және қуаныш деп біледі. Аракідік үйге шаршап-шалдығып келгенде  ең бірінші болып Мәрзия апасы қарсы алады. Апасының «Айналайын» деген сөзі күні бойғы шаршағанын бір сәтте ұмыттырып,  өзін құдды бір жас баладай сезініп  сала береді. Немересінің жүрегінде Мәрзия апаның орны бөлек, отбасында басты орын алады. Отыз жылдан астам колхозда қызылша өсіруші болып еңбек еткен Мәрзия ападай тәтті түбірдің ерен еңбегінің бағасын ешкім білмейді.  Ол балалары мен немерелерінің жетістігіне риза.  Ең бастысы  оларды еңбекке, жерді сүюге баулығанына қуанады.  Балалары мен немерелерінің  туған жерін тастамай, сол жерде еңбек етіп, жер бетіндегі ең маңызды іс –  диқанның ісіне жүрек пен жан бергеніне қарап  Мәрзия  апа да өз өмірін жақсы өткізгеніне бек сенімді.

Әңгіме барысында  Жанаттан: «Сенің  осы жолыңды кейін балаларыңның жалғағанын қалар  ма едің?» деп сұрадық. Ол еш ойланбастан: «Жақында алғашқы баламыз өмір есігін ашпақшы. Қанша балам болатынын білмеймін. Бірақ солардың бірі отбасылық   ісіміз – қызылша өсіруді  ары қарай жалғайды  деп сенемін. Мен де әкем сияқты оларға өзімнің туған жерге деген шексіз адалдығым мен махаббатымды жеткізуге тырысамын. «Әркімнің туған  жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтылмаған. Мен үшін де ауылымнан артық керемет жер жоқ»,  – дейді ол.

Жас болса да үлкен жауапкершілікті сезінген Жанат  жай ғана әкесінің мұрагері емес, Мұхамеджанов-Қайратовтар әулетінің үлкен миссиясын атқарып келеді. Оның өзі айтқандай, адам үшін  ең басты міндет – туған жерің үшін еңбек етіп, еліңе пайдаңды тигізу.

«Қызылша –  біздің ырыс пен байлығымыз ғой. Қызылшаны молайтқанда ғана диқан өзін диқанмын деп есептейді…» демекші, «Мұхамеджанов» атындағы шаруа қожалығының қант қызылшасының  өнімі биыл  өздері күткеннен де  жоғары болады деп сенеміз.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген  Р.ҚАДЫРОВ.


ПІКІР ЖАЗУ